Белсенділерге шыққан негізсіз қатал үкімдер, әділетсіз Қаңтар соттары, журналистерге қысым, әділсіз сайлау, «ескі» және «жаңа» Қазақстанның өзара ойындары – мұның бәрі билік үнемі айтып жатса да қоғамды демократияландыру бағытында 2023 жылы ештеңе өзгермегенін айқын көрсетеді, дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.

Оның пікірінше, Тоқаев бұл жүйеде биліктің бірден-бір иесі толық билікке ие президент болуы керек екенін, сондықтан оған саяси реформалар жүргізудің еш қажеті жоқ екенін жақсы түсінеді.

«Республикаға» берген сұхбатында Шалқар Нұрсейітов өткен жылды қорытындылап, 2024 жылға болжам жасайды.

«Тоқаевтың жүйені өзгертуге еш құлқы жоқ»

 — Шалқар, өткен 2023 жылды жалпы қалай бағалайтын едіңіз?

— Өткен жыл, менің ойымша, бір сөзбен айтқанда, Қаңтардан кейін тек фротмены ауысқан авторитарлы режимнің нағыз көрінісі болды. Өйткені 2023 жылы біз жалған парламент сайлауын көрдік. Біз Қаңтар оқиғасы бойынша әділетсіз «әруақтар» соты деп аталып кеткен процесстерге, аэропортты «басып алмақшы» болған азаматтарды соттағанына күәгер болдық. Марат Жыланбаев секілді елге танымал азаматтардың саяси репрессияға, журналистердің қысымға ұшырағанын да көрдік.

Сондықтан осының барлығы Тоқаев және оның әкімшілігі жариялап жүрген ешбір «Жаңа Қазақстан» жоқ екенін дәлелдейді. Сол баяғы автократия тұсауындағы Қазақстан. Өткен жыл, өкінішке қарай, жаңа позитивті өзгеріске, жақсылыққа, деген үмітті оята алған жоқ.

Неліктен билік демократиялық реформалар жолында батыл қадамдар жасамай отыр деп ойлайсыз? Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке сайланғанда осындай уәде беріп еді ғой.

— Осы сұрақты қойғанда, Тоқаевты жақтаушылар бұл Назарбаевтан қалған жүйе, оны бір күнде өзгерту мүмкін емес деген сияқты аргументтер айтады. Дегенмен де олар қазіргі саяси архитектураны құрушылардың бірі Тоқаев екенін саналы түрде ұмыт қалдырады. Тоқаев осы автократиялы жүйенің беделді мүшесі емес пе.

Тпті 2019 жылдан бері алатын болсақ, биылғы жылдың наурызында Тоқаевтың президент боп отырғанына бес жыл толады. Бұл дегеніміз өте ұзақ мерзім. Осы уақыт ішінде бірде-бір біз іліп алатын позитивті саяси өзгерісті көрген жоқпыз. Барлығы дерлік сол Назарбаев дәуірі кезіндегі қалпында қалып отыр, тіпті Қаңтар қырғынынан кейін, керісінше Тоқаев саяси жүйені өзгертудің орнына өзінің билігін күшейтуге тырысып жатыр.

Конституцияны 2022 жылдың ішінде екі рет өзгертті. Кейін өзін тағы  жеті жылға сайлап алды, өзіне бағынышты «көппартиялы парламентті» жасақтап алды. Бұның барлығы дерлік, билікке монополияны жоғалтпауға деген талпыныстың көрсеткіші.

Тоқаев бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін жақсы біледі. Кім ең жоғарғы қызметте отыр яғни, абсолют билігі бар президент бұл жүйенің ең үлкен иесі екенін жақсы біледі. Өйткені өзгеріс жасау үшін біріншіден, саяси ерік-жігер керек. Ал ол саяси ерік-жігер Тоқаевта жоқ.

Екіншіден, өзгеріс жасау дегеніміз экономикада, біздегі автократиялы-олигархиялы жүйе болғаннан кейін міндетті түрде олигархтардың арасындағы қарым-қатынасқа, кландар, бизнес орта арасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді. Ал қазіргі саяси архитектураны өзгеріске ұшырату ол барлық тараптардан қарсылық туғызады деген сөз. Ал Тоқаев еш уақытта саяси күресті көрмеген адам. Ол саяси қызметке сайлау арқылы келмеген азамат. Сондықтан ол бір шетінен осы аз уақыттың ішінде мейлінше биліктің пайдасын, дәмін татқысы келетіндей әсер қалдырады.

Өйткені Тоқаевта Назарбаевта болған отыз жыл уақыты жоқ. Жасы жетпіске келді. Егер ешбір күтпеген жағдай болмаса, 2029 жылға дейін отырар билік басында. Денсаулығы мүмкіндік берсе, ол Конституцияны тағы өзгертіп, өзін тағы да бір мерзімге президент сайлап алуы да мүмкін, ол сценарийді жоққа шығаруға болмайды.

Өмірбақи автократиялы жүйеде жүрген, карьера шыңына бес жыл бұрын ғана жеткен адам, әрине, ол жүйенің бар пайдасын, рахатын көруге тырысады. Сондықтан, Тоқаевтың қазіргі жағдайды өзгертуге еш құлқы жоқ.

«Террорист туралы нұсқау сотта шашылып қалар еді»   

Сіздің ойыңызша, 2023 жылы ел үшін ішкі саясатта қандай маңызды оқиғалар болды?

— Біріншіден, біз Қаңтар қырғынының жылын атап өттік. Бүгінгі саяси режимге диагноз қоятын осы қаңтар қырғыны. Бір жыл өтсе де, біз қаңтар қырғынына байланысты объективті информацияны билік аузынан естіген жоқпыз. Қаңтар қырғынының бір жылдығына орай Тоқаев және оның әкімшілік мүшелері жасырын келіп, Алматыда мемориал ашып кетті. Ол шараға Қаңтарда қаза болған азаматтардың отбасы мүшелері шақырылған жоқ. Тіпті оларды жіберген жоқ.

Қарап тұрсақ, саяси режимнің  қайғыруы да, еске алуы да бір өздерінің жасап алған әлемінде өтті. Террористік шабуыл болды деді, билікті басып алмақшы болды деді, алайда олардың кім екенін айтқан жоқ. Сөйтті де құрбандарға ешқандай бір қазақша айтқанда жаны жоқ, бір шынайылығы жоқ мемориалды ашты да кетті. Ал ол мемориалдың шын мәнісінде азаматтардың көз алдында ешқандай құны жоқ. Өйткені ол жерде, Қаңтарға байланысты шындықтың ешқандай элементі де жоқ.

Біз Қаңтарды айтқанда осы оқиғаларға қатысты соттарды айтпасақ болмайды. Бұл Марат Жыланбаев, «әруахтар», «әуежайды басып алғандар» – Әйгерім Тілеужан мен басқа да белсенділерге қатысты шыққан әділетсіз сот үкімдері. Осы соттардың барлығы қоғамның үлкен наразылығын тудырды.

Қаңтарға қатысты қарапайым азаматтардың соттары ғана емес «Дикий» Арман, Кәрім Мәсімов және тағы да басқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеген азаматтардың соттарының жабық өтуі өте көп сұрақтар туғызды, күмәнді одан сайын күшейтті. Олар ең үлкен қылмыскер ретінде Мәсімовты көрсетті, бірақ оның соты жабық өтті. Нәтижесінде біз оның не істегенін қаңтарда, не жасап қойғанын білмейміз толықтай.

Бұл сот жүйесінде де бізде өзгеріс болмайды дегеннің көрсеткіші. Қазіргі саяси жүйенің сойылын соғып жүрген ықпалды адамдардың өздері құрбандыққа шалынып кетуі әбден мүмкін екенін көрсетеді.

— Бұл соттар неге мұндай жағдайда өтті деп ойлайсыз? Билік жағынан манипуляция болып жатқан сыңайлы.

— Қаңтардың алғашқы күндерінен бастап Тоқаев бұны террористік шабуыл деді және билікті басып алуға талпыныс деді. Осы екі тезис бүкіл біздің соттағы қазір шығып жатқан шешімдерге әсер етіп жатыр. Саяси билік шеңберді айқындап берді. Сол шеңберден шықпай сот биліктің ресми айтқан сөзіне сәйкес шешімдер шығарып жатыр. «Террористік» шабуыл болды дегенді көлеңкеге қалдырып жатыр биліктің өзі, өйткені нақты дәлелдер көрсете алмай жатыр.

Назарбаев өз кітабында қаңтарға қатысты Тоқаевқа қарсы болған азаматтар, «радикал» оппозицияның істеген тірлігі деп айтты. Қарап тұрсақ, Тоқаев екеуінің сөзі қаңтарға байланысты бір жерден шығып отыр. Төңкеріс жасауға, билікті басып алуға талпыныс болды деп айтып отыр. Бірақ, Назарбаев та, Тоқаев секілді нақты олар кімдер екенін ашып көрсетпейді. Өйткені дәлелдері жоқ.

— Азаматтық белсенділерді ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырып, ал полиция қызметкерлерді қысқа мерзімге кесу, тіпті ақтау үкімдерін шығуын қалай түсіндіруге болады?

— Мен алдында атап өткендей биліктің екі нарративі бар: бір жағынан, шенділер билікке таласты, екінші жағынан, қарапайым азаматтардың арасынан шыққан «террористер» болды деген секілді.

Осы тезистерді ақтау үшін қазір белсенділер жазаланып жатыр. Жазалаудың басты мақсаты қоғамда үрей туғызу.

— Алайда, билікке соттарды әділ өткізіп, одан саяси ұпай жинап алу тиімді болмас пе еді? 

— Сотты әділ өткізу үшін барлық фактілер шынайы қаралуы керек. Ал ол жағдайда қаңтарға байланысты бізде басқа нарратив болатын еді. Әрбір шешім әділ шығарылатын болса, ресми биліктің мәлімдемесі жоққа шығатын еді. Өйткені бізде «террористерді» қолдан жасауға тура келіп тұр.

Жақында бір бейнежазба көрдім, «Дикий» Арманмен бірге болған адамдарды полиция қабылдап алып, барлығын аэропорт жаққа апарып, сол жақта қамап ұстаған, ұрып, қинаған. «Сендер террориссіңдер, билікке қарсы шықтыңдар» деп оларды осыны мойындаңдар деп әбден сабаған. Бір азамат сегіз күн түрмеде отырғанын айтады.

Адамдардың мәлімдемесінің бәрі сотта ашық талқыланатын болса, БАҚ ол туралы жазатын болса, сыртт ан келген террорист деген аргументтің быт-шыты шығатын еді. Қайтыс боп кеткен азаматтар соты Таразда, «әруақтар» соты деп аталып кеткен. Олар ақталатын болса, онда «террористер» туралы биліктің нарративі жоққа шығар еді, шашылып қала еді.

Кәрім Мәсімов, «Дикий» Арманның соты т.б жоғарғы лауазымды адамдардың соты ашық өтіп жатса, біз мүмкін билікті басып алуға байланысты фактілерді еститін бе едік, кім білер. Кім басып алмақшы болғанын. Біраз ақиқат ашылатын еді. Бірақ ол билікке қажет емес әрине.

Өткен жылдың оқиғасы ретінде мен парламент сайлауын атап өтер едім. Бұл жалған, манипулятивтік сайлау  Қазақстанның алдыда қай бағытта жылжитын анық көрсетті. Сайлаудың қалай өткені Тоқаевтың өзі дәлелдемек болғандай демократ емес екенін көрсетеді. Ол Назарбаев сияқты сайлауды билікті өзгертудің демократиялық құралы ретінде қабылдамайды. Ол үшін бұл өз билігін сақтау мен нығайтудың жолы ғана.

Одан кейін бізде билік бұрыннан, әсіресе, Тоқаев билік транзиті басталған, 2019 жылы жасанды қоғамдық, квазимемлекеттік, азаматтық ұйымдарды құра бастады. Бүйректен сирақ шығарып,  Ұлттық сенім  кенесі деген пайда болды, кейіннен ол Ұлттық құрылтайға айналды. Жасанды «Республика», «Байтақ» секілді партиялар пайда болды.

Жақында куә болған Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін өлтіргенінен кейін бізде тұрмыстық, гендерлік зорлық-зомбылыққа байланысты үлкен наразылық болды. Соны өз икеміне қарай әкету үшін «Жаңа адамдар» деген ұйымды жақсы пайдаланып жатыр билік. Қарап отырсақ, бізде саяси ғана емес, енді бұл да саяси мәселе әрине, өйткені құқық қорғау жүйесі бар. Екінші жағынан, бұл осындай миллиондаған азаматтар үшін қауіпсіздігі маңызды мәселенің өзін бір саяси манипуляция арқылы шешіп жатыр.

Бірақ мұндай мәселелер жасанды жолмен шешілмейді. Оған кәдімгі құқық қорғау саласында, шынайы қоғамдық ұйымдармен, азаматтармен тікелей жұмыс істеу маңызды. Ал бірақ, өкінішке орай, мұндай мәселені біздің билік баяғыша жасанды жолмен шешуге тырысып жатыр.

Тағы бір айта кететін оқиға Назарбаевтің қоғамдық алаңға қайта шығуы. Яғни, кітабын жариялауы, артынша «Астана» клубының отырысын өткізуі деген секілді және Мәскеуге барып, Путинмен жеке кездесті. Бұның барлығы тырнақшаның ішінде «жаңа» қазақстандықтар екінші Қаңтар жасайын деп жатыр, реваншизмге дайындалып жатыр деп көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ, менің ойымша, олай емес.

— Демек, «Ескі» Қазақстан өкілдері билікті басып алуды жоспарлап жүр деген бос сөз бе?

— Назарбаев кланы Тоқаевты биліктен тайдыру үшін әрекетге барады дегенге мен сенбеймін. Назарбаев қаңтардан кейін Қауіпсіздік кеңесіндегі билігінен, елбасы деген статусынан айрылып қалды. Қаңтар оқиғасынан кейін Путиннің қатысуымен Назарбаев пен Тоқаев арасында кездесулер, келісімдер болуы мүмкін. Ол келісімнің сақталуына бірден-бір гарант Путин болуы мүмкін.

Назарбаев Путинге осы жолы бару арқылы, кітабында бір тарау арнауы қаншалықты Путинге тәуелді екенін бүкіл әлемге көрсетіп берді. Жеке кездесіп, мүмкін осы жаңа жылдың алдында кітап шыққаннан кейін осыны пайдаланып Назарбаев Путинмен кездесуге мүмкіндік алды. Кітабында ол Украина соғысына байланысты да өзінің ойын келтіреді, ол жерде Путинді ақтап шығады Назарбаев. Осының барлығы, әрине, Путинмен кездесу үшін жасалған қадамдар шығар. Яғни, осыдан екі жыл бұрын жасалған ауызша келісімнің одан әрі сақталуына және нақтылап алуға барған секілді.

— Жалып, өткен жыл қорытындысы бойынша «Ескі» және «Жаңа» Қазақстан өкілдері арасындағы қарым қатынас қалай өрбіп жатыр деуге болады? Олардың арасында келісімдер сақталуда ма әлде олар бір жаңа форматқа көшті деп айтуға бола ма?

— Қаңтардың кезінде қалыптасқан бір келісімдер бар, солар шартты түрде әлі сақталып тұр. Қоғамдық аренаға Назарбаевтың және оның отбасы мүшелерінің де ақырындап шыға бастауы бұл бір келісімшарттың жаңарған түрі пайда болғаны шығар.

Қазір Назарбаев және оның отбасы мүшелерінің басты мақсаты – қолда бар активтерді сақтап қалу және заң бойынша қудалауды көрмеу. Осы келісімшарттың шарттарының біреуі —  Қайрат Сатыбалды немесе Болат Назарбаевтың кейбір активтерден айрылып қалуы. Яғни, осындай бір құрбандықтарға бару арқылы қалған өздерінің қауіпсіздігін қорғау бойынша бір келісімге келген сияқты. Енді, ол келісім әрқарай қаншалықты сақталады ол уақыттың еншісіндегі мәселе.

Самат Әбіштің жағдайы қызық, мысалы. Оның қазір қандай статуста екенін біз білмейміз. Сот бола ма, болмай ма? Өйткені қаңтардың алғашқы күндерінен бастап Самат Әбішке байланысты өте түсініксіз жайттар көп болды. Бірінші, жұмыстан кетіп қалды деді, біресе кеткен жоқ, демалыста деді, ақыр соңында жұмыстан кетті деді. Бір жыл өткеннен кейін қайтадан тергеліп жатыр дегендей айтты. Бұл да бір екі жақ саудаласудың көріністері деп ойлаймын.

Автократиялық жүйеде шешімдер өте жабық есік артында қабылданатын болғандықтан бізге бір нақты айту қиын. Біздің қолымызда талдауға, анализ жасауға құжаттар, мәлімдемелер, шешімдер жоқ. Топшалау ғана қолымыздан келеді сырттай бақылап отырып.

Екі Қазақстан бар деген негізсіз дүние. Назарбаевпен бірге кеткен көп кісілер зейнет жасындағы адамдар. Олардың Назарбаевпен бірге көлеңкеге кетуі Тоқаевқа қарсы шығады дегенді білдірмейді. Олардың Тоқаевпен де, Назарбаевпен де қарым-қатынасы бар және екеуімен де араласу тиымды.

Назарбаевпен араласу қауіпті болатын болса, Болаттың асында кланның өкілдерін көрмейтін едік. Бір айта кететін жайт қазіргі автократиялы жүйенің мүшелері бір-бірімен келісе алады. Оны жоққа шығаруға болмайды. Олар 30 жылдың ішінде бір-бірінің тілін табуды, мал-мүлікті бөлісуді, активтерді бөлісуді біршама меңгерген. Бір–біріне қарсы шығу тиімсіз екенін жақсы біледі.

«Тоқаевтың популизмі Конституцияға қайшы»

— Негізі 2023 жылы билік популизм бойынша рекорд жасады десек болады. Тарихтан бір салыстыру келтірсек: шартты түрде Назарбаев Сталин болса, Тоқаев популистік мәлімдемелер мен уәделер ауқымы жағынан Хрущевке айтарлықтай ұқсайтын секілді, сіз қалай ойлайсыз?

— Иә, Тоқаеты популист деп санауға болады. Өйткені ол көпшілікке ұнайтын тезистер айтады. Бірақ, оның артында ешқандай да бір заң тұрғысынан, саясаттағы ойын ережесі тұрғысынан, қоғамдағы қарым-қатынасты дұрыс жағына демократияландыруға әкелетін, ешқандай да бір нақты қадамдар болған жоқ. Сондықтан бұл бар болғаны саясаткердің популистік мәлімдемелері көп жағдайда.

Ол популизмнің шыңын біз референдумда көрдік. Президент ешбір партияға мүше болмау керек, туысқандары мемлекеттік, квазимемлекеттік қызметкер болмауы керек деген секілді шектеулерді енгізу — бұл да бір популизмнің нақты мысалы.

Бірақ, екінші жағынан, бұл Конституцияға қайшы келеді деп есептеймін. Өйткені ол адам шығу тегіне байланысты, ешқандай дискриминацияға ұшырамауы керек. Егер бізде саяси жүйе мейлінше әділ болатын болса, президенттің туысқаны да, егер азаматтар оны сайлап жатса, тағайындалатын қызметкерге лайық болса, еркін карьера жасауға құқы болуы керек.

Егер біз ол азаматтарды Тоқаевтың популистік көзқарасымен құқықтарын шектейтін болсақ, онда бұл құқықтық мемлекет деген Конституцияның алғашқы бабына қайшы келетін ұсыныстар.

Тағы бір мысал Ұлттық қорға байланысты. Осы жылдың қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% жеке есеп-шоттарыны аударылады.  Олар бұл ақшаға үй сатып алуға, не оқуға түсуге жарата алады. Бірақ бұл уақыттың  ішінде инфляцияны есептейтін болсаңыз, ол түкке тұрмайтын ақша болып қалады.

Бұл да бір экономикалық-популистік шешім деп қабылдауға болады. Өйткені көп адамға ұнайды. Кезінде Назарбаевтың берген уәдесін енді Тоқаев орындап жатыр деген сияқты әңгімелер сол шешім шыққан кезде көп айтылды ғой.

— Сіздің ойыңызша, Тоқаев популистік мәлімдемелерді қандай мақсатта жасайды, олардың елге пайдасы бар ма, әлде зияны көбірек пе?

— Саяси мәлімдемелер демократияға тездеп өту жолымызды ұзартып отыр. Мысалы, бізде шынайы парламент құрудың орнына Ұлттық кеңес, Ұлттық құрылтай деген сияқты түкке керек емес саяси жобалар, қоғамдық институттар құрылып жатыр.

Бізде мәслихаттар бар. Алайда әрбір әкімдік, министрлік жанынан қоғамдық кеңестер құрылған. Олардың барлығы кеңес ұйымдары. Шешімдерінің ешбір мәні жоқ заң ретінде бағаланбайды, қабылданбайды. Бұның барлығы да демократияның иллюзиясын жасау үшін биліктің ойлап тауып отырған саяси технологиялары.

«Алға Қазақстан», Демократиялық партия, Болат Әбіловтың «Біздің таңдау» т.б қаншама тәуелсіз партиялар тіркелген жоқ. Жақында бір жаңалық оқыдым, «Алға, Қазақстан» партиясы құжаттарын 21 мәрте тапсырыпты Әділет министрлігіне. Оларға мүмкіндік бермейді де, «Байтақ», «Республика» сияқты қуыршақ партияларды тіркейді.

Президент сайлауына тәуелсіз кандидаттар тіркелгісі келсе, оларға әкімшілік кедергілер қойып тастайды. Тоқаевқа  бәсекелес потенциалы, еңбек өтілі, саясатта тәжірибесі жоқ азаматтарды тіркейді кандидат ретінде сайлауда. Тіпті Салтанат Тұрсынбекованың өзі кандидат болып тіркелді де, бірақ президент болатын амбициям жоқ, президент болу үшін қатысып жатқан жоқпын деп ашық түрде мәлімдеді. Не үшін қатысты сонда сайлауға?

Қарап тұрсақ, режим саяси тартысты шынайы етудің орнына осындай бір имитациямен айналысып, одан сайын өзінің билігін ұзартып жатыр. Әрине, билік үшін ол жақсы. Мемлекет үшін тұрақтылық үшін деп айтайды, шын мәнісінде, ол саяси тұрақсыздыққа әкелетін қадамдар.

«Активтерді қайтарудың өзі өзара ойынға айналып кетті»

— Ал, экономикада өткен жылы қандай маңызды оқиғаларды атап өтер едіңіз?

— Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін құрылымдық өзгерістерді экономикада байқап тұрған жоқпыз. Экономикамыз шикізаттың экспортына тәуелді, инфляция деңгейі өте жоғары, өршіп бара жатқан кедейшілікті атап өтуге болады. Бұл жерде айта кететін басты нәрсе — бізде экономикалық теңсіздік. Мысалы, қаңтарға да алып келген фактілердің бірі осы болды. Бай мен кедейдің арасы бізде аспан мен жердің арасындай өте үлкен. Бар болғаны санаулы ғана адамдар біздің экономикамыздың кезінде әлі күнге дейін мысалға келтіретін зерттеу бар ғой 2019 жылдың GPMJ-дің 165 адам Қазақстан экономикасының 55%-ін басқарып отыр деген. Сол пропорция әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Яғни, кейбір активтер қожайындары орындары ауысса да, ешқандай бір өзгеріс алып келген жоқ. Азаматтардың тұрмыс сапасын, өмір сапасын арттырған жоқ. Бұндай кедейшілік, теңсіздік бар жерде үнемі саяси кикілжің, саяси наразылық  болу ықтималдығы жоғары.

Шетелден активтерді қайтару арқылы экономикамызды күшейтеміз деді. Бірақ шет елден актив қайтару дегеннің өзі бізде кампанейщинаға айналып кетті. Ұлан Байжанов деген азамат шетелден активтер қайтару бойынша прокуратураның орынбасары боп тұрған кезде комиссияның жұмысын басқарды, заң жобасын  жасауға қатысты. Ал өзінің Швейцарияда 1,8 миллион евро тұратын вилласы табылды. Ол  өмірбақи квазимемлекеттік органдарда, кейіннен мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Бұл үлкен сұрақ туғызады.

Сондай-ақ, бұл жерде ең назар аударатын нәрсе — біздің Бас прокуратура шет елде активтері бар және ол заңсыз жолмен сатып алды деген күмәндік туса, сол адамдардың тізімін жасырын жасайды. Біз ол тізімге кім кіріп, шығып жатыр білмейміз. Бұл өзара келісімдерге жол ашады. Тоқаевтің өзі айтқандай ашықтық, демократиялық деген принциптерге мүлдем сәйкес келмейді.

Тағы бір айта кететін жайт, «Арселор Миттал Теміртаудың» бір күнде «Карметке» айналғанын, Андрей Лаврентьевтің аяқ асты мекеме қожайыны болып шыққанын көрдік. Келісімшарттар жасырын жүрді және біз президенттің тікелей араласуын көрдік. Бұл нарықтық заңдылықтарға  мүлде қайшы келетін нәрсе.

Кезінде шетелдік инвесторларға берген компанияның жұмысына президент тікелей араласып кетті. Тіпт бір іс-шарада мақтанып тұрып айтты: менің араласуыммен, менің тапсырмаммен қазақстандық бизнесмен қазір инвестор болатын болды, деп.

Назарбаевтың кезінде ол мекеме Митталға қалай өтті, Тоқаев тұсында Митталдан Лаврентьевке қалай өтті? Мұның барлығына жауап жоқ. Халықты шатастыру үшін кейбір билікке жақын басылымдар мұны мемлекеттендіру деп жазды. Алайда  бұл бар болғаны маңызды кәсіпорынның биліктің қолымен бір қожайыннан екінші қожайынға өтуі.

Тағы бір назар аударатын жайт 16 миллиард теңгені «Арселор Миттал Теміртау» «Қазақстан Халқына» қорына аударатын болды. Бұның өзі де жабайы, көп сұрақ туғызатын схема.

Егер компанияны құқық қорғау органдары кінәлі деп тапса, сот шешімімен оның жазасы белгіленсе 28 жыл бойы салықты дұрыс төлемесе, соттың шешімімен, тіпті керек болса халықаралық соттың шешімімен бюджетке және қаза болған азаматтарға, отбасы мүшелеріне компенсация төлеттіру керек. Бізде ондай шараға барған жоқ.

Алды да 16 миллиард теңгені «Қазақстан Халқы» қорына аудартты. Ол ақшаның басым көпшілігін Теміртауға жұмсаймыз деді. Қаңтардан кейін құрылған бұл қордың өзі көп сұрақ туғызады. Қарап тұрсақ бір көз алдайтын, жасанды жолдармен экономикада да, азаматтардың әл-ауқатын көтеруде де осындай бір саяси технологиялар басым боп кетті. Бұл ешқандай  экономикалық өзгеріске алып келмейді. Саясатта оң өзгеріс болмай, экономикада өзгеріс болмайды.

Тағы бір айтып кететін жағдай. Қаңтардан кейін Тоқаев «Самұрық- Қазына» әл-ауқат қорын реформалау керек деп айтқан. Одан бері екі жыл уақыт өтті, бірақ, ешбір реформа байқаған жоқпыз. Ел экономикасының 60-70 пайызы «Самұрық-Қазына» еншісінде. Қор тікелей президентке бағынышты, үкімет арқылы басқарылады. Бұл жағдайды өзгертуге биліктің еш құлқы жоқ әрине. Барлығының мақсаты «Самұрық-Қазынаны» басқару.

Бұл қорды біз басқа мемлекеттегідей ұлттың әл-ауқат қорларымен салыстыра алмаймыз. Олардың миссиялары, функциялары нақты. Ал бізде «Самұрық Қазына» әлеуметтік жобалармен де айналысады, бюджеттен жобаларды да қаржыландырады, инвестициямен де айналысады. Классикалық түсініктегі әл-ауқат қоры деген экономикалық түсінікке сай келмейді. Алдағы уақытта біз осыған байланысты тағы уәделерді Тоқаевтың аузынан еститін шығармыз, бірақ олар сол уәде күйінде қала береді деп ойлаймын.

— Өткен жылды дағдарыс жылы деп атауға болады. Мысалы, энергетика саласында. Үкімет ТЭЦ мәселелерін неге шеше алмай отыр деп ойлайсыз?

— Айналып келген кезде ТЭЦ-тар біздегі автократиялы-олигархиялық жүйенің бір нәтижесі. Өйткені бізде әрбір олигарх мысалы, Павлодар облысында, Шығыс Қазақстанда әсіресе бізде бағалы металдары бар, шахталары бар т.б қазба байлықтарға бай өңірлерде  осы ТЭЦ-тар ірі олигархтардың бақылауында. Олар  тек көмір өндіріп, темір балқытып ғана қоймайды. Олар осы ТЭЦ-ті де оларға бірге қосып берген кезінде. Бір шетінен, оларға электр энергиясын сатады, екінші жағынан әлеуметтік жауапкершілікті, халықты жылумен қамтамасыз етуді олигархтардың мойнына бір іліп қойғандай әсер қалдырады.

Екінші жағынан, олар табыс та тапты. Тәуелсіздік жылдарында ТЭЦ-тарды жаңғырту, көмірден газға көшіру немесе басқа фильтрлерді орналастыру деген секілді олардың ойына кіріп шыққан жоқ. Себебі олар да бір ғана мақсат болды — мейлінше пайда табу.

Халық олардың активтерден айрылып қалуына еш әсер ете алмайды. Сайлауда олардың даусы ештеңені шешпейді. Мәслихатқа ықпал ете алмайды. Әкімді, президентті әділ жолмен сайлай алмайды. Осының бәрін білетін олигархтар тек кабинеттерде ғана жоғарғы лауазымды шенеуніктермен мәселені шешеді.

Шенеуніктердің, олигархтардың ойында ТЭЦ-терді жаңғырту деген болған жоқ. Енді міне әбден ескірген, тозған ТЭЦ-тар бірінен кейін бірі бұзылып, істен шығып, азаматтар қыстыгүні жылусыз қалып отыр. Бұл сол автократиялы-олигархиялы жүйенің тиімсіздігі. Егер ТЭЦ-тар бәсекелі ортада болғанда, онда жағдай басқаша болатын еді.

«Қазақстан бұл соғысқа бейімделіп алды»

 — Өткен жылы геосаясат тұрғысынан қандай маңызды оқиғаларды атайтын едіңіз?

— Украина-Ресей соғысы, бұл соғысқа байланысты Қазақстан көпвекторлы саясат деген бұрыннан келе жатқан ұстаным арқылы бір баланс сақтауға тырысты. Тіпті реэкспорт Қазақстан арқылы өтетінін мойындауға мәжбүр болды біздің үкімет. Батыс елдеріне, АҚШ-қа, Еуроодақ басшыларына уәде берді, компанияларды бақылаймыз, реэкспортқа жол бермейміз деген секілді.

Дегенмен де, соғыс жағдайында біздің билік бейімделе алды. Бір шетінен, жеке компаниялар реэкспортпен айналысатынына көз жұмса. Екінші жағынан, Батыс әлемін санкция талаптарын сақтаймыз деп сендіре алды. Саяси мәлемдемелер болды Қазақстан билігінен талап етеміз деген. Бірақ дипломатиялық каналдар арқылы Батыс әлемінің тілін тапқан секілді. Және санкция салған күннің өзінде де ол Қазақстанға салынбайды, үкіметке салынбайды, Қазақстан ұлттық компанияларына салынбайды. Сол Ресейге, реэкспортпен айналысып жатқан жеке компанияларға салынуы мүмкін.

Украинадағы соғыс әлі ұзаққа созылатын секілді. Батыс Украинадағы соғыстан шаршаған кқрінеді. Қаржылай, әскери көмек көлемі азайып жатыр. АҚШ Конгресі әлі күнге дейін Украинадағы берілуі тиіс көмекті қарастыратын заң жүйесін бекіткен жоқ.

Батыс әлеміндегі ішкі өзара саяси оқиғалары біздің аймақтағы геосаяси жағдайға әсер ететін болады. Қазір Молдова, Украинамен Еуроодаққа кіру бойынша келіссөздер басталды. Зеленский жақында Вашингтонға барып, Конгрестен, Ақ үйден көмек сұрап келді. Осы соңғы динамикалар алдағы уақытта соғыс көп қазақстандықтар күткендей тез бітпейді, Путиннің жеңілісімен аяқталмайды, ол ұзаққа созылатын соғыс болатын түрі бар.

Президентік чайлауда Путин осы соғыстағы өзінің жаңа территориялар басып алғанын мақтан етіп, Ресей халқына бұл негізгі басты үндеуі болады. Украинадағы соғыс, жеңіс деген секілді.

Түптің түбінде егер батыс әлемінің Украинаға қолдауы әлсірей беретін болса, және онда саяси билікке талас күшейетін болса, мұның барлығы Батыс және Шығыс Украинаның пайда болуына әкелуі мүмкін. Украинаның шығысындағы территориялар қазіргі Кырым секілді Ресейге өтуі мүмкін. Ал Украинаның батыс аймағы Молдова секілді Еуроодаққа кіріп жатса, болашақта кезіндегі Шығыс және  Батыс Германия секілді екіге бөлінуі мүмкін. Бұл Путиннің билігі үшін тиімді жағдай. Мұндай динамикалар Қазақстанға да  әсер ететін болады. Онсыз да Кремльге тәуелді біздің билік, одан сайын Ресеймен саяси байланысты күшейтуі мүмкін.

— Қазақстан Ресеймен тығыз байланыста болып отырғаны АҚШ пен Еуро Одақ елдірінің шамына тиіп отырған секілді. Геосаяси тұрғыдан алғанда, Ақорда үшін қайсысы маңызды – Кремль ме, әлде Батыс елдері ме?

— Саяси қолдау, көмек беру жағынан елде төңкеріс болатын болса, Қаңтардың кезінде Ақорда көрсетті олар кімге жүгінетінін. Олар бұрыннан Кремльге иек артатынын. ОДКБ әскерінің келуі де, халықты басуға бірден–бір көмек беретін Ресей ғана қазір.

Мысалы, бізде тағы Қаңтар сияқты оқиғалар болатын болса, НАТО әскері не Еуроодақтың әскері келіп Қазақстандағы наразылыққа келіп араласпайды. Өйткені біз ешқандай әскери ұйымның мүшесі емеспіз. Жалпы, олардың геосаяси мүддесінде ондай мақсат жоқ. Олармен біздің биліктің арасындағы қарым-қатынас Кремльмен қарым-қатынас секілді тығыз емес. Қазіргі автократиялы жүйенің саяси қауіпсіздігі жағынан, әрине, Кремль олар үшін бірінші орында.

Бір жағынан, біздің коррупцияға батқан жүйенің мүшелер активтерінің көбісі Батыс елдерінде. Ол қымбат виллалар, швейцариялық банк шоттарында жатқан ақшалар т.б активтер. Осының барлығы біздің олигархтарға, шенеуніктерге өте маңызды. Олардың отбасы мүшелері сол жақта тұрады, оқиды немесе сол жақтың азаматтығын алған. Билік үшін Батыс әлемімен жақсы қарым-қатынаста болу өте маңызды.

— Ал Батыс елдері үшін Қазақстан неге маңызды деп ойлайсыз?

— Батыс әлемі үшін қазір әсіресе Германия Қазақстаннан мұнай өнімдерін тасымалдауға мүдделі. Франция бізден уран алуға мүдделі. Қарап тұрсақ, оларда да кәдімгі таза есеп. Біреу мұнайды Қазақстаннан экспорттауды көбейткісі келсе, басқасы біздің уранды көбірек тасымалдағысы келеді.

Қазіргі Украина мен Ресей соғысып жатқан жағдайда олар табиғи қазба байлыққа бай мемлекетпен тығыз қарым-қатынаста болуға мүдделі. Бұл жерде таза геоэкономикалық есеп. Не уран әлде мұнай, не адам құқықтары деп тұрған кезде олар әрине біріншісін таңдайды. Өкінішке қарай, біздегі биліктің популистік мәлімдемелері қандай болатын болса, Батыс әлеміндегі көптеген саясаткерлері де популизммен айналысады.

Біздегі адам құқықтарына байланысты алаңдаушылық білдіреді, бірақ әрекеттері одан әрі аспайды. Көп жағдайда тек қана саяси мәлімдеме күйінде қалады. Ал дипломатиялық каналдар арқылы, жеке кездесу арқылы біздің билікпен қарым-қатынасын ары қарай жалғастыра береді. Оны біз көріп отырмыз.

— Сіздің 2024 жылға деген болжамыңыз қандай?

— Тоқаевтың саяси реформа имитациясы жалғасатын болады. Өткен жылы бізде аудан әкімдерін сайлау деген науқан басталды пилоттық режимде, енді осы жылы басқа аймақтарда жүретін болады. Пилоттық режим сәтті өтті деп мәлімдеді, енді ары қарай аудан әкімдерін сайлаймыз деген сияқты.

Бірақ бұл пилоттық режимнің өзі көрсеткендей, дәл сайлаудың өзі де жай сөз жүзінде сайлау. Өйткені мен қарап шықтым, 42 аудан, 3 қаланың әкімі тырнақшаның ішінде сайланды. Оның 95 % кәдімгі сол тағайындалған әкім немесе әкімнің орынбасары не сол аудандағы мәслихат төрағасы. Жаңадан екі адам келген, оның екеуі де кәсіпкер. Бірақ, оның өзі көп нәрсенің шешпейді.

Егер Тоқаевтың саяси реформасын айтатын болсақ, сол имитация осындай форматта жалғасатын болады. Келесі жылы жоспар бойынша өзгеретін, өзгеруі мүмкін жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылау басталуы мүмкін. Биліктің орталықтардан аймақтарға көшуі деген сияқты тезистерді күшейту үшін мүмкін осы заң жобасына байланысты бір талқылаулар өткізіп, демократияның нышаны деп көрсетуге тырысатын шығар.

Ал енді басқаға келетін болсақ, азаматтық қоғам, белсенділерге қарсы қысым жалғасып, күшейе беретін болады. Кім бас көтереді, оларға қарсы бізде орысша айтқанда «лишь бы был человек, статья найдется» деген принциппен жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Бізде белсенділерге ең көп тағылатын айыптың бірі – «экстремист» деген айып болды. Ол өте кең, сот қалай интерпретация жасаса, ыңғайына келе беретін бап. Осы бапты көп құқық қорғаушылар бізде саяси бап деп атайды. Құқық қорғаушылардың сөзімен келісуге болады деп ойлаймын.

Мысалы, Думан Мұхаметкәрімді кезекті «экстремист» жасауға дайындалып жатқан секілді. Өйткені алты ай болды әлі күнге дейін қамалып отыр. Тағы да бір айға жақында созды түрмеде ұстау мерзімін. Яғни, журналистті экстремизм бабымен бес-алты жылға соттап жіберуі да мүмкін.

Тәуелсіз жаңа партиялардың пайда болатынына да күмәнім бар.

Сыртқы саясатқа келетін болсақ, прагматикалық саясат жалғасатын болады. Мейлінше, батыспен байланысты бұзып алмау, шығыспен байланысты күшейту деген секілді. Екіншісі, яғни Қытаймен экономикалық байланысты нығайту біздің сыртқы саясаттың басты міндетінің бірі болады деп ойлаймын.

Батыста бір түсінік қалыптасқан. Егер біз қазір Қазақстанға шынайы демократияны жүргізіңдер деп қысым жасап, талап қоятын болсақ, ол одан сайын Ресей орбитасына кіріп кетеді, біз аймақта өзіміздің серіктесімізден айрылып қаламыз деген секілді түсінік. Бұл түсінік жақын арада өзгере қоятынына күмәнім бар. Мұны біздің билік өз пайдасына жарататын болады.

— Сұқбатыңызға рақмет!

Перевод интервью на русский язык читайте здесь.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.