Қазақстанда бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 9000-ға жуық науқас диализ процесіне тәуелді. Бүгінде диализ процесін алу барлық науқасқа тегін. Бұл үшін үкімет тарапынан миллиардтаған қаржы бөлінеді. Негізінен гемодиализ қызметін жекеменшік орталықтар ұсынады. Мамандар Қазақстанда диализ саласы дамып жатқанын айтқанымен, шешімін таппаған біраз мәселе бар екенін тілге тиек етеді. Осы тұста Stan.kz тілшісі созылмалы бүйрек ауруы мен диализ саласындағы проблемаларды анықтап көрді. 

Әлемде және Қазақстанда кең тараған дерттердің бірі – бүйректің созылмалы ауруы. Мамандар бүйректің созылмалы ауруын "баяу ушығатын дерт" деп атайды. Себебі алғашқы кезеңде ауру ешқандай симптомсыз өтеді екен. Тіпті кейде бүйрек қызметі бұзылып, жұмысын тоқтатқанға дейін аурудың белгілері мүлде байқалмауы мүмкін. 

Бүйректің созылмалы ауруының алғашқы белгілері өзге аурулардың симптомдарына ұқсайды. Мәселен, адамның тәбеті жоғалып, жалпы әлсіздік пайда болады. Кейін бас ауырып, жүрек айнуы мүмкін. Уақыт өте науқас салмақ жоғалта бастайды. 
Ал дерт ушыққан кезде бұлшық ет ауырып, терісінің түсі ақшылдана түседі. Ұйқы басып, зейін қою қабілеті төмендейді. Сондай-ақ қол-аяғы ұйып, ісінеді, ауыздан жағымсыз иіс шығады. 

Бүйрек қанды сүзіп, денедегі тұз бен су деңгейін теңестіретін маңызды ағза екенін естен шығармаған жөн. Ал бүйректің созылмалы ауруы уақыт өте бүйрек қызметінің бұзылуына алып келуі ғажап емес. Егер бүйрек қызметі бұзылса, несеп аз мөлшерде шығып, ағзадағы қажетсіз және зиян заттар дұрыс сүзілмейді. Сондықтан артық су мен қажетсіз қалдықтар қан құрамында жинала береді. 

Нефрологтердың сөзінше, Қазақстан халқының 10%-ға жуығы бүйректің созылмалы ауруына шалдыққан. Кейінгі статистикаға көз жүгіртсек, елімізде бұл ауруды өлімге алып келетін инфекциялық емес 5 дерттің қатарына қосады екен. Өйткені бүйректегі дерт бірден байқалмайды, ал азаматтар ауру асқынғанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. 

Бүйрек ауруы асқынған жағдайда арнайы комиссияның шешімімен науқасқа диализ тағайындалады немесе ағзаны ауыстыру ұсынылады. Дегенмен елімізде донор болу аса дамымағандықтан, науқастар диализге жүгінеді. 

Диализ дегеніміз не?

Бүйрек гемодиализі – қан құрамындағы қажетсіз заттар мен артық сұйықты шығару әдісі. Созылмалы аурудың кесірінен бүйрек бұл қызметті атқара алмай қалады. Сондықтан науқастар арнайы аппарат арқылы қанын тазартып отыруы керек.
Қазір Қазақстанда 9 мыңға жуық адам диализге жүгінеді. Жыл сайын мұндай науқастардың саны 7-10%, ал әр 10 жылда 2 есе артады екен. Мамандардың сөзінше, елімізде диализ сапасы да жақсарып келеді, дәл осы әдіс арқылы бүйрек дертіне шалдыққандар ондаған жыл өмір сүре алады.

 

Әйткенмен диализ көп уақыт алады. Мәселен, әр сеансқа науқастар 4 сағаттан жұмсайды. Қан тазарту үшін олар диализ орталығына аптасына үш рет келуге мәжбүр. Мұның барлығы адамдардың психологиясына да кері әсер еткендіктен, елдегі диализ орталықтарында арнайы психологтер жұмыс істейді. Олар науқастардың ішкі жай-күйін бақылап, ақыл-кеңес беріп отырады. Нефрологтер жыл санап елде бүйрек дертіне шалдыққандардың көбейіп жатқанын айтып отыр. 

Қазақстандағы гемодиализ саласының қазіргі жағдайы

Бүгінде науқастардың 90%-ы гемодиализ процедурасы үшін жеке орталықтарға барады. Қазақстанда барлығы 175 диализ орталығы болса, оның 151-і жекеменшік орталық. Науқастардың диализ қызметін тегін алатынын ескерсек, мемлекет тарапынан мұндай орталықтарға қаржылай көмек көрсетіледі. Мысалы, кейінгі жылы жекеменшік диализ мекемелеріне 45 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініпті. 

Диализ орталықтарының қызмет көрсету стандартына тек процедураның өзі ғана емес зертханалық сараптамалар, негізгі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. 

Диализ қызметі Қазақстанда дамып келе жатқанымен, мемлекет тарапынан тағайындалған гемодиализ тарифі тиімді емес. Мұны дәрігерлер айтып отыр. Өйткені әр науқасқа бөлінетін қаржыны белгілегенде арнайы құрылғыларға жұмсалған инвестиция, шығын мен жеке инвестордың табысы мүлде есепке алынбаған. Салыстыру үшін, елімізде бір науқасқа гемодиализ үшін мемлекет тарапынан 74$ бөлінсе, Сауд Арабиясында әр адамға 290$, Ұлыбританияда 180$, Чилиде 126$ бөлінеді екен. 

Еліміздегі гемодиализ тарифі 2023 жылы 35 790 теңге болған. Ал 2024 жылы тарифке 441,39 теңге қосылып, 36 231 теңгеге жеткен. Бұл қаржының басым бөлігі диализатор, шприц пен бикарт секілді жабдықтарға, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Дегенмен қаражат жекеменшік диализ орталықтарының барлық шығынын өтеуге жетпейді. 

"Жоғарыда аталған факторларды ескере келе біз тарифті 20% көбейтуді сұраймыз. Егер тариф ақылға қонымды болса, науқастарға қызмет көрсету сапасы жақсарып, аймақтардағы клиникалар қолжетімді бола түседі. Ем жүргізудегі инновациялық шешімдерге инвестиция құюға да мүмкіндік туады. Бұлай болмаған жағдайда жеке диализ орталықтары жабылып қалуы әбден мүмкін", – дейді Diaverum компаниясының Қазақстан бойынша директоры, Диализ қызмет көрсетушілер қауымдастығының төрағасы Амантур Рысқұлов. 

Суретте Амантур Рысқұлов

Бүгінге дейін аталған қызметке жекеменшік компаниялар 15 миллиард теңге бөлген, оның 7 миллиарды диализ аппаратын алуға жұмсалыпты. Соның ішінде Diaverum компаниясы – Қазақстанда диализ қызметін ұсынатын ірі компаниялардың бірі. Елімізде Diaverum компаниясының 50-ден аса клиникасы жұмыс істейді. Компания тек диализ қызметін көрсетіп қоймай, елдегі бұл саланың дамуына тоқтаусыз инвестиция құйып келеді. . 

Қазақстандағы гемодиализ тарифі мәселесін бұған дейін мәжіліс депутаттары да көтерген. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға 2023 жылдың 20 желтоқсанында жолданған сауалда жыл сайын алынатын дәрілер мен материалдардың қымбаттап жатқаны айтылған. Сондықтан депутаттар диализге мұқтаж науқастарға бөлінетін тарифтің өсуін қолдап отыр. 

"Тарифті көтермеу бұл қызметтердің тоқтауына әкеледі. Ал бұл сөзсіз көрсетілетін қызмет сапасының нашарлауына, көптеген жеке гемодиализ орталықтарының жабылуына әкеліп соғады. Сол арқылы 9000-нан астам диализді науқастардың 7200-і жеке орталықтарда медициналық көмек алатынын ескерсек, аталмыш жайт адамдардың өміріне қауіп төндіреді", – делінген депутаттық сауал мәтінінде. 

Аурудың емін іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Амантур Рысқұлов елімізде нефрология саласының жетілмегенін тілге тиек етті. Сөзінше, Қазақстанда нефрология саласында қызмете ететін мамандар өте аз. Себебі мемлекеттік ауруханаларда жалақы деңгейі төмен болғандықтан, білікті нефрологтер жекеменшік компанияларда, диализ орталықтарында жұмыс істеуге мәжбүр. 

"Мемлекеттік ауруханада 200-300 мың теңге жалақы төлеуі мүмкін. Ал жекеменшік компанияларда жалақы жоғары болғандықтан, мамандар сол жаққа жұмыс орнын ауыстырады. Қазір елдегі барлық нефрологтардың 90%-ы диализ орталықтарында қызмет етіп жүр. Сондықтан азаматтардың денсаулығына мән бергеніміз жөн. Қазір диализ сеансы үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Дәл солай денсаулық сақтау, нефрология салаларына да қолдау көрсетсек, уақыт өте бүйрек жетіспеушіліге шалдыққандар саны да азаяр еді", – деп түйіндеді маман. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.