Ел президенттігіне кандидатты өлтірді деген күдікке ілінген қылмыстық топтың жетекшісі Эквадор түрмесіндегі камерадан жоғалып кетті. Елде екі ай мерзімге төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фито лақап атымен танымал Адольфо Масиас Вильямар 12 жыл түрмеде отырған және бір уақытта "Лос Чонерос" ("Чоне қаласының адамдары") күшті мафиялық тобын басқарған. Вильямардың камерасы Гуаякилдегі түрменің бір бөлігінде орналасқан, ол теориялық тұрғыдан әсіресе мұқият күзетілуі керек болған.

Эквадор президенті Даниэль Нобоа елде 60 күндік төтенше жағдай жариялады, оған басқалармен қатар, қоғамдық жиындарға уақытша тыйым салу және коменданттық сағат кіреді.

Президент Нобоаның айтуынша, төтенше жағдай әскерилер мен полицияға елдегі түрмелерді тікелей бақылауға алуға мүмкіндік береді.

BBC Латын Америкасы редакторы Ванесса Бушшлютердің айтуынша, "Лос Чонерос" шын мәнінде Фито түрмеге қамалған Гуаякилдегі аймақтық түрменің көп бөлігін басқарады.

“Есірткі-террористік топтар бізді қорқытқысы келеді, олардың талабына көнеміз деп ойлайды. Бірақ біз лаңкестермен келіссөз жүргізбейміз және елде тыныштық орнамайынша тыным таппаймыз”, – дейді ел президенті.

35 жастағы Дэниел Нобоа өткен жылдың қазан айында өткен президент сайлауында жеңіске жеткен. Сайлау науқаны кезінде кандидаттардың бірі, бұрынғы журналист және мафияға қарсы күрескер Фернандо Вильявисенсио өлтірілді, ал саясаткерді қорқытқан “Лос Чонерос” пен Фито осы кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікке ілінді.

Эквадор полициясы түсіндіргендей, Фитоның камерада жоқ екені жексенбі күні анықталды. Олар оны түрменің қатаң режимдегі қанатының бойынан іздеген, бірақ таба алмаған.

  • Оңтүстік Кореяда иттің етін жеуге тыйым салынды
  • "Жалқау және сауатсыз": Америкалық әртіс Джоди Фостердің Z ұрпақтары туралы пікірі қоғамда дау туғызды

Фитоның қашып кеткені немесе үлкен түрме кешенінің ішінде жасырынып жүргені әлі белгісіз. Полиция да Фитоның камерадан нақты қашан жоғалып кеткенін білмейді.

Полиция бастығының айтуынша, жүздеген полиция қызметкері Фитоны іздеген және әлі де іздеуде.

Аймақтық түрме (La Regional) бес түзеу мекемесін қамтитын түрме кешенінің бөлігі болып саналады. Онда 12 мыңнан астам тұтқын отыр.

Өткен тамыз айында Фито кешендегі басқа түрмеге ауыстырылған. Ол сенімдірек саналады, өйткені тұтқындар аз. Фитоның көшірілуі бірнеше мың сарбаздың қатысуымен тұтас әскери операция болған.

Бірақ көп ұзамай Фитоның адвокаты оның ауысуына қарсы апелляциялық шағым түсіріп, жеңіп шықты, содан кейін мафиоз La Regional аумағына қайтарылды.

Фито бұл түрме кешенінен бұрын бір рет қашып кеткен болатын. 2013 жылы ол басқа 17 тұтқынмен бірге La Roca-дан қашып, кешенмен шектесетін өзен арқылы қайықтармен өткен.

Төрт айдан кейін Фито мен оның ағасы, сонымен қатар “Лос Чонерос” мүшесі Манта қаласындағы анасының үйінде ұсталды.

Содан бері Фито түрме аумағынан шықпаған. Сонымен қатар, ол 2020 жылы бұрынғы көшбасшы Хорхе Луис Замбраноны өлтіргеннен кейін түрмедегі топтың жетекшісі болды.

“Лос Чонерос” негізінен есірткі саудасымен әрі рэкетпен айналысады және Мексиканың қуатты Синалоа картелімен ынтымақтасады.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.