Аќ тышќан мен нєресте



жүктеу 0.5 Mb.
бет2/3
Дата07.03.2018
өлшемі0.5 Mb.
1   2   3

Ғылманның өнері

Бұрынғы өткен заманда Бағдат шаһарында Ғылман деген бір ақылды адам болған екен. Бағдатта оның әр түрлі дәрігерлік өнерімен атағы шығады. Мұны естіген Бағдат патшасы Ғылманды өзіне шақырып алдырыпты. Патша күн сайын онымен бірге кеңесіп отырады екен. Ғылманның өнерлеріне таң қалып жүреді екен. Бір күні патша үлкен уәзірін шақырып алып:

- Бұл Ғылман өте ақылды және өнері де көп адам екен. Осыны уәзір етсек қайтеді? - дейді. Уәзір патшадан бұл сөзді есіткен соң: «Ғылман уәзір болса, бізді орнымыздан түсірер», - деген ойға келеді де:

- Ей, патшам! Бұл Ғылманнан мен қорқамын, өйткені басқа адамдар істей алмаған нәрселерді бұл істей алады. Сондықтан бір күні сізді де, бізді де өлтіріп, өзі патша болып алар деп қорқамын, - дейді. Патша кенет ойға қалады да қапа болып:

- Мұндай ақылды адам патшаларға зиянды болады екен ғой! Енді бұл Ғылманды не қыламыз, тез көзін жойып өлтіреміз бе? - дейді. Уәзір қуанып:

- Ей, патшам! Әуелі одан үш түрлі ғылым сұрап алып, сол ғылымды біліп алайық, сонан соң өлтіреміз, - дейді.

- Олай болса, Ғылманды не қылсаң да өзің біл, сенің қолыңа бердім, - дейді патша. Сол күннен бастап, Ғылманды патшаның алдына келгізбейтін болды. Ғылман уәзірден:

- Патша неге мені кіргізбейтін болды? - деп сұрағанда уәзір оған:

- Патшаның уақыты болмай жүр, - дейді. Ғылман ақылға салып, ойлайды да патшаның жаратпағандығын біледі. Уәзір:

- Ей, Ғылман! Патшамыздың сізден сұрайтын бір сауалдары бар, сол сауалдарға жауап беріңіз, - дейді.

- Мен әрқашан да қызметтеріңізге даярмын, - деп жауап береді Ғылман. Уәзір:

- Бірінші сауалы: қол астындағы дұшпанды ұстауға, өлтіруге жетік болу үшін қандай ғылымды оқу керек. Екінші сауалы: патша қол астындағы халқын қайтсе байыта алады. Осы екі түрлі істің амалын бізге жазып беріңіз, - дейді. Ғылман:

Мұндай ғылымдарды жазып беруге екі жыл уақыт беріңіздер, - дейді.

- Екі жыл тұрсын, екі ай бермейміз, екі жұмада жазып бітіресіз, - дейді уәзір. Ғылман екі жұмадан кейін өзін өлтіретінін біледі де:

- Менің бұл істер туралы бар ақылымды сарп қылып, неше жыл жазған кітабым бар, енді мен соны бір жұма қарап, қатесін түзетіп берейін, - дейді. Уәзір қуанып, шығып кетіпті. Бір жұмадан соң, Ғылман уәзірге келіп:

- Кітапты түзетіп болдым, бірақ патшаға өзім тапсырсам екен, - дейді. Уәзір Ғылманды патшаның алдына алып барған соң, Ғылман кітапты патшаға береді. Патша уәзірге:

- Ғылманды сыйлаңыз, қазір бір кесе шарап құйып беріңіз, - дейді. Уәзір у салынған шараптан бір кесе құйып береді. Ғылман шарапта у барын сезеді де уәзір мен ханға сездірмей, қалтасынан бір кішкене түйіршік тұз секілді нәрсені кесеге салып жіберіп, біраздан кейін шарапты ішіп салады; аздан соң ол у ішкен адам секілденіп, қиналып тұрады да кесенің түбіне ұйыған уға саусағын малып уәзірге:

- Ай, уәзір, шырағым! Кітапты бердім, көп пайдалы кітап, әсіресе сіздерге керегі мына беттері, не істейтінін мынау арада жаздым, - деп, саусағындағы уды кітаптың беттеріне жағып жібереді де патшадан рұқсат сұрап, шығып кетеді. Уәзір мен патша Ғылман шыққан соң кітапты алып, жазуды қараса: «Кімде-кім осы кітаптың қағазын он ретке дейін жаласа, ол кісінің қуаты тіпті кемімейді», - депті. Патша мен уәзір бұған қуанып, кітаптың жазуындағы айтқан бетке шейін қағазды жалайды, сөйтіп, өз уынан өздері өледі. Сол кітапта: «Патша қол астындағы халық тыныш болсын десе, әркімді ақ көңіл, әдепті қылып үйретсін!». «Патша қол астындағы халық бай болсын десе, әркімді еңбекке тәрбиелейтін болсын!» «Патша қол астында зұлымдықты тыямын десе, әуелі өзі зұлымдықтан тыйылсын!» - деген екен



Ақылды етікші

Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның әрбір тәртібін халқы екі етпей уақытымен орындап тұрады екен. Бір күні бұл патша: «Менің әрқашан халық пайдасына еткен әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді. Сондықтан да мен олардың пайдасын ойлаймын. Енді мен осы халқыма зиянды бір әмір таратайын. Халқым тыңдап, орнына келтірер ме екен? Жоқ, келтірмес пе екен?» - деп ойлап уәзірлеріне:

- Халыққа тегіс хабарландырыңдар: «Ешкім басына пайда қылмасын!» - деп, әмір қылады. Бұдан соң уәзірлер бұл әмірді халыққа естіртіп болып, патшаға:

- Халқыңыз әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды, - дейді. Патша уәзірлеріне еш жауап айтпайды. Түн болған соң үстіне бөтен, ескі киім киіп, әмірінің қалай орындалғанын көру үшін көшеде жүрсе, шеттегі бір үйде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, шам жанып тұрған үйге келсе, үйдің ішінде бір етікші етік тігіп отыр екен. Етікші қайыршыны көріп тұра келіп, бір кішкене нан береді. Сонда қайыршы:

- Сен патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың? «Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын», - дегені қайда? - дейді. Сонда етікші: «Сенің онда не жұмысың бар? Сондай әмір қылып отырған патша да ақымақ. Себебі, мен жарлы адаммын. Күнде төрт теңге пайда қыламын да, төрт теңге зиян қыламын. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын. Патша ақылды болса, осыны білер еді», - дейді. Патша бұған жауап қайтармастан үйіне келеді де, ақылды төрт уәзірін шақырып алып: Сіздерді басқалардан ақылы көп деп, өзіме уәзір қылып едім. Енді менің сіздерден сұрайтын сауалым бар. Күніне төрт сом пайда, төрт сом зиян қыламын. Сол пайдам мен зияным не? Үш күн ішінде соны табыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын! Өздерің таппасаңдар да табатын кісі тапсаңдар, жазадан құтыласыңдар! - депті. Уәзірлер үш күннің ішінде өздері де шеше алмай және табатын кісі де таба алмаған соң, енді патшаға көрінбей, қашпақшы болып жүргенде, баяғы етікші уәзірлерге келіп:

- Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер маған не берер едіңіздер? - дейді. Уәзірлер төрт мың ділда бермекші болады. Етікші уәзірлерден төрт мың ділданы санап алып, олармен бірге патшаға барады да:

- Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт сом пайда, төрт сом зиян қылам. Ол былай: бір сомды қарызға беремін. Бір сомды ескі қарызымды төлеуге беремін, бір сомды құдыққа тастаймын, бір сомды әйеліммен екеумізге жұмсаймын, - депті. Сонда патша:

- Әйеліңмен екеуіңе жұмсалған ақшаға бәріміз де түсінеміз, қалған үш сомның жұмсалған орнын анықтап түсіндір, - депті. Бұл сөзге етікші былайша жауап қайырыпты:

- «Бір сомды қарызға беремін», - дегенім: «Қартайғанда өзімді асырар», - деп балама беремін. «Бір сомды ескі қарызыма беремін» - дегенім: өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме беремін. «Енді бір сомды құдыққа тастаймын» - дегенім: күйеуіне тұрмай, қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін дегенім, - депті. Сонда патша: «Бұл етікші ақылды адам екен», - деп, өзіне уәзір қылған екен.

Ақыл, ғылым, бақыт

Ақыл, Ғылым, Бақыт - үшеуі бір-бірінен артықшылығын салыстырып таласып сарапқа түсіпті. Сарапшылар оларға былай депті: Бірінші Бақытқа: сен, тұрақсыз, опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды ісінтесің, тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен тізе қос, сонда көп жасайсың, - депті. Екінші Ғылымға: дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқты бар, бардан жоқ жасайсың, бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен бірік, сонда абыроймен ұзақ жасайсың, - депті. Үшінші Ақылға: дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ, бірақ Ашу үстіңе кіріп келгенде, орныңды беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң, кіресің де ашудың бүлдіргенін оңдайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, Ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді.

- Барыңдар, Ақыл, сен адам бол, Ғылым, сен ат бол, Бақыт сен қамшы бол. Үшеуің біріксең ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды, - депті.

Жеті өнерпаз

Баяғы өткен заманда байлығы жұрттан асқан бір хан болыпты. Бұл ханның ұлы болмапты, жалғыз-ақ ай десе аузы, күн десе көзі бар Қаншайым атты бір қызы болыпты. Қыздың сұлулығы сондай, қараған адам есінен танып қалады екен. Күндердің бір күнінде Қаншайым қыз қырық қыз нөкерімен сейіл құрып, суға түсуге барады. Суға түсіп бола берген кезінде Қаншайымды көктен бір қарақұс келіп, көтеріп кетеді. Қырық қыз шулап қала береді. Бірнеше күнге дейін ханға естіртуге ел-жұрт бата алмайды. Бір ақсақалды шал келіп естіртеді. Хан есінен танып, тағынан құлап түседі. Ел-жұрты кетіп, тыныштық үйде хан есін жиып, бақсы-балгер, қожа-молда жинайды, қызды олардың бірі де біле алмайды, бәрінен де жәрдем болмайды. Тек ханның уәзірі Назар келіп, ханмен ақылдасып, былай дейді:

- Мұхиттың ар жағында балықшы Сәлім деген бар, оның жеті өнерпаз баласы бар. Бір тапса, солар табады. Жаныма бес жүз әскер қосып беріп, темірден кеме соққыз да мені соған жібер.

Хан табанда барлық айтқан керегін дайын қылып, бас уәзірді аттандырады. Назар сумен жол жүріп, бір айда аман-сау мұхит теңізінің ар жағындағы Сәлім шалға жетеді. Барса, жеті өнерпаз балалары жоқ, шалдың өзі ғана отыр екен. Сәлім шал әскермен келген Назардан қорқып кетеді. Назар уәзір Сәлім шалға мән-жайының бәрін баян етеді, ханның алтын мөрін басып, өтініп жазған хатын береді, әдейі іздеп келгенін айтады. Сол арада Сәлім шал балаларын шақырып алып:

- Айлық алыс, шет жерден сендердің өнеріңді естіп жетіпті. Нәсіп болса барыңдар. Егер тапсаңдар, дүние-мүлкімен қызын береді. Өнерді ішке сақтамай, сыртқа шығарыңдар! - дейді.

Сонымен жеті өнерпаз ханның бас уәзірі Назарға еріп жүреді. Бұлар бірнеше күн жол жүріп, бір-екі күн қалғанда сүйінші сұрауға Назар ханға бір кісі жібереді. Ол барып сүйінші сұрағанда хан аямай сүйінші беріп, алдынан бес жүз ошақ қаздырып, той жасайды. Аман-сау жеті өнерпазды алып Назар да келеді. Хан жеті өнерпазды көріп, қатты қуанып, бала кайғысының бәрін ұмытқандай болады. Бірер күн тыныққан соң, хан қасына жеті өнерпазды ертіп баяғы қызды көтеріп әкеткен қарақұстың қасына келеді. Қарақұс қызды алып аспанға ұшады. Жеті өнерпаздың ішіндегі үлкені аспанға ұша біледі екен, барлығын сол бастап, қызды көтеріп ұшқан қарақұстың көлеңке ізіне түсіп қуады. Бұлар көкте жеті күн, жеті түн ұшады, сегізінші күн дегенде құсты көреді. Бір дарияның жағасында құс отыр, қыз шашын тарап тұр екен. Қуғыншылардың дабыл қағып ұшқан екпінінен қорқып, қарақұс қызды алып, тағы да аспанға ұшады. Сонда қуғыншылар: «Қыздан айырылдық», - деп жылайды.

Жігіттердің үлкені екіншісіне: «Өнеріңді істе», - дейді. Екіншісі асқан мерген екен, құстың екі қанатынан көздеп атқан оғы оның екі санын жұлып түседі. Аспанда шыр айналып келіп, қыз суға түскенде, үшіншісі сушыл екен, суға сүңгіп, қызды алып шығады. Қыз жұтқан суын қайта құсып, аман түрегеледі. Бұлар енді судан құрғаққа шыққан кезде, бір үлкен айдаһар бәрін лебімен жұтып барады екен. Енді бұлардың төртіншісі асқан ұста екен, қолындағы екі тасын бір-біріне соғыстырып қалғанда бес шақырым жерден қорған соғылады екен. Ол тасын қолына алып соғыстырып еді, бес шақырым жерден қорған соғылып, әлгі айдаһар қорғанның сыртынан оралып жатып қалады. Бірнеше күн тас қорғанның ішінде бұлар да жатады. Айдаһар тас қорғанды сыртынан орап алып, қысып сыға бастайды. Бұлар қысылып өлер болған соң, бесіншісі де өнерін істейді. Бұлардың бесіншісі жер астынан жол салғыш екен, қолындағы асыл тасын шаққанда, бес шақырымдай жер астынан жол салынып шығады екен. Айдаһар сол күйінде таста оралып жатып қалады. Бұлар жер бетіне шыққан соң, еліне апаратын жолдың қай жақта екенін біле алмай, айласы таусылып, адасады. Бұлардың алтыншысы жол болжағыш екен, оқу оқып көзін сипаса, бір күндік жерден жол көреді екен. Алтыншысы өнерін істеп, бір күндік жердегі жолды табады. Бірақ өздері арып-ашып, шаршаған, жаяу жүре-жүре табандары тесілген, тамақтары және жоқ, аш әлсіреп қалады. Жетіншісі тағам жасағыш екен. Қойнындағы бір асыл табағын алып, жолдастарын күніне үш мезгіл тамаққа тойдырып отырады. Бұлар бірнеше күн жол жүріп, ханның ауылына жетеді, бәрі де аман. Қаншайым қызды да аман алып келеді. Сонан соң хан ат шаптырып той істейді. Хан елжұрты болып, жеті өнерпазға қатты риза болады. Хан жеті өнерпазға риза болғандықтан:

- Қызымды біреуің жолдас қылып алыңдар, - дейді.

Сонда тұрып жеті өнерпаздың ең үлкені:

- Бәріміз де істеген өнерімізді айтып өтелік, қайсымыздікі артық болса, сол алсын, - дейді.

Хан мақұл көреді. Сонда ең үлкені тұрып:

- Бұл қызға менің істеген өнерім бәрінен басым. Мен болмасам бұл қыз жоқ еді, - деп жеті күн қарақұстың ізімен аспанда ұшқанын айтады. - Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді ол. Екіншісі:

- Сенің өнерің таусылып, қызды қарақұс аспанға алып бара жатқанда мен атпасам, қыз жоқ еді. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.Үшіншісі тұрып:

- Сен аспаннан қызды атып түсіргенде мен судан сүңгіп алмағанда, қыз жоқ еді. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді. Сонда төртіншісі тұрып:

- Мен тастан қорған соқпағанда, бәріңді де айдаһар жұтып қоятын еді, қыз да, сендер де жоқ едіңдер. Сондықтан да қыз маған тиісті, - дейді.

- Мен болмасам, бәрің де тастың астында қырылып өлер едіңдер, сондықтан қыз маған тиісті, - дейді бесіншісі. Алтыншысы тұрып:

- Бәрің де жол таба алмай адасатын едіңдер. Бұларды адастырмай, жол тауып берген мен емес пе? Қыз маған тиісті, - дейді.

Ақырында жетіншісі тұрып:

- Менің табағымнан ас жемесендер, бәрің де аштан өлер едіңдер. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді.

Бәрі де өздерінің өнерін айтып, ханға жүгінеді. Хан білгіштерін жинайды. Сонда бір қария тұрып:

- Бұл жетеуінің бәрінің де өнері бірдей, бірақ қызды сүңгуірге қосыңыз, өйткені ол қызды басқалардан бұрын барып құшты ғой. Ал, қалған алтауына алты ханның қызын әперіп, алты жерге уәзір сайлаңыз, - дейді.

Хан қызын сүңгуірге қосып, қалған алтауына алты ханның қызын әперіп, алты елді билетіпті. Сөйтіп, жеті өнерпаз мұратына жетіпті.



Түлкі мен Бөдене

Түлкі мен бөдене екеуі айрылмас дос болыпты. Екі дос талай жерді шарлапты, талай қызық көріпті. Күндерде бір күні:

- Досым, мені бір күлдірші, - депті түлкі.

- Жарайды, күлдірейін. Сен менің артымнан ер де отыр. Мен ұшамын да отырамын, - депті бөдене. Сонымен бөдене ұшыпты да отырыпты, түлкі желе жортып, еріпті де отырыпты. Бір жерге келсе, бір кемпір сиыр сауып отыр екен, шалы бұзауды ұстап тұр екен. Бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған кемпірдің басына қона кетіпті. Түлкі анадай жерде тығылып қарап тұрыпты. Бөденені көре сала:

- Кемпір, кемпір, қозғалма! Мен мына төбеңдегі бөденені соғып алайын,- депті шал.

- Жарайды. Бірақ қатты соқпа, - депті кемпір. Шал жерде жатқан күректі алып, салып қалғанда, бөдене ұша жөнеліпті. Күрек кемпірдің басына тиіп, кемпір құлапты. Шелектегі сүті төгіліп қалыпты. Түлкі ішек-сілесі қатып күліпті.

- Досым, күлдің бе? - депті бөдене.

- Күлдім, досым, күлдім. Разымын, досым, разымын! - депті түлкі. Күндерде бір күні түлкі:

- Ал, досым, енді мені бір мықтап тұрып қорқытшы! - депті.

- Қатты қорқытайын ба, ашуланбайсың ба? - деп сұрапты бөдене.

- Жоқ, ашуланбаймын, қатты қорқыт! - депті түлкі.

- Жарайды, қорқытайын. Бірақ сен көзіңді тас қылып жұм. Мен сенің төбеңе қонып, екі қанатыммен көзіңді жабамын. Содан кейін сен жүр де отыр. Оңға десем оңға, солға десем солға жүр. Қашан мен төбеңнен ұшып: «Көзіңді аш!» дегенше, ашпа, - депті бөдене. Сонымен бөдене түлкінің төбесіне қонып, екі қанатымен көзін жауыпты. Түлкі көзін тас қылып жұмып, бөдененің жүр деген бағытына жүріпті де отырыпты. Осылай жүріп келеді, жүріп келеді. Бір кездерде бөдене:

- Аш көзіңді! - деп, ұша жөнеліпті. Түлкі көзін ашып жіберсе, тазы ерткен бір топ аңшыға таянып қалған екен. Аңшылар қызыл түлкіні көре сала қиқулап, куыпберіпті.

Түлкі қашып беріпті. Әрі-бері қашқан соң түлкінің алдынан қалың орман кез болыпты. Түлкі жалт беріп, орманға кіріп, өлдім-талдым деп аңшылардан әзер құтылыпты. Бір кезде бөдене келіп:

Қалай, досым, қорықтың ба?- деп сұрапты.

- Қорқыт - қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?! - деп, түлкі бөденені бассалып, жемек болыпты. Бөдене түлкінің аузында тұрып:

- Досым! Ұзақ жылдар дос болып, ойнап-күлдік, талай қызық көрдік. Қазір мені жегелі тұрсың. Қайтем, жесең же! Бірақ осы күнге дейін аты-жөнімізді сұрап біліскен емеспіз. Жесең де, атымды айтып жесейші, ақырғы тілегім болсын!

- Атым Маңғыт, еді - депті бөдене. Түлкі аузын ашып: Маңғыт дей бергенде:

- Аузыңа саңғыт! - деп, бөдене ұша жөнеліпті. Осыдан былай түлкі мен бөдене достықтан айрылысыпты.

Ай неге жалаңаш қалды

Бірде ай өзіне көйлек тіктіріп алмақ болыпты. Тігінші айдың бой тұрқын өлшеп алады да көйлекті пішіп, тігуге кіріседі. Уәделескен шағында Ай көйлегін алуға келсе, көйлегі әрі тар, әрі қысқа болып шығыпты.

- Иә, мен қателескен екем, - дейді тігінші. Сөйтіп, көйлекті қайта пішіп, қайта тіге бастайды. Уәделескен мерзім жақындап, Ай көйлегін алуға тігіншіге тағы келеді.

Бұл жолы да көйлегі шақ келмей, қысқа болып қалыпты.

- Иә, тағы да дұрыс өлшемеген екем ғой, - дейді. Айдың толыса беретініне түсінбеген тігінші. Сонымен қайта өлшеп, қайта пішіп, қайтадан тігуге кіріседі.

Ай тағы да көйлегін алуға келе жатады. Тігінші киіз үйдің түтігінен асқанда келе жатқан топ-толық өзі тіккен көйлектен екі есе үлкен Айды көреді. Не істерін білмей, сасқалақтап тігінші басы ауған жаққа қаша жөнеледі. Ай ары іздеп, бері іздеп тігіншіні таба алмай қалады. Сол себепті, Ай көйлексіз жалаңаш қалыпты.

Алтын балық

Баяғы заманда Бағдат шаһарында жоқшылықпен күні өткен бір кемпір мен шал тұрады екен. Олардың ортасында сегіз жасар жалғыз ұл баласы болыпты. Кемпір үй ішімен айналысады да, шал ау тартып, азын-аулақ іліккен балықты талшық қып тағам етіп күнелтеді екен. Бір күні баласы:

- Әке, мен де ау салуды үйренейін, бүгін мені жібер, - деп өтінеді. Шал мен кемпір жалғызы әлдеқалай суға түсіп кете ме деген қауіппен рұқсат етпесе де, бала жылап- еңіреп қоймағансын, «барсаң бар» дейді. Бала қуанып

кетеді. Кешкісін құрған ауына ертесімен барып қараса, бір алтын балық оралып тұрады. Бала қуанғанынан не істерін білмейді. Үйге жеткенше жүгіреді. Баласының алтын балық әкелгенін көргенде, қуанған кемпір мен шал тұра жүгірісіп, біріне-бірі соғылысып құлап та қалады. Шал балықты алып шаһардың патшасына жүгіреді. Патша сарайының күзетшілері оны сарайға кіргізбей әуре жасайды. Ақырында «патшаға тарту етіп алтын балық әкелді» дегенді естіп, кіруге патша өзі рұқсат береді.

Балықты көрген патша шалға:

- Сен өміріңде алтын балық ұстап көрген жоқ едің, мынаны кім ұстады? - деп сұрайды. Шал:

- Кішкентай ұлым ұстады, - деп жауап береді.

- Онда сол баланы жібер маған, - деп, шалды үйіне қайтарады. Бала келгенсін патша оған көп алтын береді, бала үйіне қуанып қайтады.

Оны естіген патша санаттары күншілік етеді. Олар патшаны былай деп азғырады:

- Бұл алтын балық жалғыз болмау керек. Оның жұбайын таптырып алыңыз балаға, - дейді. Патша санаттарының айтқан ұсынысын қабыл алады.

Баланы шақырып алып:

- Бұл балықтың жұбайын тауып әкел, - деп бұйырады.

Сау басына сақина тілеп алған бала үйіне жылап келеді. Патшаның бұйрығын айтады, әке-шешесі де қатты қиналады. Содан бала тағы да ау құрады. Ауына барса тағы да алтын балық ілігіп жатыр екен. Балықты алып тағы да

патшаға апарып тартады. Патша қатты разы болғандықтан көп алтын қазына береді және кемпір-шалға жақсы сарай салдырып береді. Бұрын өлмесінің күнін кешкен шалдың үйі қазір кең бөлмелері бар, дүние-мүлкі мол, жақсы,

сәулетті үйлердің қатарына кіреді. Мұны көрген патша санаттары өшпенділікті бұрынғыдан да күшейтеді. Олар енді баланы алысқа, «барса келместің» жолына жіберудің айласын қарастырады. Олар патшаға келіп былай дейді:

- Мәртебелі тақсыр, бұл бір тамаша іс болды. Тек бір келіспейтін жері алтын балық жай суда өмір сүре алмайды, оның дүниеде өзіне лайықты алтын суы да болуға тиісті, енді соны алдырыңыз, - дейді.

Аңқау патша оған да иланады. Баланы шақыртып алып алтын су тауып әкелуге жұмсайды.

- Орындамасаң дарға асып өлтіремін, - дейді патша.

Бала үйіне қатты қамығып келеді. Әкесі: «Тағы не әмір етті патша?» - деп сұрайды. Бала: «Алтын су тауып алып кел деді», - деп жылайды. Кемпір-шал мұны естігенде естерінен айырылады. Бір күні бала әке-шешесімен бақыл айтысып, алтын су іздеп алыс сапарға шығады. Ол неше орман, өзендер-

ден өтіп, биік асулардан асып, елсіз-сусыз шөл далалар мен беталды құла түзбен жүре береді. Бір жерлерге келгенде қой баққан шалға кез болады. Қарияға сәлем беріп қолын алады. Шал баладан жөн сұрайды. Бала өзінің

бағдаттық екенін, патшасының әмірі бойынша алтын су

іздеп жүрген жан екенін айтады. Қойшы шал ұзақ ойланып, сөйлепті.

- Тегі ондай су бары бар, бірақ оған жетіп алып, қайту оңай іс емес, - дейді ол. Осы арадан қырық күншілік жол жүріп үлкен дарияға кез боларсың, одан кемеге мініп өтесің. Дарияның ол шеті мен бұл шеті өте қашық. Кеме

жыл тәулігінде бір оралады. Кеме бергі жағада болса тез өтесің, арғы жағада болса бір жыл күтуіңе тура келеді, - дейді қария сөзін жалғап, - содан әрі тағы жүре бересің. Алдыңнан тас қорған көрінер, ол көрінгеннен кейін де он тәулік жол жүресің. Оның биіктігі қырық кез дейді айтушылар. Оны қыз патшасы билеп тұрады. Оның халқы да әйелден болса керек. Тұрғындары адам перісі дейді. Міне, осы шаһардың ішінде алтын сулы көл бар дегенді естігенім бар, шырағым, - дейді шал.

Бала одан әрі де ұзақ жүріп, қария айтқан дарияға келсе, керуен тиелген кеме жағадан жаңа ғана қозғалып барады екен. Жартастан кемеге секіріп береді бала. Сәті болғанда кеменің дәл үстіне түседі.Теңізден өтіп шығып неше тәулік жол жүргеннен кейін қыз патшасының тас қорғанына да жетеді, бірақ қорғанның биіктігі сондай, оның басына шығу былай тұрсын, тіпті, төбесіне қараудың өзі қауіпті болады балаға. Бала қатты қамығып, зарлап жылайды, дегенмен қарап жата алмайды. Қорғанның сыртын айналып жүре береді. Ақырында бір қорғанға жанай шыққан зәулім терекке кезігеді. Бала соның бойымен өрмелеп қорғанның басына шығады. Қорған іші, бүкіл қала, тамаша бір нұрлы сәулеге бөленіп көз тұндырып тұр екен. «Бұл алтын судың сәулесі болар», - деп ойлады бала. Мұны көрген бала дәті шыдап аялдай алмай қорғаннан ішке қарай секіреді. Содан кейінгіні өзі де сезбейді. Бір

уақытта көзін ашса, бір үйдің ішінде жатыр екен. Үй ішіне көз салып қараса, тамаша көрікті үй екен, ешбір жан сезілмейді. Бір уақытта есіктен бойжеткен қыз кіреді. Қыздан бала сұрай бастайды.

- Мен қайда жатырмын?

- Сені қорғанның ішінде мүшкіл халде жатқан жеріңнен осы үйге алып келдім, бүгін үшінші күн, сен маған өз жайыңды баян етші! - дейді қыз.

- Мен Бағдаттан келемін, алтын су іздеп жүрмін, - дейді бала.

- Сенің іздеген суың осында бар. Бірақ, бұл жер сен үшін өте қауіпті, - дейді қыз. Мұнда, - дейді ол, - адам перісінің уалаяты тұрады. Патшамыз Қорлығайым деген қыз. Оның халқы да бір өңкей әйелдер, еркек адам аты

мен болмайды. Егерде ер адам мұнда кезіксе өлтіреді, мен саған шынымды айтсам, өзім бұл араның адамы емеспін. Тегі, сол өзіңнің айтқан «Бағдат» шаһарынан болуым керек. Олай дейтінім, - дейді қыз, - патшамыздың

маған «әй, Бағдат қызы» деп шақырғаны әлі есімде қалыпты. Мені осында жас кезімде көтеріп алып келсе керек. Сондықтан, - дейді қыз, - осы мен тұрған үйде көрінбей тұра бер. Білсе, сені де, мені де жоқ қылады. Сонымен бала көрінбестен қызбен бірге бірі апа, бірі іні есебінде тұра береді. Әлгі «Бағдат қызы» патшаның аспазшысы екен, ол күн сайын түрлі жемістерден басқа да әртүрлі тәтті өсімдіктерден тамақ жасап беріп тұрады екен, алайда тағамға тұз салу дегенді білмейді екен. Бір күні бала қалтасының түбінде жүрген бір кесек тұзды қазанға тастап жібереді. Сол күні асын ішкеннен кейін Қорлығайым аспазшы қызды шақырып алып: Бүгінгі асты кім пісірді», - дейді. Аспазшы қыз бүгінгі тамағының аса дәмді екендігін өзі де сезген болатын, сондықтан ол былай деп жауап береді:

- Тақсыр патшам, мен сізге нағыз шынымды айтайын. Бұдан он бес жыл бұрын еш адамға қатыссыз жүкті болып бір қыз тудым, сол қызым қазір он бес жасқа жетті, бүгінгі асты пісірген сол, - дейді.

Патша өзінің санаттарын жиып алып:

- Қазір шаһардың халкын түгел алтын көлдің жағасына сапка тұрғызыңдар, - деп бұйырады. Әлгі аспазшы қыз да баланы қыздарша киіндіріп жиынға алып барады. Халық жиналып болған соң, дереу шешініп суға түсуге тәртіп беріледі. Сол уақытта баланың ер екені анық-

талады да, бір санатына патша баланың басын кесуге бұйырады. Баланың басын алмақшы болған патша санаты баланың көрікті жүзінен есі ауып құлайды. Екінші санаты да оның аяғын құшады. Бұған ашу шақырған

патша балаға қылышын алып өзі ұмтылады. О да есі ауып құлайды. Есін жиып, Қорлығайым патша халқын таратады да, баланы өз сарайына енгізуге бұйырады. Сарайға келгенсін қыз патша балаға айтады:

- Менің саған ықыласым түсті, сондықтан өлтірмедім. Ықтияр болсаң, саған тиемін және тағымды беремін, - дейді Қорлығайым.

- Қарсылығым жоқ, - дейді бала, - бірақ сізге қояр бір тілегім бар, қабыл алсаңыз.

- Айт! - дейді қыз патша.

- Мен елімнен шықканда, патшамыздың әмірі бойынша, алтын су іздеп шығып едім. Сол іздегенім сіздің шаһардан табылды. Соны патшамызға табыс етсем деймін. Тілегім осы, - дейді бала.

Патша баланың тілегін қабыл алып, Шолақ пері деген бас санатына бұйрық береді: «Керекті мөлшерде алтын суды алып және мына баланы қанатыңа отырғызып Бағдат патшасына жеткіз», - дейді. Бағдат патшасының сарайына алып келіп түсіреді де, Шолақ пері былай дейді: «Патшаңызға кіріңіз де, алтын балық жүзетін хауызды көрсетіңіз және, - дейді ол, -

мен өзіңе керек болған кезде, мынаны тұтата қоярсың», - деп шашынан екі тал жұлып береді.

Бала патшасына кіріп бұйрығын орындап келгенін айтып:

- Хауызды қараңыз, - дейді. Қараса, хауыз алтын сумен лық толып тұрады. Оны көрген патша хисабы жоқ сыйлықтар береді. Бала үйіне барғанда әке-шешесі баласын танымай қалады. Қасірет пен қапалық шеккен сорлылар айтумен әрең таниды. Олар баласының аман келгендігіне үлкен той жасап жатқанда, патшаның жауыз санаттары баланы қалайда жоюға әрекеттеніп жатады. Олар тағы да патшаға келіп былай дейді:

- Зор мәртебелі, патша ағзам! Дәрежеңіздің бұдан да жоғары болғанын шын ниетпен тілейміз. Сіздің алтын балығыңыз да бар, ол еркін жүзетін алтын суыңыз да болды. Әрине, тақсыр, бұған өзіңіздің данышпандығыңыз арқылы жетіп отырсыз. Екінші жағынан, біздің көмегіміз болғанын

біліп отырсыз. Біздің сізге тағы бір берер кеңесіміз бар.

- Айтыңыздар, бағалы ұсыныстарыңды тыңдауға

әрдайым әзірмін, - дейді патша.

- Ол мынандай, дүниеде екі алтын құс бар дегенді

естиміз. Енді соны алдырсаңыз, мәртебеңіз бұрынғыдан

да артар еді, - деп азғырады олар.

Ақылсыз патша оған да иланады. Баланы шақырып алып екі алтын құсты тауып әкелуге бұйырады. Бұл жолы да бала үйіне қамығып келеді. Алайда ол Қорлығайымға барып ақылдаспақшы болады. Шолақ перінің екі тал шашын тұтатады. Сол-ақ екен, Шолақ пері жетіп келіп, баланы алып қыз патшаға көзді ашып-жұмғанша жетіп барады. Бала қыз патшаға өз патшасының тапсырмасын - екі алтын құсты іздейтінін айтады. Қорлығайым оны да өзі табатынын ескертеді. Шолақ періні өзінің басқа елде патша болып тұрған ағасына жұмсап былай дейді:

- Қорлығайым қарындасың ерге шығатын болды, со-

ның тойына шақырады және екі алтын құсын шашуға

алып келсін деп айтты де, - дейді.

Қарындасының тойына екі алтын құсын алып, ағасы да келеді. Сөйтіп Қорлығайымның отыз күн ойыны, кырық күн тойы өткенсін, екі алтын құсты алып бала Шолақ перінің қанатына мініп еліне келеді. Патшаға екі алтын құсты тарту қылып тартқасын патша разы болып патшалық тағына отыруға балаға өз орнын береді. Сүйтіп, кемпір-шалдың баласы екі елді өзі билеп, Қорлығайымды әйелдікке алып, барша мұратына жетіпті. Қорлығайымға аспазшы болған бағдаттық қыз сол баланың туған апасы, кемпір-шалдың тұңғыш қызы екен. Оны бес жасында белгісіз нәрсе көтеріп алып кеткен

екен. О да әке-шешесін көріп, қуанышқа кенеледі.



Каталог: uploads -> doc -> 04d0
doc -> Тест сынып Ұлы Отан соғысы нұсқа
doc -> Пєн атауы: Математика
doc -> Сабаќтыњ тарихы: ХІХ ѓасырдыњ 60-70 жылдарындаѓы ќазаќ халќыныњ отарлыќ езгіге ќарсы азаттыќ к‰ресі
doc -> 1 -сынып, аптасына сағат, барлығы 34 сағат Кіріспе (1 сағат)
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақтың тақырыбы: XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы
04d0 -> Сабақтың тақырыбы: «Топтық жұмыстарды ұйымдастырудың оқыту үшін тиімділігі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет