Депутат Елнұр Бейсенбаев букмекерлік кеңселердің жұмысын реттеу туралы заң жобасын Үкіметтің қабылдамай жатқанына қатысты сыбайлас жемқорлық жатыр деп күмәнданатынын айтты. Заң жобасы бойынша 25 жасқа дейінгі жастарға ойнауға тыйым салу бастамасы көтерілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

"Неге Үкімет заңды Мәжіліс қабылдауына жібермей ұстап отыр? Бір жарым жыл уақыт өтті. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар деп күмән туады. Ол жерде адамдар өздерінің мүдделерін қорғап отыр. Букмекерлік кеңселерден пайда тауып отырғандар "біз бұл заңды қабылдауға бар күш-жігерімізді саламыз" деп отыр. Ол қандай күш? Сөз жоқ, үлкен ақшаның күші. Осы жұмыс бойынша менің үлкен күмәнім бар. Сыбайлас жемқорлық қайда жатыр? Міне, қабылдануы тиіс маңызды заң қабылданбай отыр. Президент тапсырма берді. Фракциямен талқыладық. Заңды осыншама уақыт ұстауға қандай негіз бар? Үкіметтегі бір адамдардан қолдау тауып отырған белгілі бір топтың мүддесі бар екеніне 100% сенімдімін. Жаңа премьер-министрге де осы тапсырманы қоятын боламыз",- деді депутат.

Бұл мәлімдемеге туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев жауап берді. Ол ұзаққа созылған процедуралар туралы айтты. Оның ішінде бірнеше кезеңде жүргізілетін реттеушілік талдау, жария талқылаулар, "Ашық НҚА" порталындағы талқылаулар бар. Бұл процедура ресми түрде кем дегенде 45 жұмыс күнін алады. Бірқатар келіспеушіліктер болған жағдайда мерзімдер ұзартылуы мүмкін.

"Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы арқылы өтетін лоббизм элементтері бар екенін жоққа шығармаймын, өйткені олардың міндеті – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау. Барлық алаңдарда қарсыласумен ашық күресеміз. Талдау 17 түзетуге қатысты жүргізілді, заң жобасында 55 түзету қарастырылған. Сондықтан Үкімет оны әдейі ұстайды деп айту дұрыс емес деп ойлаймын", — деп түсіндірді вице-министр.

Оның жауабына Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов шүйлікті. Ол вице-министрдің жауабы одан сайын күмәндандырып қойғанын айтты.

“Кейде мұндай сөздерді айтудан гөрі үндемеген дұрыс, өйткені 1,5 жыл бойы бір заң жобасын тексеруден өткізу – нонсенс. Көрдіңіз бе? 45 күн деп, бір жарым жыл бойы заң жобасы тексерілуі одан сайын күмәндандырады", — деді ол.

Осы уақытта Мирас Төлебаев түсініктеме беруге тырысып, Аймағамбетовтің сөзін бірнеше рет бөлген еді.

“Маған кедергі жасамаңыз, Мен сізге сөз бермедім, мұнда митинг жоқ. Біз сізге ресми түрде ескерту жасаймыз, 1,5 жыл заң жобасы аяқталмады деп айтамыз. Бұл үкімет регламентін, заңнаманы бұзу. Бұл жерде "Атамекеннің" рөлі туралы айтып отырсыз, мемлекетке не істеу керегін Атамекен үйрете ме? Ол қоғамдық ұйым. Проблемалар бар екенін мойындауыңыз керек,- деді Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін сенатор Ғалиасқар Сарыбаев елімізде ұшақтардың ескіріп кеткенін, ал әуекомпаниялар өз флотын жаңартуға асықпайтынын сынға алғанын жазған едік.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.