Арқа ажары. – 2011. №161. – 24 желтоқсан Қабдешова Г. Ғылым қазақша сөйлейді



Дата28.04.2019
өлшемі28.5 Kb.
#122144

Арқа ажары. – 2011.- №161. – 24 желтоқсан

Қабдешова Г.


Ғылым қазақша сөйлейді
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Шортандыдағы А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, «КазАгроИнновация» АҚ, ОН-Олжа корпорациясының ұйымдастыруымен жас ғалымдар арасында «Жас қазақ» атты ғылыми конференция өткізілді. Конференцияның жұмысына Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары қатысты.

Аталмыш конференцияның мақсаты егіншілік ғылымындағы заманауи мәселелерді шешудегі жас ғалымдардың даярлығын бағалау және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік тілді пайдалану деңгейін жоғарылату болып табылады.

Еліміздің далалық аймақтарында 60-70 жылдарда жасақталған егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі ұзақ уақыт бойы басымдылық көрсеткені баршаға мәлім. Бұл жүйені жасақтау мен енгізу үшін академик А.И. Бараев басқарған бір топ ғалымдар кезінде Лениндік сыйлыққа ие болған. Қазіргі уақытта еліміздің ғылыми мекемелері егіншілік жүйесінің өнімді ауыспалы егістік және топырақты минималды өңдеу жолында даму жұмыстарын жүргізуде. Бұл жолдағы басты проблемалардың бірі ғылымда қазақ тілін қолдану аясын кеңейту болып табылады.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының академигі Мехлис Сүлейменов төрағалық етіп, жүргізіп отырды.Аты әлемге танымал ғалым, ауыл шаруашылығы саласында топырақ құнарлығын арттыру туралы орыс және ағылшын тілдеріндегі 100-ден астам ғылыми монографиялардың авторы, 15-тен астам тілді меңгерген Мехлис Қасымұлы өткен ғасырдың 60-шы жылдарында осы ғылыми орталыққа жас аспирант болып келіп, өзінің ғылымдағы жолын бастаған, сөйтіп, академик лауазымына дейін көтерілген. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдерін мысалға келтіре отырып, академик Мехлис Қасымұлы өз өмірбаянынан, еңбек жолынан бейнекөрністер арқылы мағлұмат беріп, конференцияның мемлекеттік тілде өткізу жөніндегі өз идеясын баяндап, болашақ аграрлық сала ғалымдарына ақыл-кеңесін айтты.



Егіншіліктің өзекті деген мәселелеріне арналған бұл конференция өнімді ауыспалы егісте дақылдарды бағалау: дәнді, бұршақты, майлы, мал азықты дақылдар, алмастырушы дақылдар агротехникасы, әртүрлі топырақ жағдайында топырақтың минималды және нөлдік өңдеуін бағалау, топырақ құнарлығын сабақтау жолдары: топырақ эрозиясымен күрес, тыңайтқыштар, егіншілік, тұздану мәселелері талқыланды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Е.Т. Нұрманов қытай бұршағы дақылының топырақтағы азот пен азотты тыңайтқыштарға қажеттілігі, Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының маманы Д.Е. Шекеев Ертістің Павлодар өңірінің құрғақ далалық аймағында тұқым алмастыру ауыспалы егістігі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы Ж.Т. Ботбаева бұршақ тұқымдастарына жататын өсімдіктердің өнімділігін және топырақ құнарлығын арттыру, түйнек бактериялардың негізінде дайындалған биопрепараттарды қолдану туралы жұмыстарын жас ғалымдар талқылауына ұсынды.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген жас ғалымдар арасындағы ғылыми конференцияның маңызы ерекше деуге болады. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей ауыл шаруашылығы ғылымы саласындағы мемлекеттік тілде орындалатын баяндамалар мен басылымдар өте аз. Сондықтан өз ғылыми жұмыстарына ана тілімізде дайындап, оны талдауға ұсынған жас ғалымдардың еңбегі мақтауға тұрарлық. Конференцияға қатысқан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұл Қазақстан Республикасының бейбітшілік және рухани келісім бойынша Президент сыйлығының лауреаты, академик М.Қ. Сүлейменов мұрындық болып, тамаша іс-шара ұйымдастырылғанын айтып, мемлекеттік тілде ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысатын мамандардың бар екендігіне ризашылығын білдірді. Конференцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, М.Қ. Сүлейменовке үш тілде дайындалған сөздік тарту етті.


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет