А. Б. Мырзабаев Е. А. Бөкетов атындағы Қарму табиғат сұлулығы – дүниетанымдық категория Сұлулық — табиғаттың өзінің қасиеті, ол «таза өнердің»



Дата14.10.2017
өлшемі180.24 Kb.
#3576

А.Б.Мырзабаев Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ
Табиғат сұлулығы – дүниетанымдық категория
Сұлулық — табиғаттың өзінің қасиеті, ол «таза өнердің» көтеріңкі дәріптеушілік санаты смес. Сонымен бірге сұлулық адаптивті, яғни табиғатты сақтап калуда пайдалы [1]. Осы сұлулықтан айрылып қалуға бола ма?

Табиғаттың сұлулығы тіпті қарапайым жәндіктен бастап су астының әдемі әлемі, орман-тоғай мен тау-тастың әсем үйлесімі, гүлдер, жануарлар және тұтас экожүйеде байқағыш адам, дүниетанымы кең тұлға үшін тұнып тұр.

Дүниетаным — әлемге және адамға деген жалпы көзқарастардың, адам мен әлем (дүние) карым-қатынасына деген жалпы көзқарастардың жүйесі. Дүниетаным жеке тұлғаның өмірлік бағдарламасын, арман-мұраттары мен сенімдерін, мүдделері мен құндылықтарын анықтайды. Айналып келгенде ол (дүниетаным) адамдардың жүріс-тұрыс бағытын қамтамасыз етеді. А.Швейцер: «Дүниетанымсыз өмір жоғарғы сезімді бағыт-бағдардың патологиялық ауытқуы болып табылады» [2]. — деп айтқан. Дүниетаным — жеке тұлғаның немесе әлеуметтік топтың идеялық бағыт-бағдары және жетекшісі. Кең ұғымдағы дүниетаным әдіснама және ғылыми әлем бейнесін береді.

Мектеп оқушыларыпың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру өмір-тұрмыс жағдайының ықпалында, ғылыми білімді игеру үдерісінде және тәрбие жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асады. Осыдан оқушылардың айналадағы орта жөнінде, табиғат пен қоғамның даму зандылықтары туралы ғылыми көзқарасы калыптасады.

Дүниетанымның теориялық ядросы — философия. Философиялық білімнің жүйесі төрт топтық, яғни төрт топқа жататын проблемалардан тұрады, «философиялық квадрат» — болмыс жөніндегі ілім; таным жөніндеғі ілім; практика жөніндегі ілім; құндылықтар жөніндегі ілім. Дүниетанымның негізі ретінде философияның барлық қырлары, салалары бір-бірімен тығыз байланыста және бір-біріне кірігіп жатады.

Дүниетаным философиялық негізінің сипатына қарай ғылыми және діни болуы мүмкін. Ғылыми философия жекелеген пәндерді айырбастай алмайды, керісінше, оларды ойлау теориясымен және таным әдістерімен қаруландырады, ғылыми танымда негізгі болып табылады. Философияны ғылыммен біріктіретін ол — білімді теориялық формада кұруға деген, өз тұжырымдарын логикалық дәлелдеуге деген талап.

Қазіргі таңда дінге сенуге ешқандай тыйым жоқ. Осы кездерде жаратылыстану, оның ішінде биология және экология пәндерінің оқытушыларынан жоғары биологиялық білім, жалпы жан-жақтылық талап етіледі. Ұстаз діни ұстанымдарды, түсініктер мен дәлелдердің ғылыми білімде қандай жағдайда екенін көрсетуі керек [3].

Қазір қоғамдық өмір саласында діннің, оның адам әлеміне, этикалық проблемаларға байланысты оң ықпалы бар екендігі мойындалған. Ғылым қоғамдық өмір саласы ретінде діни дүниетанымға да әсер етеді. Дін тек қана дүниетаным емес, ол практика жәнс этикалық, эстетикалық, эмоционалдық факторлардың жиынтығы. Діни идеяларда, ой-пікірлерде, оқытуларда, түсініктерде және дәлелдер мен сылтау-ақталуларда сол дінге сенушілер дүниетанымының негізгі сұрақтарына жауаптар іздейді. Мысалы, дүниенің негізі не болып саналады? Өмірдің мәні неде? «Маңдайға» не жазылған?» деген сияқты сұрақтар. Діни тұрғыда шындықтың көрінісі-кескіні жай сипаттамалы, қарапайым-бейнелі болғандықтан, ғылыми-теориялылыққа қарағанда оның сөзі қарапайым және түсінікті әрі тартымды болады да идеалистік танымды меңгеру мен беруді жеңілдетеді. Идеализм — жан, сана; ой-пікір бірінші, ол эмпирикалық шындық; материя екінші, оның туындысы.

