ҚаракөЛ Қойының шығу тарихы және оның Қазақстандағы экологиялық типтеріне сипаттама оразалы Ә., Тастанбеков Қ



Дата03.05.2019
өлшемі46.5 Kb.
#131960

ӘОЖ 636. 22/28.082
ҚАРАКӨЛ ҚОЙЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТИПТЕРІНЕ СИПАТТАМА
Оразалы Ә., Тастанбеков Қ.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.
Ғылымда қазіргі кезде қаракөл қойы мен оның негізгі түстерінің пайда болуы туралы көптеген деректер бар. Сондықтан кез келген мал түрін сұрыптауда оның шығу тегін білу бірден бір шартты жағдай болып табылады деп есептейміз. Сол себепті жұмысымыздың бірінші кезеңінде қаракөл қойының шығуы туралы әдебиетке шолу жасадық.

Бұл тақырып бойынша ғалымдар арасындағы пікірлер әр түрлі Б.Н.Васиннің [1] айтуына сүйенсек қаракөл қойының тұқымына тек қара түстер тән екен. Әр түрлі-түсті елтірілердің пайда болуын автор үш себеппен түсіндіреді. Біріншіден олар алғашқы қаракөл қой тұқымы пайда бола бастаған кезден сақталып келе жатуы мүмкін. Бұл кезде әр түрлі түстегі қой тұқымдарын өзара шағылыстыру етек алған болса керек. Екінші себеп бойынша әр түрлі түстер қаракөл қойына жақын уақыттарда, оларды етті бағыттағы құйрықты қойлармен шағылыстыру нәтижесінде кірген. Бұл жорамалды автор қаракөл қойы отарларында неғұрлым түрлі-түсті қойлар үлесі көбейген сайын, қара түсті елтірілердің сапасының нашарлауымен түсіндіреді. Үшінші жорамал бойынша әр түрлі түстер көптеген қаракөл қойларының ішінде кездесетін мутациялық өзгерістер нәтижесінде пайда болуы мүмкін дейді.

М.Ф.Ивановтың [2] пікірінде, қаракөл қойларының барлық басқа түрлері қара қаракөл қойынан шыққан дегенге саяды. Бұл жөнінде айтылған пікірлер көп. Олардың ішіндегі бастысы – қаракөл қой тұқымы болып қалыптасқанда қара түстісі мен көк түсті қатар болған, ал басқа түстілері осыларды ұзын құйрықты қойлармен шағылыстыру арқылы алынған дейді. Барлық қаракөлдің тегі ерте заманнан шығыс Түркістан өңірінде өсірілген ұзын құйрықты, әр түсті қойлар болған деген пікірлер тағы бар. Бұл мәселелері зерттеумен республикамыздағы белгілі ғылымдармен қатар шетелдік ғылымдар шұғыл айналысқан.

А.П.Воробьевскийдің [3] қаракөл қойының шығу тегі туралы жасаған жорамалы бойынша бастапқы кезеңдерде сұрыптау жұмыстары қара түсінің реңін онан әрі жақсарту бағытында жүргізілген. Бірақта кейбір жағдайларда, қоңырқай түсті немесе басқа түстері бойынша гетерезиготалье малдарды пайдалану нәтижесінде мутациялық жолмен доминантты қара түске гипостатты басқа түстер пайда болуы мүмкін. Солардың ішінде сұр қойларының екі-бұхаралық және қарақалпақтық типтерінің болуы да мүмкін деген пікірге келеді.

Орта азиялық араб, өзбек, түркімен шаруалары (XIV-XVIIғ.ғ.) ұрпақтан-ұрпаққа там-тұмдап жиналған өздерінің сұрыптау жұмыстарының сырларын жеткізе отырып сұр түсті қаракөл қойларының пайда болуына зор үлес қосқан.

XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына таман, сол кездегі қалыптасқан экономикалық-әлеуметтік жағдайдың елтірілік қойлардың дамуына қолайлы кезең болуына байланысты қаракөл қойының негізгі құрылымы түзіліп біткен болатын.

Қазақстанға қаракөл қойының жас тоқтылары мен еркек қошқарлары алғаш рет 1938-1940 жылдары Өзбекстанның Бұхара облысынан әкелініп Республиканың оңтүстік аудандарына шоғырландырылды. Сол жылдары қаракөл қой тұқымының жаңа аймақтарға жерсінуін зерттеген ғалымдар, бұл қойлардың көп күй талғамайтындықтарын байқаған. Атап айтқанда, осы жылдары зерттеу жұмыстарын жүргізген М.А.Ширинскийдің [4] мәліметі бойынша, жаңа аймаққа әкелінген қаракөл қойлары тез семіре бастаған. Кейінгі жылдары, сырттан әкелінген қойлар өсіп-даму көрсеткіштері бойынша өздері шыққан отаны Өзбекстандағы қатарластарынан басып озып, жүн өнімділіктері бойынша да, артық нәтижелер көрсеткен. Жаңа аймақ жағдайында алынған бірінші төлдер де, шыққан отанымен салыстырғанда ауырлау туылып, ал қозыларды енесінен ажыратқан мерзімде (4-4,5 ай) 4-5 килограмға басым болатыны анықталған. Төлдегіштік көрсеткіштері бойынша да жақсы нәтижелер байқалған. Мұнда 100 қойға шаққандағы қозы шығымы 5-15% артық болған.

Қазақстанның қаракөл өсірілетін аудандары Республиканың шығысынан батысына дейін 2 мың километрден астам жерге созылып, көлемі 40 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Мұның өзі де Республиканың өз ішіндегі жекелеген аудандарының табиғи-климаттық жағдайларының түрліше болуына алып келеді. Сондықтан, жоғарыда аталған классификация Қазақстан Республикасы аумағында өсірілетін қаракөл қойларының экологиялық типтеріне толықтай сипаттама бере алмайды. Мысалы, республиканың солтүстігінде жауын-шашын көп жауып, қысы ұзақ және салқын келіп, қары да қалың түсіп ұзағырақ ерімей жатады. Мұнда, мал жылына үш айдай толық қолға қарайды.

Ал, республиканың оңтүстігінде қойлар жыл он екі ай бойы жайылымда болады, қысы жұмсақ және ұзаққа созылмайды.

Қазақстан Республикасының қаракөл қойы өсірілетін аймақтардың климаттық көрсеткіштерін (ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, атмосфералық қысым т.б.), жайылымдарының ботаникалық құрамы мен шөбінің шығымдылығын, жылдың әр түрлі маусымдарында, қойды күтіп-бағу мен азықтандыру ерекшеліктерін, экстерьер көрсеткіштері мен төлдегіштігін, өндірілетін қаракөл сапасының ерекшеліктерін (терінің ұзындығы т.б.) зерттей келіп, қаракөл қой шаруашылығы саласындағы белгілі ғалым, академик К.Е.Елемесов [5] қаракөл қойының келесі аймақтық (экологиялық) типтерін бөлген.



1. Қызылқұм аймағы – Оңтүстік Қазақстан облысының батыс бөлігінде орналасқан құмды шөл болып табылады. Оған: Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай, Киров, Мақтаарал, Шардара аудандарының қаракөл өсіретін шаруашылықтары мен сол облыстың Қызылқұм ауданының Сырдария өзенінің сол жағалауы кіреді.

Бұл аймақтың климаты едәуір жылы, 10 градустан асатын жылдық температура жиынтығы 4600-4800 градус болады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 195 миллиметрден 235 миллиметрге дейін жетеді. Қысы жылы, ауық-ауық қар еріп отырады. Қары әр уақытта жата бермейді, қалыңдығы 10-11 см-ден аспайды. Ауаның жылдық орташа температурасы плюс 20 градус. Аязсыз кезеңнің орташа ұзақтығы 170 күннен 190 күнге дейін ауытқып тұрады.

Аймақтың жайылымы – Қызылқұм, оның көлемі 2871,6 мың гектар.

2. Арыс-Түркістан аймағы – оған Оңтүстік Қазақстан облысының Сары-ағаш, Бөген аудандарының, Қызылқұм, Түркістан аудандарының Сырдарияның оң жағалауындағы қаракөл өсіретін шаруашылықтары және Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарайтын шаруашылықтар кіреді. Бұл климаты жағынан да, жайылымы жем-шөбі жағынан да, қаракөл қойын өсіруге ең қолайлы аймақ болып табылады. Ауаның жылдық орташа температурасы 18,5 градус, ауаның айлық орташа температурасы қыс кезінде (желтоқсан-ақпан) 3,23 градус. 10 градустан асатын температурасының бір жылдағы жиынтығы 4300 градус, жылдық жауын-шашын мөлшері 150 миллиметрден 213 миллиметрге дейін.

Жайылымдарында негізінен жусан-раң өседі, құрғақ массасының шығымдылығы гектарына 4,5-5,0 центнер. Жайылым көлемі 1600 мың гектарға жуық.



3. Қаратау сырты-Мойынқұм аймағы – оған Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының және Жамбыл облысының барлық шаруашылықтары кіреді.

Аймақта 8 миллион гектар жайылым бар. Олар негізінен Мойынқұм құмдары мен Бетпақдала шөлі. Құм еркегі, бидайық жиі кездеседі.

Бетпақдала шөлінде жусанды және сораңды өсімдіктері аралас өседі. Жайылымдардағы шөп шығымдылығы өсімдігіне байланысты (гектар сайын құрғақ масса есебімен) жусанды-сораңды жайылымдарда 2,9-3,9ц, жусанды әр түрлі шөп өскен жайылымдарды 4,0-6,4 ц.

Бұл аймақтың ауа-райы өте континентті болып келеді. Ауаның жылдық орташа температурасы 15,9 градус (ең ыссы кезде +43 градусқа, ең суық кезде -46 градусқа жетеді). Қыс айларында орташа температура -20 градус. 10 градустан асатын температураның жылдық жиынтығы 3750 градус. Жауын-шашын өте аз, жылына 125мм. ғана.

Қаратау сырты – Мойынқұм аймақтық (экологиялық) типінің қаракөл қойларының тұрқы кішкене келеді. Ересек қошқарларының тірілей салмағы 66,6±0,63 кг.; саулықтарынікі 42,41±0,44 кг.. Еркек қозыларынікі туған кезде 4,17±0,06 кг.; ал ұрғашыларынікі 3,68±0,05 кг.

Қаракөлінің массасы да аз (269,88±2,44г), көлемі орташа 1236,087±14,40см², шелінің қалыңдығы 1,31±0,09мм, жүнінің ұзындығы 9,25±0,07мм, бұйрасының ұзындығы 24,40±0,51мм.



4. Сырдария бойы – Арал өңірі. Бұған Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан басқа барлық аудандарының шаруашылықтары кіреді. Бұл аймақта өте континентальды болып табылады. Жылдық орташа темпертура 14,6 градусқа тең, ең жоғары температура +42, ал ең төменгі температура -44 градус. 10 градустан жоғары температурасының жылдық жиынтығы 3700 градусқа тең. Ауаның тәуліктегі орташа температурасы қыс кезінде -4,7 градус. Жылына орта есеппен 130 мм. ылғал түседі.

Бұл аймақта 13,3 млн гектар жайылым бар.



5. Маңғышылақ-Үстірт аймағы. Көп жылдық деректер бойынша ауаның жылдық орташа температурасы 15,7 градус. Қыс айларында ауаның айлық отраша температурасы – 1,2 градус. 10 жоғары температурасының жылдық жиынтығы 3900 градусқа тең. Жылдық жауын-шашын мөлшері 160мм. Аязсыз кезеңінің ұзақтығы 180 күннен 210 күнге дейін ауытқып отырады. Аймақтың жайылымы 8,5 миллион гектар. Қоңыр топырақты жерлерінде ақ жусан мен бұйырғын аралас өседі. Сұр қоңыр топырақты оңтүстігінің өсімдігі сұйық, әрі біркелкі. Одан көбінесе бұйырғын, баялыш, татыр жусан тобының өсімдіктері өседі. Мұндай жайылымның шығымдылығы: гектарына 4,2-4,7 центнер құрғақ масса.

6. Батыс Қазақстан аймағы. Бұған Атырау және Орал облыстарының қаракөл өсіретін барлық шаруашылықтары кіреді.

Аймақта жылдың орташа температурасы 13,4 градус (ең жоғарғысы–39, ең төмені – 27 градус). Ауаның айлық орташа температурасы қыста – 4,8 градус. 10 градустан асатын температурасының жылдық жиынтығы 3100 градус. Жылдың жауын-шашын нормасы 235мм.. Аязсыз кезеңнің ұзақтығы 160-170 күн аралығында. Бұл аймақта 6,8 миллион гектар жайылымы бар.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерді сараптай келе, Қазақстан Республикасының әр түрлі географиялық–климаттық аймақтарында қаракөл қойларының белгілі бір аймақтық (экологиялық) типтері қалыптасқанына көз жеткіземіз. Бұл, популяцияда жалпы тұқымдық белгілері сақталғанымен, әр аймақтың қойларында өздеріне тән өнімділік және биологиялық ерекшеліктері болатынын көрсетеді.

Малдардың өнімділігін арттырып, олардың жағымды қасиеттерін әрі қарайда жетілдіру үшін олар мекендеген қоршаған ортаның әсерін және өсіп жетілу ерекшеліктерінің ішкі заңдылықтарын түбегейлі зерттемей ол нәтижесіз болмақ.

Нарықтық экономикаға негізделген қазіргі жағдайда, қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтардың мал өнімділігін арттыруға себебін тигізетін барлық факторларды ескеру қажеттігі туындайды. Осы бағытта істелетін тиімді жұмыстар қатарына қаракөл қойының түрі, түсі, дене бітімі, өнімділігі сияқты белгілерімен қатар, жергілікті жайылым, жем-шөп және климат жағдайына мейлінше бейімделуін ескеру қажет.

Жер көлемі өте үлкен (аумағы 144,3 мың шаршы км.) болуы себепті, Жамбыл облысының аудандары да әр түрлі географиялық-климаттық аймақтарда орналасқан. Облыстың басым аумағын Бетпақдала шөл және шөлейт жайылымдары мен Мойынқұм құмдары алып жатса, таулар (Қаратау, Қырғыз, Шу-Іле Алатауы) тек оңтүстік–батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс шет жағаларында орналасқан. Рельефтің осы айырмашылықтары облыс климатының әр түрлі болуына өз әсерін тигізеді. Мұнда, климаттың континентальдығы ауаның күндізгі мен түнгі, қыс пен жазғы температуралық қарама-қарсылықтардан тұрады. Сол себепті, мұнда өсірілетін малдардың да өзіндік аймақтық типтері қалыптасқан. Сондықтан, қаракөл қойымен жүргізілетін селекциялық жұмыстарда жергілікті қойлардың популяциялық ерекшеліктерін ескеру, және оның шаруашылыққа тиімді жақтарын іріктеу-жұптау жұмыстарында ұтымды пайдалану, мал өнімділігін арттырудың бірден-бір кепілі бола алады деген пікірге келеміз.


Әдебиет


  1. Васин Б.Н. Происхождение каракульских овец //Руководство по каракулеводству. -М., 1971. -С.125-130.

  2. Иванов М.Ф. Смушковое овцеводство. -М.,1940. -С.159-215.

  3. Воробьевский А.П. Морфологические особенности кожно-волосяного покрова и смушкообразования как основа отбора каракульских овец: автореф. докт. с.-х. наук: 25.05.1991. -Алма-Ата, 1991. -45 с.

  4. Ширинский М.А. Разведение каракульских овец в новых экологических условиях // Науч. тр. КазНИИК, Т-І, Москва, 1970г. -С.6-9

Елемесов К.Е. Қаракөл шаруашылығы. Алматы «Қайнар»,1986 ,20-21,23-34.бет.
Каталог: rus -> all.doc -> sovremennost20 -> 2tom
2tom -> Жаратылыстану ғылымдары Естественные
2tom -> Әож 612 химиялық ластанудан қоршаған ортаны қОРҒАУ
2tom -> Асанов А., РахымнурдыН., Аубакирова Э. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
2tom -> Суғармалы егістік жерлердегі сұр топырақТЫҢ сулық- физикалық Қасиеттерінің Өзгеруі маймақова Ә.Қ
2tom -> Әбдіраманов сифоны және оның гидравликалық есебі асқанбек А. А. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
2tom -> Гидроциклондар және гидроциклондық сорап қондырғыларды тасындылардан тазалау үшін қолдану асқанбек А. А
2tom -> Әож 510.(022). 517 Вольтеррдің ядролы арнаулы түрдегі интегралды теңдеулер жүйесін шешу
2tom -> «жамбыл грэс» АҚ-Ң Қоршаған ортағА Әсерін бағалау нұрматова А. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
2tom -> Әож 656. 08 (02) Автокөліктердің маңдай алды соқтығысу кезінен кейінгі қозғалу бағытын анықтау
2tom -> Әож 62. 52 АҚпараттық ЖҮйе бойынша басқару объектісіН зерттеу ЖӘне параметрлерін анықтау


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет