Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізіп, министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың осы салада теориялық білімі бар болғанымен, нақты іске келгенде нәтижелі жұмыс істей алмай жатқанын айтты.

“Қазіргі жұмыс көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шыққанын атап өтіп, бір ай ішінде қаражаттың қайда кеткенін анықтауды тапсырды.

"2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар Президент бұл жұмыстың нәтижелерін бағалаудың нақты өлшемдерін әзірлеуді және тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

"Сейсмологиялық мониторинг пен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажет. Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде "смарт-қалалар" құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан еліміздегі ең ірі қала ретінде Алматыға басымдық берген жөн. Білікті сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісіне дайын болуға және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс.

"Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сондай-ақ азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар материалдық резерв жеткілікті болуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді қамтамасыз ету керек",  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде жақсарту қажет екенін атап өтті

"Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдайлар кезінде барлық салалық құрылым жедел әрекет етіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Дүрбелең мен хаосқа жол бермей, жағдайды тұрақтандырып, апаттың ауыр салдарын мүмкіндігінше жеңілдету үшін дұрыс және уақытылы әрекет ету маңызды.Төтенше жағдайларға сақадай сай болу – үкімет бастаған мемлекеттік органдардың ортақ міндеті", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарын дүрмекке ермей, дүрбелеңге салынбауға шақырды.

"Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда, – деді Президент.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.