Елімізде бакалавр деңгейін алып, жоғары білім иесі атанған қазақстандық әйелдер мен ерлердің саны шамалас болғанымен, көбіне әйелдер оқуын әрі қарай жалғастыруды жөн көреді. 2022-2023 жылғы дерек бойынша магистратураны тәмамдағандардың 61%-ы, ал доктор дәрежесін иеленгендердің 63%-ы – қыз-келіншектер. Білімділердің көп пайызын алғанымен, экономикаға қосатын үлесі мен жалақы алу көрсеткіші ерлерден әлдеқайда төмен. Себебі әйелдердің көбі үй тірлігімен айналысып, бала тәрбиесін мойнына алуды қалайды. Stan.kz редакциясы оқырмандар арасынан бірнеше дипломы бола тұра, жұмыс істемей, үйде отыратын әйелдерді іздестіріп, олардың оқиғасын сұрап көрді.

Фото: uznayvse.ru

Қазақстанда ғалым атағына ие, дипломы барлардың жартысынан көбі – әйелдер қауымы. Соған қарамастан 2022 жылдың есебі бойынша 257 мың әйелдің жұмыс істемейтіні белгілі болды, бұл жұмыссыз ерлерге қарағанда 64 500-ге көп. Бұған себеп – көп жағдайда әйел тұрмыс құрған соң үй шаруасына жауапкершілікті өз мойнына алады. MediaNet сауалнамасы бойынша қазақстандықтардың 36%-ы әйелдің жұмыс істеп, мансап құрғаннан гөрі үй шаруасымен айналысқанын жөн санайтынын анықтаған. 

“Жұмыста ұзақ отырсам, жанжал басталатын”

Осындай желеумен өз дипломдары бойынша жұмыс істей алмаған әйелдердің бірі  –жаңаөзендік Анаргүл Мырзажанова. Ол алғашында қаржыгер мамандығы, одан кейін есепші мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген. Екі ЖОО-ны үздік бітірген қыз есепші болып 2 жыл жұмыс істеген екен. Алайда отбасын құрған соң оның жұмысының кесірінен үйде жанжал туып, екі істі қатар алу қиындапты. 

“Үйде мал ұстайтын едік. Жұбайым екеуміз де жұмыста болғаннан кейін малды өріске шығару, сиырды сауу бойынша үнемі кикілжің туындап, “сен істе де, мен істе” деп жиі сөзге келетін болдық. Мен үлгермей, жұмыста ұзағырақ отырып қалсам, соңы ұрысқа айналады. Оның үстіне күйеуім құқық қорғау органында істегесін оны басқа қалаға ауыстыратын боп шешті. Сол кезде мен бұрынғы жұмысымнан шығып кеттім. Осыған дейін болған жанжалдар қайтадан болмас үшін күйеуім “жұмыс істемей-ақ қой, мені осылай қайта-қайта көшіреді, көп орын ауыстырғасын ісің өңбейді, одан да малға, балаларға қарап, үй тірлігіне бас көз бол” деді. Содан бері жұмыс істемей, үйде отырғаныма 10 жыл болды. Бірнеше мәрте қала мен ауыл ауыстырдық, одан соң балаларды дүниеге әкелдік, солай менің дипломым пайдаға аспай, “сувенир” болды”, – деді ол.

Сөзінше, алғашында тек үй шаруасына жауапты болу ұнағанымен, кейін бұл тірліктен қажи бастапты.

“Үйдің тірлігі ешқашан бітпейді, сен жұмыста болсаң да, күні бойы үйді күзетсең де, оны 100% мінсіз орындап отыру мүмкін емес. Әрине, ақша жағынан тарлық көрмедік, десе де әйелдің де қызмет етіп, білімін дамытқаны дұрыс. Себебі үйде отыра берсең, білгеніңнің бәрі ұмытыла береді. Қазір балаларым өсті, жұмыс істегім келсе де, бәсекеге қабілетті емеспін, мен бітірген мамандықтардағы өзгерістерді түсінбеймін, меңгеріп те үлгермеймін”, – деді Мырзажанова.

Үш дипломы болса да, ата-ененің жағдайын істеуді таңдады

Екінші кейіпкеріміздің үш дипломы бар. Жамбыл облысының тұрғыны Асылзат Құрманәлі ағылшын тілі мұғалімі бакалавры және магистрі дәрежесін алып, одан соң “аудармашы ісі” мамандығын оқыған. Үш жоғары білімі бар келіншек 10 жыл бұрын тұрмыс құрып, үй шаруасымен отырып қалған көрінеді. 

“Ата-енемен тұрғандықтан, күйеуім солардың жанында болып, жағдайларын жасағанымды қалады. Мен де келістім. Себебі күйбең тіршілік бітпейді, бәрін қатар ала алмаймын деп те ойладым. Одан кейін 8 жыл бала тәрбиесімен отырдым. Балалар мектепке барғаннан кейін оларды үйірмелерге, қосымша курстарға апарып, әкелетін болдым. Бала тәрбиесі мен үй шаруасын жұмыспен қатар алуға болады деген ой басыма келмеді. Оның үстіне отбасылық бизнесіміз бар, жұбайыма көмектесіп, тауарларды қабылдап аламын, онымен қоса ата-енемнің де жасы келген, оларды қараусыз қалдыра алмаймын”, – деді келіншек.

Алайда ол іштей жұмыс істегісі келетінін және бір күні қайтадан мамандығы бойынша ақы алғысы келетінін жасырмады.

“Отбасыңның берекесін келтіру үшін үйде отыруға болады, үй шаруасымен айналысу көбі ойлайтындай қиын нәрсе емес. Десе де өзіңнің араласатын ортаң, яғни өзім сияқты әріптестерім болса екен деп ойлап қоямын. Жұмыста кішкене болса да, көңілің бөлінеді. Тек үй мен бала-шағаны ойлаған кезде адам жалығып, шаршайды, отбасылық мәселелерді өте ауыр қабылдайды. Сол үшін кейін жұмыс істеп көргім келеді. Қазір бұрын оқыған көп нәрсе есімде жоқ, білімім бұрынғыдай емес, алайда тәжірибе барысында үйреніп кетемін деп ойлаймын”, – деді Құрманәлі. 

“Ерлер қауымы үй тірлігін бағаламайды”

Тағы бір кейіпкеріміздің оқиғасы жоғарыдағы жағдайларға ұқсас. Гүлсая (есімі өзгертілді) құрылысшы мамандығын иеленіп, кейін экономика факультетінде “Банк ісі” мамандығы бойынша оқыған. Ол бірінші дипломы бойынша, яғни құрылыс саласында 7 жыл жұмыс істеген. Ал екінші мамандығы бойынша мүлдем қызмет етпепті, тәжірибесі жоқ. 

“8 жылда 3 рет декреттік демалысқа шықтым. Соңғы декреттік демалысым аяқталатын кезде жұбайым жұмысқа қайта қосылмай-ақ қоюымды сұрады. Сол үшін жұмыстағы орнымды босаттым. Көбі “баланы ата-енеңе немесе балабақшаға бер” дейді. Бірақ ата-енемнің балаларға қарауға зауқы жоқ, ал балабақшаға күйеуім сенбейді. Онда оларға қол көтереді немесе қараусыз қалдырады деп қорқады. Сондықтан балаларым толық өскенше, соларды қараймын деп шештік”, – деді ол.

Алайда келіншек үйде отырғанның кемшіліктері бар екенін жасырмады. Сөзінше, үй тірлігін істемейтін адамға ол еңбек болып көрінбейді және ешкімге білінбейді

“Үйде отырған әйелді көбі күні бойы демалып отырады деп ойлайды, оның ауыртпашылығын ерлер қауымы түсінбейді, көбі істелген үй жұмысын бағаламайды. Шын мәнінде оның шегі жоқ, күнде бір іс жасала береді, бір күн істемей қалсаң, көрініп қалады. Күйеуім жұмыстан келгенде, маған демалып жүрген адам сияқты қарайды. Әрі ақшаны өзің таппағасын табыс тапқан адамға жалтақтап, соның жағдайына, күйіне түсуге мәжбүр боласың. Ал өз ақшаңа зат алсаң, бәрібір адам өзін еркін сезінеді деп санаймын”, – деп ақтарылды Гүлсая.

Ол болашақта қызының да үйде отырғанын қаламайды. Білім алған соң, өз күнін өзі көріп үйренсін деп тәрбиелейтінін айтты. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.