Ғылыми дүниетаным ғылыми білім жүйесіне негізделіп танымның логикалық-саналы тәсілдеріне арқа сүйейді, теориялылығымен сипатталады да ғылыми категориялар мен дәлелдерді кеңінен пайдаланады. Дүниетанымның өзіндік ерекшелік «клеткасы» — көзқарас. Білім мен көз жеткізудің біртұтастығы көзқарас болып табылады. Дүниетаныммен көптеген байланыс жолдары арқылы ара қатынаста болатын жаратылыстану пәндері, оның ішінде физика, биология, химия. Осы биологиялық шындықтың көрінісі — ғылыми әлем бейнесінің негізгі бір құрам бөлігі, ол дүниетанымның фундаменталдық негіздік мәселелерін, мысалы, өмір, тіршілік дегеніміздің не екені, адамның қайдан шыққаны, оның өмірінің маңызы және мақсаты неде екенін көрсетеді. Адамның табиғатындағы биологиялық және әлеуметтіктің ара қатынасы, байланысы қандай деген мәселелерді талдауға материал береді. Онда адамгершіліктің, өнердің, діннің қайнар көзі қандай? Адам әрекетінің табиғатқа әсері қандай? Жердегі тіршілікті, адамды қалай сақтап қалуға болады? деген мәселелерге материал беріледі [4].

Дүниетанымды қалыптастыру — адамның бүкіл өмірі бойында жүзеге асырылатын күрделі үдеріс, әсіресе ол мектеп кезеңінде, ғылым негіздерін жүйелі игеру кезінде және қоғамдық өмір тәжірибесін меңгеру шағында қарқынды жүреді. Осы кезде дүниетанымның қалануы бірінші кезекте мектептегі оқылатын пәндердің мазмұнымен анықталады.

Экологиялық білім беруде адамды төніп келе жатқан экологиялық апатпен күресуге қаруландыратын дүниетанымдық негіз және психологиялық мақсат болатын идеясы бар болуы тиіс. Қазір осындай идея болып табылатын ол — табиғатты сүю идеясы [5].

Міне, осыдан туындайтын бүгінгі таңдағы басты проблема — планетамызға төнген экологиялық қауіппен күрес адамзаттың Табиғат, Жер жөніндегі біліміне психологиялық тұрғыдан қайта қарап түйсіну, сөйтіп дүниетанымын, көзқарасын өзгерту.

Олай болатын болса, бүгінгі таңдағы экологиялық сауаттылықты арттырудың, экологиялық білім берудің негізгі идеясы, мақсаты, тіпті басты тетігі – табиғатты аялау, сұлулығына сүйсіну, оған деген сүйіспеншілік, махаббат, оны пір тұту болуы тиіс. Олай дейтініміз тек адамзаттың ғана жоғары да нәзік сезімі, пәк сезімі — махаббат. Жер бетінде адам баласының дамып жетілуі де махаббат негізінде болып отыр, ғашық болып жар сүю, дүниеге ұрпақ әкелу, өзінің биологиялық түрін әрі қарай көбейту — эволюциялық даму заңы. Табиғатты сүю де адамның ықтиярына байланысты. Нағыз сүйген адам оны еш жамандықка қимайды, тіпті өзінің жанын пида етуге бар.

Абай «45-ші қара сөзінде»: «Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ... Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі — ғалым, сол ғақил», — деп жазған. Тағы да «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың карыз емес пе? Ғақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен; ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін; гүлдер гүлін; құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар уылдырығын хатта ара балын, балауызын; құрт жібегін — һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі — адам баласына таусылмас азық», — деген «38-ші сөзінде» [6].

Бұл тұста табиғатты сүймейінше, сұлулыққа бас имейінше — бәрі бекер, ол сені асыраушы, сақтаушы, тек пайдалана біл деген данышпандық, ғұламалық пікір жатыр. Осының барлығы, егер жүректе махаббат болса ғана орындалатыны, махаббат қылса, сен де махаббат қылмағың қарыз деген адамгершілік сезімді дамытатын барлығымызға ой тастайтындай дана сөзінде. Табиғатты сүю, оны бар болмысыңмен қабылдау, тану және сұлулығын сақтап қалу қазіргі қалыптасқан жағдайда, жаңа қоғамдық ағымда өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.

Жас нәрестенің анасын көріп қуануы, оны танығандығынан. Түрінен адамды тану мен табиғатты оқу-тәрбие үдерісінде танудың айырмашылығы бар ма? Таным психологиялық тұрғыдан алсақ күрделі категория. Анасын көрген сәби оны қалай көреді, қалай қабылдайды, таниды? Анау жері қолы, анау жерінде жүрегі бар, анау жерінде бүйрегі, аяғы т. с. с. деп жеке-жеке дене мүшелері арқылы анасының тұтас болмыс-бейнесін құрамайды, ол оны біртұтас бейнесінен таниды, қабылдайды. Сол сияқты табиғатты тану, оны қабылдау да біртұтастықта болу керек. Біртұтастықтың негізі — тарихи эволюциялық қалыптасқан экологиялық жүйе.

Табиғат адам үшін – қоршаған ортаға, материяға айналды. Материяны немесе ортаны сүю, біртүрлі, келмейді [5, 33б]. Материяны сүю мүмкін бе?. Материяда сұлулық бар ма? Шын мәнінде орынды сұрақ. Табиғатқа тек бізді қоршаған орта, өлі дүние деп қарау сана түкпірінде орныққан болып тұр, оны осылай тану табиғаттың өз тіршілігін, қайнаған өмірін білмеу, сұлулығын сезбеу және түсінбеуден.

Ойлап қарасақ, осыны жеңудің негізі дүниетанымды дұрыс калыптастыруда. Дүниетанымды дұрыс, негізді қалыптастыру жаратылыстану ғылымдарының үлесінде, ол дегеніміз, ғылыми әлем бейнесін қалыптастыру. Сондықтан экологиялық білім беру идеясы қазіргі ғылыми әлем бейнесі негізінде болу керек.

Ғылыми әлем бейнесін қалыптастыру арқылы экологиялық білім беру негізді болу үшін қазіргі біздің менталитет және жеткіншектердің өмірде неге ұмтылатыны, олардың мүддесі ескерілуі қажет.

Қазіргі жас жеткіншектердің дүниетанымдық әлемі негізінен бірдей, немесе жалпы, ортақ деуге болады. Біз байқағандай, ол — дүниетанымдық сауатсыздық. Егер жас жеткіншекке: сіздің дүниетанымыңыз қандай десеңіз — алатын жауабыңыздың дені: «Ол деген не?» Осы жағдай мектеп жастарының дүниетаным, ғылыми әлем бейнесі жөнінде алғашқы қарапайым түсініктері жоқ екендігін, мектепте бұл мәселе қаралмайтынын көрсетеді деуге болады.

Дүниетанымдағы осы олқылық қазіргі өтпелі кезеңде материалистік ұғым мен діннің арасындағы адасушылық па?

Ерте заманнан бері адам баласы тіршілік әлемінің көптүрлілігіне таңданып, оған түсінік беруге, зерттеуге талпынуда. Оның себебі түсінікті де — табиғат қайталанбас, сұлу да әр түрлі, сонымен бірге тамаша үндестікте! Мыңдаған жылдар бойы осы қазіргі барлық ағзалар түрлері бір мезгілде, қазіргі қалпында жасалып, одан соң еш уақытта өзгерген жоқ деген қарапайым түсінік басым болған. Бұл Құрандада, Библияда да айтылған, Аристотель де осы пікірде болған.

Тіршілік ерекше, аса күрделі табиғат құбылысы ретінде қоршаған ортаға әр түрлі әсер етеді. Қоршаған орта — Жер беті және оның қойнауының, Күн жүйесінің адам әрекеті аясына қатысы бар бөлігі, адам жасаған материалдық дүние сияқты табиғи және жасанды ортадан тұрады. Тіршілік әр түрлі көріністе бола отырып, өзінің тіршілік әрекетінің өнімін ғана шығарып коймай, табиғатты түбегейлі өзгертеді.

Қазіргі біздің тіршілік етіп отырған әлеміміз өте әдемі, көп түрлі ғажайыптары мол-ақ. Келешек ұрпақ осыны сол күйінде алса...

XX ғасырдың 60-жылдары эколог О.Леопольд «Ең сұмдық надан адам ол, өсімдік не жануар туралы «одан бізге қандай пайда, не қайыр бар?» деп сұраған адам», — деп жазыпты [7].

Шындығында, осы сөзді оқығанда әрбір табиғат жанашыры, кез келген сауатты адам ұялу керек. Неге? Өзінен-өзі ұялуы керек, өйткені қазір көпшілік жұрт тек бір қайыр, пайда табу үшін емір сүретіні анық. Осындай шапшаң, асығыс заманда ел де жылдам пайда көргісі келеді. Осындай пиғыл үдей түсуде.

Жер планетасы — осы күнгі барлық сұлулықтың бесігі. Оны құрап тұрған барлық тіршілік иесі, тау-тасы мен өзен-суы, тіпті біз байқамайтын, көзге көрінбейтін ұсақ ағзалар мен біз түсінбейтін табиғи құбылыстар осы ғажайыпты бізге сыйлап тұрғанын айтып өттік.

Өсімдіктер мен жануарларды пайдалы және пайдасы жоқ деп бөлу жиі кездесетін жағдай. Бұл тіпті санаға сіңіп қалыпты пікірге айналған десе де болады. Кейбір мектептерде, биолог-мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындарындағы қабырға газеттерінде, стенділерде, тіпті оқу құралдарының атауы да осылай, мысалы, «Пайдалы жәндіктер» деп аталып жатқан жағдайы бар. Осыдан «пайдасыз жәндіктер» де болады деп ойлауға болады. Сонда, басқадан не сұрауға болады?!

Сауатсыз пікірдің арғы түбі — табиғаттағы көптүрліліктің мәнін түсінбеу, тұтас табиғатты құрайтын «әрбір бөлшектің» ешқайсысы «артық» емес екенін, олардың әрқайсысының дін аман болуы тиіс екендігінің санада қалыптаспағандығы. Ал біздің әлемнің тұрақтылығын оның көптүрлілігі беретіні, осы көптүрлілік миллиондаған жылдар бойы эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасудан, әр түрлі тіршілік ортасына және бір-біріне бейімделу мен бірін-бірі толықтыру (симбиоз) нәтижесінде бір тұтас экологиялық жүйеге айналғандығынан болған біртұтастықта.

Көпшілік жағдайда біз: «Қандай да бір түр кұрып кетті, онда біздің не шаруамыз бар. Жерде тірі ағзалар қаншама, сан жетпейді тіпті (аяқ асты қаптаған құрт-құмырска мен бақа-шаян), ал оның біреуінің құрып кетуі тіпті байқалмайды», — деп ойлаймыз. Немесе «анау жерге бір тамшы жанармай тамды, ол кеуіп кетеді... түтін ұшып кетеді, ана қоқысты жаға салу немесе жерге көме салу керек». Ал жану — химиялық құбылыс, жанғанда оның құрамындағы қаншама зиянды заттардан, полиэтилен қалта, шөлмектер, тағы басқалардан улы зат бөлініп шығады. Онсыз да үйде пешке от жаққанда немесе зауыт-фабрикалардан түтін көптеп шығады. Оларды еріксіз болатын жағдай десек, сенбіліктердегі айналаны тазалау кезіндегі жапырақтарды жағатынымыз түсініксіз жағдай.

Қазіргі таңда адамның тіршілік әрекетінің тағы бір салдары - өрт. Дала өртінің экожүйеге тигізетін зияны аса ауқымды. Өрттің табиғи себептерінен гөрі қазір әдейі жер өртеу етек алуда. Неге?

Бірінші себебі – адамның сауатсыздығынан. Өртеген жердің шөбі тазарып, жаңарады деген жаңсақ пікір қалыптасқан.

Екіншіден – немқұрайлылық. Шөп шабу, егін жинау, т.б. шаруашылық жұмыстар кезінде техникадан шыққан от немесе темекі қалдығынан өрт кету жиі болады.

Өрт неге зиян? Біріншіден – ескі шөптесін өсімдік (шөптің) уақыты өткенде өзі сол жерге қурап түсіп, шіріп топыраққа қайта араласу керек, сөйтіп қана ол көктемнен күзге дейінгі жерден алған қорегін «қарызын» қайтара алады.

Екіншіден - өрт кезінде ескі шөппен бірге топырақтағы, барлық қажетті организмдер мен заттар қоса жанып кетеді. Олар, біз атап кеткендей сол жердің топырағындағы барлық омыртқасыздар (шіріту бактериялары, балдырлар, бірклеткалылар, әртүрлі құрттар, дернәсілдер мен насекомдар) және жорғалаушылар, ұсақ кемірушілер мен сүт қоректілер де өртеніп кетеді.

Үшіншіден – өрт кезінде шыққан түтінмен бірге өсімдіктердің қоршаған ортадан жаз бойы сіңірген зиянды заттары (улы газдар, ауыр металдар) ауаға қайта шығады, ал олар егер өсімдікпен бірге шірісе, топырақ организмдері оларды зарарсыздандырар еді.

