Түркістан облысында ауыл тұрғындары алтын барлаушы компанияның жұмысын тоқтатуды талап етті. Түлкібас ауданында жер қойнауын қопарып, бағалы металл іздегендерге жергілікті жұрт қарсы шықты. Себебі Қайыршақты мен Қарағашты өзендерінің суы тартылып, балығы қырылып жатыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Түлкібас тұрғындары барлаушылардың техникасын тоқтатып, жұмысшылардың қайтуын талап етті. Алайда рұқсат құжаты түгел екенін алға тартқан кәсіпкер жұмысты тоқтатуға құлықсыз.

Қайыршақты мен Қарағашты өзендерінің бойына қоныс теуіп, малмен баққан бірнеше ауыл екі жылдан бері жайылым мен өзен-суынан айырылған. "Қойнауын зерттейміз" деген желеумен алтын барлаушы компания табиғатты бұзған көрінеді. Екі жылдан кейін даланың жайы кеткен көрінеді.

Алтын іздегендер жұмысын бастағалы тау қойнауы қопарылып, өзен арнасы өзгеріпті. Тұрғындар қорқып тығылған жұмысшыларды контейнер ішінен шығарып алып, сұрақ-жауаптың астына алды. Ашулы топ жиналған соң жұмысшылар тірлігін бастамақ түгілі техникаға жолай алмай қалды. Тұрғындар Түлкібаста алтын қазушы компаниялардың көбейіп кеткенін айтады. Олар екі жылдан бері аудан мен облыстағы түрлі мекемелерге арыз жазғанымен нәтиже шықпапты.

“Өзенде балық құрып кетті. Қайыршақтыда бұрын маринка деген балық болатын. Соның кесірінен бау-бақшамызды құртып жатыр. Мал қазір бұл суды ішпейді, қашып жатыр. Одан кейін жыл сайын су тартылып жатыр. Адамға да әсер етеді. Балық өліп жатқаннан кейін ауру болады”, – деді тұрғын Нұрбол Тайжанов.

Алтын іздеушілер жұмысты бастамас бұрын ауыл ішіне спорт кешенін салып береміз деп уәде берген. Бірақ ол сөз жүзінде қалған. Қопарылған жерлер де қалпына келтірілмепті. Сондықтан тұрғындар компанияның кетуін талап етті.

Ал барлауға лицензияны министрліктен алғанын айтқан компания басшысы қазылып жатқан жерді қожайындарынан сатып алғанын айтады. Кәсіпкер табиғатқа зияны тимегеніне сенімді. Әрі жұмысты бес ай бұрын ғана бастадық деп ақталды.

“Біз енді бұны 2-3 айдың ішінде қазып тастаймыз. Шұңқыр қазуға тура кеп тұр. Өйткені оның ашық тұқымы көп, анықтау үшін терең қазуға тура келді. 5-6 метрге дейін қазылу керек”, – деді "Аурум-Майнинг" компаниясының атқарушы директоры Азатбек Әбдірахманов.

Жергілікті шенеуніктер алтын барлаушы компаниялардың жұмысын тексеруге құзіреті жететін мекеме жоқ екенін айтты. Бірақ тұрғындардың ашуын көрген соң, барлаушылардың жұмысын уақытша тоқтатуға күш саламыз деп құтылды.

“Құзырлы органдарға арнайы хат жазамыз. Қазіргі кәсіпкерлік нысанның жұмысын тоқтату туралы қоғамдық тыңдау өткізгенге дейін тоқтату туралы бүгін ауданнан хат жазылады. Ал қоғамдық тыңдау мамыр айына жоспарланды. Оған дейін барлаушылар қазылған жерлерді тегістеуі тиіс. Ары қарай жұмыс істер-істемесін енді жергілікті тұрғындар шешеді”, – деп мәлімдеді Түлкібас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ұлас Әлімбаев.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.