Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқы феномені



жүктеу 0.82 Mb.
бет1/5
Дата13.09.2017
өлшемі0.82 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3   4   5


ӘОЖ 39 +008(574) Қолжазба құқығында
ТОКТАБАЙ аХМЕТ УАЛХАНҰЛЫ


Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқы феномені


07.00.07 – Этнография, этнология және антропология

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның



АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінде орындалды.


Ғылыми кеңесшісі: ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым

академиясының (Италия) корроспонденты

мүшесі, тарих ғылымдарының

докторы, профессор О.Смағұлов


Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ә.Т. Төлеубаев
тарих ғылымдарының докторы,

профессор А.А. Асанканов


тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ж.О. Артықбаев


Жетекші ұйым: Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты


Диссертация 2010 жылы «29» қыркүйекте сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы « » таратылды
Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында энеолит дәуіріндегі Қазақстан территориясында жылқыны қолға үйретіп, мініске, күш-көлікке пайдаланудан бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі 5,5-6 мың жылдар шамасындағы қазақтың салтаттылық мәдениеті қарастырылады. Жылқы арқылы қазақтың материалдық және рухани әлемі, дүниетаным, әдет-ғұрыптар, психология, әдеттік құқық, әскери өнер мен батыршылдық дәстүрі, музыка аспаптары мен ән-күйлер көшпенді өркениеттің көптеген қырлары дәйектеліп түсіндіріледі. Жылқы бұл еңбекте дәстүрлі мәдениеттің қазыналы қатпарларын қайта қарауға, қазақ ұлтының өзін-өзі тануының шешетін бір кілті болып табылады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Өркениет тарихында адам қолымен үйретілген жануарлардың ішінен жылқыдан асқан-жасампаздық роль атқарғаны жоқ. Осы бір тамаша сұлу және күшті жануар алғашқы адамдардың негізгі серігі болып, тарихтың келесі белестерінде де ұмыт қалмай, басқа бір сапалық құндылықтарды иемденді. Адамдар жылқыны қолға үйретіп, кейін келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени-тарихи көкжиегі айтарлықтай кеңейген еді. Үйретілген жылқының көмегімен адамдар құрлықтар мен кеңістіктерді игерді. Уақыт пен кеңістікті бағындырған жылқы жануары – өз кезегінде адам тарапынан Тәңірлік қасиетті түлік саналып, небір тамаша мифтерге, аңыз-әңгімелер мен ертегілерге арқау болды. Жылқының адамзат алдындағы тарихи ролі сол, қолға үйретіліп ауыздықтылған кезінен бастап қоғамның дамуын тездетті. Аттылар жаяулардан жоғары тұрды және өмірдің көп салаларында әлдеқайда алда болды. Ең бастысы адам жылқыға мінген сәтінен бастап өз заманындағы күшті қаруға ие болды. Еуразия аумағындағы соғыстардың шығуына бірден-бір себеп жылқы болды – десек қателеспейміз. Бұл туралы қазақ аңыздарында анық айтылады «жылқыны алғаш ұстап әкелгенде көп нәрсені көрген, білген ақсақал адам былай депті: «Жал-құйрығы қанат екен, төрт аяғы болат екен, жануардың жүрген жері жаугершілік екен. Шырақтарым осыны тапқан жерлеріңе апарып қоя беріндер» деп айтыпты. Халықтардың ұлы көші деп аталатын Орталық Азиядан шыққан б.з.д. ІІ мың жылдықтарда арийлер бастаған жаулап алушылық сақ - скифтер, ғұндар, түркілер, қыпшақтар болып 3 мың жылдай жарты әлемді тітіретіп тұрды. Аттылардың шабуылы ХІІІ ғасырда моңғолдармен аяқталды. Ғалымдар бұл кезеңді Жылқы дәуірі деп орынды баға береді,[1]. Жылқы дәуірінде жылқы шын мәнінде соғыс құдайы болды. Индоеуропалықтардың соғыс құдайы - Марс кельт тілінде «жылқы»-деген мағананы береді, бұл арийлердің Еуропаға атпен келгенін білдіретін бірден-бір факті.

Жылқыны қолға үйрету ең алдымен төрт түлік мал бағуды жеңілдетіп, жер шаруашылығы мен егіншіліктің дамуына тікелей әсер етті (жер жырту, азық-түлік тасу т.б.). Атты арбаға жегу арқылы адамзат дөңгелекті ойлап тапты. Дөңгелек кейінірек бүкіл техниканың ең басты тетігі болды. Атты мініске пайдалану арқылы адамзат біріншіден – жүріс жылдамдығын арттырды, екіншіден – әскери атты қосындарды жасақтады, сол арқылы соғыс өнеріне революциялық жаңалық енгізді.

Рухани және материалдық игіліктерге бай жоғары дамыған аттылы-көшпенділер өркениетінің (конно–кочевая цивилизация) іргетасын жылқы және жылқымен біте қайнап, бірге өскен еңбекші – салт аттылы, жасампаз – салт аттылы және жауынгер – салт аттылы адамдар қалады.

Қазақтар тарих сахнасына атпен шықты, ат әрдайым олардың адал досы және киесі болды. Соның көмегімен олар күнделікті тұрмыс қам-қаракетіндегі және жорықтардағы қандай да болмасын қиындықтарды жеңе алды. Олар ұлан-ғайыр дала мен құлпырған кең өлкелерді ат жалында жүріп игерді. Қазақ жерінің кеңдігі жылқының арқасында жүзеге асты, жылқы көбейген уақытта ру, тайпалардың арасында жер үшін талас туып, жаңа жайылымдар игерілді, болмаса көрші елдерден тартып алынды, аттың күшімен жаудан қорғады. Ұлы Омар Хайям түркілердің билеушісін Афрасиабтың сөзін келтіреді: «Аспанда ай қандай маңызды болса, адам үшін ат та сондай маңызды». Аттың адам өмірінде алатын орнын Махмұд Қашғари: «Ат – түріктің қанаты», – деп бейнеледі. Бұл сөз –«қанатсыз – құс ұша алмайды, жылқысыз – түрік өзін асырай алмайды» деген мағына береді. Қазақтың құс ұшса қанаты талатын ұшы-қиырсыз кең жері, осы жерде жасаған халықтың тілінде диалектінің болмауы кімді болса да бей-жай қалтыра алмайды. Байлығының құны жылқымен өлшенетін қазақ жүздеген мың жылқысы үшін жаңа жер, жаңа жайылым іздеп жерін кеңейткен, сол жерді жылқылы жасақпен қорғаған. Барыс-келіс, алыс-беріс, ас-той деп аттылы алаш өзара айқара араласқандықтан тілінде диалекті болмаған. Демек, қазақ халқының осы екі феномені жылқы арқылы жүзеге асқанын жоққа шығара алмаймыз. Басқа мәселені былай қойғанда қазақтың шығу тегі жылқымен тікелей байланысты. Көшпенділер арбаның екі түрін пайдаланғаны белгілі: екі доңғалақты соғыс арбасы, төрт доңғалақты жүк арбасының суреттері қола дәуіріндегі Қазақстан жеріндегі петроглифтерде жиі кездеседі. Соғыс өнерінің тарихын зерттеушілер адамзат алғашында жылқыны мініске емес, жегу жұмысына пайдаланып, ілкіде жай арбаны, кейінірек әскери арбаны (колесница) ойлап тапқан деп қорытынды жасайды. Әдетте арбаның бел ағашының үстінен салынған ұзын екі ағашты – арыс десе, оның екінші мағынасы – ескі ру-тайпа дегенді білдіреді. Алты алашты «алты арыс», Арыс – өзен аты, ал тарихи қайраткерлерді «алаштың арыстары» – деп жатады. Бұған шежіреде қазақты құрайтын үш жүздің Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстан тарайтынын еске алсақ «арыс» сөзі этникалық тарихпен астасып жатқанын көреміз. Бұл фактіден қазақ халқын құрайтын үш жүздің феномені қола дәуірінде арбамен көшіп-қонып жүрген дәуірді меңзейді. Орыс тілінде «лошадь» сөзі ХV ғасырдан бастап пайдаланыла бастады. Бұл сөздің шығу төркінін тексерген орыс ғалымдары «alasa» және «at» деген түркі сөздерінің қосылуынан шыққанын дәлелдеп отыр. Халқымыздың ХV ғасырға дейінгі атауы «алаш» болғаны белгілі. Алаша – жылқы тұқымы. Бұл туралы эпикалық жырларда:

«…Алаша аттың басы деп,

Қақ жүректің тұсы деп…» (Ер Тарғын)

«…Алаш та алаш болғалы,

Алаша атқа мінгелі.

Алашұбар ту байлап,

Алашқа ұран бергелі…» деп айталалы.

«Алаш этнонимі «Алаша» деген жылқыны бейнелейтін сөзден шығып тұрса, орыстың «лошадь» сөзі «алаштың аттары», «алаштың жылқылары» деген мағына береді.

Көне гректер көшпенділерді атпен тұтасып кеткен «кентавр», ал орыс аңыздары жолындағыны жалмап жұта беретін «змей горыныч» деп атаса, жастайынан атқа мініп, жылқымен бірге жаралған қазақтар арасында ертеде өздерінің есімдерінің алдына сәйгүліктерінің атын қою әдетке айналған. Бұл әдет ескі қазақ аңыздарында анық байқалады (Керқұла атты Кендебай, Дөненқара Бағыс, Жирен атты Кенже т.с.с.). «Жайылымдағы мал сүйгенін жейді, қорада тұрған мал бергеніңді жейді» –дейді француз ғалымы Вуазен. Бетеге, тарлау боз, балауса секілді шөптің асылын жеп, судың тұнығын ішкен, аптап ыстыққа күйіп, қарлы боранға қарылып шыныққан дала жылқысы таза кірпияз, кінәмшіл болып өседі. Ғасырлар бойы жылқының етін жеп, қымызын ішкен қазақ халқы өзін «жылқы мінезді халықпыз» дейді. Мұны керісінше: «Қазақ – жылқыға тартқан» немесе «мал иесіне тартады» дейді қазақтар.

Көшпенділер қоғамында ері де, әйелі де атқа қонып күнделікті тұрмыс қам-қаракетімен қоса жаугершілікте де бірге жүргендіктен белгілі дәрежеде ер мен әйел тең болған. Мұны: «Утверждается разумное равноправие женщин», – деп түйіндейді В.Н. Массон [2, 34–35-б.]. Қазақтарды «жылқы текті» деп айтудың бір себебі, текті жылқылар қан араластырмайды. Халқымыздың жылқыдан алған бұл қасиеті арқылы жеті атаға дейін қан араластырмау салты қалыптасты. Қазақтар арасында 15–20 бие мен бір айғыр – үйір саналады. Үйірдегі айғыр өзінің байталдарына, ал сәуріктері енесіне шаппайды. Осы орайда К. Маркстің: «…Священно первоначально то, что мы переняли от животного мира», – деген сөзі еске түседі. О.О. Сүлейменовтың «Животные были первыми учителями человека» деген сөзі бұл ілімді нақтылай түседі.

Жылқы – халық өнерінің басты бір тұлғасы. Оның жүрісі мен дүбірі – ән мен күйде, екпіні – эпоста, кескін-келбеті – бейнелеу өнерінде бедерленіп отырған. Бұл ерекшелік – халқымыздың жадында жылқы рухының мәңгі сақталып, біте қайнасып келе жатқандығын көрсетеді. Қазақ түсінігінде жылқы – тектілік пен батырлықтың, достық пен адалдықтың, сұлулық пен асқақтықтың, бостандық пен егемендіктің символы. Ежелден бостандық аңсаған қазақ халқы еркіндік рухын жылқыдан алған. Сол себепті Елтаңбамызда күлте жалы төгілген жылқы-пырақ бейнесі кескінделген. Мұның өзі ұлттық идеямыз бен мемлекеттік идеялогиямыздың квитэссенциясы тұлпар болуға тиіс дегенді меңзейді.

Қазіргі таңда жылқы туралы білімдердің аясы кеңейіп, жылқы табиғатын жан-жақты зерттеп-тану ісі жеке ғылымға айналды. Түркия ғалымдары «жылқы – мәдениеттің бір саласы» дей келе, «жылқы мәдениеті» деген ұғымды енгізсе, еуропа, орыс зерттеушілері «салт аттылық мәдениет» (всадническая культура) атауын (терминін) алға тартты [3]. Ал қазақтар әлемдік өркениетке не берді? – деген сұраққа профессор Су Бихай: «…Қазақтар күлте жалды арғымақтар өсіріп, «ат мәдениетін» дүниеге әкелді», – деп түйіндейді [4, 11–12-б.]. Қазақ қоғамында байлық жылқымен өлшенді, билік жылқы арқылы жүзеге асты, әдеттік құқықта үкім-кесім жылқыға шағылды: ат-тон айыптан бастап, адамның құны-жүз жылқы, ары-мың жылқыға тең - деп айтылуы тегін емес. Ру мен ру, ел мен ел, мемлекеттер арасындағы келісім-бітімге жылқы жүрді.

Ел мен ел арасын ашқан жылқы

Ел мен ел арасын қосқан жылқы

деп айтылатын қазақ мәтелінде жылқының дипломатиялық қарым-қатынастардағы ролін көреміз. Қазіргі таңда араб,ағылшын, түрікмен т.б. жылқы тұқымдары туралы жан-жақты барлық дерлік ақпарлар бар. Олар туралы ғылыми трактаттар, аңыздар мен ертегілер, прозалық және поэтикалық шығармалар жазылған атақты суретшілер мен мүсіншілердің полотналары мен мүсіндерінде, сәулет ансамбльдерінде бейнеленген.

Осы тұрғыдан алғанда қазақ жылқысының сан ғасырлық тарихы, оның дәстүрлі мәдениеттегі ролі аз зерттелген, Қазақстанның өз ішіндегі күнделікті баспасөзде көп жазылған мен бірақ әлемдік аренада айтылмайды, насихатталмайды. Қазақстан халқы, әсіресе табиғаттың қатал климатында өмір сүріп жатқан Қытай және Моңғолия қазақтары әлі күнге дейін жылқымен қарым-қатынастың көне мәдени дәстүрлерін сақтаған. Күні бүгін қазақтар сақ-скифтер, ғұндар, түркілер, қыпшақтар және басқада Ұлы Даланы мекендеген ұлыстар мен елдер сияқты жылқыны табындап бағады, айғыр-үйірлеп бөледі, шалма тастап, құрық, бұғалық салып ұстайды, үйретіп мінеді, тіпті жоғалған жылқыны ізіне қарап табады. Қазақтардың кәзіргі жылқымен қарым-қатнасы ғасырлар қойнауынан қалған тірі архаика, «уақыт машинасы» әлі жұмыс істеп тұрғандай.

Еліміз егемендік алғаннан бері жеке адамдардың, фермерлердің, және шаруашылықтардың жылқы бағу, жылқы өсіру, жылқы тұқымдарын асылдандыру жұмыстары күннен күнге артты. Кәзіргі күні жылқы санын 5 млн-ға жеткізу жөніңде күнделікті баспасөзде мәселелер қозғалуда. Қазақстанда ХХІ ғасырдың өзінде күні бүгінге дейін 1,5 млн бастай жылқының 75-80 % бұрынғы халықтың тәсілдерімен бағылуда. Жылқы өзін-өзі қамтамасыз ететін энергия көзі, қуат күші, ешқандай жанар-жағармай тілемейді, жөндеу, ремонт күттірмейді. Сондықтан жылқы қиын шалғай жерлерде, фермерлік шаруашылықтарды жүргізуге экономикалық жағынан өте тиімді. Өкінішке орай қазақтар Кеңес заманында жылқыдан шеттеліп, жатсынып қалды. Трактор мен машина жылқыны ығыстырып көбінесе арзан еттің көзіне айналдырды. Қазіргі таңда жылқыны фермерлік шаруашылықтарға жан-жақты пайдалануға халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған тәжірибелері мен білімдері, ер-тұрман, тері ыдыстар жасау т.б. жетіспейді. Демек жылқы туралы халықтың білімдерді мейлінше кең насихаттау қажеттілігі туып отыр.

Жұмыста жылқының тарихи, әлеуметтік, экономикалық саяси (әскери) ролі жан-жақты сипатталып, дәстүрлі мәдениеттегі орыны мен маңызы көрсетілді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Өткен ғасырдың 1980–ші жылдарында Көкшетау облысы, Ботай қонысына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде (б.з.д. ІV-мың жылдықтың аяғы – ІІІ-мың жылдықтың бас шенінде) энеолит дәуірінде пайда болған ежелгі жылқышылар мекені табылды. Мұның өзі әлемдік маңызы бар археологиялық нысан болып, бұған дейінгі жылқы алғаш қай жерде пайда болды, кімдер үйретті? – деген көптеген сұрақтарға өзгерістер әкелді. Жалпы Орталық Азияның, оның ішінде, қазақ даласын жылқының Отаны екендігі туралы бұрын да зерттеушілер тарапынан жорамалдар айтылған-ды. Мысалы, «Жануарлар энциклопедиясының» авторлары былай деп жазады: «Қолға үйретілген жылқылар б.з.д ІІІ–ІІ мың жылдықтардың басында Қосөзен (Месопотамия) және Кіші Азияда жаратылған деген алғашқы мәліметтер кездеседі. Бірақ жылқыны қолға үйрету бұдан ертерек (5000–6000 жыл бұрын) Оңтүстік Сібір, Моңғолия және Қазақстан көшпенділерінде жүзеге асқан болу керек [5]. Жылқы тарихының ірі маманы В.И. Цалкин: «Қазіргі кездегі жылқының қай жерде қолға үйретілгені жайындағы дәлелдемелер топшылаудан, мөлшермен айтушылықтан аса алмай жүр, бұларға әлі де әсіресе, остеологиялық (сүйек) материалдар жетіспейді» дейді [6]. Қазіргі кезге дейін яғни, жиырма жылдан астам уақыт ішінде Ботайдан қазылып алынған 133 мың сүйектердің 99,9 % жылқынікі болып шыққаны дәл осы сұраққа жауап секілді болды. Бұған дейін әлемдегі бірде-бір елде 1000-нан астам жылқы сүйектерінің бір қоныстан табылған мысалы болған емес. Бұл сүйек-қаңқалардың жылқынікі екенін 1981 және 1983 – 1986 жылдары Л.А. Макарова және Т.Н. Нұрымов дәлелдеді. 1992 жылы С.М. Ахинжанов, Л.А. Макарова, Т.М. Нұрымов Қазақстан аймағынан анықталған энеолит және қола дәуіріне жататын бүкіл мал мен жан-жануарлар сүйегіне сараптама жасап, Ботай қонысының материалдарымен салыстыра зерттеді [7]. Бір жерден табылған бұл орасан зор (ондаған тонна) сүйектердің қолда ұсталған, әрі қолға үйретілген жылқылардікі екені нақтыланды. Мәселен, жабайы жылқылардың сүйектері табиғат апатынан немесе ауру мен жаппай індет шалған жылқы табындарынан өлгендерінің сүйектері шашылып, әр жерден біреуі, әрі кеткенде он шақтысы бір жерден табылатын мысалдар белгілі. Осы тұрғыдан алғанда зерттеуші В. Зайберт былай деп тұжырым жасайды: «Еще одним доказательством одомашненности Ботайской лошади является факт массового нахождение костей одного вида на поселении» [8, 283-б.]. Жылқы сүйектерінің көптігі соншалық, ботайлықтар сүйектерді құрылыс материалы ретінде үй-баспана, қора-қопсылардың қабырғасын бекіту үшін пайдаланған.

Ботай жаңалығына 1980 жылдан бастап - ақ әлемнің жылқытанушы ғалымдары Сарыарқадағы аты шулы жерге келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға тілек білдіре бастады. Мұндай іс Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жеке мемлекеттік тұрғыда жүргізе бастаған қазіргі кезде ғана мүмкін болды. 1994 жылдан бастап В.Ф. Зайберт Британ университетерінде «Ботай мәдениеті» жөнінде дәріс оқыды. Кембридж университетінің археологиялық музейінде Ботай артефактілерінің көрмесі өткен соң, бұл жаңалыққа әлем ғалымдарының қызығушылығы арта түсті. Соның нәтижесінде 1995 жылы Ботайда «Еуразияның алғашқы жылқышылары» деген тақырыппен 16 мемлекеттің 80-нен астам жылқытанушы ғалымдары қатысқан Халықаралық симпозиум өткізілді. Қазіргі кезде Ботай мәдениеті автордың іргелі зерттеуінде онан әрі жалғасын тапты. [9] Шетелдік ғалымдардың арасында Американың жылқы тарихы иниституның директоры Дэвид Энтонидің Ботай жылқыларының тістеріндегі ауыздықтың іздерін анықтауға арналған әдістемесін, ағылшын ғалымы Алан Отрамның қыш ыдыстардағы бие сүтінің (қымыз – А.Т.) жұғындарын тапқан жаңалықтарын айтуға болады. Демек, ботайлықтар жылқыны қолға үйретіп мініске пайдаланып қана қоймай бие сауып, қымыз дайындап, оны күнделікті асы ретінде пайдаланған нағыз жылқышылар болған. Сонымен қымыздың 5,5–6 мыңжылдық тарихы бар деп айтуға толық негіз бар. Ботай жаңалығының ең бастысы сол, «Жылқыны мыңдап өсірген, Арқаның тарлау бозы екен» деп айтылатын қазақтың аталы сөзінің жылқының Отаны – Сарыарқа екендігін тағы да бір дәлелдеп берді. Ботайда ашылған жаңалық біріншіден – Қазақстан мен Оңтүстік Сібір территорияларының жылқының алғаш жаратылған және қолға үйретілген отаны екендігіне кепіл болса, екіншіден – арийлердің б.з.д. ІІ жылдықтың басында (б.з.д. ХХІ–ХХVIII ғғ.) Синташты–Арқайым андронов мәдениетін жасаған арийлердің бір легінің біртіндеп көше отырып, Орта Азияға одан әрі ілгерілеп Солтүстік Үндістанға кіруін, екінші легінің б.з.д. ХІІІ – ІХ ғасырларында Кавказды, Мауреннаһрды, Ауғанстанды, Белуджды көктей өтіп Иран тайпаларының ядросы құрағанын дәлелдей түседі [10].

Ботайда басталған жылқы бағу–бақташылдық дәуір 1500 жылға дейін созылып, б.з.д. ІІ – мың жылдықтың басында салт аттылық дәуір өмірге енді. Ат тікелей мініс көлігіне және әскери күшке айналды. Сол себепті арийлер өздерінің жылқы ұстау тәжірибесі арқасында орасан үлкен территорияны бағындырып, Иран мен Индияға жетуі жүзеге асырылды. Скифтер мен сақтар Ботайдан бастау алатын далалық жылқы мәдениетінің мирасқоры бола отырып, Алтай мен Қара теңіз аралығында табынды жылқы шаруашылығын дамытты, дала жылқысының төзімділігін, алыс қашықтықтарға мойымайтын шыдамдылығы сияқты қасиеттерін сақтай білді.

Cақтар мен скифтердің, сарматтардың, массагеттердің атпаздығы мен жылқышылдығы жөнінде антикалық авторлардың жазған жазбалары тірнектеп жинаған фактілерімен, бұлтартпас дәлелдерімен зерттеушілердің назарын аударады. Бұрын бұл тарихи деректер әртүрлі жинақтарда кездескенімен әр еңбекте шашырап, іздеп табу қиын соғатын. Осы тұрғыдан алғанда А.Н. Гаркавецтің көшпенділер туралы бүкіл антикалық, византиялық деректерді бір жинаққа топтастырып, түсініктемесімен, ғылыми аппаратымен жарыққа шығаруы – жылқы мәдениетіне арналған маңызы зор хрестоматиялық жинақ екені даусыз. Сонау антикалық замандардың өзінде скиф - сақтарды «ерекше төзімді ат мінгендер», «бие сүтін ішушілер», «жылқы етін жеушілер», «атпен бітісіп кеткендер» (кентавр), «арба үстінде өмір сүрушілер», «жылқы пішушілер», «қашып бара жатып соғысушылар» деп көшпелі тайпалардың іс-әрекетін дәлме-дәл бере білген антикалық зерттеушілердің аңғарымпаздығы қайран қалтырады. Сол замандағы көптеген фактілер мен мәліметтер қазақ өмірінен әлі күнге дейін сақталғаны көрініп тұрады [11].

Осы орайда көрнекті археолог М.П. Грязновтың: «...Мы должны изучать историю развития культуры кочевых племен отдельно взятых районов (будь то пазырыкские племена Алтая или скифы Северного Причерноморья саки Средней Азии или аржанские племена Тувы) не изолированно от других, близких и далеких кочевых объединений, а обязательно в общей их связи с исторей всего кочевого мира в целом», – деген сөзін бере кеткен жөн сияқты [12, 60-б.]. Аржан, Пазырық, Укок қорғандарынан шыққан археологиялық табындылар скиф-сақтардың өз заманында теңдесі жоқ жылқышылдық мәдениетінің болғанын көрсетсе, Берел қазбасы В.О. Виттің: «Алтайда өз заманында асыл текті жылқылар өсіретін бір орталық болды», – деген жорамалын айқындай түседі. Француз этнографы К. Ферре ондаған жылдар бойы якут, қазақ, қырғыз, хакас, тыва және Орта Азия елдерінің жылқы шаруашылығын зерттей отырып, «Алтай жылқы өркениеті» деген терминді кіргізді. Үлкен көлемдегі диссертациялық жұмысында автор: «Якут жылқышылдық мәдениетін түркілердің қиырындағы шекарасы деп, ал бұған ең жақын қазақ, қырғыз жылқылары» деп атап көрсетеді. Сонымен В.О. Витт Пазырық қорғандарындағы сақ жылқыларын, К. Ферре қазіргі этнографиялық өмірді жаза келе бірін-бірі толықтыра отырып, алтайдың жылқышылдық өркениеті деген тоқтамға келген. Берел жылқыларын жан-жақты зерттеу ісі, яғни реконструкция – жаңғырту, морфологиялық және патоморфологиялық саралау жұмыстарын ғалым З. Самашевтың басшылығымен Л.М. Макарова, Қ. Алтынбеков, Қ. Қашқынбаев т.б. секілді мамандар жүзеге асырды.

Ғұндардың жылқы шаруашылығы туралы сөз болғанда қытай және латын деректерінен бастап, қазіргі зерттеушілерге дейін көбінесе жылқыларды әскери мақсатта пайдалану, атты әскер мен соғыс тактикасын сөз етеді және бұл туралы көптеген әдебиеттер бар. Соңғы кезде табылған б.з. 383–450 жылдары аралығында жазылған рим әскерлерінің мал дәрігері Вегецийдің «Әскери өнердің қысқаша сипаттамасы» еңбегінде ғұн жылқылары қақаған аяз бен шіліңгір ыстыққа айрықша шыдамды, қыста жайылып, өз қорегін өзі тауып жейтін, құлын кезінен барлық қиыншылыққа төзуге дағдыланғанын сүйіспеншілікпен жазады. Осы фактілер арада қаншама ғасырлар өтсе де ғүн жылқысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ жылқысының еш айырмасы жоқтығын көрсетеді.

VІІ – VІІ ғасырлардағы Қытай әскерін атпен қамтамасыз ету үшін жазылған анықтамада көне түркі рулары мен ұлыстарының жылқы тұқымдары жөнінде ақбар берілген. «Қытайға тәуелді княздіктердің жылқы таңбалары» деп аталған осы реестрде қай түркі елінің қандай жылқысы барлығы және қандай тұқымға, топқа жататындығы жүйеленіп сипатталған.

«У – да (622 ж) патшалығының орта кезінде Кан мемлекеті (Хорезм) сыйлыққа (Қытай императорына) төрт мың бас жылқы берді. Қазіргі кезде қызметке пайдаланып жүрген аттар осылардың будандасқан түрлері». Бұл фактіден Қытай патшалығы Хорезм арғымақтарын (түркімен жылқылары болуға тиіс – А.Т.) түркілердің далалық, ормандық аласа бойлы жылқыларына будандастырып, бойы биік тұқымдар алғаны байқалады. Бұл құнды деректі қайтадан қарастырған Қытай тарихының маманы Н. Мұқамедханұлы жылқыға таңба басу малға жекеменшіктің пайда болуынан деп түсіндіреді.

Түркі халықтарының әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдеріндегі жылқының алатын орны туралы көптеген зерттеулер бар. Бұл еңбектердің ішінен С.П. Нестеровтың археологиялық, этнографиялық және жазба деректерді топтастыра отырып, салыстыра зерттеген ортағасырлық түркілердің салт-санасындағы, діни өміріндегі жылқы культін айқын көрсеткен зерттемесін бөле-жара айтуға болады [13]. Еуразия халықтарының жылқы мәдениетін терең зерттеген авторлардың бірі С.Е. Әжіғали. Көне дәуірлерден бермен қарай сақ, ғұн, ежелгі түркі, оғыз, қыпшақтардан қазақтарға дейінгі жылқыға табыну, жылқымен жерлеу, ас-ашмаведха ұғымдарының бірлігі, жылқы-күн-аспан, жылқының Еуразия көшпенділерінің өнерінде бейнеленуі т.б. мәселелерді жан-жақты қарастыра келе, Батыс Қазақстандағы қабір басына қойылған құлпытастың мамағаш, ал қойтастың ат екенін, яғни мамағашқа байланған жылқы болғанына шүбә келтірмейді және автор бұлтартпас дәлелдер келтіреді [14, 108 – 183 - б.]. Бұған біздің қосарымыз Сарыарқа қазақтарында әрәдік ХХ ғ. басына дейін марқұмды жерлеп болған соң, оның сүйікті атын қабір басына ат ағашқа байлап кету рәсімі орындалған.

Ә.Т. Төлеубаев өзінің исламға дейінгі қазақтардың наным-сенімдері туралы еңбегінде жылқыға байланысты көптеген тың этнографиялық деректер келтіріп, ғылыми айналымға түсірген [15]. Еуразия көшпенділерінің ғаламдағы ролі, жылқылы - көшпенділер өркениетінің мәні көшпенді халықтардың келешектегі тағдыры туралы еңбектің маңызы зор [16].

Жылқы шаруашылығы, аттың түркілер өмірі мен тарихындағы, мәдениетіндегі ролі, жылқы киесі туралы кең тынысты, кемел құлашты көп зерттеулер жазған Түркия ғалымдары. А. Шынар жылқы мәдениеті туралы еңбегінде түрік тарихшыларының тек ғана жылқыға тікелей арналған 234 еңбегін келтіреді. Бұған жылқының селекциясы мен генетикасы, зоотехникасы жөніндегі еңбектерді, мақалалардың кірмегенін ескерсек Түркия ғалымдары әлемдегі жылқытанушылардың алдыңғы қатарында деп есептейміз. Бұл еңбектердің барлығында түрік зерттеушілері жеке Анадолы түріктерінің атшылығы туралы емес көптеген түркі халықтарының, оның ішінде қазақтың біраз материалдарын да пайдаланған.

Фарук Сумер «Түріктерде жылқы шаруашылығы және атқа міну» атты кітабында ер-тұрман жабдықтардың шығу тегін, даму жолдарын тарихи-этнографиялық тұрғыда зерттеген. Кітаптың «Кіріспе» бөлімінде «Көне түріктердегі жылқы шаруашылығы және атқа салт міну» деген тақырыппен түрік жылқы шаруашылығын ұлттық қазына есебінде қарастырған. Бірінші бөлімде ер - тұрман жабдықтары: ер, жүген, ауыздық, шылбыр, өмілдірік, құйысқан, назарлық (атқа тағатын бойтұмар), қамшы, кісен, қос қоржын т.б. қарастырылса, екінші бөлімде айыл - тұрманға байланысты сөз тіркестері, фразеологизмдер мен олардың шығу тарихы жазылған .

Орхан Шайк Гөклай «Қорқыт Ата» кітабының желісін тексере отырып, жылқыны да қоса зерттеген. Жылқы туралы аңыздар мен дастандарды саралай отырып, халық арасындағы наным-сенімдерді орынды пайдаланылған. Түрік ғалымдарының жылқыны тарихи-этнографиялық, пәлсафалық-культурологиялық саралаулары біздің диссертациялық жұмысымыздың жобасын анықтауға, көптеген пікірлерді тоғыстырып көп мәселерді алға қоюға, сөйтіп зерттемеміздің сан-салалы терең болуына жол сілтеді. М.П. Грязнов айтқандай, қазақ жылқысы тарихының түйінді мәселелерін тек ғана қазақ материалдарымен шешу мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда өзбек, татар ғалымдары Н. Махмудов, Р.Г. Ахметжанның еңбектерін бөле-жара айтуға болады. Жылқы сөзінің этимологиясын зерттеген Н. Махмудов сөздің түбірін желмен байланыстырады. «Бұл сөздің түбірі әрине йыл (жыл) - ги болса уику (ұйқы), сезги (сезу), дуйгу (сезім), билги (білім), (ашка) сияқты сөздерде кездесетін етістіктен зат есім тудыратын қосымша болады. Түбір деп есептейтініміз «йыл» (жыл) сөзі иелмек (желпу) жылдам қимылдату етістігі мен йел (жел) түрікшедегі йылдырым (найзағай) сөзін еске түсіріңіз атының дәл өзі. Бұларға сүйене отырып йылты (жылқы) сөзінің бірінші мағынасы «жылдам қимылдайтын жануар» дегенді білдіреді. Бұған қазақтар арасында айтылатын жылқы – желден, сиыр – судан, түйе – сордан, ешкі – тастан, қой – пейіштен жаралды» деген тәмсіл сөзді еске алған орынды. Олай болса, зерттеушінің тұжырымы мен қазақ халық аңызының түйіні бір жерден шығып, бір орайдан табысып тұр деуге болады. .

Тұлпар десе елең етпейтін қазақ жоқ. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей қазақ болмысында тұлпар аса қасиетті, айырықша бағалы жануар. Қазақтардың «тұлпар» өте ескі, көнеден келе жатқан сөз екенін айта келе Р.Г. Ахметжан «толпар», «аңыздағы қанатты ат», «тұл-пар», «Тұл бар», «соғыс аты-қаплан», «соғыс аты» мағынасын білдіреді» деп түйіндейді. Бұл «тұлпар» сөзінің этимологиясын шешуде алғашқы сәтті қадам деуге болады. Дегенмен, қазақ өмірінде тұлпар болған, тұлпар болатын атты құлын кезінен тауып бірнеше жылдан бастап ондаған жылдарға дейін тәрбиелеп барып ғана батырға мінгізілетінін эпостық жырларда суреттелетініне арнайы тоқталамыз Біздің ойымызша «тұлпар» мифологиялық қанатты ат емес, қазақ халқы өмірде пайдаланған жылқының сирек кездесетін өте жүйрік тұқымы.

Қыпшақтар, печенектер славян, орыс елдеріне жылқы апарып, жылқы саудасын жасап, шын мәнінде отырықшы елдерді жылқымен қамтамасыз етіп ғана қоймай, жылқышылдық мәдениетін апарған-ды. Қыпшақ Бейбарыс Египетте патшалық құрып тұрған заманында ат ойындарын өткізетін «жылқы театры» болғанын француз саяхатшысы Баумгартен айырықша танданыспен жазады. Біздің ойымызша бұл әскерилендірілген ат театрының түп негізі қазақтың кез келген ас, тойларында көрсетілетін ат ойындарымен мәндес.

Көшпенді тайпалардың заңды мирасқоры Қазақ хандығы ат үстінде туып, атты әскердің күшімен өзінің елін жерін қорғап ғана қоймай, жерін кеңейте отырып Алтай мен Атырау, Сібір мен Ташкент аралығындағы үлкен аймақты иеленді. Қазақ ханы Қасым хан былай дейді: «...Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбәтіміз – қымыз... Қызық көретініміз өрістегі жылқымыз....». Қазақ тарихының негізгі қайнарларының бірі «Тарихи Рашидиде» Орталық Азияның қаһарлы Қасым ханы бір мезгілде 300 мың атты әскер шығара алатыны жайында айтылған дерек бар.

ХVІІІ–ХVІІІ ғасырдағы жылқы туралы мәліметтер жоңғарға қарсы соғысқан Отан соғысының батырлары туралы тарихи жырларда молынан кездеседі. Бөгенбайдың Нарқызылы, Қабанбайдың Қубасы, Абылайханның Алшаңбозы мен Шалқасқасқасы, Әбілхайырдың Ақбозы, Ер Жәнібектің Көкдөнені, Олжабайдың Телкөгі, Райымбектің Көкойнағы тарихи жырларда, эпостағыдай тұлпарларды асыра әсірелеу жоқ. Батырлар да олардың аттары да тарихи хроникалардағыдай шыншылдықпен суреттеледі. Бұл тақырыпты тұнғыш зерттеген Р.С. Липец түркі–монғол халықтарының эпикалық жырларындағы батыр мен аттың бейнесі көркем образ ғана емес, нақты тарихи–этнографиялық дерек екенін көрсетеді.

Жылқы туралы кең көлемдегі мәліметтер Қазақ хандығы Ресей империясымен дипломатиялық, сауда қарым - қатынасы орнай бастаған тұста, қазақ жеріне ағылған жиһанкездер, кейін саяхатшылардың, елшілер мен әскери барлаушылардың есептерінде міндетті түрде кездесіп отырады. Қазақ халқының тарихына, географиясына, этнографиясына, т.б. арналған үлкенді-кішілі еңбектердегі ақпарлар мен қысқа үзінділерді есепке алмағанда, қазақ жылқысының тікелей арналған арнаулы әдебиеттер мен газет-журнал мақалаларының өзі бір төбе. Дегенмен, бұл әдебиеттердің біраз бөлігінің ғана ғылыми мәні бар деп айтуға болады. Олардың көпшілігі ең алдымен қазақтың жылқы шаруашылығын қызығушылықпен, таңырқаушылықпен үстіртін суреттеп жазған шығармалар. Мұндай еңбектерде көбінесе жылқының бағылуы мен күтілуі олардың тұқымдары жайында сөз болады. Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиеттердің басты кемшілігі, көпшілік авторлар бірін-бірі қайталап белгілі жағдайлар мен фактілерді тізіп жаза берген.

Қазақ жылқысы жайындағы дәйекті ғылыми зерттеулер Орта Азия мен Қазақстанның Ресейге толық қосылып бітуімен, яғни 1870 жылдардан бастап жарық көре бастады. Бұл жылдары қазақ жылқы шаруашылығын белгілі бір мақсатпен мамандар зерттегендіктен, мақалалар мен еңбектер фактілерінің молдығымен, мазмұнының байлығымен көзге түседі.

1870 ж. Н. Бахметьев, 1871 ж. М. Бабаджанов, 1871 ж. П. Великосельцев, 1875 ж. А. Гардер, 1885 ж. С. Вогак, 1875 ж. А. Вилькинс, 1883 ж. А. Жантурин, 1885 ж. А. Каллер, 1892 ж. И.В. Шумков, 1894 ж. А.И. Добросмыслов, 1895 ж. В. Фирсов сияқты Ресейдің белгілі ғалымдарының қазақ жылқысына арналған арнайы зерттеулері жарық көрді. Бұл шығармалар кәсіпқой мамандар тарапынан жазылғандықтан әлі күнге дейін маңызын жоймаған сүбелі еңбектер. Осы еңбектер жарыққа шыққаннан кейін Россияның қажеттілігін кез-келген уақытта қанағаттандыра алатын таусылмас дария – «дала жылқы шаруашылығына» мемлекет тарапынан көңіл аударыла бастады.

Я.Я. Полферовтың адай, қарабайыр, арғымақ секілді қазақтың көне жылқы тұқымдарын жеке-жеке мақалаларға арқау етіп алып, сол заманғы ғылыми тұрғыдан мазмұнды баяандап берген. Автор зерттеуін одан әрі жалғастыра келе, қазақ жылқысын асылдандыруға, қандай мәдени тұқымдар сәйкес келетінін дәлелдеген.

Майор И. Хантинский 1893–1903 жылдары «Коннозаводство» журналының Торғай обылысындағы тілшісі болып қызмет істеп, облыстағы әр жылдық ақпарлар мен хабарлар есебінде ондаған мақалалар циклын жазды. Мұндай есепті мақалалар мен жолсапар жазбалар қатарына князь В.А. Кудашевтың, әскери қызметкер Н. Медведскийдің, жылқы маманы Эверсманның еңбектері жатады. В. Рожков, И. Левашов, Н. Ревякин, Н.А. Обручев мақалаларында алдыңғы зерттеушілермен салыстырғанда айтарлықтай жаналық жоқ «Шынтуайтына келсек қазақтың жылқы шаруашылығына, барлық Еуропа мемлекеттері қызғанышпен қарау керек. Себебі біздің кең-байтақ отанымыздағыдай әскери жылқыларды өсіріп баптайтын табиғи жағдай ешбір елде жоқ», – деп жазады Ақмола, Жетісу облыстарының жылқы табындырын зерттеген С. Белинский. Белгісіз автор «қазақ жылқысының сом денесі мен білеуленіп, шомбалданып тұрған бұлшық етіне қарағанда ебдейсіз, жай қимылдайды деп ойлайсың. Ал жеңіл жүрісін көргенде мұндай тұқымды ешқашан таба алмайсың» дейді. А.И. Касаткин қазақы жылқы тұқымының ешбір асылдандырусыз-ақ атты әскерге жарамдылығын насихаттайды. Көпшілік авторлар Жетісу жылқысының Қазақстанның басқа аймақтарының жылқыларына қарағанда бойының биік болуы, ортаазиялық мәдени тұқымдарымен ертеден араласқандығын, оның таулық және жазықтық болып екіге бөлінетіндігін баяндайды. Н. Захаров, С.Е. Дмитриев, В. Базилевский, П. Канавин, В. Пяновский мақаларында Жетісу жылқыларын асылдандыру жұмыстарын дереу қолға алу үшін жергілікті өкіметтен нақты шаралар қолдануды талап етті. 1914 жылы Жетісу жылқы тұқымдарын арнайы зерттеу үшін жер департаменті ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Экспедицияның қорытындысын Л.Ф. Безвуглый көлемді зерттеу кітабына арқау етті. Л.Ф. Безвуглыйдың кітабы статистикалық материалдарының молдығымен, этнографиялық бай сипаттамасымен құнды және Верный, Пішпек, Тоқмақ аймақтарындағы қазақ, қырғыз шаруашылықтарын қатар жазған.

Қазақ жерінің оңтүстік жағындағы жылқы шаруашылығы жөнінде Түркістан өлкесінің жылқысына арналған жалпылыма еңбектерінде А.И. Шахназаров, Г. Головин, Н. Шавров, С.С. Здзеницкий, А. Коробов, П. Краснов , Кучуков, К. Тимаев азды–көпті деректер келтіреді. 1910 жылы Ташкент қаласынан шыққан В.П. Колосовскийдің «Түркістан жылқылары» деген көлемді кітабында қазақ жылқысына көрнекті орын берілген. Семей обылысының жылқы тұқымдары жөнінде Ловицкий мен П. Плещеевтің мақаларын айтуға болады.

Қазақ халқының жылқы емдеу тәжірибесі орыс мал дәрігерлерінің хабарламаларында, қазақ этнографтарының жинастыруларында, кейінірек арнаулы ветеринарлық зерттеулерде жылқы ауруларының қазақша-орысша баламасы беріліп отырды.

Ұлттық ат спорты мен оның түрлері, әсіресе қазақ даласында өткен не бір астардағы бәйгелер жөнінде қым-қиғаш оқиғалы (приключенский) мақалалар қызғылықты баяндалады.

ХІХ ғ. 90–жылдарынан бастап Башқортстанда, Самарада қымызбен емдеу орталықтары ашылды. Қазақ жеріне ішкі Ресейден т.б. жерлерден жаз кезінде денсаулығын нығайту үшін, туберкулезден емделу үшін келушілер көбейді, оларға арнап үй тігіліп қымызханалар ашылды. Осы кезде қымыз және қымыздың құрамы, жасалу технологиясы жайында әдебиеттер шыға бастады.

Қай кезде болмасын барымта мен жылқы ұрлау көшпенділер қоғамының «айықпас ауруы» болғаны белгілі. Қазақстанның Ресейге қосылуы хандықтың жойылуы, барлық билікті қолына ұстаған билер институтының әлсіреуіне байланысты ел ішінде жылқы ұрлау мен барымта шектен шықты. Көптеген мақалалар мен ақпарларда барымта мен оның шығу себептері айқындалып отырды.

Кеңес дәуіріндегі малдәрігерлік, зоотехникалық, физиологиялық, экономикалық әдебиеттерді есептемегенде, жылқыны тарихи-этнографиялық, мәдени-танымдық тұрғыдан зерттеген кешенді әдебиеттер саусақпен санарлық ғана. Ю.Н. Барминцев, С.Е. Толыбеков, Х.А. Арғынбаев, В.П. Курылев, А. Тоқтабайдың монографиялары мен авторлар ұжымы шығарған «Қазақтың ХІХ–ХХ ғғ. аралығындағы шаруашылығы (тарихи-этнографиялық) зерттемме» кітабы ғана. Шын мәнінде Кеңес өкіметі жылқыға тек арзан ет, сусын, күш-көлік ретінде ғана қарағандықтан, жылқының тарихтағы ролі ат төбеліндей азғана мамандар тарапынан ғана зерттелді, бұған және ақын–жазушылардың көркем шығармаларын қосуға болады.

Қашанда жылқы қазақ үшін еркіндіктің, бостандықтың символы болған ғой. 1980 жылдардың ортасындағы жариялылық пен 1991 жылғы Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап, жер-жерде батырларды еске түсіріп ас беріле бастады, ат бәйгелерінің саны артты. Осыған орай ат жарату, баптау турасындағы әдебиеттерге, көмекші құралдарға сұраныс көбейді. Аттың сыны мен баптау жайында біраз газет, журнал мақалалары мен тақырыпқа арналған кітапшалар жарық көрді.

Халқымыздың жылқы тарихын Құлагерсіз елестету, Құлагерсіз жазу мүмкін емес. Жүздеген жылдар өтседе Құлагер трагедиясы әлі күнге дейін ешкімді бейжай қалдыра алмайды, қазақтың жадындағы жазылмаған жара сияқты. Соңғы жылдары атақты сәйгүліктің өміріне байланысты көптеген мәселелердің беті ашыла бастады. Р. Отарбаевтың, А. Әділханұлының, Ғ. Мұсатайдың, Ж. Тұрғанбекұлының, С. Алпысұлының мақалаларында әйгілі астың айтылмаған сырлары белгілі болды.

Ұлт спортының түрлері мен тарихын зерттеп жүрген мамандар М. Тәнеекеевтің, Б. Төтенаевтың еңбектерінде ат ойындарының түрлеріне де орын берілген. Әрбір жердің, өлкенің ат баптауынан бастап, жылқы туралы аңыз-әңгімелері, жалпы жылқы мәдениеті Қазақстанның басқа аймақтарына жетпей жатады, осы тұрғыдан алғанда «Атырау арғымақтары» жинағы мен Б. Елшібайұлының «Тұлпарлар» кітабы көптеген фактілермен құнды. Талантты зерттеуші С. Қондыбайдың белгілі монографиясының «Жылқы туралы миф» тарауында қазақ ертегілері мен аңыздарындағы жылқы образы мен батырлардың сәйгүліктеріне дейін терең сараптама жасалған.

Арқа қазақтарының өміріндегі жылқы шаруашылығының рөлі мен маңызын зерттеуге арналған еңбекте ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ қоғамында болған дағдарыс, осы саланың құлдаруымен тікелей байланыстырылады. Жылқы шаруашылығы қазақтардың экономикасында ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени рухани өмірдегі рөлі қарастырылған. Н. Айтбаева мен Ж. Байтелиеваның қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулар мен фразеологиялық тіркестердің семантикалық, этномәдени функциясын зерттеген жұмыстары сөз жоқ, бұл тақырыбты меңгерудегі жаңа белес екенін көрсетеді.

Шетелдегі зерттеушілердің ішінен қандасымыз М. Қалиасқарұлының «Қазақтың жылқы шаруашылық шежіресі» кітабын бөле-жара айтар едік. Автор бірінші рет өзіміз өмір бойы айтып, жазып жүрген Пржевальский жылқысын қазақтар ежелден керқұлан деп атағанын дәлелдейді. Автор ауыршаруашылық мал маманы ретінде жылқының тегінен бастап тұқымдарына, өнімдеріне, емдеуге байланысты т.б. көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыда баяндап береді. Кезінде Қытай императорлары қызыққан Үйсін патшалығының жылқыларынан, Іле тұлпарларынан көруге болады деп ой тастайды. Сонымен қатар қазақ жылқыларының негізгі генефондысы Қытай қазақтарында сақталғандығын атап айтады.

Англия, Франция, Ресей т.б. елдерде жылқы шаруашылығын, ат спортын насихаттау үшін түрлі-түсті суретті фотоальбом, кітаптар жылда-жыл шығарылып тұрады. Мұндай кітаптардың мәтіні аз болғанымен фотоөнерінде негізгі тұлғалардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі жылқы шаруашылығын, ат спортын насихаттауға арналған «Қазанат» кітабының өз орны бар.

Қазіргі таңда жылқы оның қоғамдағы ролі туралы күнделікті баспасөзде жиі көтеріліп, пікірсайыстар көбейді. Солардың ішінен белгілі ақын Қ. Ілиясұлының «Қазақ тарихы – жылқы тарихы», этнограф Ж. Бабалықұлының «Қазақтың тарихын жылқы жасаған» –деген мақалаларын бөле жара айтар едік.

Жалпы жылқы жайындағы қандай басылым болса да, мейлі газет мақаласы болсын, іргелі зерттеулер болсын назардан тыс қалдырмай, сараптап отыруға тырыстық. Өкінішке орай, аудандық, облыстық газеттердегі, әртүрлі баспалар шығарып жатқан өлкентанушылық әдебиеттердегі мәліметтердің бәрін қарастыруға мүмкіншілік болмады.

Қазақ тарихы мен этнографиясының бірде - бір саласы деректер мен әдебиеттердің молшылығы тұрғысынан «жылқыға» теңесе алмайды. Сондықтан біз мүмкіндігінше ірілі - ұсақты мақалалар, заметкалар, әдебиеттердің бәрін саралай отырып топтастырдық, мейлінше тарихнамалық бағасын бердік. Біздің сараптауымыздан бірде - бір әдебиет тыс қалған жоқ.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Министерство сельского хозяйства Республики Казахстан 010 000, г
2013 -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы №21 хаттама
2013 -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы №2 хаттама
2013 -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы №6 хаттама
2013 -> Министерство сельского хозяйства Республики Казахстан 010 000, г
2013 -> Тақырыптың өзектілігі
2013 -> «Алаш» либералдық-демократиялық қозғалысы идеологиясының маңызд


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет