Елімізде ойдым-ойдым жолдардың кесірінен жыл сайын жүздеген жол апаты тіркеледі. Жамау болған жолдың сапасы жүргізушілердің бас ауруына айналғалы қашан?! Аудан мен ауылды айтпағанда, ірі қалалардағы көшелердің өзі шұрық-тесік. Жаман жолмен жүріп көлігін зақымдаған жүргізушілер не істеу керек? Олар шығынды өндіріп ала ала ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информ бюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Мәліметтерге сүйенсек, көлік шұрық-тесік жолға түсіп зақымданса, бірден тоқтау керек. Темір тұлпар ішінде зардап шеккендер болса жедел жәрдем қызметін шақыртқан жөн. 

Бұдан кейін 15 метр жерге апат белгісін қойып, полицияға қоңырау шалу қажет. Одан кейін екі куәгер тауып, аты-жөнін жазып алғаныңыз абзал. Оқиға орнында еш нәрсені қозғамай, барлығын фото-видеоға түсіріп алу да маңызды.

Заңгерлердің айтуынша, осыдан кейін бүлінген көліктің шығынын есептеу басталады. Бұл жағдайда көлік түсіп кеткен шұңқырды, зақымданған әр бөлшекті белгілеп алу керек. Кейін барлық дәлелдерді алып, үкімет порталы арқылы тиісті орындарға арыздана аласыз. Мамандар полиция хаттама толтырып, жауапты органдарға тапсыруға міндетті дейді. 

  • Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Түркістан облысы мен Шымкент көшелерін су басып қалды

  • Балшық кешіп, батпаққа батып жүрген Алматы облысының тұрғындары жанайқайын жеткізді

Заңгер Ермек Қойшинов арызданушының талаптары ескерілмесе, жауапты орган өтемақы төлейтінін айтты.

"ҚР "Жол қозғалысы туралы" заңнама нормаларына сәйкес еліміздің әр азаматы жолдарда қауіпсіз, қолайлы жағдай жасалуын талап ете алады. Еліміздегі барлық жолдар тегіс, түзу болуы керек. Ал осы талаптар ескерілмесе, жауапты органнан өтемақы талап етуге болады. Ол ашық тұрған құдықтар болса тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы, шұрық- тесік жолдар болса автомобиль жолдары басқармасы, ал республикалық маңызы бар жолдар болса көлік министрлігі жауап береді", – деді заңгер.

Заңгерлер бұл істі сотқа дейін жеткізуге болатынына сенімді. Сот жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырса, оның орындалуын, яғни өтемақыны төлеуіне қол жеткізу керек. Тіпті, осы арқылы шұрық-тесік жолдарды жөндеуді міндеттеуге болатынын айтады.

Еске салайық, 12 наурызда Семейде қатты жел салдарынан көпірдің жақтауы жартылай опырылып түсті. Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің ұзындығы 15 метр болатын қоршауы құлап кеткен. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл бағытта жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жабылғанын мәлімдеді. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.