Төртіншіден - өрттен кейін сол жердегі өсімдіктер мен жануарлардың бастапқыдай қайта қалпына келуі өте қиын. Оған бірнеше жылдар кетеді.

Бесіншіден – өрт салдарынан сол жердің өсімдігі мен топырағы нашарлаған соң жер бетімен судың ағыны күшейіп топырақтың құнарын шайып әкетеді және жердің астыңғы қабатына судың келуін азайтады. Жер асты суларының деңгейінің төмендеуі өсімдіктердің сумен және онда еріген заттармен қамтамасыз етілуін төмендетеді. Өсімдігі жоқ жер бетінің көлемі ұлғайса жер тозады, жан-жануарлар ол жерде тұрақтамайды.

Алтыншыдан – ауада қалықтап жүретін өсімдіктер тозаңдары мен споралары атмосфералық ылғалдың суға айналуына (конденсациялануына), сөйтіп жаңбыр жаууына ықпал етеді. Олай болса, өсімдік қабатының жұтауы – климаттың құрғауына, сөйтіп бірте-бірте жердің шөлге айналуына әкеліп соқтырады. [8, 87 б].

Осындай қылықтарымыздың түп төркіні неде?

Біздің байқамайтындарымызды табиғат бірден сезінеді. Оның назы әр түрлі табиғаттың тосын мінезінен, «жат қылығынан» көрінеді. Тек жағдаят асқынғанда ғана біз жанталасып қателерімізді «түзетуге» тырысамыз: қалғанын хайуанаттар бағына орналастырып, қорғауға алып, сонан өзіміздің жауапсыздығымызға кейде ақшалай айып та төлеп жатамыз.

Қарқаралы, Көкшетау — еліміздің сұлу өлкелері, олардың орманының ішіне әлде қалай барып тынықсаңыз таң-тамаша боласыз: «менің құлағым керең болған ба?» деген ой жүрегіңізді зу еткізеді. Себеп: «Құлаққа ұрған танадай» тыныштық. Неге? Орман сәні — құстар, олардың сайраған дыбыстары және орманның барлық жыбыр-жыбыр тіршілігі – шыбын-шіркейі мен маса, көбелектер. Ал осы тіршілік иелерінің азайып, құстардың дыбысының шықпауы ол жерлерде үйреншікті болып кеткен. Тіпті, карағайлы орманның негізгі жануары — тиінді бір көріп қалсаңыз, қатты куанасыз.

Ақшаның соңында кетіп, жетістік пен экономикалық дамуға жету мақсатында табиғатқа тиіп жататын жойқын әсерге мән бермейміз. Сирек жануарлар, сирек өсімдіктер — бұл адам әрекетінің индикаторлары, қоршаған орта сапасының өзіндік бір көрсеткіші, үлгісі. Біз «Қызыл кітапқа» бір жануарды тіркегенге қуанамыз! Осы жерде айта кететін бір жай, киіктерді «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына» тіпті тіркей де алмай, дел-сал күйде отырғандығымыз. Бұл қазіргі біздің мемлекетіміздегі жедел шешілуге тиісті көкейкесті мәселе бола тұра осындай күйде.

Қандай да бір түрдің санының азайып бара жатқанына дабыл қағып, киіктер проблемасын кеш көтергендей емес, «жарғақ құлағымыз жастыққа тимей» жүруі керек, өйткені ешқандай ақша жануарды құтқарып, ауаны тазартып, орман-тоғайға, планетамыздағы ауқымды жылыну үрдісіне әсер етпейді және айналып келгенде біздің өмірімізді ұзартып, саналы етпейді [8, 88 б].

Өкінішке орай, табиғаттың жан айқайын естігіміз келмейді. Бұл қазір тек биологиялық және экономикалық емес, адамгершілік проблемасына айналды. Себебі барлығы балалық шақтағы тәрбиеден басталады, ол ананың балаға: қоңыздар мен құмырсқаларды баспа, көбелек қанатын жұлма, мысықты құйрығынан сүйреме деген т.с.с. тыйым сөздерінен басталады.

Кейде осы әлем бір үлкен автомобиль тәрізді болып көрінеді. Бір гайкасы түсіп калса машина сына бастады деген сөз. Жүргізуші оны бастапқыда байқамайды, содан келесі гайкасы түседі, т.с.с. басқа жерлері сынады да автомобиль не жүрмей қалады немесе тоқтай алмай апатқа ұшырайды.

Адам да осылай байқамайды. Жер бетінен бір түр жойылып кетті, екіншісі, үшіншісі құрыды... Біз де табиғаттың бір бөлшегіміз...

Әр түрлі деңгейде талқыланып жататын биологиялык көптүрлілікті сақтау проблемасы ендігі өз шешімін табуға тиіс-ті. Өйткені биологиялық көптүрлілікті қорғау жөнінде 180-нен аса ел қол қойған Конвенция бар. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бірақ жағдай шын мәнінде жақсы жағына қарай өзгерер емес [9].

Биосфера — Жердің бірінші реттік экологиялық жүйесі. Ол планетадағы тіршілікті реттеуші ауқымды жүйе. Биосфераның тіршілік қабілеті және тұрақтылығы оны құраушы элементтердің ішкі жіктелуінен, оны құрайтын тірі ағзалардың өзіндік ерекшеліктері мен байлығына байланысты.

Белгілі бір аймақта бірге тіршілік ететін организмдері бар кез келген бірлік (биологиялық жүйе) сыртқы ортамен ықпалдастықта болады, онда энергия ағыны нақты бір биотикалық құрылым және тірі мен өлі заттар арасында зат айналым тудырады, бұл экологиялық жүйе немесе экожүйе деп аталады.

Экологиялық жүйеде тіршілік жалғасып тұруы үшін алғашқы өнім өндіруші өсімдіктер тіршілік етуі қажет. Экожүйеде өсімдіктер күн энергиясын өзіне сіңіріп, органикалық зат жасайды, осы кезде ауаға оттегін бөліп шығарады. Осы органикалық заттармен шөп қоректі жануарлар қоректенеді. Шөп қоректі жануарларды жыртқыштар жеп энергия алады. Ал өлген жануарлар мен өсімдіктерді топырақтағы микроорганизмдер ыдыратып, қайта жерге сіңіреді. Сөйтіп үздіксіз зат айналымы жүріп, тіршілік тұрақты болады.

Қоректену тізбегін құрайтын барлық түрлер жасыл өсімдік түзген органикалық заттардың есебінен ғана тіршілік ететіні айтылды. Мұнда қоректену кезінде энергияны пайдалану және оны екінші түрге айналдыру белгілі бір заңдылық бойынша жүзеге асады.

Өсімдікке түскен күн сәулесі энергиясының 1%-дайы ғана синтезделген органикалық заттардың химиялық қосылыстар құрамындағы энергиясына айналады және оны кейін гетеротрофты организмдер қоректену кезінде пайдаланады. Жануарлар өсімдікпен қоректенген кезде ондағы энергияның көбі жануарлардың әр түрлі тіршілік әрекетіне жұмсалады да, жылуға айналып, айналадағы ортаға таралады. Қорек энергиясының тек 5 – 20 %- ғана дене затын құрауға жұмсалады. Егерде өсімдікпен қоректенетін жануар басқа бір жыртқышқа жем болса, қоректің құрамындағы энергияның көпшілігі тағы да зая кетеді. Пайдалы энергия шығынының осындай көп болуына байланысты қоректену (трофиктік) тізбегі онша ұзын емес, әдетте олар 3-5 сатыдан, яғни қорек деңгейінен тұрады.

Экологиялық жүйенің құрамына кіретін әрбір организмдер түрлері өз қызметін атқарады, сондықтан оның әрқайсысының маңызы өте зор. Сонымен экожүйе – біртұтас организм. Экожүйені құрайтын бір бөлшек құрып кетсе, яғни, өлсе немесе азайса онда бүкіл экожүйенің тіршілік қалпы өзгереді немесе тіршілігін жояды. Қазіргі жер бетіндегі бар экожүйелерді сақтап қалу әрбір адамның міндеті, парызы деуге болады. Өйткені адам пайда болып саналы адамға айналғаннан бері Жер бетінен қаншама экожүйелерді жойып жіберді десеңші?! [8, 11 б].

Биосфера шексіз «түпсіз шелек» емес екенін түсініп көне адамдар агроценоз ойлап тапқан. Олар оны жасауды біртекті астық тұқымдастардың табиғи, жабайы экожүйесіне қарап үйренген. Еуразия даласының алғашқы диқаны – скифтер. Олар бидай, арпа, тары өсірген. Осылай басталған даланы игеру үдерісі XX ғасырдың 50-80 жылдары «тың көтеру» деген жалпы атаумен айдарланған жаппай даланы игеру науқанына ұласқан. Осы кезде миллиондаған гектар тың дала астан-кестең болып аударыстырылып, астықты алқапқа айналды.

Агроценоз – дала экожүйесіне тән емес мәдени өсімдіктерді (астық тұқымдастарды) ауқымды алқапқа егу. Сыртқы түріне қарағанда ол таза қамыс-құрақтың ну тоғайындай көрінеді. Осы астықты агрофитоценоздың табиғи қарапайым қамыс-құраққа ұқсас болуы ауылшаруашылық зиянкестерін өзіне тартады. Мысалы, Азияның көкқасқа шегірткесінің жақсы көретін плацдармы – қамыс-құрақтың ну тоғайы!

Сөйтіп жеуге жарамды фитомассасының өнімділігі жоғары болатын жартылай табиғи экожүйенің беретін тағамына ауысу адамзатқа тек өзін өсімдік текті белоктармен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, мал шаруашылығын да өркендетуге қатты ықпал етті. Осы себепті дала экожүйесі бірте-бірте толық игеріле бастады. Соңғы жүз жылда, әсіресе кейінгі 40-50 жылдар шамасында біздің тіршілік ортамыз айтарлықтай дәрежеде азып-тозып бара жатқаны қазір баршамызға белгілі жағдай болып отыр.

Тұрғындар саны, техника және жердің пайдалы қазбаларын, сонымен қоса қайта қалпына келмейтін энергия көздерін сауатсыз игеру т.б. бірнеше есе өсіп жабайы дала табиғатын жүдете бастады. Құлан, киік, дуадақ, безгелдек және ақбас тырналар құрып біту сатысына дейін жетті. Жануарлар мен өсімдіктердің әртүрлі түрлерінің құрып бітуінің себептерінің ішінде бірінші орында олардың тіршілік ету ортасының өзгеруі тұр. Ол адамның тіршілік әрекетінің салдары.

Тірі ағза жер қыртысының ажыратылмайтын бөлігі және оның өзгертушісі, ал тірі зат – геохимиялық үрдістерге қатынасатын ағзалар жиынтығы. Ағзалар қоршаған ортадан өз денелерін құрайтын химиялық элементтер алады. Ал тіршілік әрекетінде және өлген соң оларды сол ортаға қайтарады, сөйтіп тіршілік және өлі зат химиялық элементтер айналымында өзара тығыз байланысты болады. Осында тірі зат негізгі жүйе құраушы фактор болып биосфераны біртұтас етеді. Ендеше биосфераның біртұтастығы – тарихи қалыптасқан, ұзақ эволюциялық және экологиялық «жетілудің» нәтижесі, динамикалық үндестіктің жоғарғы көрінісі [4, 24б].

Осы күні біздер Жердің тарихындағы ғажайып биологиялық кұбылыстың куәсі болып отырмыз. Тек бір түр — саналы адам планетадағы тіршіліктің көптүрлілігін жоюда, түрлердің жаппай өліп бітуіне әкеліп соқтырған кейбір геологиялық астан-кестен өзгерістерді есептемегенде, адамның табиғатты аяусыз қыруы бұрынғы өткен кез келген қырғындардан асып түсуде. Ғалымдардың болжамы бойынша, ғасырымыздың ортасына қарай биосфера қазіргі тіршілік етуші түрлердің үштен бірінен, тіпті жартысына жуығынан айрылып қалады. Бұл жағдай бар болғаны төрт-бес онжылдықта болады, ал эволюциялық масштабта ол дегеніміз — қас-қағым сәт.

Адамзат өзінің тарихи-эволюциялық дамуында шырқау шегіне жетіп, жаңа технологиялар, ақпарат құралдары, т.с.с. өркениетті қоғамның «қаруларымен» қаруланып, табиғатты күйретуде. Көрсетілгендей, қорек тізбегінің бастапқы қатары, өсімдіктер қанша күн энергиясын аккумуляция жасаса, адамзат энергияны пайдалануда супергигант жағдайына жеткендігін көрсетеді және осындай орсан зор көлемде зиян келтіруде. Адам соншалықтай пар-пар дәрежеде, осы табиғи энергия пәрменіне тең келе алатындай көлемде жасанды заттар – әлеуметтік нысандар мен құрылыстар, тұмыстық техника шығарып, жердегі қайта қалпына келмейтін мұнай, көмір, газ сияқты энергия көздерін пайдалана отырып, биомассадан да көп техногендік заттар шығаруда. Кенттенген қоғамда экологиялық дағдарыс адамдардың салауатты өмірден алшақтауы – техницизмнің тудырған «жемісі», пайдаға, рахатқа ұмтылудың басым болуының нәтижесінде табиғидан жасандының басымды болуы салдарынан туады.

Бұл адамның табиғатпен көнеден қалыптасқан үйлесімді одағының бұзылуының көрінісі. Әлемді ойсыз көру, өмірдің адамгершіліктен ада болуы, рухани құндылықтардың жойылуы – табиғат күштерін меңгеруге бағытталған әрекет салдары, табиғатты адамға бағындырудың «жемісі». «Мәдениет жүйесіндегі ғылым» нобайын жүзеге асыруда бірден-бір сәйкес келетін оқу пәні - биология. Биология жаратылыстану ғылымдары мен қоғамдық ғылымдар ортасында аралық жағдайда тұрып, екеуімен де әсерге түсіп этикалық және эстетикалық қалыппен ережелердің және арман-мұраттардың, ауыл шаруашылығы практикасының маңызды, кезек күттірмейтін сұраныстарын, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық мәселелерінің үлкен қысымын бастан кешіруде.

Биология - мәдениет жүйесінде қызмет ете отырып техниканың дамуын биосфераның денесіндегі бір «рактың» ісігіндей емес, керісінше, бірін – бірі бағындырмайтындай табиғат пен қоғамның коэволюциясын қамтамасыз ететіндей бір симбиоздық ағза ретінде бағдарлайды.

Адам мен қоғамның тіршіліктерін сақтап қалуы мен дамуы биосфераның бірегей ерекшеліктері жөніндегі, өмірдің өзінің бірегейлігі жөніндегі білім синтезіне және өмірді, тіршілікті оның барлық формасында қастерлеуге негізделеді [4, 25-26б].

Бүгінгі күндері көзіміз көріп нақты куәгері болып отырған түрлердің жаппай қырылу деректері — қазіргі адамзаттың тарапынан өзін қоршаған табиғатқа деген ең бір ынтасыз, ықылассыз кылығының бір түрі. Дәл қазір адам аса қуатты. Ол роботтар жасап, ғарышқа сан түрлі сапарлар шегіп, аса мықты ғимараттар салып, сынған, тозған өнер туындыларын қалпына келтіруде. Ал, тек құрып кеткен түрлерді қайта қалпына келтіре алмаймыз. Түрлердің өліп бітуі табиғат алдында біздің дәрменсіздігімізді көрсетеді [10].

«Саналы адамға» басқа планетадан қарап тұрғандай елестетейікші. Бұл не деген өзін-өзі жоюға бағытталған, түсініксіз, ақылсыз, есі ауысқан дүние, ол осындай қылықтар жасап, оны бір қалыпты шаруа деп есептейді?! Мұхиттың түбінен бастап ғарыш кеңістігіне дейін әркез жаңа аймақты жайлап өз жолындағы барлық әсем тіршілікті жойып бара жатқан, геологиялық апатты күштермен тең келетін адамның кұдіреті қандай қауіпті!

Сонымен қазіргі таңдағы экологиялық проблемаларды шешудегі ең бір басымды бағыттың бірі — адамзатты ауқымды рухани тәрбиелеуді дұрыс жолға қою. Эколог Ли Талбот «Бізге Жерді ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған жоқ, біз оны өз балаларымыздан қарызға алдық», — деген екен.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


1. Миркин Б.М. Как прекрасен этот мир... // Экология к жизнь. — 2006. -№ 12. — С. 33-35.

2. Швейцер А. Культура и этика / Пер. с нем. — М: Прогресс, 1978. — 334 с.

3. Мырзабаев А. Б. Биологияны окыту әдістемесі. — Қарағанды: «Санат-Полиграфия» баспасы. 2015. — 344 б.

4. Лаврииенко В.Н., Ратников и др. Концепции современного естествознания: — М.: Культура и спорт, ЮНИТИ, 1997. — 271 с.

5. Панкратов А.В., Фесенкова Л.В., Дерябина Е.Д. Мировоззрение современного молодого чсловека // Экология и жизнь. — 2005. — № 3. — С. 33-34.

6. Абай (Ибрахим Құнанбаев) 2 томдық шығармалар жинағы. — Алматы: Жазушы, 1986. — 200 б.

7. Леопольд О. Календарь песчаного графства: Пер. с англ. / О. Леопольд; Ред. пер. Банников А.Г. 2-е изд., стереотип. - М.: Мир, 1983. - 248 е., ил.

8. Мырзабаев А.Б. Дала экожүйесі: жануарлар. Оқу құралы. - Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2010. 109 бет.



9. Окружающая среда и устойчивое развитие в Казахстане: Обзор // Сер. публикаций ПРООН Казахстан. № UNDPKAZ 06.

10. Чесноков В.С. Автотрофность человечества и проблема нравсnвенности // Биология в школе. — 2006. —№ 1. —С. 28-31.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет