Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Тамұқ" деректі фильмін таспалады. Фильмде сотталған радикалдың әйелі жан сырын ақтарып, күйеуінен қалай қорлық пен теперіш көргенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Фильмде беті бүркеленген әйел, әуел баста, күйеуінің хиджап кигізгенін, одан кейін намазға жығыл деп бұйырғанын айтады. Жәбірленуші радикалдардың әйелдері әр жексенбіде жиналатынын және дөңгеленіп алып, діни кітаптар мен Пайғамбар туралы оқитынын есіне алды.

"Ол жер сұмдық суық болды. Суық еденде жаттық. Менің ауырып тұрғаныма қарамастан, сол жерге сүйрелеп алып барды. Паспортымды дайындап берді. "Балаларымды сағындым, елге қайтайықшы, егер өліп қалсам, осы жақта қаламын ғой" деп жалынғанымды да елеген жоқ. Ол сол сәтте "егер өлсең, шаһид боласың" деп тоқетерін айтты. Миымызға күйеуің не айтса да, тыңдау керек, айтқанынан шықпау керек деп сіңіріп жіберген. Тіпті оның көзіне тура қарай да алмаймыз. Жұмыстан келгенде аяқкиімінде өзі біліп шешпейді. Оны біз шешіп беруіміз керек. Олар тек жатады, қол-аяғына дейін жуып береміз. Қол-аяғын сүртіп болғаннан кейін "итаат" деп айтып, жәннатқа сол кезде кіресің дейді. "Егер жәннатқа кіргің келсе, мұндай қиындықтарға төзуің керек" деп айтатын", – деп әйел ағынан жарылды.

Әйелдің айтуынша, радикал күйеуі оны балконға да шығармай, қамап ұстаған. 

  • Радикалды неофриттер салтымызда жоқ киім арқылы жат діни идеалдарды қоғамға таңып жүр – Президент
  • "Дініңізді тастаңыз, сонда ғана біздің қоғамда өмір сүресіз": Қазақстандық оқушы хиджаб кигені үшін қандай қысым көргенін айтып берді

 

"Бір жыл осылай өмір сүрдім. Тіпті балконға да шығарған жоқ. Қайта атам мен енем араласып, сыртқа шығарды. Өзімді түрмеден шыққандай сезіндім. Жабайы болып кете жаздадым. Бір кездері үйде нан бітіп қалған еді. Ол уақытта балаларым әлі кішкентай. Сөйтіп дүкеннен нан алып келгенім үшін "неге менің рұқсатымсыз далаға шықтың?!" деп тепкінің астына алды. Балаларым аш отырғандықтан, айналама қарамай тез барып келгенімді айтсам да құлақ аспады. Жалбарынып, кешірім сұрасам да ұруын тоқтатпады", – деді әйел. 

Әйел күйеуінің үнемі көрсететін қорлығына шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсауға бел буады. 

"Бұл күндері басым қатты ауырады. Өйткені ол "сені жынды қыламын" деп басымнан көп ұратын. Балаларым өскенше, тірі жүрем бе екенмін деп қорқамын. Өжет қыз едім, қазір жасық етіп тастады. Тіпті сөйлеуге де қорқатын болдым. Біреу бірдеңе деп сөйлесе, селк ете қаламын. Шындығын айтқанда, өзімді адам құрлы сезінуден қалдым. Өмірге мақсаты жоқ, керексіз сезінемін", – деп түйіндеді әйел.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.