Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



жүктеу 5.18 Mb.
бет17/29
Дата12.09.2017
өлшемі5.18 Mb.
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29

Жататын орнымыз жерден 1-2 метрдей биігірек тақтай жайылған сәкі. Үстіне ескі алаша, киіздер төселген. Өзіміздің көрпе-төсектерімізді жайып, сонда жаттық. Камера пешпен жылытылса да салқын. Бірге келген жолдастардан – Әкірәм хазірет Мұнасипов, Ғұлам қари Тиллашайыхов, Миряхия Мирзаһитбаев, Қадырқажы Тұрдиев, Жау ди шан, Ибраһим Сейфулин, Нияз Даутай, Ғұмәр ахұн және мен.

Таңертең оянғанымызда сырттан кісілердің жүргені, сөйлеген дауыстары естіле бастады. Мен ақырын сәкінің шетіне аяғымды басып, есік үстіндегі пияладан далаға қарадым. Біздің камераның қарсысында 6-7 камераның есіктері көрінді. Оң жақта да 4-5 камера бар. Ортасы кең, төбесі жабылған қора. Бір-екі сақшы келіп, қарсыдағы камераның құлыптарын ашты. Есіктен семейлік Ғабдылхақ хазірет Ғимадилдинов, Закір Әбдішев (ол – Семейдің белгілі сауда фирмасы «Торговый домның» иесі Ғабдұлжаппаровтардың жиені болып келеді, сол кезде фирманың Үрімжі филиалын басқаратын) және мен танымайтын 4-5 кісі шықты. Он минуттай уақыт өткенде оларды қайта камераға кіргізіп, есіктерін бекітіп қойды. Енді әр жақтан есіктердің салдыр-сұлдыр ашылғаны естілді. Абақтыда жатқандар біздің камераның алдынан өте бастады. О, алла солардың ішінде Мирюсуфымыз да бар. Төмен қарап, ойға батып кетіп барады. Біздің есікке жақындай бергенде, мен естілерліктей етіп: «Яхия ағай, Ғұлам қари ағай, Мирхамит қайсы камерада екен?» – деп дауыстадым. Мирюсуф сескеніп басын көтерді, жай басып дәретхана жаққа кетті. Он митут өткен соң Мирюсуф басқа жолдастарынан айырылып, біздің камераға жақындай бастады. Бұл жолы Ғұлам қари ағай: «Молла Мұхаметжан! Біздің мұнда екенімізді Мирюсуф біліп қалса жақсы болар еді», – деді. Ғұлам қари, Миряхия, Мирхамид және менің осы абақтыда екенімізді түсіндірген болдым.

Сыртқа дәретке бару кезегі бізге де келді. Камераның есігін ашып, дәретхана жаққа алып кетті. Дәретхана кір, лас екен. Зәрдей суық су құйылған қолжуғышқа беті-қолымызды жуып, 6-7 минут дегенде камераға келдік. Біраздан кейін шайсымақ ыстық су мен бір данадан тандыр нан берді. Кеселерімізді алып қойғандықтан да, бізге сапал кеселер берді. Шайды сол сапал кесемен іштік. Сағат бірлер шамасында тамақ келді. Сұйық сорпасымақ, ет орнына қой майын еріткен жып-жылы бір нәрсе. Ғұләм қари ағай: мындай тамақты аузыма да алмаймын – деп ауыз да тимеді. Қалғанымыз амалсыздан «сорпаға» нан турап ішіп алдық.

Үрімжіге келгенімізге 2-3 күн болды. Әр күні бізді шақырып тергеу жүргізер деп күтудеміз. Әр күні таңертең, кешке дәретханаға апарады.

4-күні болса керек, сақшы әскерлердің бірнешеуі келіп, Үрімжіге келген күні өткізіп берген ақшамыздың есебін анықтап кетті. Бір күннен кейін камерамызға бірнеше сақшылар дорба, жәшіктермен азық-ауқаттар алып келді. Онда қант, темекі, шокалад, жаңғақ, махорка, тіс парашоктері, сабын, тіс шеткасы сияқты заттар бар екен. Мекеме кассасында ақшасы барлар тілегенінше алды. Көбіне махорка, темекі, қант алуға тырысты. Мен де тағамдардан басқа 3 қорап «Казбек» папиросын алып қойдым. Көбінесе үйімізден өзіміз алып келген және осында сатып алған азықтарымызды пайдаланамыз. Үйлерінен тамақ келмеген, ақшалары жоқтармен барымызды қолдан келгенше бөлісіп жейміз.

