Желіде астаналық тұрғын жеке дерегі мен телефон номері түрлі компаниялар арасында сатылып жүргенін айтып шағымданды. Айтуынша өзіне күнде медицина орталықтары мен компаниялар хабарласып қызметтерін жарнамалайды екен. Бұл қоңыраулар тұрғынның әбден мазасын алған. Осы мәселеге байланысты Stan.kz тілшісі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті маманынан қазақстандықтардың жеке дерегі қалай қорғалатынын сұрап білді. 

Cурет pexels-тен

Facebook желісінде астаналық тұрғын жеке деректері үшін алаңдайтынын алға тартып, жазба жариялаған.

“Соңғы кездері маған түрлі медициналық орталықтар мен тамақтандыру орындары қоңырау шалып, өз қызметтері мен түрлі жеңілдіктерін ұсынып, жарнамалайды. Олардан номерімді қайдан алғандарын сұрасам, кейбіреуі телефонды қоя салады. Ал кейбірі тіптен ұялмастан жаттанды сөздерін қайталап жауап беруден қашқақтайды. Олардың бірі жарнама агенттіктерінен деректер базасын алғанын мойындады. Сонда біздің жеке деректерімізді кім, қайдан алып, не үшін таратады? Мұндай мәселені кім шешеді? Меніңше бұл қылмыстық іс. Ұялы байланыс мүлдем басқа шықты. Жеке деректеріміз тіпті түрлі компаниялар арасында сатылып жүр екен”, – делінген жазбада.

Тұрғын сонымен қатар мұндай жарнамалық қоңыраулар апта сайын тіпті Алматыдан да келетінін жеткізді.

Осы жазбадан соң желі қолданушылары да өздерінің дәл осындай жағдайға тап болғанын жарыса пікірге қалдырған. Айтуларынша, тіпті микрокредиттік түрлі ұйымдар хабарламадан бөлек SMS хабарламаларға дейін жіберетін көрінеді. 

Осы шағымдардан соң Stan.kz тілшісі жеке деректердің қауіпсіздігіне кімнің жауап беретінін және заң бойынша қалай қорғалатынын сұрап білді. 

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті мамандарының айтуынша, қазіргі таңда, мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерінде қамтылған дербес деректер өңделген кезде мемлекеттік сервис арқылы ұсынылады.

“Сервис дербес деректер субъектісіне операторлардың оның дербес деректеріне қатысты орындалатын іс-әрекеттерін бақылау мүмкіндігін беру арқылы оны басқалардың қол жеткізуінен қорғайды. Сервис күніне 1 миллионға жуық сұрауларды өңдейді. Сонымен бірге азаматтардың дербес деректерінің таралуына жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық өзгерістер әзірлеуге және енгізуге қатысты ҚР президентінің тапсырмасын орындайды. 2023 жылғы 11 желтоқсанда "ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР-ның заңына қол қойылды”, – делінген хабарламада.

  • "Жалпы шығын – 35 миллион теңге": Бір топ қазақстандық шетелге саяхат ұйымдастыратын Altyn Tour-ға алданғанын айтып шағымданды

  • "Барлығын атамыз": Белгісіз біреулер Атырау мектептерінде де атыс болатыны жайлы ақпарат таратты

Мамандар сонымен қатар бұл заңда мынадай түзетулердің көзделгенін тізіп берді:

  • дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау функциясын беру;
  • ҚР-ның заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын, дербес деректері бар құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу;
  • азаматтарды дербес деректердің таралу фактілері туралы хабардар ету;
  • банктік қарыздар алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бүгінгі күні осыған орай заң жүйесін қатаңдату бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

“Дербес деректерді қорғау, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба салаларында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімін ұлғайтуды, дербес деректерді қорғау және ақпараттандыру салаларында әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін 3 есеге ұлғайтуды көздейтін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР-ның кодексіне түзетулерге бастамашылық ету бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүргізуде”. – делінген хабарламада.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.