Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Павлодар облысындағы "Майқайың-алтын" АҚ кен аумағында жер астына түсіп кеткен автобусты іздеу жұмыстары жайлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, қазір "Майқайың-алтын" зауытының аумағының топырақтың опырылу қаупі бар.

"Іздестіруді жүргізу кезінде опырылып қалу қаупі бар екені байқалды. Біз тірі адамдардан, яғни құтқарушылардан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан шамамен наурыз айына дейін тексеріс аяқталады, іздеу және жалпы жұмысты қалпына келтіру туралы қосымша шешім қабылдаймыз", – деді Шыңғыс Әрінов үкімет отырысында.

Министр мәйіттерді іздеуді жалғастыру немесе толық тоқтату туралы түпкілікті шешім сараптама қорытындысынан кейін қабылданатынын қосып өтті. 

"Егер аймақтың қирау қаупі төнетін болса, онда, әрине, біз сол жерде шешім қабылдаймыз", – дейді ТЖМ басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Кейін жердің опырылу қаупіне байланысты іздеу тоқтатылды. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.