Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сейсмикалық қауіпті аймақта тұрса да, жер сілкінісіне бейқам қарайтындар көп екенін айтады. Қауіпсіздік ережелерін пысықтауға арналған сейсмикалық оқу-жаттығуларға көптеген тұрғын қатыспайтын көрінеді. Мамандар табиғат апаты кезінде қалай әрекет ету керек екенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: darakchi.uz

Алматыдағы соңғы болған қатты жер сілкінісінен соң мамандар халыққа қауіпсіздік ережелерін қалай сақтауды қайта-қайта ескертіп жатыр. Соның бірі – балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы Ольга Костенко. Ол қазір балабақшалар мен мектептерді аралап, мұғалімдерге дүмпу кезінде өзін және оқушыларын қалай қорғауды түсіндіріп жүр.

“Үстелдің астына тығылу керек деген қате пікір. Ол аспалы шам мен үйдің ішіндегі өзге дүниелердің құлап кетуінен қорғағанымен, қабырға немесе төбе опырылып түссе, тым қауіпті. Ал диван одан сенімдірек. Салмағы да ауыр, қозғалуы да қиын болғандықтан, диванның жақтауына бойлай, арқамызды тіреп жата қалуымыз керек. Үстінен жастықпен жабуға болады”, – деді балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы Ольга Костенко.

Нұсқаушы төтенше жағдай кезінде лифтіні қолданбауға кеңес береді. Баспалдақпен түсу де қауіпті. Қатты жер сілкінісінен оның құлап кетуі мүмкін. Сол себепті дүмпудің аяқталғанын күтіп, үй ішінен қауіпсіз жерді тапқан дұрыс дейді.

“Үлкендер жер сілкінісі кезінде көбінесе баласын уайымдап абдырап қалады. Ондай жағдайда, керісінше, жылдам қимылдап, кішкентайларды бір жерге жинау керек. Егер екінші қабатта болса, астына тез түсіріп, негізгі қабырғалардың бұрыш-бұрышына тұрғызған абзал. Одан бөлек, төсектің жақтауына жатқызып, көрпе-жастықпен қымтаған дұрыс. Ауыр дүние түскен күннің өзінде көрпе-жастықтар қорғап қалады”, – деді жаттықтырушы.

Зілзала кезінде үйдегі суды, газды, жарықты өшіру керек. Дабыл сөмкесі үнемі дайын болған жөн. Нұсқаулық та сақтаулы тұрса артық етпейді. Ал көшеде жүрсеңіз, үлкен ғимараттың қасынан алшақ кеткен дұрыс. Үзілген сымдарға жоламай, жазық жер іздеңіз. Алғашқы дүмпу кезінде тек жер үйде тұратындарға ғана сыртқа шыққаны дұрыс.

“Егер көпқабатты үйде тұрсаңыз, дүмпу кезінде сыртқы қабырғадан және терезеден алшақ болып, бірінші дүмпуді үйде өткізуіңіз қажет. Ол үшін отбасыңызбен бірге ертерек қауіпсіз жердегі орындарыңызды табуыңыз керек. Ол – негізгі қабырғалар. Әрі қарай дүмпу біткеннен кейін тез арада үрейге бой бермей, ғимараттан шығып кетіп, ашық алаңға тұру керек”, – деді Алматы ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар жиһаз жанында ұйықтамағаны абзал. Ауыр, құлауға бейім мүліктерді еденге немесе қабырғаға шегелеп тастау керек. Төтенше қызмет халықтың сейсмикалық оқу-жаттығуға селқос қарайтынына қынжылады. Соның салдарынан дүмпуден емес, үрейдің кесірінен зардап шегеді дейді.

“23 қаңтарда адамдар үрейдің кесірінен жарақат алды. Өйткені олар не істерін білмей абдырап қалды. Сол себептен өз-өзіңізді ұстап, дұрыс әрекет жасау керек. Көпқабатты үйде, пәтер ішінде сыртқы қабырғалар жанында, терезенің жанында тұруға болмайды. Жарақат алуы мүмкін”, – деді Нұрымбетова.

Дүмпу кезінде есіктің жақтауында тұруға кеңес берілмейді. Ол тек аспалы шам, өзге мүліктердің үстімізге түсуінен сақтағанымен, негізгі қабырғаның құлауынан қорғамайды. Мамандар жерасты дүмпуі кезінде жуынатын бөлмеге жасырыну керек дегенді де қате деп отыр. Яғни айна мен өзге де әйнектердің шытынап сынуынан бөлек, ыстық су құбыры да жарылып кету қаупі жоғары. Сол үшін үйдегі негізгі қабырғаның жақтауына тұрған жөн дейді.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.