Ѓасыр жобасы



жүктеу 123.23 Kb.
Дата07.03.2018
өлшемі123.23 Kb.

ҒАСЫР ЖОБАСЫ


Егемен Қазақстан, 28 Сәуір 2010 | "ЕТЖЕҢДІ"

 Загрузка ...

Тарих ағымының заңдылықтары туралы ілімдер жүйелі сөз айтады. Өткен кезеңдер құбылыстарының өмір диалектикасында қайта оралып соғып отыруы да сол ілімдер сөзінде ескеріледі. Қайта оралып соғатын құбылыстардың, әрине, озығы да, тозығы да болмақ. Өткеннің бүгінмен үндесіп, болашақпен қолдасатын кей жәдігерін сол, озық нәміндегі игі құндылықтар деу – қисын реті. Оларды уақыт талабында түстеп-тану, бағамдап-ұқсату біздің парасат-пайымымызға байланысты.

Алдыңғы ғасырда солтүстік іргеміздегі Сібір суларының бір бөлігін Орта Азияға жеткізу мәселесі байыпты сөз болған. Ал өткен ғасыр сол жоба тыңына түрен саларға ниет етіп еді. Аяқ астынан, уақыт желі өзгерді… Және бір жайт: дана табиғат, тарихи тұрғыдан “күні кеше” ғана, сонау Азау-Каспий арасын Маныш-Шоғырай жүлгесіндегі бұғазбен жалғап жатты. Уақыт ағымында ол арнаны жер қыртысының қозғалысы бітеп тастады… Осынау, бірі – болмыс ұйғарымды, бірі – адам әрекеті нысанасындағы екі мәселе, араға ғасырлар салып, біздің болашақ мүдделі, ізденіс –ынталы назарымызға тағы қайтып оралды.

Алып ауқымды идеялар кешені алға тартылды. Егемен ел сипатты біздің ақиқатымызда ғалами серпінді қос қанат көрінеді олар.



Бірінші қанат: Батыс Сібір – Орталық Азия арнасы

Сібір өзендері суларының бір бөлігін бұрып, Орталық Азияға жеткізу – адамдардың ғасырлар бойғы арманы десек, артық айтқандық болмас. Бұл тек инженерлік, техникалық ергөдек идеялардың кереметтей жүзеге асуын мұрат еткен тар мақсатты ұмтылыс емес, Еуразияның даңғайыр кеңістігінде тарихи, яғни адамзатқа айта қаларлықтай эко­номикалық, әлеуметтік, экологиялық игіліктер мен оң өзгерістер әкелуі пайымдалған алып жоба бола­тын. Бірақ осынау талпыныстардың талабы әр кезеңде әртүрлі тығырықтарға маңдай соғумен келді. Заманалар бастан кешкен көп оқиғаларды айт­пағанда, алдыңғы ғасырдың техникалық мүм­кіндіктері “ой жеткен жерге қол жетпестей” төмен болды. Өткен ғасырдың тарихи, саяси оқиғалары бұл талаптың жолын әлденеше рет кесті. Мұның соң­ғы мысалы: КСРО атты, көп халықты одақ­тас­тырған алып мемлекет тарады. Және, сонымен қатар, сол кездегі Ресей зиялыларының да осыған біраз себебі болды.

Кешегі ғасырдың 80-ші жылдары орыс жазушы-қайраткерлері әбден зерттеліп, негізделген, басталуы әне-міне күн тәртібінде тұрған Сібірдің бір үлес суын Оңтүстікке бұру ісіне қарсы үн көтерді. Бір қарағанға, жазушы-жанашырлардың төл табиғатына деген ауызбірлікті қуатты үні деуге әбден лайықты. (Астаналардағы біздің қаламгер, зиялы ағайынға әзір жетіспей жүрген қайраткерлік қасиет.) Ол қозғалыстың басында В.Распутин, С.Залыгин секілді танымал қаламгерлер тұрды. Олардың басты уәждері Сібірдің (Ресейдің) орман-тоғайы, өзен-көлінің ықтимал зардап шегу қаупі болды. (Одақ­тас­тық қауымындағы қызық ұстаным: қасірет шегіп жат­қан Арал жайы мәнсіз, ал болуы-болмауы бел­гісіз қауіп үшін сондай кесімді сөз айтуға болады. Арал, ең алдымен, сол бауырластар үшін барын берді; экологиялық қасіретті де сол үшін кешіп жатты емес пе…) Оңтүстіктегі бір қауым елдің, әлгі, одақтық, ағайындық, шаруашылық дәс­түрде үміт артып отырған күтулі жолы солай кесілді. Әміршіл-әкімшіл, бәлкім, империялық астам пси­хологияның дегдар руханият саласын да дендеп кеткен сәті, сірә.