Камерамыз қараңғы. Түнде тіпті көзге түртсе көргісіз. Күндіз көзі өткірлердің ине сабақтай алмастай қараңғы. Ауасы да нашар. Ғұлам қари терезенің үстіңгі жағына жапсырылған қағаздың бір шетін жыртып алды. Камераның ауасы біраз жақсарып қалды.

Ғұмар ахун 1937 жылдың ортасында Тұрды Алимовпен бірге Кеңес одағынан Шауешекке келгенде, Шауешек ұйғырлары арасында өздерін замана барысымен жақсы таныс кісілер ретінде көрсетіп, басқалардан өздерін жоғары ұстап жүруші еді. Бір күні Ғұмәр ахун жүйкесі жұқарып айғайлап, үкіметті сөге бастады. Бір аздан соң тұрып, есікті қатты соғып, теуіп еді сақшылар жетіп келді. Ғұмәр ахун қатты айғайлап: «Біз келгелі қанша күн өтті, тез тергеуші тексерсін. Кінәсіз мынадай қараңғы зынданда жатпаймыз. Тез босатсын», – деп айғайлады, боқтады. Сақшылар шығып кетіп есікті бекітіп қойды. Біраз уақыт өткенде 4-5 сақшы келіп, Ғұмар ахунның аяғына кісен салып кетті. Ғұмар ахунның ашу-ызасы арта түсті. Қышқырды, бақырды, боқтады. Бірақ, мұның бақырып-шқырғанына мән беріп жатқан жан болмады. Аяғында айғайлағаннан шаршап, өз орнына келіп жатты.

Бір рет түн ортасында есігіміз салдыр-сұлдыр ашылып, сақшылар біреуді итеріп кіргізіп, есікті кіліттеп кетті. Қараңғыда кімнің келгенін тану мүмкін емес еді. Келген адам дауысын шығарды: «Ағайындар! Сіздер кімсіздер?» – деп сұрады. Мен бұл дауысты таныдым. 1936 жылы мамыр айында Құлжаға барған сапарымда Уақас хажы Миршановтың үйінде бірге болған Иминахун Хожамяровқа дауысы ұқсайды, Мен: «Сіз Иминахун әка емессіз бе?» – дедім. «Ой бауырым! Сіз кім боласыз?» – деді. Мен қысқа ғана өзімді таныстырдым және төр жақтан орын алуын өтіндім. Иминахун: «Ой бауырым, мен өз мінезімнен алланың азабына кезіккен адаммын. Мұсабаевтардың бас өкілі ретінде өзімді бір жанға тең көрмей тәкәппәрләніп жүрген жан едім. Енді соның азабын шегіп жатырмын. Сіз мені төрге шығаруға әуре болмаңыз. Мен сіздердің аяқ жақтарыңызға жатып, сіздерге қызмет көрсетейін. Мүмкін бір жаратқан күнәмді кешірер ме екен» – деп жылағаны естілді.

Иминахун – Құлжаның атақты байлары Мұсабаевтің бас өкілі болып жұмыс істеген, мінезі теріс, тәкәппар адам болатын.

Күн артынан күндер өтіп жатты. Тергеу-сұрақтан дерек жоқ. Бәрімізді ауыр ой тырмалап: Мына жағдайда келешек не болмақ. Бізді осындай ауыр жағдайда қанша уақыт ұстар екен? – деген ой мазалай береді.

Наурыздың шамамен жиырмасы еді. Түн ортасында есігіміз салдыр –гүлдір ашылды. Сақшы әскерлердің қолында газовый лампа. Бізді тез киініп, жабдықтарымызды дайындауға бұйырды. Біз таң қалдық. Ой, алла! Бізді қандай көңілсіз жағдайлар күтіп тұр екен? Әскерлердің арасынан бір ұйғыр жігіт: «Ағалар! Саспаңыздар, сіздерді жақсырық, түзуірек бір жайға көшірмекшіміз» – деп қалды. Осы сөзден соң біраз тыныштанып, азық-түлік, киім-кешегімізді жинастыра бастадық. Камерадағы тұтқындар арасында ең көп заты бар – мен екемін. Қасқыр ішігімді Яхия әкаға кигізіп, біраз дүниелерімді әскерлерге ұстаттым. Далаға шығып 40-50 адым аттаған соң мен жүгімді көтере алмай жығылып қалдым. Жанымда келе жатқан әскер қолымдағымды алып, қолтықтап алджы. 250-300-дей адым жердегі бізге арнаған бөлмеге келдік. Едені тақтай, ауасы біраз жақсы, бөлме ортасында 7-лампа жанып тұр екен. Шыңында да, бұрынғы камераға қарағанда мында бірталай жақсы еді. Ғұмар ахун да аяғындағы кісенін салдырлатып орынға жайғасып жатыр. Есік тарыс жабылып, құлыппен бекітілді.

Біраз дем алып, әл жинап, жан-жаққа көз салып, бөлмені тексере бастадық. Мен орналасқан жақта бір тесік көрінді. Ақырын барып құлақ салсам, көрші камерадағы кісілердің дауыстары естілді. Тесікке жақын барып қатты жөтелген болдым. Ар жақтан бір адам жөтеліп жауап қайтарды. Мен дыбыстап, онда кімдер бар – деп сұрадым. Ол жақтан: «Біз Шауешектен келгендерміз. Мен Уаһап Мусағиевпін» – деді. Мен тез ғана өзімді және жанымдағыларды таныстырдым. Көрші камерада Уаһаптан басқа шауешектіктерден Хисам Бауи, Ғабдулхак Бектемиров, Мирхамит Мирзашбаев, Хафизахун Шаптан, Мырзахмет, Мақсұтхан Мұхамет қари және Шыңжаңдағы ақ гвардияшылардың бастығы, қытай езушілеріне қарсы күрескен Қожанияз бастаған көтерілісші мұсылман-түріктерге қарсы қытай жақ болып соғысқан Антоновта бар екен.

Камераның екінші жағында пешке таяу жерде жарық бар. Сол арқылы екінші жақтағы камерадағылармен де әңгімелесіп тұрармыз. Мұнда дөрбілжіңдік Шайхы дамолла, Файзула ахун бай (хотандық), Хасанбай Чанышев, Ғабдурахман Тұрдыбаев, сағатшы Уалихали Юсупов, Тұрды Алимов, Александыр Кашкаровтар бар екен. Бір жақта – тышқандар тесіп ашқан тесік, екінші жақтан пештің жарығынан көрші жолдастармен сөйлесеміз.

Әкірәм хазірет, Миряхия ака, Қадырхажы, Имин ака және мен бір дастарханға бөліндік. Қалғандары да екі-үштен бөлінді.

Қанша дегенмен де біраз тыныш ұйықтадық. Таңертең күн шыға далаға дәретке шығарды. Мұндағы дәретхана өткендегіге қарағанда біраз кеңірек, айналасына ақ топырақ төгілген. Жуынуға 4-5 жәй қолжуғыштар қойылған. Суық суға жақсы жуынып алдық.

Біз дәретханаға барып келгенше камераның есігін ашық қалдырылып, ауасы тазартылған. Далаға шыққанда байқағанымыз: біз жатқан түрме 6 бөлмелі пәтер екен. Тәңертең жылы шәй келді және тандыр наннан бір-бірден берді. Қант, конфетпен шәй іштік.

Екі жақтағы тесік арқылы ақырындап Шауешектен келген жолдастармен сөйлестік. Бірінші камерада Әлімғазы Бафин бар. Екінші камерада Мирюсуптың анасының ағасы (атын ұмыттым) бар. 3-4 камерадағылар жоғарыда жазылды.

Бізбен келгендерден – Рахымжан Сасықбаев, Кәрім Дүйсебаев және Шауешек банкісінің бастығы (қытай) жоқ болып шықты. Камералар арқылы қысқа-қысқа жағдайымызды айтып, сөйлесіп тұрамыз. Сол күні камерамызға құмылдық бір қытайды әкелді. Бұл кісі майда саудагер екен. Біз сияқты: не үшін қамалғанын, қандай күнәсі барлығын білмейді. Аң-таң. Жау ди шу екеуі бірге тамақтанатын болды. Камерамызда екі қытай бар. Дәрет алуға су жоқ. Ғұзыр (себеп) болғаннан кейін тәйәйым жасап бес уақыт намазымызды оқимыз. Имам – әр кезде Әкірәм хазірет. Намаздан кейін Ғұлам қари ака құран оқиды. Өзімізше бір талай жұбаныш табамыз.

Екінші күні камерамызға екі ұйғыр жігітін кіргізді. Біреуі Люкшивациннің (–?) кенже ұлы – Ескендір, екіншісі – Қожанияз қажының әскеріннің қатарында болған Самсақ деген жігіт. Бұларды басқа түрмеден алып келіпті. Олардан қазіргі Шыңжаң жағдайын сұрадық, таныс-білістер жөнінде мағлұмет алғымыз келеді. Әлгі жігіттердің көріп-білгендері, басқалардан естігендері мынадай: қазір Шыңжаңның түкпір-түкпірінде көзге түсетін адамдардан ешкім қалмапты. Қамаққа алынғандардың дені – жергілікті ұйғыр және қазақ, татар тектес түрік ұлтының адамдары екен. Қытайлардан шағын ғана адам қамалған. Біздің таныс-білістерімізден ешкімді білмейтін болып шықты.

Бір күні камерамызға бір қазақты алып келді. Жасы 50-лер шамасында. Зор кеуделі, келіскен екен. Оны Құмылдың солтүстігіндегі Баркөл жақтан алып кепті. Жанына барып амандастық, өзімізше жұбатқан болдық. Бейшара әбден сасқан. Еркін сахараның еркін ерке баласы мынадай ауасы нашар тар қапасқа қалай, не үшін келгенін түсіне алмай дал. Оның айтуынша: бұдан 10-15 жыл бұрын Алматыдан Баркөл жағасына көшіп келіпті. Ол өз ел-жұртының арасында абыройлы, дәулетті адам болыпты. Кейінгі күндері Баркөлде мәжіліс болады деп шақырыпты. Онда таныс дос болып жүрген сақшы бастығы қазақ мұны абақтыға жауып, айтпағанды айтып, өзін әбден сыбаған. Қол-аяғына кісен салып, азқықсыз машинаға салып, Үрімжіге әкеліпті. Оның баласын да қолға алып, бірге Үрімжіге әкелген көрінеді. Ұлының қайда екендігінен хабары жоқ. Қол-аяғы байлаулы болып, жүк машинаның үстінде арлы-берлі домалап, әбден жапа шеккен. Жанына барып, үйден келген қазы, бауырсақтарды беріп, тамақтандырдық. Қазақ тілін жете білгендерге жолыққанына қуанып, аллаға үшкір етті.

Тағы бір күні орта жастағы орысты әкелді. Ол Сүйдүң қаласының тұрғыны Калачов екен. Кіріп келгенде өзін жоғалтқан түрі байқалады. Сұрағанымызға жауап қайтаруға шамасы жетпеді. Қарыны аш екенін айтты. Сол күні сақшылардан сатып алған жұмыртқаларымызды бердік. Камерадағылардың кей біреулері: Мұнан 3-4 жыл бұрын қытайдың феодал үкіметін жақтап, солармен бірігіп талай мұсылмандарды құртқандардың біреуі болуы керек. Ол кезде қылышың ойнатып, мылтығын асып, талайды тонаған мал-мүліктері жөнінде мына батыр батыр қандай пікірде екен? Жанын беріп, жәрдем жасаған жәңгүдей (қытай қожайындары) ертең өзін абақтыға қамап тастағанына қандай баға береді екен? – дегендей мазақтаған сөздер естілді. Ол да біз сияқты амалсыз абақтыға қамалған мәхбус еді.

Біраз күннен кейін камерамызға орта жастағы қытайды кіргізді. Әдеттегідей емес, сақшылар бұл адамға ерекше құрмет көрсетіп, биязы мәміледе болды. Сақшылар кетіп, есік құлыпталғаннан кейін, ол кісінің кім екенін сұрастырдық. Бұл 1934-1935 жылдарда Манжуриядан дубан Шың шы цайдың арнайы шақыруымен келген бес зиялы жігіттің біреуі екен. Бұл бесеуі Жапонияда Шың шы цаймен бірге оқып, тәрбие алғандар. Фомилиясы Лянг екен. Сол күні көрші 5-камераға солардың тағы біреуін алып келіпті. Бұларға әр күні айырым жақсы тамақтар алып келеді. Төсек-орыны да жұмсақ.

Камерада 3 – өзбек, 2 – татар, 4 – ұйғыр, 3 – қытай, 1 – қазақ, 1 – орыс болдық. Сәуірдің ортасында сақшылар келіп: бүгін кешке моншаға барып жуынатынымызды айтып, жуынуға уақыт аз бөлінгеніне орай, артық көп киім алмай, жеңіл киім-кешек, сүртінетін орамал алуды ғана бұйырды. Кешті асығып күтудеміз. Кешке сақшылар келіп абақтыдағыларды камера бойынша, тергеу бөлімінің сыртындағы кең қорада тұрған автомашинаға кіргізіп, сыртын бекітіп қойды. Бұл машина – жедел жәрдем көрсететін машинаға ұқсайды екен. Бірталай жер жүріп барып машина тоқтады. Машинаның терезелері ақ бояумен боялған. Сондықтан да сырттағы дүниені көруге мүмкіндік жоқ. Алдымызда 3-4 сақшы, артымызда 3-4 сақшы, моншаның жуыну бөліміне кірдік. 30 минуттан қалмай жуынып шығуды бұйырды. Тез-тез шешініп, жуынуға кірістік. Қолымызға кір сабынның алқымдарын берді. Көптен бері жуына алмай жүргендіктен денеміз су көріп, сабынданып, асығыс болса да тазарғандай болдық. Біраз жеңілдікті сезіндік.

Уақыт тар. Сырттағылар асықтырып, тез киініп далаға шықтық. Машинаға отырып, камерамызға қайттық. Моншаға кіргенде де, моншадан шыққанда да бірде-бір монша қызметкерін көрмедік. Камерамызға қайтып келген соң Яхия аға: «Мен моншаға кірерде жан-жағыма қарап, бір қозылы қойды көрдім. Жануарларды көру маған ауыр әсер қалдырды. Өткендегі еркін тұрмысты еске түсірді», – деді. Моншаға барып жуынып қайту біз үшін жаңалық болды.

Сәуірдің аяқ шенінде тағы бір жаңалық – қатарымыздағы бірнеше камерадағылардың есіктерін бірер сағаттай ашып, тұтқындарды далаға таза ауаға шығарды. Киім-кешек, көрпе-төсектерді шығарып, күнге жайып кептіріп, қақтырып тазартқызды. 4-күні бұл кезек бізге де келіп жетті. Таңертең он шамасында сақшылар келіп, есігімізді ашып, сыртқа шығуға бұйырғанда, асып-сасып сыртқа қарай атылдық. Ай жарым күн сәулесін көрмеген едік. Я, жаратқан! Қара көлеңке, күн сәулесі түспейтін камерамызда онша білінбесе де, енді таза ауаға, күннің жарығына шығып, бір-бірімізге қарап қайран қалыстық. Бәріміздің жүзіміз сарғайып, жүдеп, арықтағанымызды енді білістік.

Барлық киім-кешек, көрпе төсектерімізді сыртқа шығарып жайдық. Тар қорада ары-бері жүрдік. Сақшылардан жасырынып есіктің ортасындағы тамақ беретін тесік арқылы жанымыздағы 5-камерадағы жолдастармен сөйлесеміз. Олар да бізді көріп сөйлесіп қалуға тырысады.

Бізден кейін 5-6 камерадағылар да өз кезегі келгенде далаға таза ауаға шығып, кірді. Осыдан кейін әр күні кезекпен 20 минуттай далаға шығып тұратын болдық. Осы қысқа ғана 20 минуттай далаға шығып, саф ауа жұтып, күн көзін көру, бізге жақсы әсер етті.

Анда-санда басқармадан өкілдер келіп, хал-жағдайымызды сұраған болып, тілек-арыздарымызды қағазға жазып алып кетеді. Көпшілік: тезірек тергеу басталса, тезірек қортынды шығарса, біздер күмәнмен келген күнәсізбіз, босатып, от басымызға қайтарса екен – десе, кей біреулер: азық-түлік нашар – деп зарлайды.

1933 жылғы Шыңжаң көтерілісіне байланысты 14-сәуірде әкелген тамақтары жақсырақ, ал 1-мамырда берген тамақ тіпті өзгеше болды. Еті бар майлы сорпа, ақ нан... Мынаны көрген Ғұлам қари ака: «Біздің Шыңжаңның ұлы төңкерісі күнгі 14-сәуірде берген тамақтары мен 1-мамырға байланысты берген тамақтарды салыстырдым, дәмін көріп, қортынды шығара беріңдер», – деді. Екі айдан бері бір түзу тамақ жей алмаған тұтқындар үшін бұл ерекше еді. 2-мамырда қайтадан бұрынғы қалпына түсті.

Мамырдың ортасында камерадағы 3-4 адамды шақырып алып кетті. Олар 15-20 минуттан кейін қайтып келді. Олардың айтуынша: біздің камерамыз орналасқан қораның бір шетіндегі бос бөлмеде 2-3 тергеуші бар екен. Тұтқындардың қысқаша өмір баяндарын жазып алыпты. Тергеушілердің арасында ең қауіптісі «Һашимажы» деген тергеуші екенін айтып келді.

Мына Һашимажы деген тергеуші тегінде Қырғызстандық Хасан Ысқақұлы Палатов тегінде Шыңжаңға 1935 жылдары арнайы жіберілген. Ұзақ жылдар саяси органдарда істеп атағы шыққан адам екен. (1910 жылы туылып, 1970 жылы Бішкекте қайтыс болған. Сүйегі мұсылмандар зиратында ескерткіш (құлыптас) қойылған).

Кезек маған да келіп, тергеушілер отырған бөлмеге келдім. Кішкентай бір жазу столының жанында мен көрмеген, танымайтын 2-3 кісі отыр. Арасында орта бойлы, орта жаста, қара заһарлы көзді, суық жүзді біреуі мені шақырып, сұрақ қойып жаза бастады. Маған қарап: «Иә, күнәңді білесің бе? Шауешектен Үрімжіге не үшін тұтқын болып келдің? Түсінесің бе? Қысқаша айтып бер», – деді. Мен өзімнің үкіметке, елге ешқандай зянды жұмыста болмағанымды, қарсы істер жүргізбегенімді, керісінше, ескі үкімет кезінде – ескілікке қарсы, жаңа заманауи пікірде болып, кеңеске жақсы көзқарасымның нәтижесінде әр түрлі сөгістер естігенімді, жапа шеккенімді – айттым. Тергеуші: «Мұндай тамаша, мағынасыз сөздеріңнің бізге керегі жоқ. Шыңжаңның қала, қыстақтары толық, адамдары көп, әр бір адам қылмыс жасап, еркін жүріпті. Оларды қолға алмастан, сіздерді тұтқындағанда, үкіметтің қандай мақсаты бар деп ойлайсыз? Бостан-босқа ұзақ һам жақын жерден әкеліп мында жинап не қылмақшы? Бекер ойын ісі ме?», – деп кескіні ашулы сөздерді айтты. Кейін: «Әзірше барып тұр және шақырып сөйлесеміз. Бірақ, біліп қой. Мен кінәсізбін дегендей шырайлық сөздерді қалдырып, үкіметке қарсы істеген кінәларыңызды тәфсілі сөйлеп, мойындамасаң, құтыла алмайсың. Біз сендердің құрық (бос) гәпләріңе (сөздеріңе) сенбейміз», – деді де қайтуға ұрықсат берді. Бүтін денем бір ысып, бір суып, салқын тер шығып, өзімді жоғалтқан халде камераға қайтып келдім.

Камерадағылардың әр қайсысы өз жағдайын ойлап әуре. Бәрі де таң! Жоқ кінәні қайдан тауып береміз. Бір күні камерадағыларды қораға шығарып, алдымыздан, жанымыздан суретке түсіріп алды. Сол күні шаштараз келіп шашымызды, сақал-мұртымызды алды.

Сақшылар тарапынан тұтқындарға ара-тұра азық-ауқаттар әкелдіріп, кассада ақшасы барларға сатады. Кейде 5-6 күнде бір келсе, кейде 20-25 күн өткізіп келеді. Өткенде Үрімжіге келгеннен кейін 5-күні басқа азық-түлік қатарында 2 қорап «Казбек» темекісін алып қойғанымды жазып ем. Біздің бұрынғы тар қараңғы камерадан жаңа камераға көшіп келгенімізден кейінгі 3-4 күн темекі шегушілер үшін өте көңілсіз күндер еді. Бәрінің темекі, махоркасы біткен, екі күннен бері темекісіз. Тұтқындардың өз азап-қасіреттерінің үстіне, темекі келіп қосылды. Бәрінің жүйкелері тырысып, жоқ нәрсе үшін айғайға басып, айтысатынды шығарды. Ғұлам қари ака мен кісенді Ғұмар ахун екеуі ұрсысып қалды. Араға түсіп әрең бастық. Сонда менің ойыма бір қажеті болар деп алып қойған 2 қорап темекім түсті. Дереу түйіншегімді шешіп, папиростың бір қорабын алып, темекі шегетіндерге 2-3 данадан үлестіріп бердім. Бейшаралардың қуанғанын айтпа, аз уақыт ішінде тыныштана қалды. Бірнеше сағаттан кейін екінші кораптағы (25 тал) темекіні де үлестіріп бердім. 2-күні сатушылар келді. Әр кім өз керектерін алды. Осыдан кейін сатушылар ұзақ уақыт келмеді. Үйден алып келген азық таусылды. Әзіргі сорпалары да сұйылып кетті. Тандыр нанның орнына, қытайдың буға піскен тұзсыз жың момыларын береді. Құрсақтарымыз ашып, жүдей бастадық, әлсіредік. Бірде сатушылар келіп қалды. Кезекке тұрып біздің дастархан мүшелеріне (олардың өз есебіне) әр түрлі азық-ауқат ала бастадым. Какао, кампит, балық консервалары, сары май. Өзіме бірталай май алдым. Басқа тамақтар қатарында сары май қолыма тиісімен бір кесегін аузыма салып жұтып жібердім. Шіркін-ай! Сары майды аузыма салып жұтқан мезгілім, оның ләззәті, көп уақыт есімнен шықпады.

Бұрын қытайдың жың момысын жеп үйренбеген бізге оны жеу өте ауыр болды. Кептіріп сухари жасап, тұз сеуіп те жеп көрдік, бірақ нан жегендей болмадық. Ол да біз үшін қинаудың бір түрі болды. Кейде сақшыларға жалынып, өз есебімізден базардан тандыр нан алғызып, оны жың момыға қосып жеп, қанша қатып, түрі өзгерсе де 15-20 күнге дейін сақтап, пайдаландық.

Камерада бізбен бірге жатқан тұтқындардың ішіндегі Шың дубанның жақсы жолдасы-мектептесі қытай ұлтының өкілі – Ляң (Ляйг) мағыналы аз сөйлейтін байыпты адам екен. Ол жың момыны илеп бірнеше күн ішінде шахматқа керек фигураларды жасап шықты. Бояу ретінде сырттағы бұзылған үйдің бұзылмай қалған моржасының құрымын пайдаланды. Құрымды қантқа қосып, қара сия жасап шықты. Арамызда шахмат ойнайтын Ғұлам қари ака ғана екен. Екеуі ұдайы шахмат ойнап, уақыттарын оздыра бастады. Біз де шетте қалмадық. Қант оралған ақ-көк қағаздың үстіне жың момыдан желім жасап, дойбы ойнай бастадық. Бұрын бұл ойынды білмегендер бір-екі күнде үйреніп, ойнай бастады. Бұл да уақыт оздыруға, ойымызды бөлуге себеп болды. Қанша уақыт оздырып, ойды бөлуге көмектескенімен де, абақтыда жатудың қайғы-қасіреті өз дегенін істей берді. Бәріміздің жүйкеміз әлсіреп, дойбыдан ұтылып қалғандар, кәдімгідей ыза болып, ойыншылық шеберлігімізді арттыра бердік.

Енді абақтыда біздің камерада жатқан адамдар жөнінде айтайын:

1.Ескендірхан. Ақырғы Лөкші уаңның кенже ұлы, жасы 30-дар шамасында. 1934-1935 жылдары Шыңжаңдағы мекеме қызметкерлеріне болған тапшылықтың орынын толтыру үшін Ташкенттегі екі жылдық мәкбури (админстрация) кадрлар дайындау курсында оқып қайтқан. Мінезі өте халим. Білімі мұсылманша, бастауыш дәрежесінде, кейіннен кеңес одағының бірталай қалаларында (Мәскеу, Ленинград, Қырым) болып, сауатын біраз кеңейткен. От басы Үрімжіде болғандықтан, үйінен ылғи тамақ келіп тұрады.

2.Әкірем хазірет Мұнасипов. Семейдің мешітінің имамы. Бұқарада оқыған. 1930-1931 жылдары Шауешекке көшіп келген. Екі қатынынан 6 ұл (Зұфар, Ситиню, Файз, Сәлим, Фидай, Рафик) һам бір қызы (Сити) бар. Тұңғыш ұлы Зұфар – Шауешек аймақтық сақшы мекемесінің бастығының орынбасары (бірақ, үлкен бастық сияқты көрінетін) еді. 1937 жылдың басында оңтүстік Шыңжаңға жұмысқа жіберіліп, 1939 жылдың аяғында абақтыға қамалып қайтыс болған. Әкірем қазірет абақтыдағы кезімізде діни рәсәмдерін орындап, су жоқтықтан, тәйәмиммен дәрет алып, оқыған бес уақыт намазымызда имам болып, намаз соңынан діни уағыз айтып, құран оқып, оны тәфсирлеп (түсіндіріп) беруші еді.

3.Ғұләм қари Тіллашайхов. Ташкенттік. 1926 жылы Семей арқылы бирасми шекарадан өтіп келген. Бұрынырақ Ташкенттің бай, абыройлы саудагері болып, тижарат істерімен айналысқан. Мағұлиматы – жалғыз діни схоластикадан ғибарат алса да, өзінің өжеттігінің арқасында бірталай тәжірибелі, кең пікірлі жан еді. Камерамызда, не көрші камерада бір жаңалық бола қалса, Ғұлам қари өзінше мағына беріп, дереу қортынды шығаратын. Бұл кісінің әр мәселені тез түсінетін, көріпкелдігі бізді таң қалдырытын. Оның ең үлкен арманы – өмірінде көрген жалғыз ұлы Әнуарды кетерінде жүрегіне басып, құмары қанғанша иіскей алмағаны еді. Осы арманы жөнінде жиі айтып отыратын. «Неге балаңызды құшақтап сүймедіңіз?» – дегенге ол: – Тәтті ұйқыда жатқан сәбиді (3 жасар) оятқым келмеді. Бірақ, жүзіне, жатқан түріне көзімді толтырып, толтыра қарадым, – деуші еді. Аһ ұрып, жыламсырап, іштегі дертін сыртқа шығарушы еді. Шауешекке келген соң бірнеше жылдан кейін Ташкентте қалған әйелі мен 3 қызын алдырды. 5-6 жыл Шауешекте тижарат істерімен айналысып, жақсы ғана дәулет иесі болды. Камерамыздағы тұтқындарға ақыл айтқанда жұбату сөздерін аямайтын. Жасы 49-50 шамасында.

4. Миряхия Мирзаһитбаев Шауешектің белгілі садагерлерінен. Мирзаһитбаевтың інісі – Мирбабаның тұңғыш ұлы болып есептелетін, негізінде Мирғабитбайдың (қазақтар осылай атаған) күйеу баласы еді. Жасы 44-45 шамасында. Ташкенттік өзбек жастарымен бірге Мирғабит әканың қолында тәрбиеленді, кейінгі кезде Мирзаһитбаевтардың сауда істерін басқарды. Мағлұматы – ескіше оқыған болса да, сауданы жақсы және тәртіпті алып жүрді.

5.Шауешектіктердің тағы біреуі – қашқарлық Хажы Тұрдыбаев және оның туған ағасы Ғабдырахман ( ол да қолға алынған). Екеуі де Шауешектің орта саудагерлері болатын. Қоғам ісіне араласқан-араласпағандары маған белгісіз. Өздерінің жеке меншік жұмыстарымен айналысатын.

6. Шауешектен бізбен бірге келген және бізбен бір камерада жатқан зайсаңдық – Ибраһим Сайфуллин. Ол бізден бір жыл бұрын Шауешектің түрмесінде жатқан. Абақтының жайы оған белгілі, бұл оның жүрегіне нашарсалмақ салды. Арықтаған, келбеті өзгерген. Шауешекте де, Үрімжіде де оның жақын туысқандары, жан ашырлары болмағандықтан оған ауыр әсерін тигізген.

7. Жау ди шан. Тарбағатай аймағының бұрынғы әкімі Жау ди шудың інісі. Бұрын Құлжада тұрған, кейін ағасы Тарбағатай аймағына әкім болып тағайындалғанда Шауешекке (1934 жылдың басында) келіп, бажы саласында істеді. Діни сенімі християнның католик мәзһәбінде (ағым, бағыт) болып, орыс тілінен басқа, ұйғырша да жақсы сөйлейтін. Ағасы орыс тілін жақсы меңгерсе де ұйғырша нашар білетін еді.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Аяз би кім? // Егемен Қазақстан. 2001. 29 тамыз (№190-193). 11 б
history -> Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰртбай, Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы
history -> Жүректің қылын тербеген
history -> Жетпіс жыл жұртын сүйіндірген сұлу сөЗ
history -> Т±рсын Ж±ртбай
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> Бүкіләлемді түйсікті сезініп, танудың ғаламдық ақиқат сарасы көркем сана. Көркем сарасы шетсіз шексіз басталуы мен соңы, төбесі мен түбі жоқ ғарыштың ғалам жаратылысы туралы әсіреәфсаналық (мифтік) көркем көзқарас
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет