Үкімет отырысында премьер-министрі Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселеге тоқталып, оларды тезіреу шешуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ол былтыр қолайсыз ауа райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізгенін атап өтті. Сөзінше, көптеген зардаптың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуға болар еді.

“Егіс алқаптарының құрылымынан дәнді-дақылдарды әртараптандыру қарқыны төмен екенін байқауға болады. Әкімдіктердің тарапынан бұл бағытта белсенді жұмыс көрінбейді. Диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі”, – деп шүйлікті премьер.

Бектеновтің сөзінше, ауыл шаруашылығы техникасының тозғаны да өткір проблема күйінде қалып отыр. 

“Қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75%-дан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет”, – деп тапсырма берді ол. 

Оның үстіне фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдірген көрінеді. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кеткен.

“Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек”, – деп нақтылады премьер-минстр.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.