Южно-казахстанский педагогический



жүктеу 312.32 Kb.
Дата09.07.2018
өлшемі312.32 Kb.


ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ

УНИВЕРСИТЕТІ



ЮЖНО-КАЗАХСТАНСКИЙ

ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ

УНИВЕРСИТЕТ



Түлектерді

жұмысқа орналастыру

ережелері

Шымкент, 2016
МАЗМҰНЫ

1

Жұмысты қалай табуға болады? Ең тиімді тәсілдер

3

2

Түйіндеме жазу ережелері

4

3

Түйіндемеде қалаулы жалақы мөлшерін көрсету қажет пе?

6

4

Сұхбаттасу түрлері: неге дайын болу керек?

6

5

Сұхбаттасу кезінде өз-өзіңді қалай дұрыс ұстаған жөн?

7

6

Күйзелісті сұхбаттасудың 7 алапат техникасы

8

7

Сұхбаттасу кезінде қоюға болатын 7 сұрақ

9

8

Сұхбаттасу кезінде жұмыс берушіден нені сұрамаған жөн?

11

9

«Өзіңіз туралы қысқаша» қалай дұрыс айтып беруге болады?

11

10

Сұхбаттан кейін жағымды әсер қалдыру тәсілдері

12

11

Жұмысқа орналасу барысында тестілеуден қалай өтуге болады?

13

12

Skype-сұхбаттан сәтті өтудің 7 қадамы

14

13

Сынақ мерзімінен қалай өту керек: құнды кеңестер

15

14

Жаңа орында жұмысты қалай дұрыс бастаған жөн?

17



  1. Жұмысты қалай іздеуге және табуға болады? Ең тиімді тәсілдер. Достар мен таныстар

Жұмысты табудың ең тиімді тәсілі – таныстардың көмегіне жүгіну. Бос жұмыс орындары туралы достарыңыз бен таныстарыңыздан жүйелі түрде сұрап тұрыңыз. Достар мен таныстардың көмегімен жұмыс тауып жатады, айта кетерлігі, кейбір компанияларға (ірі компаниялармен қатар, шағындарына да) жұмысқа тек қызметкерінің немесе компания серіктесінің ұсынымы бойынша ғана қабылдайды. Таныстар арқылы жұмыс іздеу баспа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және компанияға тікелей жүгінуге қарағанда тиімдірек, ал, ғаламтордағы хабарландырулар бойынша жұмыс іздеу тиімділігі жөнінен төртінші орында тұр. Тағы бір қызығы, кәсіби ерекшелігінің болуында: негізінен, жұмысты достар мен таныстардың көмегі арқылы қаржыгерлер іздейді (32 %).

Жұмыс іздеу барысында көп жағдайда жіберілетін жаңсақтықтардың бірі – сұхбаттасушының сізге сілтеме жасаған адамға қалай қарайтынын білмей тұрып, оның атын атау. Кез келген бейресми сұхбаттың соңында сізге арналған қандай да бір жұмыстың бар-жоғын сұраудың айтарлықтай маңызы жоқ. Қоңыраулар мен хаттардың шегін білу керек – адамдарды шамадан тыс мазаламаған жөн.



БАҚ

Жұмыс іздеудегі тиімділігі бойынша екінші орынды БАҚ алады. Іскери газеттер мен журналдар әр санында немесе арнайы күндері бос жұмыс орындарын, соның ішінде жас мамандар мен студенттерге арналған жұмыс орындарын жариялайды. Газеттер мен журналдардың басым көпшілігінің ғаламтор-нұсқасы бар, онда тек редакциялық материалдар ғана емес, бос жұмыс орындары туралы мәліметтер де жарияланып отырады. Оларды қарай отырып, көбіне-көп қызықтыратын компаниялардың қызметкерлер алу «маусымын» анықтауға және өзіңізге жұмысқа орналасу үшін ненің жетпейтінін бағалауға болады. Көптеген іскери газеттерде мансап жолын құруға арналған бөлім бар. Онда түрлі компаниялар мен нарықтардағы жұмыстардың қыр-сырлары ашыла түседі – газеттер мен журналдарды оқи отырып, нарықта кімнің кім екенін білуге және өзіңіз жұмыс істегіңіз келетін компанияны таңдауыңызға болады.



Жұмыс берушілердің сайттары

Көптеген компаниялардың сайттары бос жұмыс орындарының ең соңғы тізімін, тағылымдамадан өтуге берілетін өтінім формаларын қамтиды. Өзіңіздің түйіндемеңіз бен ілеспе хатыңызды (неліктен дәл осы компанияда дәл осы лауазымда жұмыс істегіңіз келетіні туралы) электронды пошта арқылы жолдай отырып, компанияның HR-бөліміне қоңырау соғып, хатыңызды алғанын анықтап алыңыз. Әрине, бұл сұрағыңызға барлық жерде қуана-қуана жауап бере қоймайды – ірі, танымал компанияларда бос жұмыс орнына деген конкурстарда бір орынға 100-500 адамға дейін түсіп жатады. Сондай-ақ, компаниялардың сайттарында олардың презентациялары және басқа да рекрутмент-шаралары туралы ақпараттар да бар, оларға сол сәтте тіркелуге болады.



Ғаламтор

Жұмыс іздеушілердің 78 %-ға жуығы жұмыс іздеуді Ғаламтор арқылы жүзеге асырады, бірақ, тиімділігі тұрғысынан бұл құрал әзірге таныстарға, бұқаралық ақпарат құралдарына, компаниялардың сайттарына орын беруде. Жұмыс іздеуге арналған ең танымал ресурстар – market.kz/rabota, .slando.kz/rabota, rabota.nur.kz, jooble.kz, hh.kz, karierist.kz және superjob.kz. Англияда The Times газеті жүргізген зерттеу мәліметтері бойынша ЖОО түлектерінің 98 %-ы жұмысқа орналасу барысында ғаламторды пайдаланады екен. Біздегі ғаламтордың тиімділігі әзірге соншалықты жоғары деңгейде емес.

Кейбір сайттарда тек бос жұмыс орындарының тізімін ғана емес, белгілі бір маманның лауазымдық нұсқаулығының сипаттамасын да табуға болады. Қашықтан жұмыс істегісі келетіндер үшін бірнеше фриланс-бос орындар сайты бар.

Оdnoklassniki.ru немесе vkontakte.ru сияқты әлеуметтік желілер, өздерінің аса танымалдылығына қарамастан, жұмыс іздеу үшін тиімді бола қоймас. Жұмысты кәсіби ғаламтор-қоғамдастықтарынан іздеу анағұрлым тиімдірек. Сондай-ақ, олардан сіздің арманыңызға айналған компаниядағы жұмыстың маңызды тетіктерін түсіндіре алатын сол компанияның бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерін табуға болады.



ЖОО-дағы жұмысқа орналастыру және карьералық өсу бөлімі

Университеттегі Жұмысқа орналасуға көмектесу және карьералық өсу бөлімі өте пайдалы болуы мүмкін. Мұнда қызықты нұсқалар кездесетін бос жұмыс орындарының базасы бар. Оның үстіне, сізге түйіндеме жазуға, сұхбаттасудың үлгісін дайындауға көмектеседі. ЖОО-дағы Жұмысқа орналасуға көмектесу және карьералық өсу бөлімі бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін өткізіп отырады, онда сіз жұмыс берушілермен танысып, жұмысқа орналасу келісімшартын түзу мүмкіндігін аласыз.




  1. Түйіндеме жазу ережелері

Түйіндеме – жұмыс берушінің сізді жұмысқа қабылдау кезінде қарайтын негізгі құжаты. Оның шешімінің түйіндеменің қалай толтырылғанына байланысты болатынын ескерген жөн. Әдетте, түйіндемеге 2-3 минут, тіпті, одан да аз уақыт бөлінеді. Қанекей, жұмысқа тұру кезінде түйіндемені қалай дұрыс жазу керек деген сұраққа тоқталайық.

Түйіндеме жазу барысында ескерілуі тиіс үш негізгі қағида бар:





  • Сіздің түйіндемеңіз жұмыс берушіні қызықтыра алғанда, оның назарын өзіңізге аудара алғанда ғана сәтті болып шығады. Егер, олай болмаса, сіздің түйіндемеңіздің орны қоқыс жәшігінде болып табылады. Жұмыс берушінің назарын өзіңізге аудара алуыңыз үшін сіздің бар-жоғы 3 минуттай уақытыңыз бар;

  • Ойыңызға келгеннің бәрін жаза берудің қажеті жоқ. Саралап, іріктеңіз, тек тақырыпқа қатысты, ең маңызды нәрселерді жазыңыз. Ақпаратты аталған бос жұмыс орнына қатысты талаптарды басшылыққа ала отырып таңдаңыз.

  • Жұмыс берушінің қызығушылығын оятқан сауатты түйіндеме сізді жаңа кезеңге – жеке кездесуге немесе сұхбаттасуға жетелейді. Бірақ, бұл әлі жұмысқа тұрудың кепілдігі бола алмайды. Осы кезеңдегі сіздің мақсатыңыз –сұхбаттасуға бару.

Түйіндеме жазудағы 11 қателік:

1) Мақсат. Қандай бос жұмыс орнына үміттенетініңізді қысқа әрі анық жазыңыз. Тиянақсыз, екіұшты сөз орамдарының қажеті жоқ. Бос жұмыс орны біреу ғана болуы тиіс!

2) «Түйіндеме» сөзі. Көптеген адамдардың беттің ең үстінде неліктен «ТҮЙІНДЕМЕ» сөзін жазып қоятыны белгісіз. Түйіндеме сіздің тегіңізден басталуы тиіс.

3) Негізгі бөлімдер. Негізгі бөлімдерді ерекшелеп қойыңыз, әйтпесе, олар мәтінмен тұтасып кетеді де, өзіне назар аудартпайды.

4) Грамматикалық қателер. Ия, бұл көбінің қиындығы. Сауатты болыңыз, түйіндемені жіберуден бұрын бірнеше рет тексеріңіз.

5) Түйіндеме көлемінің үлкендігі. Түйіндемені 2-3 бет етіп жазбаңыз. Толық бір бет – түйіндеменің ұтымды көлемі.

7) Редакцияланбаған түйіндеме. Егер түйіндемені жіберіп жатсаңыз, оның мәтінін әрдайым стандарттарға сай рәсімдеңіз. Times New Roman шрифтін 12 немесе 14 мөлшерінде қолданыңыз. Абзацтарға бөліңіз.

8) Бос жұмыс орнының сәйкессіздігі. Бірегей түйіндеме жазыңыз.

9) Сленг қолдану. Сіздің нені меңзеп тұрғаныңызды екінің бірі түсіне бермейді. Сондықтан кез келген адамға түсінікті әрі қарапайым тілде жазыңыз.

10) Ақпараттардың айқын болмауы. Мәселен, жұмыс орнын, нақты әрі дұрыс мерзімді (айы, жылы) көрсетіңіз.

11) Ақпаратты жеткізудің кері тәртібі. Түйіндеме жазудың өзіндік ережелерін ойлап табудың қажеті жоқ, олар әлдеқашан табылып, жазылып қойған.

Сонымен, түйіндеме нені қамтиды?

Көрсетілетін бірінші нәрсе – толық аты-жөні (тегі, аты, әкесінің аты). Сонан соң, туған жылы мен туған жері, тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары, отбасы жағдайы.

Міндетті түрде қандай лауазымға орналасқыңыз келетінін және неліктен орналасқыңыз келетінін қысқаша сипаттайтын Сіздің мақсатыңызды көрсеткен жөн. 2-3 сөйлем жеткілікті. Барлығы кеңінен, түсінікті және ұғынықты жазылуы шарт.

Түйіндеменің ең маңызды бөлігі – Сіздің біліміңіз. Қай жылы, қай мектепті бітіргеніңізді жазудың қажеті жоқ, бұл кәсіби білім емес. Оқу орнын бітіргендігіңіз туралы айтқанда, факультеттің атауын, мамандықтың толық атауын, оқуға түскен және оқуды бітірген жылдарыңызды міндетті түрде көрсетіңіз.

Ары қарай, егер талап етілген лауазымға қатысы болса, қосымша білімді –курстарды көрсетуге болады.

Ары қарай түйіндеменің ең маңызды тармағына келеміз. Оған өте салмақты, сауатты және мұқият қарау керек. Жұмыс өтілі. Жұмыс істеген орындарыңыз кері хронологиялық тәртіппен, соңғы жұмыс орнынан бастап көрсетіледі (алдыңғы тармақтан айырмашылығы да осы).

Егер болса, жұмысқа кіру және жұмыстан шығу кезеңдерінің айы мен жылы көрсетіледі. Ұйымның және Сіз атқарған лауазымның толық атауы міндетті түрде көрсетіледі.

Ары қарай түйіндемеде Қосымша мәліметтер орын алады. Мұнда Сіз туралы қосымша мәліметтер: жүргізуші куәлігінің болуы, арнайы компьютерлік бағдарламаларды білу, шет тілдерін білу және т.с.с. көрсетіледі.

Кәсіби машығы тармағында өзіңіз меңгерген басты кәсіби машықтарыңыз бен біліміңіздің сипаттамасы қамтылады.

Жеке қасиеттері. Өзіңіздің тіл табысуға бейімділігіңіз, нәтижеге қол жеткізудегі мақсаттылығыңыз, нақтылығыңыз, күйзеліске қарсы тұра білу қабілетіңіз, т.б. туралы айтыңыз. Бұл жұмыс берушінің Сіздің түйіндемеңізді қарауы барысында барынша тартымдылық береді.


3.Түйіндемеде қалаулы жалақы мөлшерін көрсету қажет пе?

Адам еңбегі – басқалары тауарлар секілді тауар болып табылады. Кез келген тауардың бағасы болғаны сияқты, оның да бағасы бар. Түйіндемеде өз құныңызды көрсеткеніңіз дұрыс па, әлде мұны жұмыс берушімен кейінірек талқылаған жөн бе?

Түйіндемеңізде қалаулы жалақы деңгейін көрсету арқылы, сөз жоқ, қызметкерлер құрамы жөніндегі менеджердің жұмысын жеңілдетесіз.

Сондай-ақ, бұл мәселеде өзіңіз үміт білдіріп отырған лауазымның дәрежесін де ескеру керек. Егер, сіз орта немесе жоғары буынды басқарушы лауазымға жұмыс іздеп жатқан болсаңыз, онда жалақы мөлшерін көрсету міндетті емес. Әдетте бұл құпиялылық мәселесіне байланысты.

Қалаулы жалақы мөлшерін көрсете отырып, сіз өзіңіздің тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды бағалай алатыныңызды білдіресіз. Бірақ, мұны жасамас бұрын, еңбек нарығын сараптап алыңыз. Өз салаңыз бен аймағыңыздағы жалақы деңгейін зерттеңіз, өз дағдыларыңыздың деңгейін басқа түйіндемелермен салыстырып көріңіз. Өйткені, сіз ЖОО-нын кеше ғана бітірген болсаңыз, өз еңбекақыңызды 10 жылдық тәжірибесі бар үміткердің қалаулы еңбекақысымен теңестіру оғаш болар еді.

Еңбекақы бағаны бос қалдырылған түйіндеменің өз артықшылықтары да бар. Мәселен, жауапкершілік дәрежесі, жұмыс кестесі, міндеттер қатары және т.б. сияқты түрлі жағдайларға негізделе отырып, жалақы мөлшерін тікелей жұмыс берушімен талқылай аласыз.



Қандай соманы көрсету керек?

Егер, сіздің табысыңыз пайыздардан тұратын болсағ қалаулы еңбекақыны көрсету күрделірек болады. Егер сіз жұмыс істеп, барынша жоғары табыс табуға үйренген болсаңыз, онда жұмыс берушіні мол сомамен шошытпаған дұрыс. Жұмыс берушіні қорқытпайтын, сонымен қатар, сіздің өз ісіңіздің шебері екеніңізді ұғындыратын орташа көрсеткіш әрдайым да болады. Ал, сіз өз-өзіңізді жұмыс барысында көрсете аласыз.


4.Сұхбаттасу түрлері: неге дайын болу керек?



Ізденуші ретінде, сізге жұмысқа тұру үшін бірнеше сұхбаттасуға баруға тура келеді. Бірақ сұхбаттасулар әр түрлі болады.

Сізді бірнеше үміткер қатысатын топтық сұхбаттасуға шақырулары мүмкін, онда сіздің өз-өзіңізді ұстауыңызды тексереді, немесе бұл телефон арқылы сұхбаттасу болуы мүмкін.



Егер сұхбаттасудың қандай болатынын алдын ала білсеңіз – одан өту мүмкіндігі анағұрлым жоғары болады. Бұл үшін компанияның өкілінен сұхбаттасудың тұрпаты туралы және оның қалай өтетіні туралы сұрауға болады.

Сізге кездесуі мүмкін сұхбаттасудың кейбір түрлерінің тізімі және оларға қалай дайындалу қажеттігі туралы кеңестер мінекей:



1. Мінез-құлықтық сұхбаттасу. Мұндай сұхбаттасу кезінде жұмыс беруші үміткерден оның нақты не істегені және сол қызметінің нәтижелері туралы егжей-тегжейлі айтып беруді өтінеді. Жұмыс берушінің естігісі келетін жауап үш бөлікті қамтуы тиіс: жағдайды сипаттау, үміткердің қолданған әрекеттерін әңгімелеп беруі және алынған нәтижені толық мазмұндау. Өзіңіздің жетістікке жеткеніңіз туралы қызықты әрі сәтті оқиғалардан мысалдар дайындалып алыңыз.

2. Телефонды сұхбаттасу. Мұндай сұхбаттасу дайындығы нашар үміткерлерді іріктей келе, нәтижесінде тек мейлінше келешегінен үміт күттіретіндерін ғана жеке сұхбаттасуға шақыруға бағытталған. Сізге сіздің түйіндемеңіздің кейбір тармақтарын нақтылап алу үшін жай ғана телефон соғуы мүмкін, сонан соң, әңгіме барысында біртіндеп телефонды сұхбаттасуға көшуі мүмкін. Бұған әрдайым дайын болыңыз және сүйенетін бірдеңеңіз болуы үшін өз түйіндемеңізді жақын жерде ұстаңыз.

3. Кешенді сұхбаттасу. Сізбен сұхбаттасуды бірден бірнеше компания өкілі қатар өткізеді, сіздің жұмысқа қабылдануыңыз соларға тәуелді болады. Олардың сұрақтарына жауап беру кезінде сұрақты қойған адамға қарап жауап беруге тырысыңыз – бәріне бірден жауап берудің қажеті жоқ. Сұхбаттасу барысында сізден мәселелерді шешудегі өз шеберлігіңізді көрсетуіңізді сұрауы мүмкін. Сізге бір жағдайды беріп, соған қатысты мәселені шешу жөніндегі жоспарыңызды тұжырымдауды өтінеді. Сізден соңғы шешім қабылдауды сұрамайды, жай ғана, шынайы жағдай кезінде өз біліміңіз бен тәжірибеңізді қалай қолданатыңызды көргілері келеді.

4. Күйзелісті сұхбаттасу. Күйзелісті сұхбаттасу сіздің өз-өзіңізді ұстауыңызды тексеруге арналған қасақана әрекет болып табылады. Бұған іштей дайын болыңыз және барлығын жеке өзіңізге қатысты қабылдамаңыз. Қойылған әрбір сұраққа салмақты, байсалды жауап беріңіз.

5. Топтық сұхбаттасу. Іріктелген үміткерлерді ұсынылған тақырыпты талқылау үшін бейресми жағдайда бірге жинайды. Мұндай сұхбаттасудың мақсаты сіздің басқа үміткерлермен қалай бірге әрекет ететініңізді, өз біліміңіз бен сендіре білу қабілетіңізді қолданатыныңызды көру болып табылады. Мұндай сұхбаттасу, әдетте, шешім қабылдауға жауапты болашақ басшылар мен қызметкерлердің көшбасшылық қабілеттерін ашуға бағытталады.
5.Сұхбаттасу кезінде өз-өзіңді қалай дұрыс ұстаған жөн?

Аяушылық сезімін оятуға тырыспаңыз. Жұмысты қолға түсіру үшін сұхбат алушының аяушылығын тудыруға тырысатын үміткерлер де бар. Сұхбат барысында олар өздерінің күрделі қаржылық жағдайы, отбасылық қиындықтары, денсаулығының нашарлығы және басқа да басына түскен ауыртпалықтар туралы айт бастайды.

Жұмыс беруші сізді аяуын аяйды-ау, бірақ, жұмыс бәрібір сізге бұйырмайды. Мәселе – жұмыс берушіге қыңқылдақ, жолы болмайтын адамдар емес, табысты, өз-өзіне сенімді кәсіби мамандар керектігінде.



Әдепсіздікке жол бермеңіз. Өзінің кәсібилігіне ерекше назар аудартуды қалаған үміткер сұхбат алушыға өзінің білімімен «қысым» көрсетіп, басым түсуге тырыса отырып, менеджерге әдепсіздік көрсететін жағдайлар болады. Әсіресе, мұндай жағдай үміткердің сұхбат алушыдан жасы жағынан үлкен болуы кездерінде орын алып жатады. Бірақ, бұл да, сұхбат алушының сіздің кәсібіңізде мықты еместігі де, сұхбаттасу кезінде қалыптасқан «ойын ережесін» бұзуыңызға себеп бола алмайды. Тиісінше, сізді оғаш мінезді, ұжымға сіңісіп кете алмайтын адам ретінде қабылдайды. Мұндай тұжырым бос жұмыс орнына деген сіздің мүмкіндігіңізді арттырмайтыны анық.
6.Күйзелісті сұхбаттасудың 7 алапат техникасы

Сізді күйзелісті сұхбаттасу туралы ешқашан да хабардар етпейді. Күйзелісті сұхбаттасулар көбіне-көп жұмыстары жүйке тоздыратын және асқан төзімділікті қажет ететін үміткерлермен жүргізіледі. Мұндай сұхбаттасуларға басшылардың орынбасарлары, сату және клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі менеджерлер, сатушылар, қолдау қызметінің қызметкерлері, журналисттер, жарнама және сақтандыру агенттері тап болуы мүмкін.

Күйзелісті сұхбаттасу барысында жұмыс берушіні үміткердің жауаптары ғана емес, оның эмоционалды реакциясы да қызықтырады. Мұндай күрделі жағдайда өз бойыңыздағы сенімділікті сақтап, өзіңіздің наразылығыңызды білдірмегеніңіз абзал. Ақталып, ашуланып, қорғанып, айғайлай бастасаңыз – сынақтан өтпедіңіз деген сөз.

Кеңінен таралған техникаларды толығырақ қарап көрейік, оларды танып-білуге тырысып, өз-өзіңізді қалай ұстау керектігін анықтап алайық.



1.Күту. Сіз сұхбаттасуға уақытында келсеңіз де, ол басталатын емес. Сіз тіпті отыратын жері де жоқ дәлізде тұрсыз, ал рекрутер жұмысы жоқтай ары-бері сенделіп жүр және де тағы да біраз күте тұруды өтінеді.

Компанияларда айтарлықтай шылы шырай танытпайтын адамдар болады, сондықтан, сіздің реакцияңызды бақылай отырып, төзімділігіңізді тексеріп жатқан болар. Қатардағы қызметкер үшін бір ғана жол бар – күту. Егер сіз шешім қабылдауды талап ететін лауазымға үміт етіп отырған болсаңыз, онда кешігу себебін сыпайы түрде анықтап алуыңыз және әңгімелесудің нақты қашан басталатын сұрауыңыз керек. Егер сұхбат беруші бұл сұрақтарға жауап бере алмаса, кешірім сұрап, ары қарай күте алмайтыныңызды айтуға болады. Не сізге арнап басқа бір уақытты белгілейді немесе сұхбаттасу сол мезетте басталады.



2.Сауалнама. Тесттер мен сауалнамаларды толтыруға айтарлықтай көп уақыт кетуі мүмкін. Осынысымен жұмыс беруші сіздің ыждаһаттылығыңызды, табандылығыңызды және жалықтыратын жұмысқа деген қарым-қатынасыңызды тексеруі мүмкін. Бұл сізге қағаз толтыруды ұсынған бөлмеде қағаз толтыруға ешқандай жағдай жасалмағандығымен күрделендірілуі мүмкін.

Міндетті түрде қайда отыруға болатынын сұраңыз. Түсініксіз жазуыңызды сылтау қылып, сауалнаманы қайта жазып шығуыңызға мәжбүрлейтініне дайын болыңыз. Мұның спектакль ойынының бір бөлігі екенін толық сеніммен айтуға болады.



3.Жағдаяттар. Ыңғайсыз орындық, тым жарық шам, шулы жұмыс бөлмесі – осы тәріздес жайсыз ортаға тап болсаңыз, бұл туралы айтуға ұялмаңыз. Әрине, сіздің өтінішіңізді орындамауы да мүмкін. Мұндай жағдайда, сіз жайсыз ортаны өзгерту мүмкін еместігі өкінішті екенін, бірақ, әңгімені ары қарай жалғастыруға дайын екеніңізді айтуыңызға болады. Біліп қойыңыз, сіздің шыдамдылығыңыз бен өз-өзіңізді құрметтеуіңіз бақылануда.

4.Дөрекілік. Рекрутер ұдайы сіздің сөзіңізді бөле береді, тақырыптарды ауыстырып отырады, жазғыра сөйлейді, жалпы алғанда, өзін тым қырын ұстайды. Әрине, сондай адамдар да бар, бірақ, жақтырмау дәрежесі аса жоғары болса, бұның тест екеніне сенімді бола беріңіз.

Ашушаңдық танытпаңыз, таласпаңыз және ақталмаңыз. Сұхбат беруші сіздің сөздеріңізді «Бұл деген түк те емес», «Мынауыңыз нашарлау екен», «Сіз осыны да мақтан тұтасыз ба?» т.с.с. сөздермен жоққа шығаруға тырысып жатса, таң қалмаңыз. Күйзелісті сұхбаттасудың мүмкіндіктері туралы есіңізге түсіріңіз де, ойынға кірісіңіз. Өзіңізді салқынқанды түрде ұстаңыз, сұхбат берушіден өз көзқарасын түсіндіруді өтінсеңіз болады, бірақ қандай жағдайда да ашуланбаңыз.



5.Жеке сұрақтар. Сізді шегінен шыққанша ашуландырып, абыржуға мәжбүрлеу үшін рекрутер жеке өміріңіз туралы сұрақтар қоюы мүмкін.

Сұхбат алушының сіздің жеке өміріңіздің қыр-сырын білгісі келетіні емес, сіздің реакцияңызды көргісі келетінін естен шығармаңыз. Мұндай сұрақтардың кәсіби қызметке еш қатысы жоқтығы себепті, сыпайы түрде мұндай сұрақтарға жауап беруден бас тартуыңызға болады, немесе әзілге айналдыруыңызға болады. Сабырлылық таныта отырып, барынша ыңғайсыз сұраққа да жауап табуға болады.



6.Ашулы және мейірімді. Өзіңіз фильмдерде көргеніңіздей – «жақсы полиция қызметкері» және «жаман полиция қызметкері» тактикасын қолдану арқылы сізбен сұхбаттасуды бірден екі сұхбат алушы жүргізуі мүмкін. Сұхбат алушының бірі мейлінше жылы шырай танытса, екіншісі – керісінше болады.

Бастысы, қорықпаңыз және сізді жаңылдыруға жол бермеңіз. Қойылған сұрақтардың тұрпатына емес, олардың мазмұнына мән беріңіз.



7.Батылдық. «Осы жұмыс үшін сіз неге дайынсыз?» - мұндай сұрақты сіздің күтпегеніңіз анық. Бұған қалай жауап қайтаруға болады? Әсіресе, жұмыс беруші сізге бірден бірнеше ерлік жасауды ұсынса. Мәселен, ұзын шашыңызды қию, басқа түске бояу, ән айту, т.с.с.

Әрине, жұмыс берушіге сіздің ән айтқаныңыз қызық емес, сіз сыпайы түрде бас тарта аласыз ба және қиын жағдайдан шыға аласыз ба, оны сол қызықтырады. Оның шарттарына келісім беруіңіз арқылы, сіз өзіңізді көнбіс және өжет адам ретінде көрсетесіз.

Күйзелісті сұхбаттасу – үміткерлерді тестілеудің өте даулы әрі күрделі тәсілі. Оны абайлап қолдану керек және оны тек кәсіби мамандардың жүзеге асырғаны жөн. Іріктеудің мұндай тәсілі көбінде жұмыс берушінің өзіне зиянын тигізеді, өйткені, тіпті, күйзелісті сұхбаттасудан сәтті өткеннен кейін де, үміткер компанияда жұмыс істеуге келіспеуі мүмкін.
7. Сұхбаттасу кезінде қоюға болатын 7 сұрақ

1-сұрақ. «Менің лауазымдық міндеттерімнің қатарына не жатады?»

Әр компанияның өз ережелері бар. Сондықтан, ондағы функционал да алдыңғы жұмыс орнындағыдан басқаша болуы мүмкін. Қызметкердің осы лауазымда нақты қандай міндеттерді орындайтынын білгеннен кейін, үміткер өзінің күшін саралап, аталған жұмыстың өзіне сай келіп-келмейтінін, жұмысты атқара алатынын немесе орындай алмайтынын, өзінің кәсіби білімі мен дағдыларының осы позицияға сәйкес келіп-келмейтінін бағалай алады. Негізгі лауазымдық міндеттемелер әдетте лауазымдық нұсқаулықтарда жазылған.



2-сұрақ. «Бұл жаңа позиция ма немесе бұрыннан келе жатқан жұмыс орны ма?»

Бұл сұрақ бірден бірнеше нәрсені анықтауға мүмкіндік береді. Егер бұл позиция бұрыннан келе жатқан болса, алдыңғы қызметкердің жайы қандай болған? Егер оны жұмыстан шығарып жіберген болса, не үшін жұмыстан шығарылды? Егер бұл жаңадан ашылған орын болса, онда оны ендіру қажеттілігі немен байланысты және жаңа қызметкерден нақты нені күтеді?»



3-сұрақ. «Компаниядағы жұмыс тәртібі қандай?»

Дұрысы, сізге қандай жұмыс кестесі бойынша жұмыс істеуді ұсынатынын алдын ала анықтап алу қажет. Алайда, тек жұмыс кестесі ғана емес, артық жұмыс істеу, мейрам және демалыс күндеріндегі жұмыс сияқты маңызды нәрселерді, сондай-ақ, осылардың бәріне еңбекақының қалай төленетіні туралы біліп алған жөн.

Сонымен қатар, жұмыс берушіден түскі үзіліс пен жұмыс арасындағы үзілістер туралы да сұрау керек. Жұмыс беруші үміткерлерді уақытынан бұрын шошытып алмас үшін, барлық осындай ерекшеліктер туралы әдейі үндемеуі мүмкін.

4-сұрақ. «Сынақ мерзімі аралығында менен қандай нәтиже күтіледі?»

Жұмыс беруші сынақ мерзімінің ұзақтығын бір айдан үш айға дейін өзгерте алады. Осыған байланысты адамның алдына белгілі бір міндеттерді қояды. Олардың шешімдерінің қорытындысы бойынша ары қарайғы серіктестік туралы тұжырым жасалады. Міне, үміткердің еңбекақысы да осыған тәуелді болады. Көбінде, жұмыс берушілер сынақ мерзімі кезінде еңбекақы мөлшерін аз белгілейді де, кейін оны көтермейді. Бұл туралы есіне түсіріп қою қажет.

Сынақ мерзімі қызметкерлер үшін 3 айдан аспауы тиіс, ал, ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, филиал басшылары үшін 6 айлық сынақ мерзімі көзделген. Сынақ мерзімінің ұзақтығы осы кезеңдегі өз жұмысының болжалды стратегиясын ойлап табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін сізден қандай нәтиже күтетінін нақты білу үшін сынақ мерзімінен өту критерийлерін де сұрау қажет.

5-сұрақ. «Қызметкерлерді оқыту қарастырылған ба?»

Бұл сұрақ компанияның өз қызметкерлерінің дамуына шығын шығаруға дайындығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл сұраққа берілген жауап әлеуетті қызметкерге өз біліктілігін компанияда артыру мүмкіндігі бар-жоғын түсінуіне септігін тигізеді.



6-сұрақ. «Мен тікелей кімге бағынамын?»

Сіз сол адаммен кездесе аласыз ба? Сөйлесіп, сіздің болжалды жұмысыңыздың негізгі нүктелерін талқылай аласыз ба?

Дұрысы, сіздің сұхбаттасу кезеңінде тікелей басшыңызбен әңгімелесіп, бірлесе жұмыс істеудің сізге (оған) психологиялық тұрғыдан қаншалықты ыңғайлы болатынын түсінуге тырысқаныңыз жөн.

7-сұрақ. «Шешімді қанша уақыт аралығында күтейін?»

Үміткер өзінің ары қарай жұмыс іздеуін айқын жоспарлай алуы үшін өзімен қашан хабарласатынын (хабарласпайтынын) ашық сұрауына құқылы.


8. Сұхбаттасу кезінде жұмыс берушіден нені сұрамаған жөн?

Сұхбаттасу кезінде жұмыс берушіден не туралы сұрамаған дұрыс?

Сұхбаттасу кезінде үміткерлердің жұмыс берушіге сұрақ қоюына болады және сұрақ қойғаны дұрыс. Бірақ, сұрақтардың бәрі бірдей пайда әкеле бермейді. Кейбір сұрақтар үшін жұмысқа кепілді түрде тұра алмауыңыз мүмкін.

Біз өзіңіздің жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріңізді азайтып алмауыңыз үшін жұмыс берушіге қойылмағаны жөн болатын сұрақтардың бірнеше нұсқасын дайындадық.

Тікелей емес сұрақтар. Өзіңіз жауап ала алмайтын сұрақтарды қоймаған жөн. Сіз түрлі қызметкерлердің, мәселен, қызметкерлер құрамы жөніндегі менеджер мен бөлім басшысының жауапкершілік аумағын түсінуге тиіссіз. Сондай-ақ, қай сұраққа компанияның қай өкілі жауап бере алатынын да білуге тиіссіз.

Пайдасыз сұрақтар. Сіздің жұмысыңызға ешқандай да ықпал етпейтін сұрақтар болады. Әңгімені үзбеу үшін ғана мағынасыз нәрселерді сұрау – сізге зиянын тигізеді.

Құпия ақпарат. Бәріне бірде й, соның ішінде сізге де қол жетімді болып табылмайтын ақпарат туралы сұрамаған жөн. Мәселен, сіздің болашақ бөліміңіздегі еңбекақы мөлшерлері, т.с.с. туралы.

Жеке сұрақтар. Кейбір үміткерлер сұхбат барысында ара қашықтықты бұзып, сұхбат алушыға жеке сұрақтар қоя бастайды. Бірақ бұл сіздің пайдаңызға емес. Жұмысқа орналасу кезінде сізге қызметкерлер құрамы туралы емес, компания туралы ақпарат керек.

Жеке шарттар. Жеке жұмыс шарттары туралы сұрақтар да тым орынсыз болып табылады. Мәселен, егер сіз икемді кесте бойынша жұмыс істегіңіз келсе, бұл туралы түйіндемеде көрсеткеніңіз дұрыс, ал кейін сұхбат алушыға тосынсый жасағандай болмай, осы туралы ескерте саласыз.

Мұндай сондай-ақ, сіздің карьералық өсуіңіз бен марапатталуыңыз туралы сұрақтарды жатқызуға болады. Сіз іріктеуден енді ғана өтіп жатырсыз, сондықтан сіздің лауазымыңызды қай уақытта өсіретіні немесе айлығыңызды қашан өсіретіні туралы сұрауға әлі ерте. Дұрысы, бұл туралы жалпылама түрде, жеке өзіңізге қатысты емес, кез-келген жұмыскерге және компанияның қағидаларына қатыстыра сұраған жөн.


9. «Өзіңіз туралы қысқаша» қалай дұрыс айтып беруге болады?

Сонымен, Сіз сұхбаттасу уақыты туралы келістіңіз. Жұмыс берушімен әңгімелесу барысында Сізден «өзіңіз туралы айтып беруді» өтінуі әбден мүмкін. Осы мақсатта алдын-ала үйіңізде төмендегі қағидаларды басшылыққа ала отырып, мини-презентация дайындап алыңыз (айта кетерлігі, бұл сізге әлі де талай пайдасын тигізеді).



1. Түйіндемеде көрсетілген ақпаратты қайталамаңыз. Дұрысы, бірнеше рет сілтеме жасаңыз (Мәселен, «сол компанияда жинақтаған тәжірибем туралы менің түйіндемемде толығырақ жазылған»). Егер, сонда да қандай-да бір себеппен жұмыс беруші Сіздің түйіндемеңізде жазылған ақпаратты айтып беруіңізді қаласа, ол сізге қосымша сұрақтар қойса керек.

2. Өз-өзіңізді биографиялық шеңбермен шектемеңіз. Бұл мейлінше кең таралған, бірақ аса ұтымды нұсқа емес. Дұрысы, өзіңіз дағдыларыңыз кезеңіндегі жинақтаған тәжірибеңіз туралы айтып беріңіз; оқу және іс-тәжірибеден өту кезінде нені үйренгеніңіз және сол дағдыарыңызды жаңа жұмыс орнында қалай қолданатыңыз туралы.

3. Өзіңізді кәсіби маман ретінде көрсете біліңіз. Жұмыс беруші тақырыпқа тұздық болып отырған лауазымға өзіңізді неліктен лайықты үміткер деп есептейтініңізді айтып беруіңізді күтетіні шүбәсіз. Сізден өзіңіздің біліміңіз, жұмыс тәжірибеңіз туралы, егер қандай да бір жұмысыңызды қисынсыз ауыстырған кезіңіз болса, себептерінің неде екені туралы естігісі келеді. Жаңа жұмыс орныңыздан не күтетініңіз туралы бірден айта кетсеңіз тіптен жақсы.

4. Жұмыс берушінің мүдделері мен лауазымның талаптарына қатысты болып табылатын өзіңіздің мықты тараптарыңыз туралы айтып беріңіз. Мәселен, жұмыс берушіге өзіңіздің виолончельде ойнауды немесе скейтборд тебуді мүлтіксіз меңгергеніңізді айтудың қажеті жоқ, мұның сізге жұмыс барысында көмектесетіні екіталай. Сұхбат алушыны қызықтырып қана қоймай, аталған жұмыста пайдасын тигізетін дағдыларыңыз бен басымдықтарыңызға назар аударыңыз.

5. Регламентті сақтаңыз. Өзіңіз туралы екі минутқа шамалап, ықшамды (қысқа әрі нұсқа) әңгімелеп берсеңіз, жақсы қабылданады, жұмыс беруші қандай да бір сәттерді анықтай алмаған жағдайда, әңгімелеп болған соң қосымша сұрақ қоюды ұсынғаныңыз орынды.

Түптеп келгенде, жұмысқа қабылдау барысында кез келген бағалау шараларын жүзеге асырудағы жұмыс берушінің мақсаты – «Істей ала ма?», «Істегісі келе ме?» және «Сай келе ме?» деген негізгі үш сұраққа жауап алу болып табылады. Егер Сіздің қысқаша әңгімеңіз тиісті ақпаратты қамтитын болса, жұмыс берушіні қанағаттандыратын болса керек.


10. Сұхбаттан кейін өзіңіз туралы жағымды пікір қалдыру тәсілдері

Сіздің кандидатураңызды бағалау сұхбат алушының соңғы сұрағына жауап бергендігіңізбен аяқталмайды. Сіз орныңыздан тұрып, қоштасып, кетіп бара жатқаныңызда да сізді бағалау жалғаса береді.

Кей жағдайларда сіздің жүріс-тұрыс, іс-қимылыңыз сіздің жауаптарыңыздан да маңыздырақ болуы мүмкін.

1. Әңгімені жалғастыра түсіңіз. Компанияның кеңсесінен кетіп бара жатып, сұхбат алушыға бір-екі ауыз жылы сөз айтыңыз. Жайдары, жарқын болыңыз. Мәселен, бүгінгі күні қалай өтіп жатқанын сұраңыз. Жұмысқа қатысы жоқ бірдеңе туралы қысқа ғана талқылауыңызға болады. Өзіңіздің ашық мінезді адам екеніңізді көрсетіңіз.

2. Еңсеңізді тік ұстаңыз. Уайымдағаныңызға және сұхбаттасудың нәтижесі туралы ойлап тұрғаныңызға қарамастан, кеңседен шығып бара жатып, жақсы көңіл-күйде болыңыз. Сізді сұхбаттан кейін де бағалап жатқандықтан, тек сұхбаттасу барысында ғана емес, одан кейін де жинақы және өз-өзіңізге сенімді болыңыз.

3. Тіс жармаңыз. Әрине, сқхбаттасу кезінде сіздің телефоныңыз дыбыссыз режимде болуы тиіс. Тіпті, сұхбаттасу аяқталғаннан кейін де, дереу біреуге хабарласып, қалай өткенін айтудың қажеті жоқ. Сіз жеделсатыда немесе дәлізде қасыңызда тұрған адамның кім екенін білмейсіз ғой, ол, мүмкін, компанияның директоры болар.

4. Хатшы мен әріптестерге алғыс білдіріңіз. Сұхбат алушы сұхбатқа дейін, сұхбат кезінде немесе одан кейін сізбен жолығысқан хатшының, қабылдау бөліміндегі қызметкердің немесе басқа әріптесінің пікірін сұрауы мүмкін. Сондықтан, жайдары әрі сыпайы болыңыз, барлығына алғыс айтып, олармен қоштасуды ұмытпаңыз.

11.Жұмысқа орналасу кезінде тестілеуден қалай өтуге болады?




Сұхбаттасу кезінде жұмыс іздеушілер түрлі тестілеуге тап болуы мүмкін. Әсіресе, көптеген үміткері бар ірі компанияға жұмысқа тұрар болсаңыз, тестілеу болатынының ықтималдығы зор.

Тесттер үміткердің аңғарымпаздығын, еске сақтау қабілетін, психологиялық және эмоционалды жай-күйін, оның жеке қасиеттерін және мінез-құлық ерекшеліктерін бағалауға арналған.



Кез келген тестілеудің өз кемшілігі болады. Мейлінше дәл нәтижеге қол жеткізу үшін тесттердің топтамасы қажет. Бірақ, бәрінен бұрын тестілеудің дәлдігі тестілеуді өткізіп отырған және оның нәтижелерін бағалайтын маманның тәжірибесіне байланысты.

Есте сақтау қабілеті мен аңғарымпаздығы. Үміткерлерге әр жолға ретсіз жазылған әріптер, сандар немесе түрлі символдар басылған парақ беріледі. Ары қарай сол әртүрліліктің, мәселен, әріптердің ішінен тек біреуін ғана белгілеу керек. Ал дыбыс белгісі бойынша әрбір 30 немесе 60 секунд сайын парақтың өзіңіз келіп тоқтаған жеріне белгі салып отыру қажет.

Мінез-құлық. Үміткердің мінез-құлқын немесе жеке қасиеттерін анықтауға арналған тесттердің нәтижелерін анықтау үшін тестілеушінің арнайы психологиялық білімі болуы шарт. Кері жағдайда онсыз да үлкен кемшіліктері бар сол тесттердің нәтижелері толығымен қате болып шығады да, екі тарапқа да зиян шектіруі мүмкін.

Осындай тесттердің көбі «ия» немесе «жоқ» деп жауап беруді қажет ететін сұрақтардан тұрады. Мәселен, «Мен адамдардан алыста, жалғыз өзім тұра алар едім», «Егер маған кімде-кім дөрекілік көрсетсе, мен бұл туралы тез ұмытып кете аламын», «маған қонақ шақырған және олардың көңілдерін көтерген қатты ұнайды» және т.б. мүндай тесттер айтарлықтай көп еңбектенуді қажет етеді және тестілеушінің жоғары біліктілігін талап етеді, сондықтан а сирек қолданылады. Көбіне-көп жауапты лауазымдарға қабылдау және еңбек ұжымы ішіндегі микроклиматты бағалау кезінде кездеседі.



Кәсіби тесттер. Сұхбаттасу кезінде кәсіби білім деңгейін тексеруге бағытталған тесттер көбінде заңгерлерге, қаржыгерлерге, бухгалтерлерге IT-мамандарға беріледі. Егер үміткерден ортадан жоғары деңгейде шет тілін білуі талап етілетін болса, шет тілі білімін тексеруге арналған тесттерді де осында жатқызуға болады. Мұндай тесттерді орындау үшін 15 минуттан бірнеше сағатқа дейін уақыт бөлінуі мүмкін.

Тестілеуден қалайша сәтті өтуге болады? Зияткерлік тесттерден сәтті өту үшін жиі жаттығып тұруды ұсына аламыз. Көбінде мұнда й тесттер бір-біріне өте ұқсас болып келеді, сондықтан, машықтанғаныңыз сіздің мүмкіндігіңізді едәуір арттыратыны сөзсіз. Зияткерлікке бағытталған тесттердің үлгілерін қашан да ғаламтордан таба аласыз. Оның үстіне, бұл тек жұмысқа орналасу үшін ғана емес, миды сергек ұстап тұруға мүмкіндік беретіндіктен, өз-өзіңді дамыту үшін де пайдалы.

Жеке қасиеттерді анықтауға бағытталған тесттерден өту үшін сіздің болашақ лауазымыңыздың нақты нені талап ететінін түсіну қажет. Кемшіліксіз қызметкердің қажетті қасиеттерін анықтап алыңыз, соның рөліне еніңіз де, тиісті жауаптарды беріңіз. Мәселен, хатшының позициясы аңғарымпаздықты, жауапкершілікті, тартыссыздықты, көпшілдікті білдіреді. Жауаптарыңызды осы қасиеттерді ескере отырып берсеңіз, осы лауазымға лайықты тамаша үміткер болып көрінесіз. Бірақ, есіңізде болсын, мінсіз адам болмайды, сондықтан шектен шыққан «мінсіздік» күмән туғызуы мүмкін, сондықтан бәрі өз шегінде болғаны жөн.

Кәсіби білімді тексеруге бағытталған тесттерден өту үшін дайын дүниені табу қиын. ең алдымен, сіз жақсы маман болуға тиіссіз. Бірақ, тіпті, жақсы маманның өзі де терминдер мен сандардан жаңылуы мүмкін, әсіресе, толқыған сәттерде. Сондықтан, сұхбаттасудың алдында өз кәсібіңіздің ең маңызды қырларына көзжүгіртіп өткеніңіз және негізгі әрі мейлінше күрделі жерлерін есіңізге түсіргеніңіз абзал. Сондай-ақ, мысалдар мен толық берілген тесттерді ғаламтордан табуға болады – тәжірибе ешқашан да артық болмайды!


12. Skype-сұхбаттан сәтті өтудің 7 қадамы

Соңғы кездері жұмыс іздеушілерге телефон сұхбаттасулары мен Skype-сұхбат жиі ұсынылып келеді. Мұндай сұхбаттасулар жеке кездесуден де жаман екені және үміткерлердің одан да қатты толқитындары сөзсіз.

Егер жұмыс іздеуші мен жұмыс берушінің арасында мыңдаған шақырымдар жатса, онда Skype – әңгімелесудің ең ыңғайлы тәсілі болып табылады.




Қызметкерлерді іріктеу жөніндегі мамандар көзбе-көз кездескенге дейін үміткерлерді іріктеп алу үшін мұндай бейнекездесулерді жиі ұйымдастырып отырады. Сондай-ақ, бас кеңсесі сіз тұрған қалада орналаспаған, ірі филиалдар желісі бар компаниялар да осындай бейнесұхбаттасуларды өткізеді.

Қашықтан сұхбаттасудың мақсаты үміткерді жеке кездесуден кейін белгілі бір лауазымға бекіту болуы мүмкін. Бірақ, мұндай сұхбаттасудың мақсаты қандай болғанда да, бұның үміткерді бағалау тәсілдерінің бірі екенін ұмытпаңыз. Сондықтан, маңызды нәрселерді мән беруіңіз қажет деп кеңес береміз.



Жоспарлау. Егер сіз Skype-та тіркелмеген болсаңыз, компания өкіліне әңгімелесе алмайтыныңызды айтпаңыз, өйткені бұл қызметке тіркелу көп уақыт алмайды.

Сұхбаттасудың нақты уақыты туралы келісіп алыңыз. Қажетті байланыс нөмірін алдын-ала жазып алыңыз. Өзіңіздің тіркелу жазбаңызға мән беріңіз: сіздің аты-жөніңіз ең оңтайлысы болып табылады. Сұхбаттың келісілген уақыттан асып, созылып кететініне дайын болыңыз. Сіздің кестеңіз шұғыл шаруалардан бос болуы тиіс.



Жабдықтар. Сұхбаттан бұрын қандай да бір олқылықтарға жол бермеу үшін барлық техникалық детальдарды тексеріп алыңыз. Сіздің компьютермен, ғаламтормен, микрофонмен және камерамен байланысты қиындықтарыңыз болмуы тиіс. Компания өкілімен сұхбаттасу алдында таныстарыңызға тексеру қоңырауын шалыңыз.

Егер сіз құлаққап қолданатын болсаңыз, оның сыртқы пішіні сұхбаттың тұрпатына сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.

Жарық пен жиһазды да ұмытпаңыз: сіз жақсы көрініп тұруыңыз керек, ал артыңызда бйтарап бір түсті фон болғаны дұрыс.

Ықылас. Телефон және Skype арқылы сұхбаттасудың маңызды ережелерінің бірі – алаңдатушы факторлардың болмауы. Әңгіме барысында сіздерге ештеңе кедергі келтірмеуі тиіс.

Сыртқы пішін. Біз жұмыс берушімен кездесуге бара жатқанда, сыртқы пішінімізге мән береміз. Skype-сұхбаттасу да - осындай кездесу. Сондықтан, сыртқы пішініңіз туралы ұмытпаған жөн. Үстіңізге жейде кигенмен, спорттық немесе шалбарда отыра берсем жеткілікті деп ойламаңыз. Қандай да бір құжатты алу үшін тұруыңызға тура келіп қалуы мүмкін немесе басқа да күтпеген нәсрелер орын алуы мүмкін.

Кеудеңізді тік ұстаңыз, жағыңызды таянбаңыз, орындыққа шалқаймаңыз, орындықта теңселмеңіз. Ара-арасында өз-өзіңізді сырттан көріп отыру үшін өзіңіздің бейнеңізге қарап қойыңыз.



Барлығы қол астыңызда. Маңызды нәрселерді түртіп алу үшін қаламсап пен қойын дәптеріңізді дайындап алыңыз. Мүдіріп қалмау үшін өз түйіндемеңізді шығарып алыңыз, бірақ, бастан-аяқ парақтан оқып бермеңіз. Қол астыңызда барлық қажетті құжаттар болуға тиіс. Бұл іркілместен қажетті ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді. Жұмыс берушіге қоятын сұрақтарыңыздың тізімін дайындап алыңыз.

Сөйлеу мәнері. Skype-сұхбатжеке байланыс болмағандықтан, сіздің сөйлеу мәнеріңіз алдыңғы қатарға шығады. Сөздеріңіз сенімді әрі жарқын шығуы тиіс, жағымсыз сөздерден, ұзақ үзілістерден аулақ болыңыз. Сұхбаттасыңыздың сөзін бөлмеңіз. Бұл ереже әдеттегі сұхбаттасуда да маңызды, бірақ Skype-сұхбат кезінде тіптен сыналады, өйткені, дауыстарыңыз қабаттасып, бір-біріңізді естімей қаласыздар.

Жетілдіру. Жіберген қателіктеріңізбен жұмыс істеу және алдағы уақытта қашықтан сұхбаттасу дағдыларыңызды жетілдіру мақсатында кейде өзіңіздің Skype-сұхбатыңызды басып алудың пайдасы бар.

Skype арқылы қарым-қатынас жасау көптеген салаларда қолданылады және мәжілістер мен конференциялар өткізу үшін тиімді бизнес-құрал болып табылады. Мұндай қарым-қатынас тәжірибесі әрқашан да үлкен артықшылық болып табылады.


13. Сынақ мерзімінен қалай өту керек: құнды кеңестер

Сынақ мерзімі дегеніміз – бұл компанияға үйренісетін уақыт және сіздің сол лауазымға немесе лауазымның сізге лайық екендігін немесе лайық еместігін тексеру мүмкіндігі. Біздің қарапайым кеңестеріміз сіздің сынақ мерзімінен оңай өтіп, жаға жұмысыңызды жетістікпен атқаруға көмектеседі деп үміттенеміз.

Біздің кеңестеріміз сізге аңғырт болп көрінуі мүмкін, бірақ біз оларды әмбебап әрі жан-жақты етуді мақсат етпедік. Дұрысы, бұны жаңа бастағандарға жол сілтеу десек болар.

1-кеңес. Күнделік немесе қойын дәптер арнаңыз. Сіздің қысқа уақыт ішінде көптеген пайдалы ақпарат алуыңыз және оларды меңгеруіңіз қажет. Сіздің тікелей кәсіби міндеттеріңізге қатысты мәліметтермен қатар, құпиясөздерді, әріптестеріңіздің есімдерін, фамилияларын, лауазымдарын, кімнің қайда отыратынын, неге жауапты екендерін, ішкі телефон нөмірлерін, тағы басқаларды есте сақтауыыңыз қажет. Барлығын бір жерге жазып жүрсеңіз, анағұрлым жеңіл болады. Тек жазып жүру жеткіліксіз: өз жұмыс күніңізді дұрыс ұйымдастыруыңыз қажет!

2-кеңес. Ақылдасыңыз. Әр компанияның өз тәртібі, құжат айналымы мен өзіндік «ойын ережелері» бар. Бәрін бірдей игеріп кету мүмкін емес. Күні бойы жасаған бүкіл жұмысыңызды қайта жасааннан немесе ыңғайсыз жағдайда қалғаннан гөрі бір рет сұрағаныңыз жөн.

3-кеңес. Кеңескенде шегінен аспаңыз. Өз әріптестеріңізді соңы жоқ сұрақтармен мазалай бермеңіз, олардың да мерзімінде және жақсы атқаруға тиіс өз жұмысы бар. Егер, сізге көмек керек болса, «балықты» емес, «қармақты» сұраңыз.

Сынақ мерзімі сізге ғана емес, компанияға да арналған. Жұмыс беруші сізді бағалауды жалғастырса, сіз осы компания, лауазым, ұжым, тіпті, басшыңыз өзіңізге сай келіп-келмейтінін шешесіз.



4-кеңес. Тәртіпті сақтаңыз. Уақтылы келіңіз, тиісті уақыттан ерте кетпеңіз, темекі тартуға немесе түскі үзіліске көп уақыт жұмсамаңыз. Қарабайыр естіле ме? Әрине, айналаңыздағылар жұмысқа сізден бір сағатқа кеш келіп, өз шаруалары бойынша сұранып, ерте қайтып жатса, өз-өзіңізге аздаған еркіндік бергіңіз келеді. Жұмыстан тек басқа амалы болмағанда ғана, басшыңызға себебін түсіндіріп, мұндай нәрсе сіз үшін жат екенін баса айта отырып қана сұраныңыз.

5-кеңес. Артық жұмыс істеуге дайын болыңыз. Өйткені себебі жұмыс берушінің еркінде емес. Кезінде қандай да бір жаңа әрі маңызды іске кіріскен кезіңізді есіңізге түсіріңіз. Бастапқыда сол іске қанша уақыт жұмсаған едіңіз? Барлығын айқындау, жете түсіну, оңтайлы орындау «технологиясын» ойлап табу, шешімін табу, сізге қандай материалдар, ақпараттар, байланыс нөмірлері, құжаттар қажет екенін анықтау, сіз үшін қажетті шешімдерді кімдердің қабылдайтынын ұғыну керек болды. Ал, жаңа жұмыс орнында алғашында, тіпті, басымдықтардың тізімін жасау да қиынға соғады.

6-кеңес. Таңдау жасаңыз. Сынақ мерзімі сізге ғана емес, компанияға да арналған. Жұмыс беруші сізді бағалауды жалғастырса, сіз осы компания, лауазым, ұжым, тіпті, басшыңыз өзіңізге сай келіп-келмейтінін шешесіз. Міндетті түрде қиын сәттер орын алып, үйренісу кезеңі болады. Әдетте, алғашқы екі-үш апта қиынға саоғады және осы аралықта оқыс бірдеңе істемегеніңіз дұрыс. Бірақ, осы орында жұмыс істеу жайлы бола ма, жоқ па, оны үш ай ішінде шешуге болатыны ақиқат. Қиналып, сынақ мерзімі бітсе, барлығы орнына келеді деп күтпеңіз: «түзетуге» келмейтін нәрселер де бар.
14. Жаңа орында жұмысты қалай дұрыс бастаған жөн?



Өзіңіздің ұжымға келгеніңізді мәнін түсірмеңіз.

Әр ұжымда белгілі бір адамдар тобы болады. «Бірінші топқа» сіздің келуіңіз тікелей әсер ететін адамдар жатады.

Әлдекім көмекші пайда болғанына қуанады, ал біреуі сізге өзжұмысының бір бөлігін артып қоюға тырысады, ал кейбіреулер керісінше сіздің тұлғаңыздан өзінің бәсекелесін көреді.


Оның үстіне, Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, Сіз ұжымда қалыптасқан формалды емес рөлдерді міндетті түрде бұзасыз.

«Екінші топқа» Сізбен қатар жұмыс істейтін, бірақ Сіздің келгеніңізге немқұрайды қарайтын адамдар жатады. Сондай-ақ, адамдардың «үшінші тобы» бар. Бұл – сізбен дәлізде немесе асханада ұшырасатын адамдар. Олар Сіз туралы Сіздің сырт келбетіңізге қарап немесе Сіз туралы басқалардың айтқандарына қарай пікір қалыптастырады. Бұл адамдар Сіздің ұжымдағы қарым-қатынасыңызға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін, өйткені, бұл топқа көбіне-көп басшылық жатады.



Өзіңізге бөлінген көңілді асыра қабылдамаңыз. Сіздің айналаңыздағы қызметкерлер, ең алдымен, Сізбен емес, өздерінің жұмыстары және жеке өмірімен бас қатырып жүр. Сондықтан, Сіздің жұмысыңызға немесе ұжымдағы мінез-құлқыңызға қатысты айтылған әріптестеріңіздің әрбір сөзіне мән бере бермеңіз.

Бәріне бірдей жағынуға тырыспаңыз. Ең болмағанда, қандай да бір А... ның тбынушысы болуға тырысып жүргенде, Сіз міндетті түрде оның жауы – В...ның қарсыласына айналасыз.

Жаңа жұмыс орнында қалай қалуға болады: Өзіңіздің жаңа міндеттеріңізді зерделеп шығыңыз; Егер бірдеңені түсінбесеңіз, жұмысты қате-қате етіп үнсіз түрде орындай бермей, сұрап, біліп алыңыз; Сынды қабылдай біліңіз, өз тәжірибеңізден сабақ алыңыз; Жұмысқа қызығушылық танытыңыз, жағымды да, жағымсыз да тапсырмалар мен нұсқауларды орындауға дайын болыңыз; Жабдықтар мен мүліктерді күтіп ұстаңыз; Бүкіл жұмыс күні бойына бос отырмауға тырысыңыз, жұмысты орындау үшін өз уақытыңызды дұрыс бөлуге үйреніңіз; Жұмыста әрдайым жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысыңыз; Дәлелді себептерсіз жұмыстан қалуға жол бермеңіз; Еңбек қауіпсіздігінің негізгі ережелерін біліңіз және денсаулығыңызды күтіңіз; Жұмыстағы әріптестеріңізбен ортақ тіл табысыңыз; Адал болыңыз;


Каталог: assets -> images -> news -> files
files -> Элективті пәндер каталогы студенттің өздігінен оқу траекториясын анықтауға таңдау компонентіне кіретін пәндер тізімін құрайды
files -> Кафедра: «Бейнелеу өнері және кәсіптік оқыту»
files -> Студенттік жадынама
files -> Элективті пәндер каталогы студенттің өздігінен оқу траекториясын анықтауға таңдау компонентіне кіретін пәндер тізімін құрайды
files -> Кафедра: «Бейнелеу өнері және кәсіптік оқыту»
files -> Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған азаматтық бюджеті. Құрметті сайтқа кірушілер!


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет