Қазақ әдебиеті. 2012.№43. 19 қазан



жүктеу 146.61 Kb.
Дата28.04.2019
өлшемі146.61 Kb.

Қазақ әдебиеті. – 2012.-№43. – 19 қазан

Есполов Т. ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі



Білім – өркендеу кілті, болашақ негізі
Қазақстанның даму жолы айқын, мақсаттары асқақ. Мемлекеттің жаңаруы мен өркендеуінің басымдылықтарын белгілеуде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерінің маңызы айрықша. Қазақстан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін туындаған дағдарыстан енді ғана ес жинай бастаған 1997 жылы Президент «Қазақстан 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанын білеміз. Биыл осы Жолдаудың қабылданғанына 15 жыл толды.

Осы Жолдауда Елбасы маңызды, ұзақ мерзімдік басымдылықтарды көр­сете отырып, ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың бір жолы ретінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуді нұсқады. Жолдауда «Біздің ауқымды алқаптарымыз, ауыл шаруашылығы жерлеріміз – орасын зор әлеуетіміз» деп көрсетілген. Оны игеру үшін іскер мамандар дайындау керектігі де ескертілген. Ал қазіргі кезеңде Қа­зақ­станның басты мақсаты – Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамын қалыптастыру идеясын жүзеге асыру. Еңбекті тірші­ліктің ең құрметті, аса маңызды көзіне айналдыру қажет, елімізде еңбек культы салтанат құрып, оны дамудың іргетасы­на айналдыру деген тағдырлық ойға Президент ерекше мән беріп отыр. Ал, ең­бекті дұрыс ұйымдастыру жолдарын тек білім үйретеді.

Елбасының ұсынған идеялары мен көтерген мәселелері әрбір азаматқа тү­сінікті, қарапайым, өзекжарды. Со­н­дық­тан да күнделікті өмірде олардың маңыздылығы мен құндылығы аса зор. Өркениеттің кірпіштері тек еңбекпен, шығармашылықпен қаланатыны бел­гілі. Демек, Қазақстанның алға жылжуы әрқайсымыздың еңбектегі жанпи­да­лығымызға байланысты. Барша қазақ­стан­дықтар ұлтқа, нәсілге, дінге, ме­ке­ніне бөлінбей, бар күшін біртұтас еңбек қоғамын құруға жұмылдырса, шық­пай­тын шың, алынбайтын қамал жоқ. Әлеу­меттік жаңару дегеніміз жасампаз еңбектен басталады. Әлеуметтік жаңа­ру­­мен бірге білімнің, сананың, рух пен құлықтың да жаңаруы жүреді. Әлеу­мет­тік жаңару халқының материалдық әл-ауқатының жақсаруының, ұлттың ден­саулығының, білімі мен мәдениетінің жақсаруы және жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің негізі болып табылады. 


Шындығында, Қазақстанда Елба­сының әділетті, ғылыми тұрғыдан негіз­делген әлеуметтік жаңару саясатының арқасында әрбір қазақстандықтың өз өмірін өзі жақсартатын ахуал қалып­тасып келеді. Сенің жеке басыңның ба­қыты – өзіңнің адал және табысты еңбегіңе байланысты. Біз халқымыз даналықпен көксеген «Еңбек түбі – зейнет» болатын мемлекетте өмір сүре бас­тадық. Осы уақытқа дейінгі белсенді, ортақ еңбектің нәтижесінде «елу жылда – ел жаңа» деген халықтық тұжырымға өз­геріс енгізіп «жиырма жылда – ел жаңа» бола алатындығын дәлелдедік. Бұл жеңіс және ұлы жеңіс. Елбасының саясатын осылай қолдай берсек, алдымызда бұданда зор жеңістер, мол табыс­тар мен бақытты шақтар болатыны даусыз. 
Әлемдік сарапшылардың тұжырымы бойынша Қазақстан экономикасы 2-ші кезеңнен (тиімді даму кезеңі) 3-ші даму кезеңіне (инновациялық даму кезеңі) өтуде. Бұл дегеніміз жалпы даму барысында индустриалды қоғамның пос­т­индустриалдық қоғамға ұласуы. ӘЭФ (әлемдік экономикалық форум) Қа­зақстанның қол жеткізген жетістіктерін сараптай келіп, оған бәсекеге қабілет­тілік рейтингісі бойынша 51-ші орынды берді. Әлемнің 144 мемлекетінің бәсе­ке­дегі жетістіктерін салыстырсақ, Қазақстан былтырғы көрсеткішінен 21 позицияға жоғарылаған. Бұл деректер Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында мемлекеттің алдына қойған әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену міндетінің де ойдағыдай орындалып ке­ле жатқандығының айғағы. Алдағы жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қа­білетті 50 мемлекетінің арасынан көрі­нетініне сенім мол. Қазір Қазақстан жыл сайын 7,5 пайызға дейін өсу көр­сет­­кішімен әлемдік көшбасшы елдерінің қатарында. Тек 1 жылдың ішінде әрбір қазақстандыққа шаққандағы ЖІӨ мөл­шері 25 пайызға артыпты. 2011 жылы бұл көрсеткіш 11200 АҚШ долларын құрап, 1991 жылғы 2400 доллардан 3,5 есеге артып түскен. Қазақстан 1992 жылы 3 млрд. доллар көлемінде ЖІӨ өндірсе, 2011 жылы 188 млрд. доллардың көле­мін­де өнім өндірді. Демек, тәуелсіздік жылдары елдің жалпы ішкі өнімінің кө­лемі 62 есеге өсті деген сөз.
Біз жоғарыда көрсетілген экономи­калық жетістіктерді бекер келтірген жоқ­пыз. Бұл табыстар Президент ұсын­ған «Алдымен экономика – одан кейін саясат» деген тактикалық формуласы­ның тиімді нәтижесі болып табылады. Қазақстан­ның алдағы 3-ші даму кезе­ңіндегі – инно­вациялық даму кезеңін­дегі табыстары оны жүзеге асыратын кадрлардың бі­ліктілігіне, біліміне және жаңа­шыл­дығына байланысты болмақ. Демек, алдағы уақыттағы Қазақстанның бейбіт даму эволюциясын жылдамдату білім мен ғылымның сапасының жақ­саруына және ғылыми жетістіктердің өндіріске жылдам енуіне тәуелді.

Бұл міндеттерге Президент өзінің Назарбаев университетінде оқыған дә­рісінде ерекше тоқталып өтті. Жаһан­дық конкурста жетістікке жету үшін әлеу­меттік-экономикалық дамудың барлық салаларында бәсекеге қабілетті мамандар жұмыс істеуі керек. Білгір, жаңашыл мамандар ғана қоғамды алға сүйрейді деп есептейді Елбасы.

Қазақстанда қоғамның барлық салаларын, соның ішінде ЖОО реформалау үдерісі «Қазақстан 2030» страте­гиялық бағдарламасы негізінде жүзеге асып келеді. Сондықтан бұл бағдарлама әрбір ұжым басшылыққа алатын құ­жат­қа айналды. Онда көрсетілген ба­ғыт­тардың абыройлы атқарылатынына се­німіміз мол. Елімізде басқа ЖЖО-на үл­гі болатындай Назарбаев университе­ті ашылды. Бұл оқу орны әлемдегі озық зерттеу университетінің тәжірибесі негізінде жұмыс істеуде. Осыған орай ҚазҰАУ-да автономды университет қызметінің базалық принциптері ен­гізілуде. Университетті басқаруда Ба­қылаушылар кеңесі және Қамқоршылар кеңесі маңызды роль атқаруда. «Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемле­кеттік бағдарламасына» сәй­кес университетте Балон процесінің базалық прин­­циптері үстемдік алды. Акаде­мия­лық ұтқырлық жүйесін енгізу бізге әлемнің озық зерттеу универси­тет­те­рімен бірлесіп докторантура бағ­дар­ла­маларын жүзеге асыруға көмек­тесуде. Бұл жұмыс ҚазҰАУ-дың әлемдік ғылым жүйесіне интеграциялануына мүмкіндік берді. Соның негізінде ака­демиялық ұт­қырлықтың Модельдік орталығы «Center of Excellence» жұмы­сын бастады. Әлемдік озық университеттер ғалым­дары магистранттар мен докторанттар­дың Жаздық мектептерін­де сабақ беруде. Университетімізде «Балон процесі орталығы», «Жастар саясаты орталығы», «Жастар ғылыми-зерттеу орталығы», «Политілдік білім орталығы» құрылып, пайдалы жұмыс атқаруда. 
Қазақстан ұлттық аграрлық универ­ситеті де мемлекетімізбен бірге жаңарып, даму жағдайында. ҚазҰАУ мақсаты – жо­ғары оқу орнының зерттеу типіндегі жаңа моделін қалыптастырып, магис­транттар мен PhD докторанттарды да­йындаудағы базалық оқу орнына айналу, елдің ауыл шаруашылығы кеше­нінің даму талаптарына сәйкес, білікті кадрлар даярлау, әлемдік озық білім беру жүйесіне, бәсекеге қабілетті әлем­дік 500 университеттер қатарына қосылу. Ол үшін бірінші кезекте Қа­зақстандағы алғашқылардың бірі болып зерттеу университетіне айналу міндетін шешуге тиістіміз. Осы мақсатпен байланысты ұжымда «2011-2015 жылдарға арналған ҚазҰАУ-ды ұлттық зерттеу универ­си­тетіне айналдырудың бағдарламасы» жасалынған. Қазір осы бағдарламаны қадамдап орындаудың нақты шаралары жүзеге асырылуда. 

Бағдарламада ауыл шаруашылығы­ның инновациялық дамуына ықпал ететін ғылыми жетістіктерді қолданыс­қа енгізудің нақтылы жолдары қарас­ты­рылған. Мәселен, біздің ғалымдар елі­міз­дегі мал тұқымдарын асылданды­руда, гидропоника (өсімдікті топырақсыз өсіру тәсілі), жылыжай шаруашылығын ұйымдастыруда, астықты тереңдеп қай­та өңдеу, инновациялық тамшылап суару, орманды сақтау және кеңейту сияқты ауыл шаруашылығын дамытудың келелі мәселелерін шешуге ат салысуда.


Университеттің зерттеу университ­те­тіне айналуының жеті қадамының ауқы­мын­да Агротехнопарк жасау ісі, 31 зерттеу зертханаларының жұмысы және 4 инновациялық орталықтар қыз­меті жолға қойылды. Оларда ғалым­дар ауыл шаруашылығы кешенінің негізгі салаларына қатысты 100-ден астам инно­вациялық ұсыныстарды жасады. Ор­талықтар жұмысының нәти­жесінде ғылыми жобаларды қаржы­ландыру соңғы 2 жылда 10 есеге көбейіп, 1 миллиард теңгені құрады. Біздің ғалымдар «Қазақстандық – 1М» маркалы, техни­калық сипаттамалары жағынан әлемдік озық үлгілерден кем түспейтін, отандық комбайн құрастырды. Космостық технологияны пайдалану жолымен топырақ құрылымын анықтау, гендік инженерия жетістіктері негізінде жануарлар тұ­қым­дарын, өсімдіктер сорттарын жетілдіру, Арал теңізінің түбін қалпына келтіру және рекультивация жасау жұмыстары қолға алынды. Соңғы 2 жылда ғана уни­вер­ситет ғалымдары 150 ин­но­вация­лық патенттер иеленіп, жоғарғы импакт – фактормен бағаланатын 70 шетелдік журналдарда мақалаларын жариялады. Елімізде мал тұқымдарын асылдандыру жұмысында да біздің ғалымдар шешуші роль атқаруда.

Елбасының ұсынған идеялары мен қойған талаптарын орындау арқылы Қа­зақстан қоғамының биікке өрлей бе­ретіндігіне сенім ерекше. Президент биыл­ғы жазда «Жалпыға ортақ еңбек қо­ғамына 20 қадам» атты бағдарламасын жа­риялады. Бұл бағдарламада да мем­лекеттің әлеуметтік мәселелерді ше­шу­дегі бел­сенділігін арттыруда еңбектің шешу­ші роль атқаратыны баса айтыл­ған. Ал, пайдалы және сапалы еңбекті тек қана терең білімді және кәсібін жетік мең­герген маман ғана атқара ала­тын­дығын Елбасы ерекше ескертеді. Қазақстанның Конституциясында белгіленген әлеу­меттік мемлекетті құру да білім мен ғы­лымды өркендету ар­қылы жүзеге асы­рылады. Қазақстан ең­бек адамының бел­сенділігінің ар­қасында, білімді, ғылымды, мәдениет­ті өркендету нәти­жесінде ғана гүл­денеді, бақытты өмірге кенеледі деп тұжырым­дайды Президент. Әділетті және тыныш қоғамды білімді және парасатты адамдар ғана жасайды деп біледі, Елбасы. 


ҚазҰАУ мемлекет басшысының ерек­ше назарындағы ұлттық уни­вер­ситеттердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылдың 15 қараша күні біздің ұжымның жұмы­сымен танысу мақсатында университетке атбасын бұрған болатын.

Президент университеттің білім мен ғылымды дамыту мақсатындағы халық­аралық ынтымақтастық саласындағы жұмыстарына оң бағасын берді. Елдің индустриалдық-инновациялық дамуы, ғылыми зерттеу жұмыстарының бел­сенділігіне тәуелді екендігі белгілі. Ол үшін дамыған мемлекеттердің тәжі­рибелері мен жетістіктерін пайдалану ауадай қажет. Бәсекеге қабілетті елдер агроөнеркәсіптік кешенінің тиімділігін үнемі жетілдіру үстінде. Осы істер ар­қылы олар өздерін тек азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін ғана емес, ел халқының денсаулығын жақсарту, генофондын күшейту мәселелерін де шешуге ұмтылады. «Сапалы, зиянсыз та­мақ – мықты денсаулықтың кепілі» де­ген қағида үнемі күн тәртібінде тұ­рады. Өкінішке орай Қазақстанда тамақ өнімдерінің сапасы мен пайда­лылығын тексеру мәселесі әлі де шешіл­мей отыр. Университет ғалымдары осы елеулі ол­қылықтарды жеңу жолында елеулі істер атқаруда. Осыған орай «JEOL» және «Shimadzu» деп аталатын жапон кон­церндерімен бірлесіп, университет «Қазақстан-Жапон инновациялық орталығын» ашқан болатын.

Елбасы ҚазҰАУ жетістіктері көр­ме­сіндегі университет ғалымдарының көп жылғы еңбектерінің нәтижесінде пайда болған мал тұқымдарын көрді. Қазақтың ғалымдары әлемдік бәсекеге қабілетті мал тұқымдарын селекциялап шық­қа­нына ризашылығын білдірді. Көрмеге қойылған асыл тұқымды қой, сиыр түліктерімен, ауыл шаруашылығы кеше­нінің түрлі бағыттарда қолданылатын озық технологиялар, техника және сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерімен танысты. Олардың арасынан «Дегерес», «Сарыарқа» қой тұқымдары мен «Әулиекөл» сиыр тұқымына Президент ерекше назар аударды.

Алдағы уақытта университеттің ғы­лыми әлеуеті инновациялық үдерістерді күшейтуге бағытталады. Агроөнеркәсіп ке­шенін жаңарту дегеніміз – онда өн­дірілетін өнімдер сапасын жақсарту жә­не оның көлемін арттыру арқылы экс­порттық әлеуетті күшейту. Қазір сапалы ұн өндіруден әлемде бірінші орын­да тұрсақ, болашақта сапалы ет, сүт, шұжық, тері, жүн өнімдерін экспорттауда көшбасшы болу мақсатымыз. Осылай болғанда ғана агроөнеркәсіп кешені Отанымыздың зор байлығының қайнар көзіне айналады. Әрине, бірінші кезекте Қазақстан халқы сапалы, дәмді және организмге пайдалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілуге тиісті. Сапалы, қоспасыз тамақ халықтың ден­саулығын жақсартып, жасын ұзартатын негізгі фактор екендігін Ұлт көш­бас­шысы қадап айтты. Президенттің бар­лық ұсы­ныстары мен тапсырмаларын орындау университет ұжымының мемлекет алдындағы міндеті. Биыл мемлеке­ті­міздің тәуелсіздік алғанына 21 жыл толып отыр. Осы мейрам – Қазақстан үшін ең басты мейрам. Барлығымыз бірігіп ел егемендігін нығайта береміз деген сенім мол. Елбасының басшылы­ғымен Қазақстан алатын асқар биіктер көп болатыны ақиқат. Университет ұжымы Елбасы нұсқаған жолды же­тістіктер жолы деп біледі. Елбасының ҚазҰАУ-да болған кезде берген нақты нұсқауларына, ұсыныстарына және ескертулеріне сәйкес университет ректораты өзінің әлемдік білім, ғылым кеңістігіне ену және оны игеру жо­лын­дағы кешенді шараларын жалғас­тыра береді.



Елбасының ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы талабына сәйкес ҚазҰАУ ұжымы Қазақстанның аймақ­тарындағы ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың келелі мәселелерін шешуге ат салысуда. 2012 жылдың жазында Алматы облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен біріккен семинар-кеңес өткізілді. Ал, биылғы күзде Шы­ғыс Қазақстанда осындай шара ұйым­дастырылды. Өскеменде қыркүйектің соңғы күндерінде «Инновациялық технология-аймақтағы аграрлық ке­шенді дамытудың басты бағыты» деген тақырыпта семинар-кеңес өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бұл жиынға ҚазҰАУ ғалымдарынан басқа, облыстың үш университетінің, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінің ғалымдары қатысты. 
Семинар-кеңестің мақсат-міндеті ауыл экономикасын өркендетудің, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдірудің, ауыл шаруашылығы өнім­дерінің сапасын жақсартудың тың мә­селелерін күн тәртібіне қойып, талдау екендігін ШҚО әкімі Б.Сапарбаев атап көрсетті. Әсіресе, ауылдың өркендеуіне бөгет болып отырған мәселелерге, қайшылықтарға және қателіктерге назар аударуды өтінді. Шындығында ауыл дамуына зиянын тигізіп отырған, қор­даланған мәселелер жеткілікті. Мысалы, мал тұқымын асылдандыру ет өнер­кәсібін дамытудың негізгі жолы. Осы шаруаға бөгет болып отырған жағдай­лар да жеткілікті. Озық фермер 300-400 бас ірі қараны асыл тұқымнан өсіруде. Оларға мерзімінде ветеринарлық көмек­тердің бар түрлері көрсетіледі. Малдар уақытында вакцинациялаудан өткізіліп тұрады. Жұқпалы аурулардан бұл малдар жақсы қорғалған. Ал, көрші отырған ауылдарда ветеринарлық қызмет, малдарды егу мәселесі мүлдем атқарыл­майды. Жайылымға шыққан мал араласпай тұрмайды. Осы себептен асыл тұқымды күтіп-баптап отырған фер­мерлердің еңбегі зая кетеді. Вакцина­цияланбаған малдан тараған аурулар асыл тұқымды малға зиянын тигізеді. Қарапайым мал басымен бірге асыл тұқымды малдардың да түрлі жұқпалы аурулардан қырылып қалуы орын алуда. Осы жағдайды түзетудің бірден-бір жолы бүткіл ауданды және облысты қамтитын қатаң ветеринарлық қызметті жолға қою. Ол үшін қаржы бөлініп, кадр тапшылығын жоюымыз керек. ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта 800-ден астам мал дәрігері, санитарлық мал дәрігерлері, агрономдар мен ауыл ша­руашылығы инженерлері жетіспейді деп мәлімдеді. Демек, ауыл шаруа­шы­лығы кешенінде шешуші роль атқара­тын кадрлерді дайындауды жетілдіру және ауылдарда оларды тұрақ­тан­ды­рудың мемлекеттік шараларын нақты белгілеу және іске асыру маңызды бола түсті. Ауылда Президент ұсынған Үде­мелі индустриалды-ин­новациялық даму бағдарламасын жүзеге асыратын да білікті кадрлар жеткіліксіз. Сон­дықтан ҚазҰАУ-дың ғалымдары Өс­кеменде өткен «Инновациялық технология – аймақтағы аграрлық кешенді да­мытудың басты бағыты» атты семи­нар-кеңесте аймақтың фермерлеріне 40-тан астам жаңа жобалар мен ұсы­ныс­тарды тапсырды. Олар картоп сорттарын жақсартуға, күздік бидайды егудің тиім­ді технологиясын енгізуге, мал төл­дерін емдеуге, «Теңіз», «Асқар», «Жа­ңа­сай» сияқ­ты картоп түрлерін селек­циялауға, аймақтық жер шаруа­шылығы жүйесін қалыптастыруға, то­пырақ құнарлылы­ғын арттыру, майлы, дәнді дақылдарды Шығыс Қазахстан өңіріне икемдеу сияқ­ты ауыл шаруа­шылығын да­мытуды және басқа да күрделі мә­селелерді қамтиды. 
ҚазҰАУ ғалымдары шетелден асыл тұ­қымды малдарды миллиардтаған дол­ларға сатып әкелуді құптамайды. Біздің ай­маққа икемделмеген малдардың 30% -дан астамы 1-2 жыл ішінде өліп қал­са, қалғандары өзінің өнімділігін мүлдем төмендетеді. Бұл мемлекет қар­жысы босқа шашылды деген сөз. Ға­лымдардың пікірінше шетелден тек аталық мал басын (бұқа, айғыр, қош­қарларды) ғана сатып алып, оларды се­лекциялық жұмысқа пайдаланған әл­деқайда тиімді. Сонда ғана мемлекеттің шығынын азайтып, елімізде мал басын асылдандыру жұмысын жолға қоямыз.

Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту жолында істелетін жұмыстар жетер­лік. Ұсақ фермерлер Қазақстанның өскелең талаптарына жауап бере алмайды. Демек, барлық аудандарда ірі мал борда­қылау, астық өндіру, құс өсіру кешен­де­рінің салынғаны орынды. Оларды сұ­рыпталған дәнді дақылдарды сеуіп, өсіруге машықтандыру мәселесін де шешу керек. Әр аудан өзінің табиғи ерек­шеліктерін, қаржылық мүмкін­дік­терін, кадрларының дайындығын ескере отырып әрекеттенсе табысқа кене­ле­тіні даусыз.

ҚазҰАУ-дың мақсаты әлемдік білім және ғылым кеңістігінің құрамдас құ­ры­­лымына айналу болатын. Осы бағытта біршама табыстарға қол жеткіздік. Жұмысты басқарудың халықаралық стандарттарын пайдалана отырып, біз университеттің стратегиялық мақ­сат­тарына жетуін қамтамасыз етеміз. Мысалы, университет қазір академиялық ұтқырлықтың реттеушісі болып отыр. Ішкі ұтқырлықты жетілдіру мақсатында білім консорцумы құрылып, оған 30-дан астам жоғары оқу орындары тартылды. Көптеген мамандықтар бойынша студенттер өз қалауымен ЖОО таңдай ала­ды. Қазір ҚазҰАУ-да А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік уни­верситетінен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінен, Алматы гумани­тар­лық-техникалық университетінен келген студенттер білім алуда. Магист­ра­тураға арналған «Ветеринария био­­қауіпсіздік мәселесінде» атты Ха­лықаралық жазғы мектепте 5 аграрлық оқу орындарының 26 магистранттары дайындықтан өтті. 2011 жылы 32 шете­лік профессорлар лекция оқуға шақы­рылса, 2012 жылы шетелден шақыры­латын ға­лымдар санын 50-ге жет­­­кіз­бекпіз. Олар экспериментальды ветеринария, азық-түлік және биоло­гиялық қауіпсіздік, т.б. ауыл шаруа­шылығы кешенін дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізеді.

Сыртқы ұтқырлық Темпус, Эрасмус Мундус, Болашақ, LOGO, FET жобалары мен бағдарламалары арқылы жүзеге асырылуда. Университет әлемнің 300 жоғары оқу орындарын біріктіретін Жаһандық консорцумның мүшесі. Осындай байланыстардың көмегімен тек 2011 жылы ғана біздің 59 магистрант Германия, Чехия, Голландия, Болгария, Венгрия, Ресей, Украина оқу орындарында біліктіліктерін көтерді.

Қазақстан экономикасының жетіс­тіктері және әрі қарай дамуы дайындығы зор, талантты да, жаңашыл кадрлардың болуын талап етеді. Сондықтан біздің университет әлемдік білім кеңістігіндегі озық үлгілерді қабылдап, өзінің қыз­ме­тінде тиімді пайдалануды көздейді. ҚР ҒБМ шешімімен ҚазҰАУ ECTS – студент жинақтаған кредиттерді сараптау және қайталап есептеу жүйесін ұйым­дастырушы базалық университет ре­тінде тағайындалды. Министрлік 2009, 2010 жылдарда осы тақырыпқа қатысты Халықаралық семинарларды да ҚазҰАУ-да өткізді.

Халықаралық білім байланыстарын нығайтпайынша даму болмайтындығын жақсы түсінеміз. Сондықтан студент­тер­дің сыртқы халықаралық академия­лық ұтқырлығы объективті қажеттілік деп білемін. Бұл іс сабақ жүргізудің сипаты мен мәнін өзгертіп, жоғары білім­нің «түпкілікті нәтижесін» жақсартады. Білім сапасының артуы жоғары оқу ор­нындағы зерттеу ортасының қалып­тасуына негіз болады. Зерттеу универ­ситеті ғылым мен білімнің жаһандық жүйесінің ең озық үлгілерін қабылдап және игере білетін академиялық жүйеге айналады. Дамудың мұндай жаңа ба­ғыты университеттің материалдық – техникалық базасының жақсаруымен, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды игерумен қабаттаса жүреді. Сондықтан білімнің қол же­тімділігінің, сапасының және тиім­ділігінің артуына академиялық ұтқыр­лықтың ықпалы зор. Мысалы, осы іске ден қойған Қытай мен Индия, АҚШ-та оқитын өз студенттерінің санын анық­тап, білім державасында оқитын шет­елдік студенттер қатарын 30 пайызға кө­бейтті. Алдағы уақытта АҚШ-та оқи­тын Қытай, Үнді студенттері тағы да 59 мың адамға артпақ. Ондағы мақсат – талантты жастарды экономикасы күшті дамыған елде оқыту арқылы, озық ғы­лымды, технологияны өз еліне тарту. Сол себепті де, Қазақстан академиялық ұтқырлықты неғұрлым кеңейтуге ұм­тылуы тиісті деп білемін. Академиялық ұтқырлықты дамыта білген университеттер ғана әлемдегі бәсекеге қабілетті университеттер қатарына қосыла алады.

Президент ұсынған білімдегі көп­тілділік талабын орындау мақсатында биылғы оқу жылында 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) білім алатын топтары өз жұмысын бастайды. Бұл топтағы студенттер негізгі пәндерді ағылшын тілінде меңгеретін болады. Халық­аралық білім дәрежесіне көтерілу мақсатында университет 2 магистрлік бағдарламаны ASIIN агенттігінің халықаралық аккреди­тациясынан өткізді. Енді «Аг­рарлық ме­неджмент», «экология» ма­мандық­та­ры бойынша біздің магис­транттар әлем­нің ең озық уни­­вер­ситеттерінде өз бі­лім­­дерін академиялық ұтқырлық шең­­­берінде жалғастыра алады. Университет ұжымы халықаралық аккредитациядан өткі­зі­летін мамандықтар санын көбейте бер­мек. Қазір біздің университет түлектері Европаның 7 жетекші аг­рар­­лық уни­вер­ситеттерінде жалғас­тыру­да. Олардың студенттері мен ма­­гист­­ранттарын біз де қа­былдайтын дәрежеге көтерілу мәсе­лесін шешу үстіндеміз.

Білімді, жаңашыл және кәсіби бі­лікті адам ғана өндірісті өркендетеді, қыз­метін адал орындап, еліне пайда кел­тіреді. Ауадан ақша жасауға ұмты­латын, пайдасы үшін тамыр-таныс­тыққа салынатын, әлеуметтік масыл­дыққа әуес адамдар баршылық. Түрлі алдау, қорқыту, зорлау тәсілдерімен де баюға ұмтылатындар жеткілікті. Сыбайлас жем­қорлық, жершілдік сияқты құбы­лыстарды өз пайдасына шешетін ұйым­дасқан қылмыстық топтар да көп. Осындай коррупцияланған топтар мемлекет қаржысын және қоғам мүлкін та­лан-таражға салып, Қазақстан хал­қының байлығына миллиардтаған доллар зиян келтіруде. Елдегі «көмескі экономика» мен офшорлық аймақтарға шығарылатын байлық мөлшері ұлттық жиынтық өнімінің 25 пайыздайына жетеді деген деректер бар. Бұл ауытқу құбылыстары ел халқының еңбекке, әлеуметтік әділеттілікке, жасампаз жаңашылдыққа деген құлшыныстарын әлсіретеді.


Әлеуметтік әділеттілік бар жерде ғана адамдардың еңбекке құлшынысы артады. Егер басшы өзінің туысын, танысын, жерлесін оның кәсіптік білік­тілігіне қарамай қызмет бабында өсі­ретін болса, ол басқалардан артық жа­лақы алып жатса, ұжымның басым көпшілігінің еңбекке деген құлшынысы әлсірейтіні шындық. Сондықтан әлеу­меттік әділеттілік принципінің өнді­ріске және қоғамдық қатынастардың басқа салаларында қатаң сақталғаны үлкен игілік. Адал еңбек, терең білім, жаңашыл ғылым әрбір азаматты кә­сіпкерлікпен қоса адамгершілікке де үйрететіні белгілі. Әлеуметтік әді­лет­тілік принципі үстемдік құрған қоғамда білім беру де, тәрбие беру де жеңілірек. Себебі, қоғам­дағы моральдық – пси­хо­логиялық ахуал­дың өзі оқушыны, сту­дентті дұрыс тәр­­биелеуге көмектеседі. Елбасы Қазақ­стан халқының Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамында өмір сүргенде осы біз атаған принциптердің толық салтанат құра­тын­­дығына сенеді. Дамыған, басқа ел­дер­ден озық мем­лекетті білімге, ғылым­ға, әділетке, заң­дылыққа және жаңа­­шылдыққа ден қойған ұлт қана жасай алады. Елбасы Қазақстан халқын осындай өркениеттің озық үлгілерімен ғана қауышатын ұлт болуға бастап келеді.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет