Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот

Заң жобасының нормалары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы қамтиды.

“Конституциялық сот "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңының мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен босатылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне шексіз тыйым салуды белгілеу бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп таныды”, – деді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлы.

Конституциялық сот заңда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің сай келмейтінін атап көрсеткен.

“Бұл ретте конституциялық сот кәсіби емес қызметіне байланысты, теріс себеппен өкілеттігін тоқтатқан судья өзге де салаларда, соның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек ету конституциялық құқығына ие бола алады деп есептейді”, – деп атап өтті комитет төрағасы.

Айта кетейік, Дархан Медеғалиұлы кірісінен шығысы асып кеткендер жұмыстан шығарылатынын айтқан еді. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.