Қазақстандағы ірі мобильді оператор Ксеll ауылдық елді мекендерде жаңа базалық станциялар салып, қолданыстағы станцияларды жаңғыртуды белсенді түрде жалғастырып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Бестамақ және Шиқұдық елді мекенінің тұрғындары "байланыс аясына" қосылды. Ксеll осы айдың соңына дейін өңірдегі тағы үш ауылды цифрлық сервистерге қосуды жоспарлап отыр. Stan.kz тілшісі байланысқа жаңа қосылған Бестамақ ауылы тұрғындарымен тілдесіп, 4G желісі тартылғаннан кейін олардың өмірі қалай өзгергенін білді.

Бестамақта ұялы байланыс орнатуға 3 ай уақыт жұмсалыпты. Бұған дейін тек мектепке тартылған интернет игілігі ауыл халқы үшін қолжетімсіз болып келген еді. Құжат алу, жақындармен хабарласу үшін көрші ауылға баруға мәжбүр болатын. Енді Бестамақта мобильді байланыс пайда болып, тұрғындардың қолы ұзарды, алысы жақындады. 

Бестамақ ауыл тұрғыны Ербол Бисенов ауылдастары секілді мал шаруашылығымен айналысып, өңірде шаруасын дөңгелетіп отыр. Жалпы бұл ауылда көпшілік мал кәсібімен айналысады. Енді тұрғындар мал жоғалғанда интернеттің көмегімен тез табатын болған. 

"Интернет қосылғалы бері туыстарымызға күнде хабарласып, жағдайын біліп, арқа-жарқа болып қалдық. Бұрын олармен байланысу үшін мектептің интернетіне қосылып немесе көрші ауылға бару керек еді. Бұл расында шаршататын", – деді Ербол Бисенов.

"Бұрын коммуналдық қызметтерді төлеу үшін аудан орталығына баруымыз керек еді. Енді барлығын онлайн төлеуге болады. Одан бөлек қарапайым мал жоғалғанда сабылып іздеп, ой мен қырды кезіп кететінбіз. Енді ауылдың ортақ тобына жазып, бір-бірімізден сұрастырып, тауып аламыз. Ұялы байланыс жақсы жұмыс істеп тұр", – дейді ауыл тұрғыны.

Бестамақ – 260-тан астам адам тұратын шағын елді мекен. Онда медициналық амбулаториялық пункті, кітапхана, мәдениет үйі мен 9 жылдық мектеп бар. Ауыл тұрғындары көбіне мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар шағын мектеп –ауылдың негізгі жұмыс берушісі. Ауылдық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айшат Ахметованың айтуынша, Бестамақта байланыстың орнатылуын әсіресе ұстаздар қауымы асыға күткен. 

"Екі-үш жыл бұрын біздің мектепке интернет тартылды. Бірақ ауылда ұялы байланыс болмағандықтан, кешке дейін мектептің интернетіне байланып отыратынбыз, Kundelik.kz жүйесін толтырып, сабаққа қажет материалдарды осы жерде іздейтін едік. Мектепке өз ноутбугімізді көтеріп бару керек еді. Байланыс орнатылғалы бері үйге ерте қайтатын болдық. Ноутбук көтеріп жүрудің де қажеті жоқ", – дейді ұстаз.

Оның айтуынша, мұғалімдер республикалық, облыстық ұстаздардың Telegram арнасына тіркеліп, сабаққа қажет әдістемелік құралдарды көшіріп алып пайдалануына да интернеттің көп көмегі тиіп жатыр. 

Бестамақ елді мекені қарайтын Саралжың ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиевтің айтуынша, Бестамақта бұрыннан газ құбыры мен су жүйесі толықтай тартылған. Тек ұялы байланыс қызметі жетіспей тұрған. 

"Бестамақ – үлкен трассаның бойында орналасқан ауыл. Мұнда 260-қа жуық адам тұрады. 9 жылдық мектеп, мәдениет үйі, кітапхана мен медициналық амбулатория пункті бар. Бұрын тек мектепте талшықты кабель арқылы тартылған интернет желісі болған. Бірақ өзге мекемелерге де, жалпы ауыл тұрғындарына да байланыс аса қажет еді", – дейді округ әкімі.

Айта кетейік, Kcell компаниясы сонымен қатар 220 адам тұратын Шиқұдық елді мекеніне де байланыс орнатты. Бірер күннен бері ауыл тұрғындары жаңа байланысты сынап көріп жатыр.

Ақтөбе облысындағы Бестамақ пен Шиқұдықтан бөлек, "Kcell" осы айдың соңына дейін 4G желісін тағы үш ауылға: Шеңбертал, Жаныс би және Құттыкөлге қосуды жоспарлап отыр.

Өзге өңірлерге келсек, Kcell облыс әкімдіктерімен "жол картасын" бекітіп, оның шеңберінде жыл соңына дейін Түркістан облысында 170-тен астам ауылды, Қызылорда облысында 7 ауылды, Жамбыл облысында 21 ауылды, Алматы облысында 18 елді мекенді, сонымен қатар Алматы, Жетісу, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 100-ден астам ауылды интернетпен және байланыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

"Қазақстандықтар республика бойынша былтырдан бастап жаңа буын – 5G байланысын дамыта бастағанымызды жақсы біледі және бұл үдеріс жедел қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінде еліміз бойынша, дәлірек айтсақ, 20-ға жуық қалада 600-ден астам 5G базалық станциялары орнатылды. Жаңа стандартты байланыс қызметін қарқынды дамыта отырып, біз қолданыстағы 4G желілерін де қоса жүргізіп келеміз. Сонымен қатар қазақстандықтарды географиясы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық заманауи телекоммуникациялық қызметпен және сервистермен барынша қамтамасыз ету үшін ауылдарға баса назар аударуға тырысамыз", – деп атап өтті "Kcell" АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.

Айта кету керек, өткен жылы компания 4G желісін енгізу арқылы 140-тан астам елді мекенді сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз етті, ал 2023-2024 жылдарға арналған желіні дамыту бағдарламасы аясында Kcell 250-ден астам ауылдық елді мекенді интернет игілігіне қосуды жоспарлап отыр.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.