Сарапшылар "9-20-25" бағдарламасының пайда болуынан жылжымайтын мүлік нарығында баға өзгеретінін айтты. Жаңа жеңілдетілген ипотека 1 наурызда іске қосылады. Оған қазақстандықтардың барлығы қатыса алмаса да, риелторлар баспана бағасының көтерілетініне сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақтөбеде жылжымайтын мүлік нарығы қаңтардан кейін жандана бастады. Оның үстіне жаңа ипотекалық бағдарлама клиенттердің белсенділігін арттырады.

"9-20-25" бағдарламасы бойынша тек "Отбасы банкі" ипотекалық несие береді. Менеджерлер жаңа ипотекамен пәтер алғысы келетіндерге белсенді түрде кеңес беріп жатыр. Банк бір мезгілде жылжымайтын мүлік бағасын бақылап отыратынын және құрылыс компанияларында алыпсатарлық жасауға мүмкіндік жоқ екенін айтып сендіреді.

“Әрине, бағаны қадағалап отырамыз. Клиенттер баспананы Baspana Market сайтымыз арқылы сатып ала алады. Онда құрылыс компанияларының ұсыныстары болады. Бағаны қолдан өсірмес үшін банк осы компанияларды тексереді. Бір шаршы метрдің белгілі бір бағасы болуы керек”, – деді "Отбасы банкі" АҚ Ақтөбе филиалының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі маманы Нұргүл Мырзаева.

Риелторлар да бағаларды қадағалап отырады және дәстүрлі түрде көктемде жылжымайтын мүліктің құны әрқашан көтерілетінін біледі. Олар Ақтөбеде екінші кезектегі баспана өткен аймен салыстырғанда қымбаттап кеткенін айтады. 

“Бәрібір баға өседі. Бұған ипотекалық бағдарламаның да үлесі бар. "9-20-25" бағдарламасы жарияланғаннан кейін ақпанда бағаның өскені сезілді”, – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Нұрсұлтан Иманбаев.

Ақтөбеліктердің басым көпшілігі жаңадан салынып жатқан үйлерден пәтер алуға ден қойған. Мәмілелердің 90 пайызы осындай үйлерде жасалады, дейді риелторлар. Бұл жерде осы бағдарлама бойынша несие сомасы 18 миллион теңгеден аспауы керек екенін де ескеру қажет.

Ал Оралдағы жылжымайтын мүлік нарығында бағалар екі жылдан бері өзгермеген. Риелторлар жаңа бағдарламадан кейін сұраныс артады деген сенімде, бірақ сарапшылар әзір нарық тыныш екенін айтады.

"Біз бұл бағдарламадан көп нәрсе күтеміз. Ол бүкіл Қазақстанға есептелген, онда бүкіл Қазақстанға бірдей сома бөлінген. Қаншасы біздің қалаға жетіп, қаншасы басқа қалаларда қалатынын білмейміз. Әркімнің үлгергеніне байланысты. Сондықтан барлығына асығуға кеңес беремін”, – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің негізін қалаушы Артем Хрокалов.

Бағдарлама бойынша қатысушылардың жасы және соңғы бес жылда жеке үйінің болмауы ескеріледі.

Таразда жаңа тұрғын үй бағдарламасының қарсаңында әзірге ешқандай талас жоқ. Сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығы тұрақты екенін айтады. Өткен жылдан бері тұрғын үй шамамен 20-25 пайызға арзандады. Ал әзірге өсім жоқ дейді. Қалада бір бөлмелі пәтер құны 7-10 миллион теңге аралығында. 

“Психологиялық фактор шынымен де бар, олар шынымен бағаны көтереді. Жаңа ипотекалық бағдарлама бар деген қауесет тарайды да, соған сеніп, бағаны өсіреді. Бірақ бір, екі, бір жарым ай осылай тұрғаннан ештеңе өзгермегесін баға қалпына келеді”, – деп мәлімдеді Қазақстан риелторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығының президенті Александр Пак.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 9-20-25 бағдарламасының қашан басталатыны айтылған еді.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.