Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров Динара Шүкіжанованың өз еркімен отставкаға кетуіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ашық дереккөзден

Мәжіліс залында журналистер Айдарбек Ходжаназаровтан Динара Шүкіжанованың орнына келетін үміткерлер жайлы сұрады. Айта кетейік, партиялық тізімде көпке танымал блогер Бейбіт Әлібеков пен продюсер Нұрлан Қоянбаев бар. Бұл сауалға партия төрағасы:

“Басқа партиялар сияқты біз де тізім бар. Бір аптаның ішінде орталық кеңеспен жиналып, мәселені шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Әлібеков пен Қоянбаевтың Парламентке келуі екі талай. Депутаттыққа үміткер басқа да адамдар бар. Менің ойымша, белгілі бір фаворит жоқ. Бәріміз отырып дауысқа саламыз. Динара Шүкіжанова басқарған комитетке сәйкес келетін кәсіпкерлік тәжірибесі бар үміткерлер де аз емес. Өз арамызда таңдаймыз. Шынымды айтсам, қазір бір нәрсе айту қиын. Өйткені әрқайсымыздың өз ойымыз бар, соны ортаға тастаймыз. Динара Шүкіжанованың да өз ұсыныстары бар. Динара біздің партияның тең төрағасы болып қала береді”, – деп жауап берді.

Айдарбек Ходжаназаровтың айтуынша, Динара Шүкіжанова кәсіпкерлікке қайта оралды. Сондай-ақ ол “Шүкіжанованың депутаттықтан кетуіне партия төрағасымен болған жанжал себеп болды” деген ақпараттың ойдан шығарылғанын айтты.

“Біздің арамызда ешқандай жанжал болған жоқ. Динара екеуіміз бұрыннан доспыз. Respublica партиясы құрылғанға дейін де жақсы араластық, ары қарай да достығымыз жалғаса бермек. Сол себепті бұл ақпарат ойдан шығарылған”, – дейді Айдарбек Ходжаназаров. 

Бұған дейін депутат Динара Шүкіжанованың өз еркімен мәжілістен кеткені туралы жазған едік.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.