Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек күн тәртібінде қаралып отырған адам саудасына қатысты заң жобасының өте әлсіз екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сөзінше, қазір интернет желісінде адамды да, ада мүшелерін де еркін саудалап жүргендер бар. 

"Заң жобасында "интернет желісі арқылы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау" үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазір әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көрсету, адам ағзалары мен тіндерін сатып алу, сату, сондай-ақ балаларды заңсыз асырауға беру туралы жарнамаларды көруге болады. Заманауи технологияларды ескере отырып, мұндай чаттар шетелде де, бізде де ашылады. Мұнда республика азаматтары және шетелдіктер ұйымдастырушылар бола алады. Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар. Осындай хабарландыруды бақылауды қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер олар шетелде болса, осындай чаттарды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Заң жобасын қарасам, өте әлсіз, механизмдері аз. Қарастырылып отырған заң жобасында осындай әрекеттерді жарнамалауға тыйым салу механизмдерін байқап отырған жоқпын", — деп шүйлікті депутат.

Бұдан бөлек мәжілісмен министрліктің осыған дейін берген ресми жауабы ұнамағанын да жасырмады.

"Қолымда сіздің орынбасарыңыз – Лепеханың (ред. – Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепаха) жауабы бар. Осыған дейін бірнеше сұрақ қойдым. Жезөкшелік, притондардың үстінен қарап отыратын полиция қызметкерлері деген позицияны әлі де ұстанып отырмын. Осыдан бір жыл бұрын қанша полиция қызметкері жауапқа тартылды деген сауал қойдым. 2023 жылы бар болғаны 5 полиция қызметкері жауапқа тартылыпты. Егер осы іске кірісіп, мына ақпараттың бәрін жоққа шығарсам, бұл ақпарат жалған боп қалады ғой", — деді мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек. 

Еске сала кетейік, мәжіліс депутаттары адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.