20 СҰРАҚ-жауап 3-шығарылым: Дін және дәстүр Астана 2014



жүктеу 0.49 Mb.
бет1/3
Дата27.12.2017
өлшемі0.49 Mb.
  1   2   3


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ДІН ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ

ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША
20 СҰРАҚ-ЖАУАП
3-шығарылым: Дін және дәстүр

Астана - 2014

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі



Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша 20 сұрақ-жауап: 3-шығарылым: Дін және дәстүр. Редакторы Е.Абдақасов. Құрастырушылар: А.Әбдірәсілқызы, Ж.Әбдіраман, А.Әділбаев, М.Исахан. – Астана: Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2014. – 38 бет.

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің «E-islam» ақпараттық-ағартушылық порталымен бірлесе дайындаған бұл жинағында исламдағы қазіргі өзекті діни мәселелерге қатысты 20 сауалға білікті дінтанушы ғалымдар тарапынан берілген жауаптар топтастырылды. Жинақ «E-islam» ақпараттық-ағартушылық порталына келіп түскен сұрақтар негізінде дайындалды.

Бүгінгі зайырлы қоғамда туындаған ислам діні мен қазақ дәстүрлерінің қатынасына байланысты өзекті сауалдарға оқырман осы еңбек арқылы жауап табады деген пікірдеміз.

Жинақ дін мәселелеріне қызығушылық танытушы қалың көпшілікке арналған.


© ҚР Дін істері агенттігі, 2014



МАЗМҰНЫ
1. Қорымның қасынан өтіп бара жатқанда бет сипадым. Автобуста бірге отырған ер адам «бұлай істеуге болмайды» деп дүрсе қоя берді. Сонда оның дұрыс болмағаны ма?...............................................................5
2. Дүниеден өткен ата-бабаларға Құран бағыштауға бола ма? Оның дұрысы қалай болмақ?..................................................................................6
3. Иіс шығару исламға жат па? Жаман түс көріп, қорқып немесе әлденені сүйіншілеп жеті нан тарату, ол дәмнің сауабын өлгендерге бағыштау дәстүрі қаншалықты дұрыс?....................................................8
4. Бұрынғы кесенелерді қарасақ, қам кесектен, топырақтан тұрғызылған екен. Ал қазіргі кесенелерге қарасаңыз сарай, қамалдар секілді биік, үлкен. Құлпытас орнатудың әдебі мен тыйымдары қандай?..........................................................................................................10
5. Жуырда «ақылы жоқтау айтушылар» туралы естідім. Жаназа кезінде өлікті ақылы түрде жоқтап жылайтын белгілі бір адамдар болады екен. Бұған қатысты ислам діні не айтады? ............................12
6. «Түркістанға зиярат ету кіші қажылыққа жатады» деген пікірмен келісуге бола ма? «Арыстанбабқа түне, Ясауиден тіле» деген сөздің астары қандай?...........................................................................................15
7. Кішкентай кезімізде ата-апаларымыз «көз тимесін» деп маңдайымызға қара күйе жағып қоятын. Көз тиюден осылай қорғануға бола ма? Көзмоншақ, тұмар туралы исламда қандай көзқарастар бар?...............................................................................................................18
8. «Түкірту», «дем салдыру» деген түсініктер бар қарапайым отбасыларда. Баланың қызуы көтерілсе де, мазасызданып жыласа да қазақшылығы бар кісілерге ала жөнеледі. Бұл дұрыс па?.......................20
9. Соңғы кездері беташар, сәлем салу сияқты атам заманнан бері келе жатқан жөн-жоралғыларға қарсы тұратындар бой көрсетуде. Сонда осы дәстүрлердің орындалуы күнәға алып бара ма?...................21
10. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп келетін тіркестерді ата-әжелеріміздің аузынан естіп өстік. Үлкендердің ай туғанда өстіп күбірлеуінің себебі неде?.............................................................................................................23

11. Үйленетін болдық. Үлкендер жағы отқа май құю, отпен аластау салтын жасаймыз деп айтты. Шариғат мұндай дәстүрлер туралы не дейді? ............................................................................................................24
12. Осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған атама Құран хатым түсірсем деп едім. Оның дұрыс орындалғанын қалай білсем болады? Құранды кімдер түсіреді………………………………………………………..26
13. Адам о дүниеге аттанғаннан кейін жыртыс, теберік беру, киім тарату сияқты үрдістер орын алып жатады. Бұл шариғатқа қайшы емес пе? Ал қаралы үйде тамақ пісіру исламға қайшы келмей ме?.......27
14. Үйленбекші болып ем. Бірақ мен сүйген қыз өз руласым болып шықты. Ата-анамыз қарсы. Ал намаз оқитын кей бауырлар «исламда бір анадан тумаған болсаңдар, сүт бауыр болмасаңдар үйлене беруге болады» дегенді айтады. Не істеген жөн? Ислам руға қалай қарайды?.......................................................................................................28
15. Менің қызым қазір бой жетіп келеді. Өзі намазын үзбей оқиды. Қазір қызымызға бір отбасы құда түсіп жатыр. Алайда балалары намаз оқымайды. Қызымның намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?.......................................................................................................29
16. Үлкендердің Құран оқылғанда пышақты жасырып қоятыны бар. Исламда оған қатысты пәтуа бар ма?...................................................30
17. Жұмада мешітке арнайы барып Құран оқытамыз. Сол кезде молдаға ақша береміз. Қазір бұл әрекетім дұрыс па, жоқ па деп ойланатын болдым. Мұның дінге қайшылығы жоқ па?...........................31
18. Жыл сайын 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын аза тұтамыз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары халқымыздың ширегіне жуығы және ұлт зиялылары қолдан жасалған зұлматтан қырғын тапты. Оларды шейіт деп айтуымызға бола ма?.................................32
19. Базбіреулердің көзқарасынша ислам мәдениетіне Мәуліт мерекесін түркілер енгізген көрінеді. Шынында да солай ма? Ал, түбі түркіден тарайтын біз – қазақ халқы Мәулітті тойлағанбыз ба?.......................33
20. «Қазақ мәдениеті – қазақтың дәстүрлі діни танымы» деген түсінік дұрыс айтылған ба? Мәдениет пен діни танымды бір деп қарауға бола ма?.................................................................................................................34

Авторлар туралы мәліметтер.............................................................35

ДІН ЖӘНЕ ДӘСТҮР: САУАЛДАР МЕН ЖАУАПТАР
___________________________________________________

1. Қорымның қасынан өтіп бара жатқанда бет сипадым. Автобуста бірге отырған ер адам «бұлай істеуге болмайды» деп дүрсе қоя берді. Осылай бет сипауды көз ашқалы үлкендерден көріп келеміз. Сонда оның дұрыс болмағаны ма?
Қабірді арнайы зиярат ету исламда жағымды (мандуб) істерден саналатыны белгілі. «Қабірлерді зиярат етіңдер. Өйткені қабір зиярат ақыретті естеріңізге салады» деген хадис бар. Сонымен қатар өлілерге құран бағыштау, олар үшін Алла Тағаладан жарылқау тілеу де қабір зияратының бір мақсаты саналады. Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, төрт мазхабтың мужтаһид ғалымдары өз еңбектерінде жазып қалдырған.

Пайғамбарымыз «Бақиғ» қорымына зиярат еткенде: «Ассалаумағалейкум, уа мұсылмандар қауымы! Біздер де Алла қаласа, сіздерге қосыламыз. Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін» деген. Қабірге зиярат ете келгенде осылай сәлемдесуді өсиет еткен. Осы насихаттан ғибрат алған қазақ халқы да қабірстанына: «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» немесе «Біз де сіздей болғанбыз баяғыда, сіз де біздей боларсыз аяғында» деп өлілерден тірілерге аманат сөз жазып қалдырған.

Ал қабір жанынан өтіп бара жатқанда да бір сәт өлімді еске алу, мүмкіндігі болса, тоқтап, өлілерге құран бағыштау немесе қабір жанынан марқұмдар үшін «Алла жайын жаннаттан етсін», «Топырағы торқа болсын, иманы қабыл болсын» деген секілді дұға тілеп, бет сипап өту – қабір зияраты әдептерінен туындаған әрекеттер. Оның шариғатқа қайшылығы немесе әдепке жаттығы жоқ. Керісінше ғибраты мен өнегесі мол.

Қабір зияраты әдебіне қатысты хадистерде қабірдегілердің өздерін зиярат етушілерді танитыны, сөздерін еститіні, жағымсыз іс-әрекеттер жасалған жағдайда ауыртпалық сезінетіні жайлы айтылады. Сондықтан қабірстандағыларға дауыстап сәлем беру, қабір әдебін сақтау, қабірдің үстін баспау, оған сүйеніп отырмау керектігі, қабір үстімен өтуге мәжбүр болған жағдайда арнайы тасбих, тәһлил, тәкбір, истиғфар дұғаларын айтып өту қажет екендігі хадистерде жиі ескертілген. Сондай-ақ мәйітті жуу, кебіндеу, көтеру, жаназасын шығару, қабірге салу кезінде абай болу қажеттігі жөнінде хадистер бар. «Кімде-кім қорымнан тәкбір айтып өтсе, қабірде жатқан кісі: «Осы адам қабірімнің жанынан тағы бір рет өтсе ғой!» деп қалайды екен» делінеді исламдық дереккөздерінде. Артында қалған ұрпақтарының Құран үйреніп, ізгі, сауапты істер атқарғаны үшін марқұмдардың қабір азабының жеңілдетілгені жөнінде де хадистерден бастау алған хикметті хикаялар бар.

Атамыз қазақ Пайғамбарымыз аманат еткен қабір зияратына қатысты әрбір әдепті көздің қарашығындай қастерлеген. Қандай жағдайда болса да, қабір жанынан ойсыз, асығыс-үсігіс өте салмаған, қолынан келсе құран бағыштап, тым болмаса «тие берсінін» айтып бет сипап өткен. Мұндайда абзалы, әрине, арнайы дұға бағыштау болмақ. Дұғадан кейін бет сипау да – дұғаның әдебіне жататын, дініміз терістемейтін, Пайғамбарымыздың сүннетінде кездесетін амалдардың бірі. Демек, қазақ ұстанатын қабір зияраты әдебінің әрбірінде пайғамбарымыздан аманат болып келе жатқан қастерлі қағидалар бар.
А.Әбдірәсілқызы

2. Дүниеден өткен ата-бабаларға Құран бағыштауға бола ма? Оның дұрысы қалай болмақ?
Дүниеден өткен адамға «сауабы тисін» деген ниетпен Құран бағыштауға болатынын, оның шариғатқа қайшылығы жоқтығын, керісінше сауапты іс екендігін талай ислам ғұламалары дәлелдеп жазған. Пайғамбарымыздың: «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар» деген хадисі бар. Абдуллах ибн Омар сахабаның қабір басында «Бақара» сүресінің аяттарын оқығаны жөнінде риуаят жеткен. Пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде марқұмның өтей алмаған оразасын тұту, атқара алмаған қажылығын өтеу, оның атынан садақа беру секілді ғибадаттардың сауабы өліге тиетіні айтылған. Осыған сүйеніп, мүжтаһид ғалымдар Құран оқу да жеке ғибадат болып табылатындықтан, оны оқып, марқұмға бағыштаудың да өліге сауабы тиетіні жөнінде ортақ тұжырымға келген. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа Алланың елшісі, ата-анам өлгеннен кейін де оларға құрмет көрсете аламын ба?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә, егер дұға жасасаң, Алладан оларға кешірім етуін сұрасаң, берген уәделерін орындасаң, туыстарымен байланысыңды үзбесең және достарын құрметтесең» деп жауап берген. Сонымен қатар исламда «үздіксіз сауап» деген ұғым бар. Ол Пайғамбарымыздың: «Адам қайтыс болған соң амал-сауабы тоқтайды. Тек үш жолмен ғана үздіксіз сауап барып тұрады: тоқтаусыз садақасы (ел игілігі үшін жасаған нәрселерінің сауабы – салған көпірі, мешіт, медресесі, т.б.), қалдырған пайдалы ілімі, салиқалы ұрпағының дұғасы» деген хадисіне негізделген. Осы негіздерге сүйене отырып, Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін төрт мазхабтың мужтаһид ғалымдары өз еңбектерінде жазып қалдырған. Дегенмен Құранды ақы төлеп оқытуды ислам ғұламалары құптамаған, «ақшаға оқылған Құран қабыл болмайды» деп тұжырымдаған. «Мүмкіндігінше қаза иесінің Құранды өзі оқып, бағыштағаны жөн, ал Құранды басқа адамға оқытқан жағдайда оған ақы төлеуге болмайды, садақа ретінде беруге болады» деген ортақ тұжырымдар (ижмаъ) бар.

Қазақы дәстүрде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің тоғысуының ділдегі (менталитет) көрінісі іспетті. Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан сайын даладағы бір игі дәстүр – дүниеден өткендерді еске алып, ас беру болған. Сонау ежелгі грек деректерінде сақталған мына оқиға осы дәстүрдің ішкі мазмұнын танытады: Скиф (сақ) данышпаны, атақты емші Токсаридке (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.) эллиндік (грек) ойшыл Мнесип мынадай сұрақ қояды: – Сендер ата-бабаларыңның рухына арнап ас бересіңдер. Сонда сендер оларға табынасыңдар ма? Бұл сұраққа Токсарид: – Біз ата-баба рухына табынбаймыз, ас беру арқылы оларды еске алып, тірілерге үлгі етеміз, жастарды тәрбиелейміз, сөйтіп, тірілердің рухын көтереміз, – деп жауап береді.

Ғұндар мен сақтар дәуірінен тіні үзілмеген осы рухани дәстүр түркі қағанаты тұсында да жалғасын тапты. Исламды қабылдаған түркі жұртында бұл үрдіс әруақтарға арнап ас беріп қана қоймай, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаумен толықты. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі болып табылады. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ортағасырлық дерек көзі «Тәзкире-и Бұғрахан» шежіресіне сүйенсек, марқұмдарға ас беріп, құран бағыштау исламның түркі даласына таралған алғашқы кезеңінен бастау алған деуге болады. Қарахан мемлекетінің рухани тарихын баяндайтын шежіреде: «Бейсенбі күні сусын мен тамақ әзірленді. Мұсылмандарға ас тартылды. Құран хатым қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады», «Шәһидтерге арнап мұсылмандарға ас берді. Хатым Құран қылды. Одан кейін шырақшы тағайындап, қырқын өткізіп, Қожа Факих Әйубты ұлық шейх қылып, қырық кісі жарубкеш күтуші қойып, майшам алдырып, әрқайсысына бір жер тағайын қылды. «Әзіреті падишах Әли Арслан ғазыға, барлық шәһидтерге дұға, тәкбір қылыңыздар» деді» деген мәтіндер жиі кездеседі.

Тарихи тұрғыдан осылай айшықталатын бұл үрдіске танымдық қырынан келер болсақ, қазақтың қанына біткен әруақ сыйлау үрдісі ата-ананы құрметтеу әдебімен ұштасады. Ата-ананы сыйлаудың Алланың разылығын алудың ең жақын жолы екені талай хадистерде айтылған. Ал Алладан кейінгі ұлығы, көз алдындағы киелісі – ата-анасын ғана емес, жеті атасын түгел сыйлауы, көзі тірі үлкендердің ғана емес, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен өлілердің де қамын ойлап, дұғасын бағыштауы қазақтың иман дүниесінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартса керек. Бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Тірі теңгермегенді өлі теңгереді. Өлі алдындағы өтелмеген парыз теңгереді. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың әрбірінде адамның шайқалақтап тұрған иман таразысын теңгеріп, арғы-бергісін ойлатып, тәубесін есіне түсіретіндей үлкен мән-мағына бар. Бауыр мен бауырды, туыс пен туысты жақындататын парыз бен қарыз сезімі де тірінің түйткілі көп тіршілігінен гөрі өлінің өнегесі көп тыныштығында бас қосқанда көбірек танылып-түйсініледі. Сондықтан бүгінгі күні де торқалы тойдан гөрі топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.


А.Әбдірәсілқызы

3. Иіс шығару исламға жат па? Жаман түс көріп, қорқып немесе әлденені сүйіншілеп жеті нан тарату, ол дәмнің сауабын өлгендерге бағыштау дәстүрі қаншалықты дұрыс?
Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданған. Сондай-ақ жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет-ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, ел арасында кең таралған болса, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды.

Иіс шығару – түркі халықтарының біразына тән дәстүр. Атамыз қазақта өлілерге арнап ас беру, жиын-той жасап, көпшіліктің басын қосып отыру – сонау сақ-ғұн кезеңінен келе жатқан дәстүр. Исламды қабылдағаннан кейін бейсенбі, жұма күндерін ұлықтап әрі ата дәстүрін исламмен астастыра отырып, иіс шығарып, жеті нан тарату немесе молда шақырып, пісірген нанға Құран оқыту дәстүрге айналды. Ал көршілес өзбек халқында ас (палау) пісіріп, өз отбасында ішіп-жеп, Құран оқуды «иіс шығару» деп атайды, олар да бұл дәстүрді исламмен берік байланыстырған. Әрбір амал ниетіне қарай бағаланады, бұл дәстүрдің негізгі мақсаты – Құран оқытып, сауабын өлілерге бағыштау екені анық.

Ислам шариғатында садақаға баса мән берілетіні белгілі. Садақа тек кембағалға берілетін көмек қана емес. Исі мұсылман баласына, қала берді барша жаратылысқа қатысты әрбір ізгі іс, жақсы сөз, тіпті біреуді жамандықтан қайтарып, жақсылыққа үндеу де садақаға жатады. Ал қазақта садақаның ең көп таралған түрі – дастархан жайып, ас беру немесе жеті нан тарату. Астың алдында да, соңында да Құран оқылады, сол секілді жеті нанды берген адам да, алған адам да марқұмдарға бағыштап, Құран оқитыны белгілі. Сондықтан бұл дәстүр – исламмен біте қайнасып кеткен дәстүр.

Сонымен қатар қазақ үшін дастархан мен ас – қастерлі ұғымдар. Ол бас қосуға, араласуға, бірлік пен берекеге себеп болады. Бұл тұрғыдан да шариғаттан шалыс кетпейтін мұндай ізгі дәстүрді мұсылман баласын бірлік пен сауапты істерге шақыратын ислам дінінің тек қана құптайтыны айқын. «Мұсылмандардың жақсы деп тапқан нәрсесі Алла құзырында да жақсы» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Ал ислам ғұламалары ұлттық дәстүрлер жайында: «Әдет-ғұрыптың шариғатта өз орны бар», «әдет-ғұрыппен белгілі болған нәрсе шарт сияқты (міндетті) болады», «әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе насспен (аят-хадиспен) бекітілген нәрсе сияқты» деген тұжырымдар жасаған.

Ал түс көру жайына келсек, Пайғамбарымыздың: «Түс үшке бөлінеді. Бірі – шынайы түс. Ол – Алланың сүйіншісі. Екіншісі – шайтанның салған уайымы. Үшіншісі – пенденің ойына алған нәрселерінен туындаған түс. Кімде-кім жайсыз түс көрсе, дереу тұрып намаз оқысын. Және ондай түсті ешкімге айтпасын» деген хадисі бар. Сонымен қатар Пайғамбарымыз сахабаларына: «Кімде-кім түс көрген болса, маған айтсын. Мен оны жорып берейін» деген. Таң намазынан кейін Пайғамбарымыз жамағаттан: «Араларыңда бүгін түс көргендер бар ма?» деп сұрап отырған. Осының барлығы түстің белгілі бір мағынасының барлығына дәлел. Түс – Алланың бір хикметі. Құрандағы Жүсіп пайғамбардың түс көруі, оның Мысыр патшасының түсін жоруы және жоруының дәл келуі жөніндегі хикаялар кездейсоқ келтірілмеген.

Қазақы ұстанымға келсек, халқымыз: «Түс – балқыған қорғасын, қалай жорыса солай ауады» деп санайды. Көрген түсті іштей жақсылыққа жориды немесе мәнісіне жетпесе, білікті, ниеті түзу адамға арнайы жорытады. Қазақ дүниетанымында түс көрудің орны ерекше маңызды. Халқымыздың көптеген аңыз-әңгімелері мен ертегілерінде, жыр-дастандарында түс көру мотиві негізгі сарындардың бірінен саналады. Ол сол туындының бүкіл мазмұнына, бас кейіпкердің тағдырына арқау болып жатады. Кешегі ел бастаған хандар мен қол бастаған батырлардың, халқымыздың сөз ұстар даналарының көрген түстері мен оның жоруы жөнінде талай аңыздар, шындыққа айналуы жөнінде көптеген ғибратты әңгімелер сақталған.

Әрине, Пайғамбарымыздың хадисінен ұғынылатындай, әрбір түс мағыналы бола бермейді. Қазіргі ғалымдардың түсті «күндізгі ойдың елесі» немесе «аяқталмаған ойдың жалғасы» деп санайтыны да негізсіз емес. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, ұлттық дүниетанымымызға тән ерекшелікпен, Алланың әрбір ісінен хикмет іздеп тұратын халқымыз түске қашанда бей-жай қарамаған. Жақсы түс көрсе ырымдап, жаман түс көрсе, сақтанып, жеті нан пісіріп, садақа таратып, Құран оқып жататыны да сондықтан. Сонымен қатар мұндай әрекеттер Пайғамбарымыздың: «Садақамен қиыншылықтың алдын алыңдар», «Садақа жетпіс түрлі пәленің алдын алады», «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді», «Сауабын мұсылман әке-шешесіне бағыштап берілген садақаның сауабы оларға да барады, өз сауабынан да ешнәрсе азаймайды», «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» деген хадистерімен үндесіп жатқандығына күмән жоқ. Жеті нан пісіріп, садақа таратудың жаман ниетпен жасалмайтыны, шариғатқа қайшы еместігі және ешқандай жағымсыз салдар тудырмайтыны әмбеге аян. Сонымен қатар мұндай мәселелерге баға беруге келгенде исламда шариғатпен айқын тыйым салынбаған нәрселерге, соның ішінде әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге де шектеу қойылмайтынын назарда ұстаған жөн.
А.Әбдірәсілқызы

4. Бұрынғы кесенелерді қарасақ, қам кесектен, топырақтан тұрғызылған екен. Ал қазіргі кесенелерге қарасаңыз сарай, қамалдар секілді биік, үлкен. Құлпытас орнатудың әдебі мен тыйымдары қандай?
Қабірді қоршау ең алдымен белгі үшін, екіншіден аяқ асты болмауы үшін, үшіншіден қабірді жан-жануарлардың таптамауы, жыртқыш аңдардың мәйітке зақым келтірмеуі үшін жасалады. Қабір басына құрылыс салуға қатысты исламда бірнеше түрлі пікір қалыптасып, әр мазхаб ғалымдары түрліше пәтуа берген. «Көпшілік қабірстанында құрылыс салуға болмайды, ал жеке қабірлерді қоршауға болады» деген пікір мен «кез келген қабір басында құрылыс жүргізуге болады» деген көзқарастар қатар өмір сүріп келеді. Кей ғалымдар белгілі діни тұлғалардың қабірі басына күмбез салуды тағылымды іс деп санаса, ендігі бір ислам ғұламалары ысырапшылдық пен сенімнің әлсіреуіне себеп болады деген пікірмен қабір басына қандай да бір құрылыс нысанын салуға үзілді-кесілді қарсы шығады. Олардың әрқайсысының өзіндік дәлелі, сүйенетін негіздері бар.

Қабір басына құрылыс салу исламның алғашқы дәуірлерінен басталған. Көптеген белгілі дін ғалымдарының қабірі күмбезді кесенемен қоршалған. Пайғамбар қаласындағы «Жәннатул Бақида» жерленген саңлақ сахабалардың сәулетті сағаналары уаххабилік идеология күшіне енген ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін бой түзеп тұрды.

Имам Абу Ханифа негізін қалаған ханафи мазхабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу жазуға рұқсат етіледі. Ал күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман (харамға жақын) мәкруһ» санатына қосқан.

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан аталарымыз ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды. Қарапайым адамдардың қабірінің қоршауын қам кесектен тұрғызудың да өз қажеттілігі бар. Уақыт өтіп, марқұмның сүйегі қурап кеткен кезде қабір қоршауы да үгітіліп, жер молаға айналып жатса, одан жаңа жерленген мәйітке келгендей залал келе қоймайды.

Дегенмен, «заманына қарай – амалы» демекші, қазір қабірді темір қоршаумен қоршап, жазулы құлпытас орнату үрдісі кең тарап отыр. Өз әдебінен аспаса, мұндай үрдістердің де жерлеу әдебіне, мазар мәдениетіне қайшылығы жоқ.

Рас, өкінішке орай, ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениеті мен қабірстанның қастерлі қағидаларын ескерусіз қалдырып, қабір басына салтанатты құрылыс салуды мақтан көретіндер де көбейіп барады. Бірақ бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз-насихатымен орны толатын олқылық.


А.Әбдірәсілқызы

5. Жуырда «ақылы жоқтау айтушылар» туралы естідім. Жаназа кезінде өлікті ақылы түрде жоқтап жылайтын белгілі бір адамдар болады екен. Бұған қатысты ислам діні не айтады? Жалпы алғанда, жаназада мұндай «бастаушылардың» болғаны дұрыс па?
Бұл мәселе қысқа қайыруға келмейтіндіктен бірқатар жайттарды мысалдармен түсіндіре кету қажет. Сөзімізді исламның жоқтауға көзқарасы мен қазақ мәдениетіндегі жоқтау дәстүрінен бастасақ.

Жоқтауға қатысты Пайғамбарымыздың: «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес» деген хадисі бар. Осы хадисті негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Пәтуалар жинағында»: «Әбу Ханифа мазхабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады» деген пәтуа берілген. Бұл жерде «өкіріп жылау», «бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылау» деген ұғымдардың барлығы ең алдымен тағдырға көндікпеу, Жаратқанның жазмышына нала болу, наразылық таныту ниетінен туындайды. Ал қазақтың дәстүрлі жоқтауына назар салсақ, оның мұндай агрессиялық көңіл-күйден ада екеніне көз жеткізуге болады. Әрине, ет жақын адамның қазасына күйінбеу мүмкін емес, «Сөйлемей пенде шыдамас Қайғы отына ашынған» деп Абай айтпақшы, жоқтауда күйікті, шерлі сөздердің айтылмауы да мүмкін емес. Бірақ қазақтың естірту, жоқтау, көңіл айтудан тұратын дәстүрлі мұң-шер өлеңдері сол қайғыны жеңілдету, оны наза мен налаға ұластырмау мақсатында шығарылған. Сол мақсатын ақтай білгені үшін де кешегі қазақ қоғамында жоқтау дәстүрі кең таралды.

Қаза болған адамның жақынын өлім жайлы әңгімеге психологиялық тұрғыдан дайындап барып, қазаны естірту, одан кейін оның дүниеден өткен жақынына деген барлық сағынышын, құрметі мен қимастық сезімдерін көңілінде шер қалмастай етіп сарқып айтып, жоқтаумен жеткізу, соңынан ажалды пенденің ешбірін құтқармайтын тағдырға мойынсұндыра көңіл айту – барлығы жоқтау жырларында көрініс тапқан. Дәстүрлі қазақ жоқтауының үздік үлгісін Үмбетей жыраудың Абылайға Бөгембай өлімін естіртуінен көруге болады. Аздаған үзінділер келтірсек:

Ей, Абылай, Абылай!

Сөзімді тыңда тағы да-ай!

Өзіңнен біраз жасы үлкен,

Дөңбек таудай басы үлкен,

Жасыңда болған сырласың,

Үлкен де болса, құрдасың,

Сексеннен аса бергенде,

Қайырылмас қаза келгенде

Батырың өтті Бөгембай!

... Уа, Алатаудан Ақшадан

Асып тудың, Бөгембай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгембай!

Қалақайлап дулатқан,

Қалдамандап шулатқан

Қалмақты қудың, Бөгембай!

Құбыла көшкен байтақтың

Ордасындай Бөгембай!

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгембай!

...Бөгембайдай батырдың

Береке берсін артына,

Бірлік берсін халқына.

Жаратқан ием жар болып,

Пейіште нұры шалқығай!

Қазақта жоқтау жазбаған ақын жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Өз әдебінен, сөз әдебінен аспаған жүйелі жоқтаудың шариғатқа шалыс еместігін қалтқысыз пайымдаған қазақтың ислам ілімін жетік меңгерген талай ғұламалары жоқтау жазды. Басқаны былай қойғанда, Абай мен Мәшһүр Жүсіптің шығарған жоқтаулары бір жосын. Абай ақын Әбдірахман өлімінен кейін көптеген жоқтау жырларын жазған, келіні Мағышқа да арнайы жоқтау шығарып берген. Оспан өліміне арнаған жоқтауы, «Баласы өлген анаға шығарып берген жоқтауы» деген атпен басылған өлеңдері де бар. Соның бәрі – қазаның қайғысын өз жүрегінен өткізген адамның мұң-зары, шер тарқатуы ретінде еріксіз туындаған жырлары. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенде де Абай жоқтаудың ғибратына меңзеді. Мәшһүр Жүсіптің Мұса Шорманұлын оның келіні атынан жоқтауына назар салсаңыз:

Бісмілла сөздің басында,

Көрдім бір қасірет жасымда!

Опасыз дүние-ай, дариға,

Жан атам өтті, жарандар,

Иманы жолдас қасында.

Халайық, бір сөз қозғайын,

Сүннеттен асып, озбайын,

Асылық сөйлеп Аллаға

Шариғат сөзін бұзбайын, - деп басталатын дастанға барабар (28 бет) жоқтау жазып қалдырған. Дүниеден өткен абзал азаматтың барлық қадір-қасиетін, парасат-пайымын, ел үшін еткен еңбегін, артына қалдырған ізгі өнегесін шынайы дәріптеген осы жырдан жоқтаудың бүкіл ғибратты мәнін табуға болады. Жоқтау тек шер шығару үшін ғана емес, өлім үстінде тіріге ой тастап, өнегелі өмір сүруге жетелеу үшін де жазылған.

Қайғысын жырмен жеңілдететін ақындық қабілет әркімге бұйырмағандықтан жоқтауды ақындардың арнайы шығарып беруі де қазақы дәстүрде бұрыннан бар. Бірақ дауыс салып, көрісу рәсімін бар ағайын жасағанымен, жоқтауды жалдамалы жоқтаушы емес, қаза болған кісінің жақын туыстары – қазаның қайғысы басына түскендер ғана айтады.

Өткен жылы есімі елге танымал бір сыйлы азаматтың ағасы дүниеден өтті. Арада айға жуық уақыт өткенде сол кісі мынадай бір сырды айтты: - Ағам дүниеден өткенде өмір тоқтап қалғандай болды. Еш нәрсемен шерімді тарқата алмадым, еш нәрсеге мойын бұрып, жұбана да алмадым. Есі кіресілі-шығасылы адамдай сенделіп жүрдім де қойдым. Сол кезде барып, қазақтың жоқтауды не үшін шығарғанын ұғындым. Бар қайғысын жоқтаумен шығарып алатын әйелдерде арман жоқ екен ғой! Баяғыдай ер азаматтардың дауыс салып көрісуі де жоқ, шердің шемен боп іште қатқаны жаман екен. Ақырында ағамның жетісін берген соң, қолыма күрек алып, жалғыз өзім әке-шешемнің, ағамның моласының басына кетіп қалдым. Екі күн бойы солардың басында болып, қабірінің тікен-шөбін тазалап, іштей әбден сырласып-мұңдасып барып, өзіме өзім келгендей болдым. Адамның хайуаннан артықшылығы да жүрегінің сезімінде ғой. Қазақ жылқыны адам мінездес болған соң жақсы көреді. Мал атаулының ішінде жылқы баласының ғана бауыздар сәтте көзінен жас шығады екен. Бауырын жоқтап, жылай білмесе адамның сол жылқы ғұрлы болмағаны ғой. Жоқтау – қазақты күйік пен сезімсіздіктен қорғап келе жатқан өнегелі дәстүр екен. Сен осы туралы жазшы, - деп кетерінде аманат еткен еді ол кісі.

Өзім бала кезімнен тағдырдың жазуымен торқалы тойдан гөрі топырақты өлімді көбірек көргендіктен, жоқтауды көп естіп өстім. Бауырларым бірінен соң бірі дүниеден өткенде еріксіз жоқтау жырлар жаздым да. Бертінде абзал замандастарымыз қайтыс болғанда талай жоқтау өлеңдерім туындады. Қазіргі ақындар арасында да жоқтау жазушылар аз емес. Дегенмен бұл жоқтаулар – дауыс салып айту үшін арнайы жазылған жырлар емес, іштегі шерден табиғи түрде туындаған жазбаша жоқтаулар. Олардың ауызша айтуға арналған жоқтаудан өзіндік өзгешеліктері бар.

Жалпы дауыстап жоқтау айту көп адамның көңілінен шыға бермеуі мүмкін. Барлық адам бірдей іштегі шерін дауыстап, мақаммен шығаруға бейім немесе бейілді бола бермейді. Біреулерге жоқтау тіпті ерсі көрінуі мүмкін. Сондықтан болса керек, бұрын жоқтау айнымас дәстүрдің бірі болса, қазір әркімнің қалауына қарай бірде айтылып, бірде айтылмайтын болды.

Ал сауалда айтылған «ақылы жоқтау айтушыларға» келсек, қаза болған кісіге қатысы жоқ адамның жоқтау айтып отыруы әртістің роль ойнауы секілді жасанды көрініс болары анық. Мұндай нәрсе көпшілікке де ерсі көрінеді, өйткені басқасы басқа – топырағы суымаған өлімді қазақ өнер қойылымына айналдырмаған. Тек асарын асап, жасарын жасаған қария кісілер дүниеден өткенде ғана, онда да арада жыл өткеннен кейін ас берген кезде «қарияныкі – той» деп ат шаптырып, балуан күрестіріп жатады. Ол, әрине, басқа мәселе.

Ал ақылы жоқтау айту үрдісін әдетке айналдыруға келсек («дәстүрге айналдыруға» дегенге аузымыз бармайды) бұл келешекте бәсекенің бір көзіне айналып, жоқтаудың қадір-қасиетін қашыруы әбден мүмкін. Жоқтаудың жөні осы екен деп дүниеден өткен адамға жоқ қасиетті жапсырып, жалған мақтау айтып жатса, жоқтаудың ғибратынан мән-мағына қалмайтыны анық. Жалпы, ақылы жоқтау айту секілді өтпелі құбылыстар дүнияуи тұрғыдан да, діни тұрғыдан да өзін ақтамайтындықтан жүре келе сәннен қалуы мүмкін.

Қоғам құндылықтарды қашанда өзі сұрыптайды. Дәуір сұранысына сай келмеген дәстүрлер өзі-өзінен ысырылып қалып қояды. Сондықтан мұндай үрдістерді арнайы реттелетін емес, ар-ождан мен таңдау еркіне жүктелетін құбылыстар деп білген жөн.


Каталог: uploaded -> udr.sko.kz -> docs -> pyblikacii
uploaded -> Бастомар селолық округі
uploaded -> Сырымбет селолық округінің әкімі
uploaded -> Формирование отраслевых систем взаимного страхования и перспективы их развития
uploaded -> Особенности выдвижения кандидатов и состава партийных списков на выборах 18 сентября 2016
uploaded -> Сабақтың тақырыбы:: § 41. Тынысалудың маңызы. Тыныс алу мүшелері Сабатың мақсаты: : Білімділік
pyblikacii -> Қазақстан республикасы дін істері агенттігі дін саласындағЫ Өзекті мәселелер бойынша 20 СҰРАҚ-жауап 4-шығарылым: Дін және қоғам Астана – 2014 ж


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет