Астана қаласының 1110 жедел жәрдем қызметкерлеріне Home Credit Bank жаңа әрі жылы форма сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Home Credit Bank

Бүгін Home Credit Bank Астананың 809 дәрігері мен 301 жедел жәрдем жүргізушісіне 1110 қысқы киімін сыйға тартты. Енді банк жедел жәрдем өкілдеріне күзгі және жазғы форманы алуды жоспарлап отыр.

"Елордалық дәрігерлер, фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін жаңа формамен қамтамасыз ету — 2022 жылы қаңтар оқиғаларынан кейін қолға алынған қайырымдылық бастама. Біз осы арқылы Алматының жедел жәрдем қызметкерлеріне алғыс білдіргіміз келді. Бүгін жоба аясында елорда дәрігерлеріне қысқы киім табысталды. Бұл бастама біздің стратегиямызға сәйкес келеді. Өйткені дәрігерлердің саулығы — ұлт саулығы. Біз заманауи жылы форманы ұсына отырып, дәрігерлердің күнделікті жұмысын жақсартуға үлес қоса алатынымызға қуаныштымыз. Бұл бастама — ESG стратегиясының бір бөлігі", — деп атап өтті "Home Credit Bank" АҚ Басқарма төрағасы Кирил Бачваров. 

Фото: Home Credit Bank

"Біз алдымен жедел жәрдем қызметкерлері үшін жазғы форма тігіп көрдік. Жергілікті дизайнерлерді, өндірушілерді жинап, талаптарға сай келуін қадағаладық. Мұндай форманы жасау оңай болмай шықты. Өйткені ыңғайлылықтан бөлек қауіпсіздік талаптары да сақталуы керек екен. Жедел жәрдем өкілдерінің қалай қуанғанын көріп, қыстық киімді де сыйға тартайық деген шешім қабылдадық. Осы арқылы қоғамға бір пайдамызды тигізгіміз келді", — деді ол. 

Астана жедел жәрдем қызметі директорының медицина жұмысы жөніндегі орынбасары Бота Сәдетхан елорданың қысын ескере отырып, қызметкерлердің сапалы жұмыс атқаруына форманың да әсер ететінін және ол жеңіл әрі жылы болуы тиіс екенін атап өтті.

"Медициналық қызметкерлер киімінің жарқырайтын жолақтары және су мен қаннан қорғау үшін су өткізбейтін қабаты болуы керек. Сондай-ақ дезинфекция жиі жасалатындықтан, форманың тез тозып кетпеуі де маңызды. Яғни талаптар жеткілікті. Home Credit Bank ұсынған жаңа форма осы параметрлердің барлығына сәйкес келеді. Астана қаласының жедел жәрдем дәрігерлерінің атынан банк ұжымына алғыс айтамын" — деді ол. 

Қызметкерлер де жайлы форма сыйлаған банкке дән риза. 

"Бұрынғы формадан ерекшелігі – сыртынан су өтпейді, қалың және қимыл-қозғалысқа өте ыңғайлы. Әрқайсымыздың өлшеміміз алынып, арнайы тігілді. Астананың ауа райында киюге арналған, әсіресе шалбары қалың, суық өткізбейді. Соған қарамастан жеп-жеңіл, қолайлы. Қалтасының өзі ретпен орналастырылған. Мысалы, мұнда карта саламыз, басқа қалтаға ең маңызды дәрі-дәрмекті, басқа жеріне ұялы телефон салып жүреміз", — дейді шұғыл бригада фельдшері Сапар Нұрбек Айтжанұлы.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.