“Яндекс такси” жүргізушілеріне жеңілдікпен жеке кәсіпкерлік ашуға мүмкіндік берілді. Бірақ көбі тіркеуден өткен жоқ. Өтпегендер не істейді, кәсіпкерлік ашып, салық төлеп жүргендер бар ма? Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов сенат кулуарында осындай сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: 123rf.com

Қаржы министрлігі Яндекс компаниясымен пилоттық жобаны іске асырып жатқан көрінеді.

“Мақсаты – салық төлемей көлеңкелі экономикада жүрген такси жүргізушілерін заңды алаңға жинап, тіркеу. Екі айдың ішінде 10 мыңға жуық жүргізуші тіркеліп, салық төлеп жатыр. Біз сараптама жүргізу кезінде мұнда салық сұрақтарынан бөлек әлеуметтік сұрақтар, алимент төлемегендер, кредиті бар азаматтар бар екені анықталды. Сол себепті оны басқа өкілетті органдармен бірге қарастырамыз”, – деді Біржанов.

Оның сөзінше, жаңа салық кодексі шеңберінде жаңа жұмыс беру режимі енгізіледі.

“Оның басты тиімділігі такси, курьер сияқты азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет емес деген ұсыныс жасап жатырмыз. Олар үшін операторлар агент ретінде төлемді бюджетке ауыстыру керек деген ұстанымдар бар. Егер депутаттар қолдаса осы норма ендігі жылдан бастап күшіне енеді”, – деп атап өтті ол. 

Сонымен қатар ол салық төлемей жүргендер жазалануы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.

“Тіркелген, бірақ салық төлемей жүргендер, аударымдар түсіп жатқандар бар. Олардың салықтық бақылауға ілігуі мүмкін. Сол себепті бәріне тіркеліп, заңды жұмыс істеуге кеңес беремін”, – деп түйіндеді вице-министр. 

Бұған дейін қаржы министрінің орынбасары кәсіпкерлердің 67%-і табысын жасырып отырғанын айтты. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.