Алтыншы тарау: Таухидтің және «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» деген куәліктің мағынасы



Дата09.05.2018
өлшемі287.48 Kb.
#28276

АЛТЫНШЫ ТАРАУ:

Таухидтің және «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» деген куәліктің мағынасы


«Әл-Исра» сүресі, 57-аят:



أُولَئِكَ الَّذِينَ يَدْعُونَ يَبْتَغُونَ إِلَى رَبِّهِمُ الْوَسِيلَةَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ وَيَرْجُونَ رَحْمَتَهُ وَيَخَافُونَ عَذَابَهُ إِنَّ عَذَابَ رَبِّكَ كَانَ مَحْذُورًا (٥٧)

«Олардың дұға етіп жалбарынғандары өздері Раббыларына қалай жақын боламыз деп ізденеді. Оның рахметінен үміт етіп, азабынан қорқады. Расында, Раббыңның азабынан сескену қажет».
Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Автор осыдан бұрыңғы тарауларда таухидтің не екендігін түсіндіріп, оның артықшылықтары, оған шақыру қажеттілігі және оған қайшы болған нәрседен, яғни Аллаһқа серік қосудан (көпқұдайшылық-ширктен) қорқу керек екендігі туралы дәлелдер келтірген соң, шейх, Аллаһ оны рахымына бөлесін, бұл тарауда таухидтің мағынасын түсіндірді. Өйткені кейбір адамдар нақты таухид (бірқұдайшылық) куәлігінің мағынасын және жалпы бірқұдайшылықтың мағынасын түсінуде қателеседі. Көпшілік таухид – бұл Аллаһтың бар екенін, немесе Ол барлық нәрсені басқаратынын айту ғана деп түсінеді. Бірқұдайшылықтан түсінуге тиісті нәрсе бұл емес. Бірқұдайшылық дегенде автордың, Аллаһ оны рахымына бөлесін, осы кітапта келтірген шариғи мәтіндері нұсқайтын нәрселер меңзеледі. Бұл тараудағы кейбір мәтіндер құлшылық-ғибадаттың тек жалғыз Аллаһ Тағалаға арналуы және ширктен таза болуы керек екені туралы баяндайды.

Бұл аят таухидтің мағынасына және «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасына нұсқайды. Онда сондай-ақ таухид пен оның куәлігі талап ететін нәрселерге, яғни көпқұдайшыл-мүшриктер істеп жатқан нәрселерді тәрк етуге нұсқау бар. Ал бұл – әулиелерге дұға етіп жалбарыну, оларға тәуекел ету әрі солардан Аллаһтың алдында шапағат етуін сұрау, немесе олар арқылы әлдебір қайғы-қасіреттерден пана, немесе Аллаһ олардан әлдебір қайғыны немесе қиыншылықты қайтаруын тілеу. Мұның барлығы үлкен ширк болып табылады.
Аяттан алынатын пайдалар:


  1. Аятта әулиелер мен ізгілерге қайғы-қасіреттерден құтқаруын тілеп, немесе әлдебір пайда келтіруін сұрап жалбарынатындарды теріске шығару бар, өйткені олардың жалбарынып жатқандары тіпті өздеріне пайда келтіре алмайды, әрі өздерінен зиянды қайтара алмайды, ендеше, қалайша олар өзгелерге бір нәрсе істей алмақ?!

  2. Аятта пайғамбарлар мен Аллаһтың ізгі құлдарының тақуалығына, сондай-ақ олардың Аллаһтың рахымына қаншалықты күшті үміт еткеніне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
«Әз-Зухруф» сүресі, 26-27 аяттар:

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ لأبِيهِ وَقَوْمِهِ إِنَّنِي بَرَاءٌ مِمَّا تَعْبُدُونَ (٢٦)إِلا الَّذِي فَطَرَنِي فَإِنَّهُ سَيَهْدِينِ (٢٧)
Сол уақытта Ибраһим әкесіне әрі еліне: «Шын мәнінде, мен сендердің табынған нәрселеріңе қатыссызбын», - деді, - «Бірақ мені жаратқан Аллаһтан басқа. Расында, Ол мені тура жолға салады», - деді”.
Бұл аят таухидтің және «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасына нұсқайды, ал бұл – жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық ету және көпқұдайшыл-мүшриктерге қатыссыз болу. (Бүкіл құлшылық объектілерін) теріске шығару («нәфи») Ибраһимнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) «қатыссызбын» деген сөзінде, ал (Аллаһты жалғыз құлшылық объектісі ретінде) бекіту («исбат») оның «мені жаратқан Аллаһтан басқа» деген сөздерінде қамтылған.
Осы аяттан алынатын пайдалар:

  1. Аятта Ислам куәлігінің мағынасы тек Жалғыз Аллаһқа ғана ықыласты түрде құлшылық етуде және Одан басқа кімге (неге) болсын құлшылық жасауға қатыссыз болуда көрініс табатын Аллаһты жалғыз ету (таухид) болып табылатынына нұсқау бар.

  2. Аятта адам көпқұдайшылдардың дініне өзінің айқын қатыссыздығын көрсетуге міндетті екеніне нұсқау бар.

  3. Аятта адам Аллаһтың дұшпандарына деген өзінің қатыссыз екенін ашық мәлімдеуге міндетті екеніне нұсқау бар, тіпті бұл сенің ең жақын адамың болса да.

-----------------------------------------------------------------------------------------------


«Әт-Тәуба» сүресі , 31-аят:

اتَّخَذُوا أَحْبَارَهُمْ وَرُهْبَانَهُمْ أَرْبَابًا مِنْ دُونِ اللَّهِ وَالْمَسِيحَ ابْنَ مَرْيَمَ وَمَا أُمِرُوا إِلا لِيَعْبُدُوا إِلَهًا وَاحِدًا لا إِلَهَ إِلا هُوَ سُبْحَانَهُ عَمَّا يُشْرِكُونَ (٣١)

«Олар ғалымдары мен машайыхтарын және Мәриям ұлы Исаны Аллаһтан өзге құдай етіп алды. Негізінде, олар жалғыз Құдайға ғана құлшылық етуге бұйырылған болатын. Өйткені Одан басқа ешбір құдай жоқ. Ол олардың қосқан серігінен Пәк».
Бұл аят таухид пен «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасы – Аллаһқа Оның хәләл еткен нәрселерін хәлал деп, ал харам еткен нәрселерін харам деп бағынуда Оны жалғыз ету екеніне, әрі кім Аллаһтан басқа кімді болса да Аллаһтың харам еткен нәрсесін хәлал етуге және оны қолдануға құқықты деп мойындаса, әрі Аллаһтың хәлал еткен нәрсесін харам етіп одан аулақ болуға құқықты деп санаса, сол көпқұдайшыл-мүшрик болатына нұсқайды.
Аяттан алынатын пайдалар:

  1. Аятта таухид пен «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасы – бұл Аллаһқа Оның хәлал және харам еткен нәрселерінде бағыну екеніне нұсқау бар.

  2. Аятта кім хәлал нәрсені харам етуші немесе харам нәрсені хәлал етуші біреуге ілессе, соны Аллаһқа теңеген болатынына нұсқау бар.

  3. Аятта христиандарды олардың Исаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қатысты сенімдерінде теріске шығару және ол Аллаһтың құлы екендігінің түсіндірмесі қамтылған.

  4. Аятта Аллаһты көпқұдайшыл мүшриктерден пәктеу қамтылған.

------------------------------------------------------------------------------------------------
«Әл-Бақара» сүресі, 165-аят:

وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَتَّخِذُ مِنْ دُونِ اللَّهِ أَنْدَادًا يُحِبُّونَهُمْ كَحُبِّ اللَّهِ وَالَّذِينَ آمَنُوا أَشَدُّ حُبًّا لِلَّهِ وَلَوْ يَرَى الَّذِينَ ظَلَمُوا إِذْ يَرَوْنَ الْعَذَابَ أَنَّ الْقُوَّةَ لِلَّهِ جَمِيعًا وَأَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعَذَابِ (١٦٥)

«Адамдардың арасында Аллаһқа өзгелерді теңдес етіп, оларды Аллаһты сүйгендей сүйетіндер бар. Ал, иман келтіргендер Аллаһты артық сүйеді. Егер залымдар азапты көрген кезде бүкіл қуаттың Аллаһқа тән екенін және Аллаһтың қатты азап иесі екенін көрсе еді».
Бұл аят таухид пен «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасын түсіндіретін шариғи мәтіндердің бірі болып табылады. Ол сондай-ақ егер біреу Аллаһқа әлдекімді (әлденені) серік қосса, әрі оны Аллаһты сүйгендей сүйсе, сол көпқұдайшыл болатынына нұсқау бар. Бұл аяттан біз сондай-ақ бір Раббы ғана адамнан жалғыз Оған ғана құлшылық етуде ықыластылық танытуды және ол тек Аллаһтың алдында ғана өзін қор тұтып, Оған мойынсұнушылықпен тағзым-итағат етуді талап ететіндей сүюге лайықты екенін біле аламыз.
Аяттан алынатын пайдалар:

  1. Аятта таухид пен «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасы – бұл адамды Аллаһтың алдында өзін қор тұтып, мойынсынушылықпен тағзым-иғат етуге алып келетіндей сүйіп-жақсы көруде жалғыз ету болып табылатынына нұсқау бар.

  2. Аятта көпқұдайшыл-мүшриктер де Аллаһты қатты жақсы көретініне, бірақ бұл жақсы көруі оларды Исламға кіргізбейтініне нұсқау бар, өйткені олар осы жақсы көруінде Аллаһқа серік қосты.

  3. Аятта көпқұдайшылық (ширк) ең үлкен зұлымдық екеніне нұсқау бар.

  4. Аятта мүшриктерді Қиямет Күніндегі азаппен қорқыту бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланатын хадис: ««Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ», - деп айтып, Аллаһтан басқа бүкіл нәрсеге құлшылық етуден бас тартқан адамның мал-мүлкі мен өмірі қол сұғылмайтын (харам) болып табылады. Ал есеп-жауапты ол Ұлы және Құдіретті Аллаһтың алдында береді» (Муслим 23, Ахмад «Муснадта» 472/3).
Бұл хадисте «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» деген куәлік түсіндіріп беретін ең ұлы нәрсеге нұсқау бар, ал бұл – Аллаһтан басқа құлшылық жасалатын нәрселердің барлығына күпірлік таныту (сенбеу).
Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігінің мағынасы – Аллаһтан басқа құлшылық жасалатын нәрселердің барлығына: олар пұттар, қабірлер, немесе басқа да заттар болсын - күпірлік таныту (сенбеу) болып табылатынына нұсқау бар.

  2. Хадисте «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» деп жай айтудың және Аллаһтан басқа құлшылық жасалатын нәрселердің барлығына (тілмен ғана) күпірлік етудің өзі ғана, егер адам Ислам куәлігінің мағынасын түсініп, соған сәйкес өмір сүрмесе және оған Аллаһтан басқа құлшылық жасалатын нәрселердің барлығына (іс жүзінде) күпірлік етуін қоспаса, оның мал-мүлкі мен өмірін қол сұғылмайтын (харам) етпейтініне нұсқау бар. (Алайда бұл туралы үкім шығару елбасшы мен шариғи соттың (қазының) айрықша құзіреті болып табылады).

  3. Хадисте бірқұдайшыл және шариғатты (яғни Құран мен Сүннетке негізделген Аллаһтың заңын) ұстанатын адам осы заңдарға қайшылық танытпайынша, оның қол сұғылмаушылығы міндетті болып табылатынына нұсқау бар.

  4. Хадисте адам көпқұдайшыл-мүшриктің, егер ол Исламды қабылдаған болса, малы мен жанына қастандық жасауға құқықты емес екендігіне нұсқау бар, тіпті бұл соғыс кезінде орын алса да. Тек ол осыған қарама-қайшылық танытпаса ғана.

  5. Хадисте «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігін тілімен айтатын, бірақ іс жүзінде Аллаһтан басқа құлшылық жасалатын нәрселерге күпірлік танытпайтын адамдар бар екеніне нұсқау бар.

  6. Аятта дүниелік үкім тек сыртқы сипаттарға қарап шығарылу қажет екеніне нұсқау бар, ал Ақыреттегі үкімге келер болсақ, онда ол адамның ниеттері мен мақсаттарына сәйкес болады.

  7. Аятта мұсылманның мал-мүлкі мен қаны қол сұғылмайтын (харам) екеніне нұсқау бар, тек құқықты жағдайлардан бөлек.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Ал әрі қарай жалғасатын тарауларға келер болсақ, оларда таухид пен «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігі мағынасының түсіндірмесі, сондай-ақ үлкен және кіші ширкке қатысты көптеген тақырыптардың түсіндірмесі де келтіріледі. Оларда сондай-ақ үлкен және кіші ширкке алып келуі мүмкін болған нәрселер: мейлі олар шектен шығушылық немесе (дінге) енгізілген жаңалық болсын – әрі адам «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» куәлігіне сәйкес тәрк етуге міндетті болған нәрселер де түсіндіріледі.

------------------------------------------------------------------------------------------------


ЖЕТІНШІ ТАРАУ:

Бәледен құтылу немесе оны болдырмау мақсатында сақина, жіп, т.с.с. нәрселерді тағып жүру көпқұдайшылықтың көрінісі болып табылады
«Әз-Зүмар» сүресі, 38-аят:

وَلَئِنْ سَأَلْتَهُمْ مَنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضَ لَيَقُولُنَّ اللَّهُ قُلْ أَفَرَأَيْتُمْ مَا تَدْعُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ إِنْ أَرَادَنِيَ اللَّهُ بِضُرٍّ هَلْ هُنَّ كَاشِفَاتُ ضُرِّهِ أَوْ أَرَادَنِي بِرَحْمَةٍ هَلْ هُنَّ مُمْسِكَاتُ رَحْمَتِهِ قُلْ حَسْبِيَ اللَّهُ عَلَيْهِ يَتَوَكَّلُ الْمُتَوَكِّلُونَ (٣٨)

ухаммад,) егер олардан: «Көктер мен жерді кім жаратты?», - деп сұрасаң, әрине, олар: «Аллаһ», - дейді. «Аллаһтың орнына дұға етіп жалбарынғандарыңды көрдіңдер ме? Егер Аллаһ маған бір зиян беруді қаласа, олар Оның апатын айықтыра алады ма? Немесе Аллаһ маған бір игілік қаласа, олар Оның игілігін тоса алады ма?», - де. «Аллаһ маған жетіп асады. Тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін», - де”.


Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Бұл аятта таухидке (бірқұдайшылыққа) қайшы келетін нәрсе атап кетіледі, ал ол – әлдебір бәле-қырсықтан құтылуда немесе оны болдырмауда Аллаһтан басқа біреуден пана тілеу. Расында, таухид оған қарама-қайшы келетін нәрсе арқылы танылады.

Бұл аятта жалпы ширктің де, әрі тура сол сияқты нақты сақина немесе жіп тағудың да, егер адам мұны осы заттарға тәуекел ету ниетімен істесе, негізсіз екеніне нұсқау бар. Өйткені бұл заттар оны ешқандай бәле-қырсықтардан қорғай алмайды.
Аяттан алынатын пайдалар:


  1. Аятта ширктің жарамсыз, негізсіз екеніне нұсқау бар, өйткені Аллаһтан басқа құлшылық жасалатынның барлығы өздеріне құлшылық ететіндерге не пайда, не зиян келтіру күшіне ие емес.

  2. Аятта әлдебір пайдаға қол жеткізу немесе бәледен құтылу үшін сақина немесе жіп киіп (тағып) жүретіндерге қатаң ескерту бар, өйткені мұның барлығы ширкке және пұттарға дұға етіп жалбарынуға жатады.

  3. Аятта мүшриктердің (көпқұдайшылдардың) көпқұдайшылығының негізсіз екенін әшкерелеу үшін олармен айтысудың заңды екеніне нұсқау бар.

  4. Аятта Аллаһқа ғана тәуекел етудің, бүкіл істеріңді Пәк әрі Қасиетті болған жалғыз Соған тапсырудың міндетті екеніне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Имран ибн Хусайн былай деп баяндағаны жеткізіледі: “Бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қолына сары (мыс) сақина тағып алған бір адамды көрді де, одан: «Бұл не?», - деп сұрады. Әлгі адам: «Мен оны әлсіздікке шалдықпауым үшін тағып жүрмін», - деп жауап берді. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қазір-ақ оны шешіп таста, өйткені ол тек әлсіздігіңді көбейтуде. Егер сен қолыңа осы сақинаны тағып жүрген күйіңде өлсең, ешқашан құтылмайсың», - деді” (Ахмад «Муснад» 445/4, Ибн Хиббан 1410, 1411, Ибн Мәжаһ 3531, әл-Хаким «Мустадрак» 216/4).
Имран ибн Хусайн ибн Абиид Халәфи Жәзаи (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы әрі сахабаның ұлы болатын. Исламды Хайбар шайқасы кезінде қабылдады. Ол һижраның 52 жылы Басрада қайтыс болды.

Бұл хадисте бақытсыздықтардан құтылу мақсатында сақина немесе білезіктер, немесе жіп тағып (киіп) жүруге тыйым салынғандығына нұсқау бар. Өйткені бұл құтылумен ұйқаспайтын көпқұдайшылыққа жатады.


Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте аурулардан сақтану үшін сақина немесе сол сияқты заттарды тағу (кию) көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар.

  2. Аятта харам нәрселермен емделуге тыйым салынғандығына нұсқау бар.

  3. Аятта айыпты нәрсе істеп жатқан адамды айыптаудың және білмейтін адамды үйретудің қажетті екеніне нұсқау бар.

  4. Аятта ширктің бұл дүниедегі де, Ақыреттегі де зиянына нұсқау бар.

  5. Аятта муфти шешім шығарудан бұрын әлдебір істің істелуінің ниетін (мақсатын) біліп алуы керек екеніне нұсқау бар.

  6. Аятта кіші ширк үлкен күнәларға жататынына нұсқау бар.

  7. Аятта білместік ширк жасауда ақтау болып табылмайтынына нұсқау бар.

  8. Аятта ширктен әлдебір нәрсе жасаған кісіні айыптауда, оны осы ісінен қайтару үшін және оны осы іске деген жек көрушілікке иландыру үшін, қаталдық танытуға рұқсат етілетініне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Уқба ибн Амирдің Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзіне тұмар таққанның ақырын Аллаһ қайырлы етпесін, ал өзіне бақалшық тағып алғанға Аллаһ тыныштық бермесін», - деп айтқанын жеткізген хадисі. Ахмад 4/154, Ибн Хиббан (1443), әл-Хаким 4/417.

Басқа бір риуаятта: «Өзіне тұмар таққан Аллаһқа серік қосты», - деп айтылады. Ахмад 4/156, әл-Хаким 4/417.


Уқба ибн Амир әл-Жухани – атақты сахаба, әйгілі фақиһ (шариғи заңдардың білігірі) болған. Муғауияның (Аллаһ оған разы болсын) билік құру тұсында үш жыл бойы Мысырды басқарған. Ол (Аллаһ оған разы болсын) 60 жасында қайтыс болған.

Бұл хадистерде тұмар мен бақалшықтар тағуға тыйым салынғандығына әрі бұл ширк болып табылатынына нұсқалады, өйткені бұл осы заттарды тағушылардың жүрегінде Аллаһтан басқа бір нәрсеге тауекелдің пайда болуына алып келеді.


Осы хадистерден алынатын пайдалар:

  1. Хадисте тұмар мен бақалшықтар тағу ширк болып табылатынына нұсқау бар.

  2. Хадисте Пәк әрі Қасиетті Аллаһ Тағала Өзінен басқаға тәуекел етушіге қатысты оның мақсатына қарама-қайшы жасайтынына нұсқау бар.

  3. Хадисте тұмар мен бақалшықтар тағушыларға қарсы олардың соларды тағудағы мақсат-тілектері орындалмасын әрі олар үшін барлығы керісінше болсын деп дұға етудің шариғи тұрғыдан рұқсат етілгендігіне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Ибн Абу Хатим Хузәйфаның (оған Аллаһ разы болсын) бір ер кісінің безгектен құтылу үшін қолына жіп тағып алғанын көріп, оны жұлып тастағанын және «Олардың көбі Аллаһқа Оған серік қосқан күйде иман келтіреді» («Юсуф» сүресі, 106-аят)» деген аятты оқығанын жеткізеді.
Ибн Абу Хатим – ғалым және «Жәрх уә таъдил» кітабының авторы.

Хузәйфа ибн Яман әл-Абаси – ансарлардың басшысы, Исламды ең алғаш қабылдаған ең атақты сахабалардың бірі. Ол (оған Аллаһ разы болсын) һижраның 36 жылы қайтыс болған.

Бұл асарда кім аурудан емделу мақсатында жіп тақса, бұл көпқұдайшылық болып табылатынына, әрі бұны міндетті түрде айыптау керек екеніне нұсқау бар.
Осы асардан алынатын пайдалар:


  1. Асарда кім бәледен қорғану немесе сол бәлені болдырмау мақсатында жіп тағатын болса, бұл ширк болатынына нұсқау бар.

  2. Асарда айыпты нәрсені түзетуге шамасы жететін адамға оны түзету міндетті екеніне нұсқау бар.

  3. Асарда үлкен ширк туралы түсірілген аяттарды кіші ширкке қатысты да келтірудің дұрыс екеніне нұсқау бар, өйткені олар кіші ширкті де қамтиды.

  4. Асарда көпқұдайшыл-мүшриктер таухид әр-рубубияны растағанына, бірақ бұған қарамастан олар бәрібір көпқұдайшыл болып қала бергеніне, өйткені жалғыз Аллаһ Тағалаға ғана құлшылық етпегеніне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ:

Үшкіру (дем салу) мен тұмар тағу туралы

Абу Башир әл-Ансариден, оған Аллаһ разы болсын, бірде ол Аллаһ Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарда болғанын, әрі адамдар түнеуге жайғасып қойған кезде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Бірде-бір түйенің мойнында бірде-бір сіңірден (не тозған адырнадан) жасалған алқа қалмасын», - деген сөздерін жеткізу үшін шабарман жібергенін жеткізген хадис (Ахмад 5/216, әл-Бухари 6/98, Муслим (2115), Абу Дауд (2552), Мәлик 2/937).


Абу Башир - сахаба (оған Аллаһ разы болсын), Хандак соғысының қатысушысы.
Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Шейх бұл тарауда таухид ақидасына дем салу және тұмар тағу мәселелерінде қарама-қайшы келетін, көпқұдайшылыққа жататын нәрселер туралы баяндауын жалғастырады.



Бұл хадисте түйелерге аурудан жазылу үшін адырна сияқты т.с.с. заттарды тағудың тыйым салынғанына, өйткені бұл ширк болып табылатынына нұсқау бар.
Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте қандай да бір аурудан жазылу үшін адырна тағудың үкімі тұмар тағудын үкіміндей екеніне, яғни тыйым салынған (харам) болып табылатындығына нұсқау бар.

  2. Хадисте айыпты нәрсені түзету қажетті екеніне нұсқау бар.

  3. Хадисте адамдарға олардың наным-сенімдерінің (ақидасының) дұрыс болуына ықпал ететін нәрселерді жеткізу қажетті екеніне нұсқалады.

-----------------------------------------------------------------------------------------------
Ибн Масудтан, оған Аллаһ разы болсын, жеткізілетін, оның былай деп айтқаны туралы хадис: «Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың иігілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естігенмін: «Расында, үшкіру, тұмар тағу және дуалау ширк болып табылады»»» (Ахмад 381/1, Абу Дауд 3883, Ибн Мәжаһ 3530, Хаким «Мустадрак» 418/4).
Бұл хадисте жоғарыда аталған нәрселерді қолдану таухидке қарама-қайшы келетін ширк екеніне нұсқау бар.
Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте адамдарды өз наным-сенімдерін таухидке қарама-қайшы келетін нәрселерден сақтауға, тіпті мұны адамдардың көбі істесе де, талпындыру керек екеніне нұсқау бар.

  2. Хадисте онда аталған нәрселерді қолданудың тыйым салынғанына нұсқау бар.

  3. Хадисте осы үш нәрсенің барлығы түгел ширк болып табылатынына нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
«Тұмар – бұл балаларға көз өтпеу үшін тағатын нәрсе. Алайда егер бұл Құранның аяттарынан үзінділер болса, онда кейбір сәләфтар мұны рұқсат еткен, ал басқалары тыйым салған. Тұмарға тыйым салғандардың қатарында Абдуллаһ ибн Масуд (оған Аллаһ разы болсын) болған.

Үшкіру – тура дем салу сияқты. Үшкіру өз негізінде ширкке жатады, бірақ кейбір үшкірулер ширктен тыс екені туралы дәлелдер бар. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көз бен безгекке қарсы, бірақ құрамында ширк болмаған дем салуды рұқсат еткен хадистер бар.
Дуалау – бұл адамдардың «осы арқылы әйелді ерін жақсы көргіземіз, немесе ер адамды әйелін жақсы көргіземіз» деген оймен істейтін нәрселері.
Автор жоғарыда атап кеткен нәрселердің барлығы өз құрамына келесілерді қамтиды:

  1. Дем салу (үшкіру) шариғи тұрғыдан заңдастырылған және тыйым салынған болып екіге бөлінетіні. Заңды етілген дем салу – бұл құрамында ширк жоғы, ал тыйым салынғаны – құрамында ширк бары.

  2. Тұмардың екі түрге бөлінетіні: а) тыйым салынғандығы жөнінде ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ болған, яғни құрамында ширк бар, харам екендігіне ғалымдар бір ауызды келіскен тұмарлар; ә) тыйым салынғандығы немесе рұқсат етілгендігі жөнінде ғалымдардың арасында келіспеушілік бар болған тұмарлар. Бұл - құрамында Құран аяттары бар тұмарлар. Олар рұқсат етілген деген де, тыйым салынған деген де пікірлер бар. Әрі дұрыстауы олардың тыйым салынғандығы болып табылады. Өйткені бұл харам нәрселерге алып баратын барлық жолдарды жабатын іс-әрекет әрі Құранды қорғау болады.

  3. Дуалаудың тыйым салынғандығына келіспеушілік жоқ, өйткені ол сиқырдың бір түрі болып табылады.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Абдуллаһ ибн Укайм Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген хадис: «Кім өзіне әлдебір нәрсені тақса, өзін соған тапсырған болады» (Ахмад «Муснад» 211/4, әт-Тирмизи, 2073).
Абдуллаһ ибн Укайм: оның куньясы - Абу Маид әл-Жуһани әл-Куфи. Ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заманын көріп үлгерді, бірақ одан естігені туралы белгісіз.
Бұл хадисте әлдебір пайдаға қол жеткізу үшін немесе қандай да бір бәлені болдырмау үшін өздерін Аллаһтан басқа кіммен (немен) болсын байлайтындарға тыйым салу және қатаң ескерту бар.
Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте өзіңді Аллаһтан басқа әлдекіммен (немен) байлауға тыйым салынғандығына нұсқау бар.

  2. Хадисте бүкіл істерде өзіңді тек Пәк Аллаһ Тағаламен байлау міндетті екеніне нұсқау бар.

  3. Хадисте ширктің зиянын және салдарын түсіндіруге нұсқау бар.

  4. Хадисте сауап пен жаза амалдарға сәйкес болатынына нұсқалады.

  5. Хадисте амалдардың жемістері, мейлі ол жақсылық, не жамандық болсын, оларды істеген адамға қайтарылатынына нұсқалады.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Ахмад Рууайфидің келесі сөздерін жеткізген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған: Уа Рууайфи, сен ұзақ өмір сүруің мүмкін. Сондықтан да баршаға: «Кім сақалын өрсе, тозған адырнадан алқа тақса және (үлкен және кіші дәреттен) малдың тезегімен немесе сүйекпен тазаланса, Мухаммад ондай адамнан бас тартты», - деп жеткіз, - деп айтқан болатын» (Ахмад 109, 108, Абу Дарда 36).

Руайфи ибн Сабит ибн әл-Сакин ибн Ади ибн Харис. Ол Малик ибн ән-Нәжари әл-Ансаридің руынан болатын, Бирка мен Тараблистің басқарушысы еді, әрі һижраның 48 жылы Африканы ашкан болатын. Ол һижраның 56 жылы Биркада қайтыс болды.

Хадисте қандай да бір жамандықтан қорғану мақсатында әлдебір нәрсеге алқа тағудың тыйым салынғандығына әрі бұл ширк екеніне, өйткені адамды Пәк және Қасиетті Аллаһ Тағаладан басқа ешкім жамандықтан қорғай алмайтынына нұсқау бар.
Хадистен алынатын пайдалар:


  1. Хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) муғжизаларынан болған бір муғжизасына нұсқау бар, өйткені Рууайфи шындығында да ұзақ өмір сүріп, һижраның 56 жылы қайтыс болды.

  2. Хадисте адамдарға бұйырылған немесе тыйым салынған, олар істеуге тиіс немесе тастауға тиіс болған нәрселерді оларға хабарлаудың міндетті екеніне нұсқау бар.

  3. Хадисте сақалдың құрметіне, оны қырықпай өсірудің заңды екеніне, сондай-ақ оны қырып, қысқартып тастау, өру және бүйралау арқылы ойнауға тыйым салынғанына нұсқау бар.

  4. Хадисте әлдебір жаман нәрседен қорғану мақсатында алқа тағуға тыйым салынғанына әрі бұл ширк болып табылатынына нұсқау бар.

  5. Хадисте дәрет сындырғаннан кейін нәжесті тезекпен немесе сүйекпен сүртіп тастауға тыйым салынғандығына нұсқау бар.

  6. Хадисте осы аталған барлық қылмыстар үлкен күнә болып табылатынына нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------------
Саид ибн Жубәйрдің былай деп айтқаны жеткізіледі: «Адамнан тұмарын жұлып тастаған адам бір құлды азат еткен адаммен тең». Бұл туралы Уақи жеткізген. Ол сондай-ақ Ибраһим ән-Нәһаидің: «Олар кез келген тұмарға тыйым салатын, оларда Құранның аяттары болсада, болмаса да».
Уақи ибн Жәрах – атақты имам, көптеген еңбектердің авторы, һижраның 197 жылы қайтыс болған.

Имам Ибраһим ән-Нәһаи үлкен ғалымдардың арасындағы абырой иесі болған. Ол һижраның 96 жылы қайтыс болған.

Бұл асарларда осы ұлы табиғиндерден кез келген тұмарлардың тыйым салынғандығына нұсқау келген.
Осы асарлардан алынатын пайдалар:


  1. Асарда тұмарларды жұлып тастаудың артықшылығына нұсқау бар, өйткені бұл айыпты нәрсені түзетуге және адамдарды ширктен құтқаруға жатады.

  2. Асарларда кез-келген тұмарды тағу тыйым салынғандығына нұсқау бар, тіпті оларда Құран аяттары жазылған болса да, әрі бұл табиғиндердің бір тобының пікірі.

  3. Асарда сахабалардың ақиданы кез-келген ауытқушылықтардан қорғаштап-сақтауға деген ұмтылысына нұсқалады.

------------------------------------------------------------------------------------------------
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ:

Талдардан, тастардан және сол сияқты заттардан береке тілейтіндер туралы
«Ән-Нәжм» сүресі, 19-23 аяттар:

أَفَرَأَيْتُمُ اللاتَ وَالْعُزَّى (١٩)وَمَنَاةَ الثَّالِثَةَ الأخْرَى (٢٠)أَلَكُمُ الذَّكَرُ وَلَهُ الأنْثَى (٢١)تِلْكَ إِذًا قِسْمَةٌ ضِيزَى (٢٢)إِنْ هِيَ إِلا أَسْمَاءٌ سَمَّيْتُمُوهَا أَنْتُمْ وَآبَاؤُكُمْ مَا أَنْزَلَ اللَّهُ بِهَا مِنْ سُلْطَانٍ إِنْ يَتَّبِعُونَ إِلا الظَّنَّ وَمَا تَهْوَى الأنْفُسُ وَلَقَدْ جَاءَهُمْ مِنْ رَبِّهِمُ الْهُدَى (٢٣)

«Ләт пен Ғуззаны көрдіңдер ме? Үшінші басқа Манатты ше? Еркек текті ұрпақ сендердікі де, ал әйел тектілер Аллаһтікі ме?»
Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Осы тарауда құрамында көпқұдайшылығы бар, әрі таухид пен оның толықтығына қайшы келетін нәрселерді түсіндіру жалғасады.

Бұл аятта талдар мен тастардан береке тілеудің тыйым салынғандығы қамтылған әрі осы нәрселердің көпқұдайшылық екеніне нұсқалады. Расында, осы пұттарға оларды ұлықтау және оларға дұға етіп жалбарыну арқылы құлшылық еткендер олардан береке дариды деп сенетін. Сондықтан да кім қабірледен береке тілесе, сол Ләттан береке тілейтін адам сияқты, ал кім талдар мен тастардан береке тілесе, сол әл-Ғузза мен Манаттан береке тілейтін адам секілді болады.
Осы аяттан алынатын пайдалар:


  1. Аятта талдар мен тастардан береке тілеу көпқұдайшылық екеніне нұсқау бар.

  2. Аятта мүшриктердің көпқұдайшылығының негізсіз екеніне нұсқау және таухидті растау үшін олармен айтысудың рұқсат етілетініне нұсқау бар.

  3. Аятта егер дәлел болмаса, шешім бекітілмейтініне, ал дәлел жеке ой-тұжырымдардан емес, Аллаһ түсірген нәрселерден болуға тиіс екеніне нұсқау бар.

  4. Аятта Аллаһ Тағала адамдарға елшілер жіберіп, Кітаптар түсіруі арқылы оларға дәлелді жеткізгеніне нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------
Абу Уақид әл-Ләйси былай деп баяндағаны жеткізіледі: “Бірде біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге Хунайнға жорыққа шықтық. Сол кезде біз жуырда ғана күпірліктен бас тартқан, енді дінге келген мұсылмандар едік, ал мүшриктерде олар оған өздерінің қаруларын іліп қойып, оның алдында өз (діни) рәсімдерін өткізу үшін жиналатын және оны «Зәт Әнуат» деп атайтын бір ағаштары бар болатын. Міне, сонда біз әлгі ағаштың жанынан өтіп бара жатқан кезімізде: «Уа, Аллаһтың елшісі, бізге де олардағыдай бір «Зәт Әнуат» жасап бер», - дедік. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһ Ұлы! Мұның барлығы – бұрынғылардың дәстүрлері! Жаным Қолында болғанмен ант етемін, сендер (менен) Исраил ұрпақтары Мусадан: «Бізге де олардағыдай құдай жасап бер!», - деп сұраған нәрсесін сұрадыңдар. Ол: ”«Ақиқатында, сендер – надан халықсыңдар!»1. Шындығында, сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өткендердің әдеттеріне ілесесіңдер!”, - деді”» (әт-Тирмизи 2181, Ахмад «Муснад» 218/5).
Абу Уақид әл-Ләйси әл-Харис ибн Ауф – атақты сахаба. Ол һижраның 68 жылы 85 жасында қайтыс болды.

Бұл хадисте ағаштардан немесе сол секілді заттардан береке тілеу көпқұдайшылық әрі Пәк және Қасиетті Аллаһтан басқа бір нәрсені құдайлық сипатқа бөлеу болып табылатынына нұсқау бар!


Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте талдар мен тастардан және сол сияқты заттардан береке тілеу көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар.

  2. Хадисте егер әлдебір өтірікке үйреніп қалған біреу сол өтірігін тастаса да, оның жүрегінде сол өтірігінен еш нәрсе қалмайтынына кепілдік жоқ екеніне нұсқау бар.

  3. Хадисте пұттарға табынудың себебі оларды ұлықтау, олардың жанында болу, олардан береке тілеу болғанына нұсқалады.

  4. Хадисте адам әлдебір нәрсе туралы Аллаһқа жақындатады деп ойлауы мүмкін екеніне, ал шын мәнінде ол оны Аллаһ Тағаладан алстататынына нұсқау бар.

  5. Хадисте мұсылман адам дін мәселесінде айтылмауға тиіс сөздерді немесе әлдебір таң қалдыратын нәрселерді естігенде тасбих («Субхан Аллаһ») және такбир («Аллаһу Әкбар») айтуы сүннет екеніне нұсқау бар.

  6. Хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл үмметте міндетті түрде көпқұдайшылық орын алатынын хабарлағанына нұсқау бар, әрі бұл солай болды да.

  7. Хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметінде болашақта орын алатын нәрселерді хабарлауында көрініс тапқан оның муғжизаларының біріне нұсқау бар.

  8. Хадисте жәһилиет (Исламға дейінгі надандық) дәуірінің адамдарына, сондай-ақ яһудилер мен христиандарға қандай да бір нәрселерде ұқсап-еліктеуге тыйым салынғандығына нұсқау бар, тек бұл нәрсе біздің де дінімізден болып табылатындығына дәлел болмаса ғана.

  9. Хадисте заттардың атауларымен емес, олардың мәнімен санасу керек екендігіне нұсқау бар. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың талабын Исраил ұрпақтарының талабымен теңеді де, ағаштың «Зәт Әнуат» деп аталатынына көңіл бөлген жоқ.

------------------------------------------------------------------------------------------------

ОНЫНШЫ ТАРАУ:

Аллаһтан басқаға арнап құрбан шалу туралы
«Әл-Әнғам» сүресі, 162-163 аяттар:

قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ (١٦٢)لا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ (١٦٣)

«Намазым, құлшылығым, өмірім және өлімім бүкіл әлемдердің Раббысы – Аллаһ үшін. Оның серігі жоқ. Мен осыған бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын», - де”».
Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Бұл тарауда таухидке қарама-қайшы келетін ширктің бір түрінің түсіндірмесі келеді.



Бұл аяттар Аллаһтан басқа кімге болсын арнап құрбан шалу көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқайды.
Аяттардан алынатын пайдалар:

  1. Аяттарда Аллаһтан басқаға арнап құрбан шалу көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқалады, өйткені Аллаһ құрбан шалуды намазбен бірге атап айтты. Егер адам намазды Аллаһтан басқа кімге (неге) болмасын арнап орындаса, ол көпқұдайшылық жасайды. Тура сол секілді, Аллаһтан басқа әлдебіреуге (әлденеге) арнап құрбан шалған адам да көпқұдашылық жасаған болады.

  2. Аяттарда намаз бен құрбан шалу ұлы ғибадаттарға жататынына нұсқау бар.

  3. Аяттарда құлшылықтың барлық түрлерінде ықылас таныту міндетті екеніне нұсқау бар.

  4. Аяттарда құлшылық шариғаттың бұйрығына сүйену қажет екеніне нұсқалады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен осыған бұйырылдым», - деп айтты.

------------------------------------------------------------------------------------------------
«Әл-Кәусар» сүресі, 2-аят:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ (٢)

«Сондықтан да Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал».
Бұл аятта құрбан шалу құлшылық екеніне әрі адам оны тек Аллаһқа ғана арнауы қажет екеніне, сондай-ақ құрбандықты Аллаһтан басқаға арнап шалу үлкен көпқұдайшылық екеніне нұсқау бар.
Аяттан алынатын пайдалар:

  1. Аятта құрбандықты Аллаһтан өзгеге арнап шалу үлкен көпқұдайшылық екеніне нұсқау бар. Өйткені құрбан шалу құлшылық-ғибадат болып табылады, ал құлшылықты Аллаһтан басқаға арнау үлкен ширк болып табылады.

  2. Аятта намаз бен құрбан шалу ұлы ғибадаттарға жататынына нұсқау бар.

  3. Аятта намаз бен құрбан шалу Аллаһтың нығметтері үшін жасалатын ең ұлы шүкіршіліктерден екеніне нұсқау бар. Өйткені бұл аятта себепке нұсқайтын «фә» шылауы келген, ал бұл амалдардың себебі Аллаһтың оған Жәннаттағы Кәусар бұлағын сыйлағаны болып тұр.

------------------------------------------------------------------------------------------------
Алидің былай деп баяндағаны жеткізіледі: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған төрт нәрсе туралы айтты: Аллаһ Одан өзгеге арнап құрбан шалғанды лағынеттесін! Аллаһ өз ата-анасын лағынеттегенді лағынеттесін! Аллаһ бидғатшы дінбұзарға пана бергенді лағынеттесін! Аллаһ жер телімінің шекараларын өзгерткенді лағынеттесін!» (Муслим 1978).
Бұл хадисте Аллаһтан өзгеге арнап құрбан шалу қаншалықты харам екеніне нұсқау бар, өйткені мұндайды істеген адам Аллаһтың лағынетіне түседі.
Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте Аллаһтан өзгеге арнап құрбан шалу тыйым салынған өте қорқынышты күнә әрі көпқұдайшылық екеніне, әрі осы хадисте келтірілген үлкен күнәлардың ішінде ең бірінші атап айтылғанына нұсқау бар.

  2. Хадисте құрбан шалу ғибадат-құлшылық екеніне, әрі сондықтан да ол тек Аллаһ Тағалаға ғана арналуға тиіс екеніне нұсқау бар.

  3. Хадисте ата-ананы лағынеттеуге тыйым салынғандығына нұсқау бар, мейлі ол тікелей балағаттау, немесе адамның соған себеп болуы болсын.

  4. Хадисте қылмыскерлерге көмек беруге және оларды шариғи жазадан қорғауға тыйым салынғандығына нұқсау бар, сондай-ақ онда бидғаттарға ризашылық білдіруге тыйым салынғанына да нұсқалады.

  5. Хадисте жер телімдерінің шекараларын, яғни өзгенің жер телімінің бір бөлігін иемдену мақсатында заңды тұрғыда орнатылған жер телімдерінің шекараларын өздігінше өзгертуге тыйым салынғандығына нұсқалады.

  6. Хадисте күнәлардың әлдебіреулерін лағынеттеуге, егер осы лағытеттеу осындайды жасайтын адамға сөгіс білдіру және ол осы күнәны тастау үшін жасалатын болса, рұқсат етілетініне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------

Тариқ ибн Шиһаб Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір шыбынның себебімен бір кісі Жәннатқа, ал басқа біреуі Тозаққа кірген», - деп айтқанын баяндаған деп жеткізіледі. Адамдар: «Бұл қалай, уа, Аллаһтың Елшісі?», - деп сұраған екен. Ол: «Бірде екі адам пұтқа табынатын және ешкімді ол сол пұтқа әлдебір нәрсені құрбан шалмайынша өткізбейтін қауымның жанынан өтіп бара жатады. Олар жолаушылардың біреуіне: «Бірдеңені құрбан шал!», - дейді. Ол: «Менде құрбан шалатын еш нәрсе жоқ қой!», - деп жауап береді. Сонда олар: «Ендеше, шыбынды болса да құрбан шал!», - дейді. Сонда ол шыбынды құрбан шалады да, оған сапарын жалғастыруға рұқсат етіледі, ал содан соң ол Тозаққа түседі. Содан кейін олар екіншісіне: «Бірдеңені құрбан шал!», - дейді. Ол: «Мен Ұлы әрі Құдіретті Аллаһтан басқа ешкімге және еш нәрсеге құрбан шалмаймын!», - дейді. Сонда (олар) оның басын шауып тастайды да, ол Жәннатқа кіреді» (Ахмад «әз-Зуһд» кітабында 22, Абу Нәим 203/1, Ибн Аби Шәйба «Муснадта» 33028, 377/2. Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сәлман әл-Фарси (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген).


Тариқ ибн Шиһаб әл-Бәжали әл-Ахмаси Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрген, бірақ одан еш нәрсе естімеген. Мұндай, яғни Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) табиғин жеткізетін әрі олардың арасында сахабаның аты келтірілмейтін хадистер «мурсәл» деп аталады. Тариқ ибн Шиһаб Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы болған. Ол һижраның 83 жылы қайтыс болған, Аллаһ оған разы болсын.
Бұл хадисте құрбан шалу ғибадат болып табылатынына әрі оны Аллаһтан басқаға арнау көпқұдайшылық болып табылатынына нұсқау бар.
Хадистен алынатын пайдалар:

  1. Хадисте ширктің қауіптілігіне нұсқау бар, тіпті ол шағын нәрседе көрініс тапса да.

  2. Хадисте ширк Тозаққа кіруді міндеттейтініне, әрі тура сол сияқты таухид те Жәннатқа кіруді міндеттейтініне нұсқау бар.

  3. Хадисте адам ширкке түсуі әрі осы орайда өзі осы ісінің Тозаққа кірумен міндеттейтінін білмеуі мүмкін екеніне нұсқау бар.

  4. Хадисте күнәлардан, тіпті олар кішкентай болса да, сақтандырып ескерту керектігіне нұсқау бар.

  5. Хадисте адам о бастан ниеттенбеген, бірақ пұтқа табынушылардың жамандығынан құтылу мақсатында істеген амалы үшін Тозаққа кіргеніне нұсқау бар.

  6. Хадисте егер мұсылман адам ширк жасаса, оның Исламы жарамсыз болатынына әрі ол Тозаққа кіретініне нұсқау бар. Өйткені әлгі адам мұсылман болатын, әйтпесе ол туралы «бір шыбынның себебімен Тозаққа түсті» деп айтылмас еді.

  7. Хадисте жүректің амалдарымен санасу қажет екендігіне нұсқау бар, тіпті олар кішкентай болса да.

  8. Хадисте құрбан шалу құлшылық екеніне әрі оны Аллаһтан өзгелерге арнау үлкен ширк болып табылатынына нұсқалады.

  9. Хадисте таухидтің және оның жемістерінің артықшылығына нұсқау бар.

  10. Хадисте ақиқатты ұстануда сабыр етудің артықшылығына нұсқалады.

-------------------------------------------------------------------------------------------


1 «Әл-Әғраф» сүресі, 138-аят.



Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет