14 наурыздан бастап қазақстандық режиссер Аян Найзабековтың "Ізгі ниетпен, алаяқ" жаңа сериалы TV+ платформасында көрерменге жол тартты. "Қазақтелеком"  мен Salem Entertainment компаниясының биылға бірлескен алғашқы ірі жобасы көптеген танымал актерлардың басын қосты. Телехикаяның авторлары қыз-келіншектерді алдап-арбап, қаржы қармауына түсіретін алаяқтар жөнінде әлеуметтік өткір тақырыпты қозғайды. 

Телехикаяда Аружан Жазылбекова, Санжар Мәди, Мэрим Атантаева, Алмагүл Қазихан-Сағындық, Шәріп Серік және Олжас Әлжанов секілді әйгілі актерлер ойнайды. 

Salem Entertainment продюсерлік компаниясы 2024 жылы ребрендингтен өткен. Компанияның "Ізгі ниетпен, алаяқ" жаңа жобасы "Қазақтелекомның" TV+ платформасында телехикаялар маусымын ашты. Жаңа жобаның шоуранері Қуат Садықов өзін Sheker және "Пацанские истории" сынды танымал сериалдарды басқарған продюсер ретінде танытқан. "Ізгі ниетпен, алаяқ" телехикасының авторлары қыз-келіншектерді алдап-арбап, қаржы қармауына түсіретін алаяқтар жөнінде әлеуметтік өткір тақырыпты қозғайды. 

Фильм режиссері Аян Найзабеков алаяқтықтың бұл түрінен көбінесе әйелдердің зардап шегетінін атап өтеді.

"Мен қыз-келіншектердің сезім жетегінде кетіп, соңында алаяққа жем болып, қалай тақырға отыратыны, мұндай тығырықтан қалай шығуға болатыны жөнінде бұрыннан ашып көрсеткім келіп жүрген. Алаяқтықтың бұл түрінен көбінесе әйелдер зардап шегуде, сондықтан мұндай оқиғаларды тағы бір рет қоғамның есіне салып, әпке-қарындастарымызды бұл қасіретпен күресуге қамшылағым келді.  Оның үстіне, әйелдер аудиториясы өте жанашыр келеді, сондықтан бұл туынды көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдімін", – дейді фильм режиссері Аян Найзабеков.

"Ізгі ниетпен, алаяқ" сериалының негізгі сюжеті – сері жігіт, қыз-қырқынның көзінің құрты, нағыз суайт Тимурдың төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкер – Гаухар да Тимурға көзсіз ғашық болып, қол ұстасып болашаққа бірге аяқ басамыз деп құлай сенеді. Ақыр аяғында нақсүйерінің қарызға белшеден батқан нағыз алаяқ екеніне көзі жетіп, өмірден түңіліп кетеді. Бұрынғы күйеу жігітті іздеу барысында бойжеткенге Тимурдың басқа құрбандарымен танысуға тура келеді, сөйтіп олар бір жұдырықтай жұмылып, өтірікшіден ақшаларын қайтарып, кек алу үшін жоспар құра бастайды. 

"Туындының айтпағы – қоғам кінәні құрбанға жаба беруді тоқтатуы керек, ал әйелдерге алаяқтан зардап шеккендерін қысылмай, ашық айтатын кез жетті. Бұл нағыз махаббат емес, алдамшы дүние болғанын, алданып қалғанын мойындау, әрине оңай емес, бірақ бұл туралы ашып айту керек", — деп есептейді "Ізгі ниетпен, алаяқ" сериалының сценаристі Раушан Садырбаева.

Алаяқтың рөлін сомдаған актер Санжар Мәди атап өткендей, сериал әйелдерге қайткен жағдайда да ер адамға өзіңді билеп-төстеп, жеке кеңістігіңді жойып, манипуляция жасауына жол бермеу керектігін үйретеді. Сонымен бірге, актердің айтуынша, телехикая ер азаматтарға өз сөзінде тұрып, істеген ісін мойнымен көтеруі тиіс екенін тағы да естеріне салады.

Сериалдың трейлері көрермендерді бей-жай қалдырмады, олар премьераны асыға күтуда, өйткені "Қазақтелекомның" Salem Social Media (Salem Entertainment-тің ребрендингке дейінгі атауы) продюсерлік орталығымен бірлескен жобалары қазақстандық аудиторияның көзайымына айналған.  

"Ізгі ниетпен, алаяқ" – бұл "Қазақтелекомның" Salem-мен ынтымақтастығының кезекті, нақтырақ айтқанда алтыншы өнімі. 2023 жылы бұрынғы бірлескен жобалар: "Қара аула", "Қарға", "Шеше", "Шағын және орта бургер" және "1286" телехикаялары TV+ платформасының нағыз бестселлеріне айналып, қазақстандықтардың гаджеттеріне жүктеу санын 3,7 есеге арттырған, яғни 2023 жылдың қорытындысы бойынша жазылушылар саны 376,4 мыңнан  1,4 млн-ға жеткен. Сонымен қатар, платформада Salem-мен бірлескен контент пайда болғалы телекоммуникация операторы ақылы TV+ жазылымдарының саны он есеге өскенін мәлімдеді. 

"TV+ платформасында өз контентіміздің пайда болуы көрермен сұранысына ие  болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Ал біздің Salem-мен бірлескен сериалдарымыздың кейіпкерлеріне аудитторияның жаны ашиды. "Ізгі ниетпен, алаяқ" сериалы да, біздің ойымызша, алдыңғы телетоптамалардан кем түспейді. Ол әйел адамдарға қаржы алаяқтарының құрбаны болмас үшін мың жерден ғашық болып қалған жағдайда да еркекке құлай сенбей, сақ болып, жан-жаққа мұқият қарауды ескертеді. Бұл өткір проблеманы жеңіл қалжыңмен жеткізетін туынды платформамыздың көрермен санын арттырып, бұрыннан келе жатқан жанкүйерлеріміздің де көңілінен шығатынына сенемін",– деп түйіндеді "Қазақтелеком" АҚ бөлшек бизнес дивизионының Бас директоры Игорь Погребицкий. 

"Ізгі ниетпен, алаяқ" сериалы 11 бөлімнен тұрады, 14 наурыз күні сағат 18:00-ден бастап "Қазақтелеком" TV+ платформасында көрермендер жаңа туындының бірнеше сериясын бірден көре алады. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.