Сол кездері осы жолдар авторы КСРО-ның Орталық телевидениесі арқылы ол азаматтарды теледатқа шақырып көрсем деп біраз әрекеттенген. (“Огонек” журналының бөлім редакторы Майра Кәкімбекқызы Салықовамен бірге.) Кездесуді ұйымдастыру қиын болды. Әйтсе де, С.Залыгинмен “Мосфильм” киностудиясында (автордың “Виш­невый омут” фильмі түсіріліп жатты. 1990 ж.) Пікір ал­ысу реті келді. Академик Сергей Петрович За­лыгин сол кездегі “Экология және бейбітшілік” қоз­ғалысының президенті еді. Ол кісі Ресей табиғатын, тұщы ағын азайса, Солтүстік Мұзды мұ­хит суының тұзы артып, мұзы еруі күшейетінін біраз тілге тиек етті. Мен Арал апаты әсерінің дүниеге онан да зілдірек екенін, Объ өзенінен алынатын 15 пайыз судың (сол кездегі жоба бойынша) солтүстік мұзы үшін тамшыдай көлем екенін, мұның сыртында Аралдың КСРО-дағы ашар­шылық, ұжымдастыру, соғыс, тың көтеру сияқты талай сында елді демеп алып шыққан имандылық мысалын, “дүние – кезек” екенін алға тарттым. Қарт қалам­гер бұл жайттарды жоққа шығара алмады… КСРО-ның бо­ла­шағы алмағайып боп тұрған сәт еді. Сонан кейін “балапан – басына, тұрымтай – тұсына” деген кезең келді. Көп нәрсе аттан ауғандай, күн тәртібінен қолапайсыз түсіп қалды… Осы бір мысалды өткенге саяхат үшін емес, жаңа ақи­қатымыздағы жаңа бастамаларда тағы да алдан шығуы мүм­кін ықтимал қиындықты ескере жүру мақсатында келтіріп отырмын. Төмендегі ойлар да сол мақсаттан туындаған уәждер.

Дүние жаңғырды. Әлемнің алтыдан бір бөлігі аса жаңа тарихқа қадам басты. Егемен еліміз мүддесі біздің ізденіс көкжиегімізді айта қаларлықтай кеңейтті. Сол ауанда шұрайлы өлкелеріміз бен шөлейт жерлер үшін мол су қажеттілігі өткір көтеріле бастады. Әрине, суға қатысты мәселелерде, төңіректегі үрдістер ретімен, өз қом сула­ры­мыз­ды – мысалы, Ертіс ағынын – шетін шығармай, өзі­мізде қалдыру әрекетіне баруға болар еді. Бірақ бұл биік өр­кениет мұратты ел үшін әлемдік қауымдастық кон­тек­сіндегі шалағай шешім көрінері сөзсіз. Бізге парасат тұғ­ы­рын­дағы көшелілік жолы керек. Сірә, осы реттен, солтүстік көршіміз де Сібір суы мәселесінде бүгін енді өзі ынталылық таныта бастады.

Мәселенің кезінде ұқсатылып ұсынылғаны соншалық, біздің төмендегі біраз ой қайталау секілді көрінуі мүмкін. Әйтсе де, негізгі, негізді тезистерді пайымдау шарт. Ең алдымен, теріскей беттен су келсе, оңтүстіктің су сұрап, тусырап жатқан жерлері абаттанып-шұраттанып, исініп, береке көзін ашады. Солтүстік дүниесі үшін жай ғана ылғал массасы түрінде кетіп жатқан ағынның әр тамшысы бұл бетте алтыннан қымбат құндылық пен мәнділікке ие болады. Молаятын астық, мақта, жеміс, бақша дақылы, мал басы, аймақтарға түсетін су қатынасы, су электр стансалары дейік. Аясы кеңейетін жасыл аймақ, солтүстік-оңтүстік ара­сына тартылатын әлемдік маңызы зор экологиялық дәліз, толысқан өзен-көл, жұмсаратын ауа-райы – экологтар мен табиғат сейістерінің саласы. Аса зор ғаламдық проблема – әл үстіндегі Арал үшін де үлкен үміт көзі ашылады. Даусыз шындық – күтулі игілік дегеніңіз шаш-етектен болмақ.

Жобаның техникалық шешімі, бұрылатын су көлемі, сонау, өткен ізденістерде мейлінше нақтыланған еді. Әйтсе де, іс ауқымын жаңаша белгілеу – уақыт талабы. Оңтүстік қа­наттағы күтулі игіліктерді нобайлағанда, нәтижелер бір жақ­ты ғана болады екен деген ой тумаса керек. Негізі Ресей жері боп табылатын солтүстік қанат тек су өткізіп беруді ғана қанағат тұтпайды. Батыс Сібірдің ну тайгасы мен қо­рыс батпағы астында мол байлық жатыр. Көршіміз құр­ғақ­тан жер тасып, тым ылғалды өлкеде жасанды тұғыр-арал­дар жасап, мәңгілік тоң қабатын жібітіп, сол кеніштерді біраз қиындықтармен игеруге мәжібүр екені ешкімге құпия емес. Сібір табиғатын, орман-тундра шырқын бұзбай, мей­лін­ше икемді түрде бір үлес су алу, жылда дерлік көктемгі жа­йылма басатын, шексіз батпағы жыл-он екі ай бойы жол бер­мейтін аймақта көршінің шаруашылық жұ­мыстарын ұтымды жүргізуіне сәл де болса септесері сөзсіз. Мұның сыртында, Ресейдің Тюмень, Свердлов, Қор­ған, Челябі облыстарының біршама су проблемасы осы ар­на­ның келуін күтуде. Және де, Ертіс суын біздің Керекуде “бұғалықтап қалмай”, Ресейдің табиғат, су қатынасына қызмет етуі үшін Объке дейін біраз “жұмыс істеуге” бере тұру – екі жаққа да тиімді, көреген саясат болмақ. Батыс Сібірдің ауқымды ау­мағы өмірін Ертіссіз көзге елестету қиын. Демек, Сібірден келетін су – біз сұрап, не сатып алатын сыбаға емес, “еңбек өтеуін” алып, яғни үстеуленіп, қайта оралатын өз игілігіміз деуге толық негіз бар.

Солтүстік мұзды мұхиттың тұзы артып, мұзы еру процесіне алынатын аз үлес судың көп әсері болмаса керек. Анығында, оңтүстіктен бастау алып баратын жылы ағын мұхит мұзын тұзданудан гөрі көбірек бұзатын фактор деуге болады. Сол әсер сәл азаяды. Ал, ғаламдық жылыну құбы­лы­сын­дағы Тұран аптабы мен Аралдың тұзды дауылының орасан зор факторын әлі еш ілім нақтылай алған жоқ. Соларды солтүстіктен келетін салқын су массасы басып, пәтін қайтарса, бұл тіпті, планетарлық елеулі жеңіс деуге болады. Демек, кешегі прагматикалық ұстанымда “Сібір арнасында” сыбағасы ауызға да алынбаған Аралдың, енді, жаңа имандылық, экологиялық мағына негізді үлесі көрсетілуі керек. Арналы ағынның, тіпті, та­наптарды суарып-ақ қайтқан, 50 пайыз қайтарым суы болса да, Аралға жарап жатыр.

Кешегі есеп бойынша, сонау Сібірдегі Ханты-Манси қала­сы­нан бері бұрылатын су – Объ-Ертіс алабының 15 пайызы еді. Бір әшмөшкеге де жетпейтін шама; 380 млрд. текше метр Объ ағынының, шамамен, 57 миллиарды. Ежелгі Әму-Сырдың Ар­алға құйғанынан да мол су. Солтүстік үшін – тамшы, оң­түстік үшін – ырғын молшылық. Және осыған тек Ресей-Қа­зақ­стан ғана емес, оңтүстіктегі біраз ағайынның да мүдделі екені даусыз. Ендеше, кешегіден бүгіннің техникалық әлеуеті, мүм­­кіндіктер жоғары десек те, жұмыла көтерген жүктің жеңіл келері анық.

Батыс Сібір-Орталық Азия арнасы біздің оңтүстік дариялардағы дәстүрлі суымыздың үлесін ешбір кемітуге негіз болмауы тиіс. Мұның саяси да, басқа да тетіктері бекем қолда болмағы ләзім. Көршілердің оңтүстіктегі шұрайлы атыраулық өлкелері біздегіден кем сусырап жатқан жоқ. Сібір суына ол жақ та мүдделі. Ол беттегі ағайындардың атқарылмақ жұмысқа есепті, жоспарлы қатысына сәйкес сыбағалы суы болады.

Идеяның ғылыми және техникалық іргетасы көтерілген. Жаңа ұстаным үдесінде мәселенің әлеуметтік, экологиялық, эко­номикалық тиімділігін зерделеу – уақыт талабы. “Сабақты ине – сәтімен” дейді көнелер оптимизмі. Ендеше, есік қағып тұр­ған бұл бастамаға қауымдаса бет бұратын кез келген сыңайлы.

Екінші қанат: Еуразия арнасы

2007 жылы Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері экономикалық форумында Елбасымыз Каспийден Қара теңізге “Еуразия” су жолын тарту туралы тың ой айтты. Ортаға тасталған ойдың ауқым, табиғаты тым ерек еді. Достастық елдері басшылары, осынау, жаңа, батыл ұсынысты пайым таразысынан өткізу мұрсатын алып тарасты сонда.

Идеялар… Олар уақыт толқынында туады. Озық, орнықты ой-тұғырларға табан тірейді. Адам, адамзат пайымының күрделі таразысынан өтеді. Сондай кезеңдерден өткен өміршең бастамалар жүре-келе адамзат игілігіне айналады. Біздің жаңа тарих осындай соны және батыл ойлар өрісін ашты.

Әлемдік айдындар қисынын ынта аясына сыйғыза зерделеп көрелік. Сөйткенде, Жер ғаламшарының көк кемер белдеуі – Жерорта теңізі, Қара теңіз, Каспий, Арал, Балқаш суларының келісті тізбегі көзге ерекше түсер еді. Қаламгерлік шығар­ма­шы­лық сәл шегініс: мен сол көкжайқын тізбекті “Планетаның көк алқасы” деп атауды ұсынып едім… Кемеңгер Табиғат Еу­разия байтағындағы тіршілік мәні, өмір сәні, миллиондардың са­лауатты ойкумена кепілі үшін солай ұйғарып жаратқан керемет ол. (Осы Көк алқадан алып континенттің ең қатал климатты төріндегі Аралдың зүбәржат “моншағы” үзіліп кетуі – орны толмас өкініш те, салдары ғалам және ғасырларды шалатын қатерлі құбылыс болуы да мүмкін.)

Сонау ұлы тізбектің Азов-Каспий аралығындағы маң дала бауырына бір жұмбақ басып жатқан секілді көрінеді. Бүгін енді батыл айтуға болады: Солтүстік Кавказ алды мен Шығыс Еуропа жазығы түйіскен бұл өлкеде ауқымды идеяның кілті, әлемдік мәні бар игі істің шешім өрісі жатыр. Планетамыз тарихының бір кезеңі осыны ашуға септеседі. Азов-Каспий арасы, бір кездері (энциклопедия тілімен, “күні кеше ғана…”), өзекпен жалғасып жатқан. Сірә, бұл жерлерде, шартты түрде, “Маныч-Кума” деп атауға болатын, арналы бұғаз жатқан. Бұл – антропоген дәуірі деп аталатын кезеңнің ақиқаты. Сонан бергі кезеңде, Кавказ тауларының Шығыс Еуропа жазығына “ентелеуі” бұл арнаны қысып, ақыры, жауып тынған. Қазір осы ойыста Кума-Маныч жүлгесі жатыр. Орта тұсында, не Азовқа, не Каспийге аунап кетерін білмей тұйықталып қалған, ұзыны 100 шақырымнан асатын Маныч-Гудило көлі, жаратылыс заңына сәйкес тұзданып үлгерген. Сірә, ол уақыт, әлгі, “Саратов, Орынбор” сияқты нүктелер Каспий теңізінің жағасы болды делінетін тарихи тұсқа сәйкес келеді.

Міне, осы ұлы тарихи шындықты жаңа кезең, жаңарған ұлыстар мүддесінде қайта тірілту, бізге, біздің ұрпаққа жүктелетін зор миссия болғалы тұр. Азов (Қара) теңізінен Каспийге су қатынасын түсіру керек. Осы идея, ең алдымен, ғалами болмысқа, сосын әлеуметтік, экономикалық, саяси ізгі ниетті ұстанымдарға кереғар шықпайтынына сенім бар. Бүгінгі жаңа пәлсафалық көзқарас талап ететін экология, табиғат мүддесін айтсақ, осыдан мыңдаған жыл бұрынғы су жолын қайта тірілту – бұл аумақ-өлкеге жат, жасанды, антропогендік әрекет болмас. Солтүстік Кавказ алды алабы, Каспий теңізінің жағалаулары мұндай тарихи факторды “біледі”. Кезінде бұл жер­лерде сондай арна мен мол су болған… Ал енді, тізгіні адам­дар қолында болатын ендігі есепті су себебінен, сонау, Саратов, Орынбор қалалары қайтадан теңіз жағасында қалады (яғни, Каспий маңы ойпаты суға набыт болады) деу – еш қисынға келмейтін уәж. Жағдай тетігі, біздіңше, басқа мә­селелерде болмақ. “Еуразияның” алып арнасы түгелімен Ресей же­ріне түседі. Әлемдік теңіздерге жалғанатын Каспий жа­ға­лауында мүд­делері үндес, тең құқықты бес ел жатыр. Бұл жағ­дайлар идеяны саяси тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесін бі­рінші орынға шығарады. Яғни, арна құрылысының шешімі Ре­сей мемлекетінің саяси ерік тұғырына тікелей тәуелді болады. Бұл мәселеде үлкен көршіміздің келісім ғана емес (“келісім” бұл жерде мәселе ауқы­мын, салмағын қамти алмайтын тар ұғым), сонымен бірге, қатыстылық, ынта, мүдде ерігі керек. Сөйткен жағ­дайда ғана, біздің мұнан арғы уәждеріміз негізді, орынды болып шықпақ.

Жаңа бастаманың қысқаша бағыт-жобалары қандай: Азов қаласы түбіндегі теңіз жағасынан Каспийдегі Кизляр шығанағына шейін 700 шақырымдай жер бар. Бұл екі ара – “Кума-Маныч” ойысы деп аталады. Алып арна осы аңғармен тартылады. Бір қарағанға, Маныч өзенінің атырауы, онан жоғарырақтағы көлдер тізбегі, Кума құярлығы – арна өзегі құрылысына сұранып-ақ тұрғандай. Бірақ, экологиялық тұрғыдан, “Еуразия” арнасын Маныч өзеніне, Веселый су қоймасына, Маныч-Гудило көліне, Чограй, Кума су жүйелеріне соқтырмай (яғни, алаптың су көздері табиғатын мейлінше сақтай отырып), осы жүлгеге жапсарлас (параллель) тарту тиімді де, сауатты шешім болуы мүмкін. Сөйткенде, Ростов, Ставрополь өлкесінің егін алқаптары, жайылым-тоғай шұраттарының мұрты да бұзылмайды. Жүйедегі 4 шағын өзен, 4 теміржол арна үстімен көпір, акведук арқылы өтеді. (Бұл жерде, аталмыш арнамен ерек алып мұхит лайнерлері өтпейтінін ескерген жөн). Ал қажеттігі туып жатса, әлгі аталған су көздерімен арнаның кей бөліктерін үстеулеп отыру тіпті тиімді болар еді. (Әрине, бұл айтылғандарды жобаның бір ықтимал нұсқасы ғана деп қарау керек).

Құрылыстың нақты техникалық параметрлерін белгілеу, идеяны инженерлік тұрғыда жүзеге асыру – мамандар құзыретіндегі шаруалар. Айқындаушы факторлар сан-салалы (саяси, экономикалық, экологиялық және т.б…) болуы мүмкін. Әйтсе де, ортаға бір-жар есеп ұсынайық: 700 шақырымдық арнаның құлау еңістігі 28 метр, яғни әр шақырымға 4 см. көлбеуліктен келеді. Және арна ағысы батыстан-шығысқа, Жердің айналу бағыты бойына түседі. Бұл жағдайлар далалықтың тыншу өзеніндей тымық, сабырлы ағынды су жолы болатынын айтады. Мұндай бұғазда кемелердің жүзуіне ағыс, құлама деген құбылыстардан көп кедергі болмайды. Бұл, өз кезегінде, өзек бойын көптеген жасанды қақпа, шлюздермен бөгеп-реттеу жұмыстарынан құтқарады. Яғни, арна бойында қосалқы қызмет, құрылымдар көп қажет етілмейді. Осы жайт арна құрылысы мен оны пайдалану жұмыстарын мейлінше қарапайым да, арзан шешуге септеседі. Су жолының бірқалыпты көлбеулігіне қол жеткізу үшін Маныч суайрығында (абс. биіктігі 26 м.) жер бетінен 40 метрдей терең қазу жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Яғни, арнаның ең терең тұсы сондайлық қана болады.

Келесі сөз ретінде, “Еуразия” су жолының игілік бастауларын біршама зерделеуге болар еді. Бұл арна өзендер ағынына табиғаты аса тәуелді, кезінде өзі де Арал бауырының кебін құша жаздаған Каспий теңізіне келетін тағы бір су көзі болады. Ол және ешқандай сутартқыш-көтерме көмегінсіз (Сібір арнасы мысалындай емес), өз екпінімен ағатын еркін су болады. Мысалы, осы жолмен Каспийге жылына 30-дан 60 текше шақырымға шейін ағын құйып тұруға болады. Бұл – өмір ырғағы алмағайып Каспий үшін бір кепілді, тұрақты ылғал көзі емес пе? Және бұл ағын Қара теңіздің сілтілі ащы суы емес, Кубань, Дон сағасынан бері тартылатын Азов теңізінің салыстырмалы, жұмсақ суы болады. Осы су тарту, тағы бір есеппен, әлемдік мұхит деңгейінің қатерлі көтерілуіне де (иненің жасуындай болса да) оң ықпал етері хақ. Ең бастысы, халық шаруашылығына аса қажет, бірақ Каспий тағдыры тым тәуелді Еділ, Жайық, Кура, Терек ағындарын өз өңірлерінде біршама еркін пайдалануға мүмкіндік береді. (Түбі, экологиялық тығырықтағы Арал мүддесі де осы факторға бір табан тіреуі мүмкін). Аталмыш арна өзімен жапсарлас Маныч-Гудило жүйесінің кәріздік суларын реттеуші қызметін атқаруы да мүмкін. Бұл ретте, экологтар мен агротехниктерді үлкен су келгенде алаңдататын, жер асты суының көтерілуі, жер бетінің қайталап тұздануы сияқты келеңсіз құбылыстар болмауы тиіс. Арна маңайдағы су көздерінен біраз төмен жатады… Ал эко­логиялық терең зерделеу Қара теңіз бен Каспий та­би­ға­тының ұштасу-үйлесуін сараптайды. Кезінде бұл айдындардың жал­ғасып жатқаны табиғат “жадында” болуға тиіс. Демек, көп экологиялық жатсыну күтілмейді… Ал енді, Қара теңіздің ақтуша акулалары Каспийге келіп, қаракөз бен итбалықтарды қырып салады екен деу – субтропик жаға­жа­йында шомылсаң акуладан өлесің деген сияқты қисынсыз гәп. Әрине, эколог-ма­мандар, өзге де сала сараптаулары қатарында өз сөздерін айтатын болады.

Арнаның экономикалық тиімділігі – үлкен мәселе. Еуразия кеңістігінің тоқсан тарау жолы тоғысқан өлкеміз үшін тағы бір ғажап перспектива – әлемдік мұхиттарға тура жол ашылғалы тұр. Су жолы әлемде мойындалған ең арзан, ең тиімді жол. Республикамыз теңізжағалық елге айналады… Қаламгерлік бейнелі ой қанатында, мен Қазақстанның сонау, Оңтүстік-Шығыс іргесі, Алатау мен Алтай арасындағы алып аңғарлар алабын Еуразияның “Ұлы қақпалар өлкесі” деп атауды ұсынып едім. Енді біз үшін “Ұлы теңіздер қақпасы” немесе әлем мұхиттарына жол ашылатын болады. Бұл жол Еуропа мен Шы­ғыс, Оңтүстік-Шығыс, түбі, Оңтүстік Азияның “ұйқыдан оянып жатқан” аймақтарын тиімді жақындатады. Жарты әлем үшін игілік арнасы болуы мүмкін.

Идея – Қазақстандікі, ол – Қазақстан басшысының аузымен алғаш айтылды.

Алғашқы есеп бойынша, құрылыс бағасы 6 миллиард доллар көлемінде.

Ендігі сөз кезегінде, Каспий бойындағы бес ел факторы ойға оралады. Бұл факторды айналып өтуге болмайды. Көр­ші­лердің осынау идеяға көзқарастары қандай? Каспий алабында жатқан іргелес Түркімен, Иран, Әзірбайжан елдері әлемдік айдындарға шығуға неге мүдделі болмасқа?!. Әсіресе, Түркімен, Әзірбайжан үшін теңізжағалық ел болу келешегі тартымды емес пе? Ол елдер үшін де ғажап мүмкіндік ашыл­ға­лы тұр. Ал Парсы шығанағы және Үнді мұхитын жағалап жатқан Иранның “Еуразия” арнасы арқылы Жерорта теңізіне шығар жолы Араб түбегін айналудан 2000-3000 шақырымдай қысқа болады екен. Ал Қара теңіз жағасындағы, Дунай алабындағы Еуропа мем­лекеттеріне парсы елінде бұл су жолына бас­қадай тиімді балама жоқ деуге болады. Экономикалық, әлеу­меттік, мәдени-адами қатынас тек Шығыстың ғана мүддесі емес. Екінші жақтан Батыстың да осы қатынасқа ынта-мүддесі зор екені даусыз… Миллиардтаған қаржы талап ететін арна құ­рылысы осынау ынталылық пен қатыстылыққа шаққанда, ай­тар­лықтай жеңіл нұсқаға түсуі мүмкін. Бұл жайттар мәселенің саяси жағының маңызын тағы да алға тартады. Түптеп келгенде, өзара тиімді ынтымақтастық, сындарлы саясат, прагматикалық есепке табан тіреген сенімді тұғыр қажет. Ең алдымен, Ресей мемлекетінің бұл мәселедегі ұстанымына көп нәрсе қатысты. Ресейдің Еділ атырауы, Солтүстік Кавказ, оңтүстік далалық өлкелерінің экономикасы да осы арнамен жаңа серпін алуы мүмкін… Әлемде халықаралық, ғасыр дәстүрлі елдерді көктеп өтіп жатқан, жүз шақырымдық Суэц, Панама, Киль каналдарының үлгі-мысалдары бар…

Мән-мазмұны ғалам ауқымды бұл идеялар кешегі бір өткенмен қоса мінелген “алыптық сырқаты”, ісініп-кебінген әсіретыраштық желігі емес, жаңа тарихымыздың ақиқаты ұсына бастаған ділгір өмір қажеттіліктері. Бүгін жүзеге аса бастаған трансеуразиялық Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолы, Қазақстан-Иран теміржолы құрылыстары осының алғашқы қарлығаштары. Демек, ғасырлар бойы адамдар көңілін баураған осынау ізгі ойларды батыл жүзеге асырудың, адамзат игілігіне айналдырудың уақыты келді.



Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы, эколог. Қызылорда облысы.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет