Қазақстанда кәмелетке толмаған балаға буллинг жасағаны үшін 110 мың теңгеге дейін айыппұл салу жоспарланып отыр. Тиісті норма әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобасында көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

Мәжілісте заң жобасы бойынша депутат Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасады.  

“Заң жобасы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Зорлық-зомбылыққа, басқа қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу үшін бірқатар нормалар қарастырылған. Біріншіден, 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазамен денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қалпына келтірілетін болады", — деді депутат. 

Сондай-ақ заң жобасында балаларға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтіледі. 

Кәмелетке толмаған балаға буллинг жасағаны үшін құқық бұзушыға ескерту немесе 10 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін (36 мыңнан 110 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады. 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамды автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін құқық бұзушыға 5 АЕК (18 мың теңге) айыппұл салынады. 

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха атап өткендей, буллинг үшін айыппұлды кәмелетке толмағандардың ата-аналары төлейді. 

Сондай-ақ мектеп-интернаттарда тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін депутаттар мыналарды ұсынды:

Барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттарда мемлекеттік бақылауды енгізу;

Балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдардың қызметін лицензия негізінде ғана жүзеге асыруға рұқсат ету.

Сонымен қатар депутаттар ҚР ҚК жаңа бап енгізуді ұсынды, ол өзіне қол салуды насихаттауға қатысты.

Бұған дейін Аймағамбетов әйелін ұрып-соққандардың жазасы қалай қатаңдатылатынын айтқанын жазған едік.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.