Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында



Дата14.04.2019
өлшемі98.13 Kb.
#98052




Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында



Казахская государственность на исторической волне










ӘОЖ 9(М)1 Ю91

НАЙМАНДАРДЫҢ IX-XIII ҒҒ. ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНАЛАСУ АУМАҒЫ
Юсупджанов Т.Ю.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Магистратура және РһD Доктарантура институты, Алматы


Инь Шань жотасы, Гоби шөлінен Алтайға дейін, Жоңғар құмайтынан, Саян таулары, Кем-Кемчук, Енисейге дейінгі тау бөктерін ғалымдар «Моңғол үстірті» деп атап келді. Географиялық орналасуына байланысты өлкенің құздарының антициклоны батыстан есетін дымқыл ауаны қойнауына өткізбейтіндіктен күннің жылымық сәулесі тау бөктерін жанап өтеді. Сондықтан болар қысы ұзақ созылғанымен, қар аз түседі. Көктемде батысынан жер төсін жағалап Сібірдің дымқыл ауасы, шығысынан Тынық мұхиттың жылылығы келіп жетіп, тау табиғатына жан береді. Моңғол үстіртінің қытымыр мінезі де жоқ емес. Тек соңғы 2000 жылда үш дүркін: б.з ІІ-ІІІ, Х және ХVI ғасырда мұнда есте қаларлықтай ұлы құрғақшылық болды. Онымен қатар әрбір 10-12 жыл сайын бір қайталанып, кейде көшпенділердің тай тұяғын қалдырмай отап кететін жұты тағы бар. Бірақ адамзатқа табиғаттың аларынан берері көп. Бес жыл жұт көрмесе төрт түлігі қайта шұрқырап шыға келеді. Сондықтан болар Моңғол үстірті ғасырлар бойы көшпенділердің таптырмайтын тұрағы болып келеді. Аталған кеңістіктің тарих төріне әйгілі болған тұсы б.з.б ІІІ ғасырдан біздің жыл санауымыздың ХІV ғасыры немесе әйгілі Хундардан Моңғол империясы қанат жайғанға дейінгі он жеті ғасырға созылған уақыт. Осынау уақыт кеңістігінде бұл сахарада түркі, тұңғыс, моңғол тектес қауым өмір сүріп келеді. Енді осынау ұлыс тайпалардың орналасу географиясына мән беріп көрелік [1,4-5].

Онон өзенінің жоғарғы сағасы, Хэрлэннің батысындағы таулы өлкелерді ежелгі моңғол тайпалары Хэрлэннің төменгі сағасы және Тула өзенін бойлай керейіт, жалайырлар мекендейтін. Орхон, Сэлэнгэ өзенінің жоғарғы ағысынан Алтай тауына дейінгі үстіртте найман ұлысы тұрды. Найманның шығысында Сэлэнгэ бойын Ойраттар, ал Байкөлдың шығысы, Сэлэнгэнің төменгі бойын меркіттер тайпасы, Шығыс Моңғол сахарасын Қоңыраттар, Инь Шань жотасы Эдзин көлі бойын Оңғұт (уақтар) Халон буир, Бұйра көл маңын Татар және Тұңғыс тектес Солондар мекен етті. Аталған ұлыс, тайпалардың өмір сүру салты бір-біріне аса ұқсас болды. Барлығы да көшіп-қонып жүретін. Ахуал тіршілігінің негізгі түрі – көшпенді, мал шаруашылығы. Байкөл, Сэлэнгэ бойын мекендейтіндер аздап егіншілікпен де айналысатын. Алтай, Саян, Енисей, Моңғол сахарасын мекен еткендердің негізгі кәсібі көшпенді мал шаруашылығы және дәстүрлі аңшылық болатын. Аталған тайпалар өзінің этноқұрамы жағынан үш топқа бөлінеді. Қазіргі Моңғолия территориясының бел ортасында немесе Хэрлэн, Онон, Тула үш өзен бойында ежелгі моңғол тайпалары, Моңғол үстіртінің орталық шебінен, батыс шебіне дейін түркі тектес тайпалар, ал Бұйра көлден Амурға дейінгі сахарада Тунгус тектес тайпалар тұрып жатты. Бірақ түркі тектес халықтар бұл мекенде мәңгі бақи тұрақтап қала алмады. Ертедегі Қытай жазбаларында батыстағы көшпенділерді: Сюнну, Дунху және Сушэнь деп этникалық үш топқа бөліп қарауы соңғы жылдары қалыптасқан Түркі тілді, Моңғол тілді, Тұңғыс тілді деген ұғымға сай келеді. Сушэнь мәселесіне келсек – деп жазады В.В.Бартольд, – мұнда әртүрлі шүршіт-тұңғыс тайпалары туралы сөз болып тұрғанын аңғарамыз. Ал көптеген ғалымдардың, әсіресе батыс ғалымдарының дәйегіне жүгінсек Сюнну тобына түркі тілді халықтар жатады [2,33-39].

Моңғол Алтай тауының сілемі Говь-Алтай жерінде теңіз деңгейінен 3234 метр биіктікте әйгілі Таян жотасы, одан алыс емес жерде кішкене асуы (Гичгэний даваа) бар. Боон цаган Нуурга құятын үш терек (Арғытерек, Бергітерек, кішкене терек) өзенінің бәрін де кішкене өзені деп атайды. Хан Көгі тауынан бастау алатын Шағыл, Қарқара өзендері Увс көліне құяды. Орхон өзенінің орта бойынан алыс емес тау қойнауындағы егіз көлдер «Найман нуур» немесе «Найман көлі» деп аталады. Ашты көл, Өрікті көлде бұдан соншама алыс емес. Ал Өтеген тәңірі (Утеген текрем), Булкан (Балқан) тау Огуз-наймандардың ең аз дегенде он ғасыр бойы өмір сүрген мекені. Қобда аймағының жерінде Көксерек шынынан онша алыс емес мекенде «Найман жұрт» дейтін мекен бар [1,62].

Зерттеуімізге сүйене отырып жоғарыда айтылғандарға төмендегі деректерді қосып тіркегіміз келеді. Ерте орта ғасырларда мекендеген тайпалардың жерінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан жәдігерлер бар. Наймандардың адам және жер-су аттарының осы күнге дейін сол табиғи түркі тегінде сақталуы осыдан VIII-X ғасыр бұрын аталған тайпа түркі тілді халық болғанын дәлелдейді. Моңғол тарихшылары да наймандардың түркі тілді халық болғандығын мойындап отыр [3,400]. Парсы тарихшысы Рашид ад-дин наймандардың географиялық мекендеген өңірінің қыстау мен жайлауына дейін сипаттап жазады. Наймандардың киіз үйлерін былай бөліп қарастырамыз. Жазғы қоныс: Талак-олардың патшаларының киіз үйі. Джаджиэ-наур оның тұрақ ордасы қыстауы: Адари-Эбкэ, Ачирик-наур, Ала Етрин өзені. Бұл тайпалар (найман) таулы кейбірі жазық далаларда мекен еткен көшпелілер болған. Олар қоныстанған жерлер, естіліп жүрген атаулар, олар: Үлкен (Екэ) Алтай, Қарақорым, онда Үгедей қаған патша сарайын тұрғызған, тегістік Элуй –Сирас және Көк Ирдиш (Көк Ертіс) таулары, бұл маңдарды қаулы тайпаларыда мекен еткен. Ирдиш-мурэн бүгінгі Ертіс өзені, сол өзен мен қырғыз аймағының аралығында жатқан таулар және сол елдің шектерімен жанасып жатқан жерлерден Моғолстан жерлеріне дейін, Уаң хан өмір сүрген аймаққа дейін, осы себепті де наймандар Уаң ханмен араздасып, қастық болып отырды, қырғыз аумағы және сахара шегі, ұйғырлармен жанасып жатқан жаққа дейін. Бұл найман тайпалары және оның патшалары күшті, әрі сыйлы болған. Олар мықты әскерлерді қамтыған деп жазады [4,137].

Наймандардың ортағасырдағы қырғыздармен де қарым-қатынасы болғандығын тарихи деректерде кездеседі. Мәселен қырғыз қағанаты ыдырап, Юань дәуірінде бұрынғы уақыттар бойынша наймандар тұрған жерлерде жасап қалады. Кезінде қырғыздарды наймандарда талқандаған. Наймандармен керейіттердің қырғыздарға тиесі жоқ деген күнде де, қырғыздар қаңлылар жасаған Алтай мен Ертісте болғаны туралы мәліметтер бар. Саян-Алтай, Алтай мен Ертіс қырғыз-найман, мекендеген Орталық Азияның солтүстік батыс жерлерінде де басқа түрік этностары болған [5,160].

Орыс тарихшысы Н.А.Аристовта тарихи өткелі туралы тағы бір қызық шолу бар. 1218 жылы қырғыздар орман тайпаларының бүлігін пайдаланып, моңғолдорға бағынудан бас тартқан кезде, Шыңғысханның оларды тыныштандыру үшін Жошы бастаған әскерлер жібергені белгілі. Осы оқиғаларды баяндай келе, Қырғыз елін суреттей отырып, Н.А.Аристов мынаны мәлімдейді: «Юань-шидегі» (моңғол әулетінің тарихы) суреттелген мазмұны бойынша Құбылай ханның патшалық заманында (ХІІІ ғасырдың соңы) Kiliki-sze елі наймандар мекендейтін өлке болған, оның ұзындығы 1400 лиге және ені 700 лиге созылды. Кянь сол арқылы оның ортасымен ағады, ал онан соң солтүстік-шығыста, оңтүстік-батыста А-рu (Абакан) өзені, солтүстік-шығыста Юс (Jusze) өзені ағып жатыр [6,162-163].

Мұнда Рашид ад-диннің мәліметі бойынша Жошы қырғыздарды және оның маңындағы халықтарды бағындырады. «Қырғыз және Кем-Кемджиут» шын мәнінде бірімен-бірі жалғасып жатқан және әрқайсысы жеке аймақты құрайтын екі ел. Кем-Кемджиут үлкен өзен болып табылады. Бұл елдің бір жағы Моңғол жерімен ұштасса, екінші шекарасы Сэлэнгэ өзенімен шектеледі. Мұнда Таиджиут тайпасы мекендейді, елдің екінші жағы Ангора-мурэн (мурэн моңғолша өзен) деп аталатын үлкен өзенге барып тіреледі. Бұл Ибирь-Сибирь елінің шекарасы тағы бір жағы найман тайпалары мекендейтін жерлерге және тауларға барып ұштасады. Сондай- ақ Хори, Барғұт, Төмет, Байлұқ тәрізді негізін кейбір моңғол тайпалары құрайтын Барғұджин-Тоқымда өмір сүретін тайпаларда бұл елге жақын [4,130]. Найман тайпасының ежелгі орналасулары туралы мәліметте (қырғыздардың жерінен Дадуға (Пекинге) дейін он мыңнан астам ли жер (1 ли 500 метр шамасы). Аңыз бойынша мұнда бұрын наймандар тұрған. «Олардың (қырғыздардың) территориясы ұзындығы жағынан 1400 ли және елі осының жартысы болады. Цияньхэ (Кэм, Енисей) (хэ қытайша өзен) өзені осының дәл ортасымен ағады және солтүстік батысқа қарай кетеді. Бұдан басқа оңтүстік батыста Апу (Абақан) өзені бар. Осы өзендердің барлығының суы мол. Олар Цянь (Енесей) өзеніне жалғасады және Ангораға қосылып, солтүстікке барып өзенге құяды [7,238].

К.д Оссонның «Шыңғыс ханнан Темірланға дейін» деген ғылыми еңбегінде түсініктемелерде айтылған аймақ территориялар, Үлкен Алтаймен Қарақорым, Алуй-Серас таулары, Апыш өзені (Зайсан), Ертіс өзені ағысының бойы, осы өзенмен қырғыздар елін бөліп тұрған таулар атап көрсетілген, Солтүстікте оның (наймандардың) шекарасы қырғыздармен, шығыста керейіттер елімен, оңтүстікте Ұйғырлармен, батыста қаңлы елімен шектескен [8,220]. Міне найман тайпалары осы аралықта ІХ – ХІІІ ғасырларда көшіп-қонып жүрді. Аталған аймақтар қазіргі кезде Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай мемлекеттерінің территорияларын түгелдей қамтиды. Дәуірдің қаталдығына қарамастан наймандар сол өңірде хандық құрып, мәдениетін негіздеді. Наймандардың шығыстан батысқа қарай ығысуын В.П.Васильев мынадай деректемелермен байланыстырып сипаттайды: «Найман елі керейіттердің батысында олармен көрші тұрады, бұл олардың ханы Таян ханның Уаң ханмен шайқасып, оны өлтіргеннен кейін Шыңғыс ханмен соғысып, Алтайдан Хангайға келуімен байқалады. Кейін Шыңғысхан қаған (император) атағын алған соң, найман ханын Ұлұғ-тағ тауына дейін, ал Таян ханның балаларын Ертіс өзеніне дейін қуып барады [9,133].

Тарихшылар наймандардың ата-бабаларын ежелгі Сегіз Оғыздар бірлестігінен іздестіруге баса назар аударуда. Тарихтағы «Он оқ будун», «Үш огуз», «Жеті огуз», «Төрт ойрат» атауы кездеседі. «Сегіз огуздың» да жөні осыған сай. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Егер найман «Сегіз огуз» сөзінен шыққан болса бұл тайпаның аты ІХ-ХІ ғасыр аралығында неге жоғалып кетті? – деген сауалға жауап іздейді. Найман атауы «Сегіз огуздан» шықса, онда өзі түркі тектес халық болса не? – деп жазады [1,63]. «Найман» атауы туралы Моңғолия тарихына былай жазады. «Наймандар ІХ ғасырда болғаны беймәлім. Х ғасырдың 20-жылдарынан кейін Қиданның Цзубу одағының құрамында болып ХІ ғасырдың басынан «Найман» деген моңғол атауымен белгілі болды [3,189]. Аталған дерек «Найман» моңғол сөзі екенін дәлелдейді. Сонда қалай? Моңғол тілді «Қидандар» сөзін түркі тілінен аударып алды ма, әлде «сегіз» сөзінің басқадай жұмбақ қырлары бар ма? – деген жаңа сұрақ туындайды. Х-ХІ ғасырдағы географиялық орналасу жағдайына жүгінгенді дұрыс деп шештік. Расында да наймандар мекен еткен Хангайдан Тарбағатайға, Ононнан Көк Ертіске дейін аралықта белгілі сегіз өзен-мурэн бар. Олар: Орхон, Сэлэнгэ, Бұлғын, Идэр, Завхан, Эгий, Цаган гол, Қобда міне осылар. Бұл наймандардың ежелгі ата қоныс мекені, бірақ та аталған географиялық жағдай наймандар қидан билігіне өткен ХІ ғасырдың басында айқын болды да, қидан-моңғолдар батысындағы сегіз өзен бойын мекендейтін тайпаны «Найман» немесе «Сегіз өзен елі», ал шығысындағы үш өзен: Хэрлэн, Онон, Тула бойындағы моңғолдарды «Үш өзен моңғолдары» немесе «Ежелгі моңғол» деп атайды. Ел тайпаны оны орналасқан жер, су жағдайына орай атау әлем тарихи үрдісінде көптеп кездесетін жағдай. Оған дәлел ретінде ертедегі «Қос өзен (Тигр мен Ефрат) елі», «Орал жағалауындағы», «Жайық жағалауындағы» елдер, «Үш өзен моңғолдары», «Мәуреннахр» (Қос өзен аралығы Сыр мен Әму) аймағы, «Жетісу қазақтары», «Енисей қырғыздары» сияқты тарихи атауларға тоқталып өтсек те жетіп жатыр [1,62-63].

Тарихтың қатпар-қатпар бөлімдеріне көз жүгіртсеңіз: «Он өзен бойын мекендеген ұйғырларды, он ұйғыр, тоғыз өзен бойын мекендегендерін тоғыз ұйғыр, ал оныншы өзен Утукен (Отгон) бойы мекендеген халықты «Кумук-атыкуз» деп атаған -деп жазады Рашид ад-дин [4, 118].

Жалпы Батыс Моңғолияның «сегіз өзені» туралы Рашид ад-дин, Н.Аристов, В.В.Бартольд, Л.Л.Викторова, К,д’Оссон бәрі де жазды. Ойрат тайпалары сегіз өзен бойында (секиз мурэн) тұрды - деп жазды Рашид ад-дин.

Бұрын бұл өзендердің бойын «түметтер» мекендеген. Өзендер осы тұстан басталады да, барлығы бірігіп Кем (Енисей) дариясын құрайды. Кем Анкара мурэнге құяды. Өзендердің аты төмендегідей Көк мурэн, Он мурэн, Қара-усун, Санби-тун, Укри мурэн, Ақар мурэн, Журче мурэн, Чаган мурэн [4,118]. Әбілғазының Түркі шежіресінде де осынау сегіз өзеннің аты аталады және Рашид ад-диннің атаған өзендерінен айнымайды [10,37] (Әбілғазы Б. Түрік шежіресі, 37 бет). Бұл айтылымдар моңғолдың қазіргі атауына жақын келеді. Көк мурэн деп «Көк Ертісті» айтуы мүмкін, Он мурэні (Онон) батыстағы әйгілі Қобда дариясы Қара-усун көлін құрайтын негізгі өзен, Сәбиқұн (Сэлэнгэ), Укри (Идэргэ), Акари (Эгейге), Чаган мурэн (Цаган гол), Джурче (Завханға) сай келеді. Моңғолияның батысындағы бес өзен қосылып, Сэлэнгэні құрап, Байкөлге құйып, Ангарамен сонда табысып жатыр. Бұл да кезінде наймандардың басып өткен жері. Моңғол батыры Бұқа қолбасшы қырғыздарды қуып тастап сегізінші өзен арқылы қайтып оралды (мұнда батыс моңғолдың сегіз өзені туралы сөз болып отыр) –деп жазады әйгілі шығыстанушы академик В.В.Бартольд [2,506].



Көптеген зерттеушілер аталған сегіз өзенді (мурэнді) Ойраттар мекен етті деп жазып келеді. Сегіз өзенде наймандар Шыңғыс ханнан жеңілгеннен кейін қоныстана бастады. Ойрат сөзінің өзі моңғол тілінде (ойн арт) орман халқы. Ойраттар Шыңғыс ханға дейін Байкөлден Көпсу көліне дейінгі ну ормандарда өмір сүріп «сегіз өзеннен» наймандар қуылғаннан кейін сонда мекен ете бастаған. Бұл туралы деректік мәліметтерді тек орыс ғалымы Г.Е.Грумм-Гржимайло және моңғол тарихшысы Д.Гонгордың зерттеулерінен таба аламыз. «ХІІ-ХІІ ғасыр аралығында наймандар Хангай Жоталары, Алтай жотасының Буянты, Қобда өзенінің бойын және шығыс Алтай жоталарын, Урунгу, Қара Ертіс өзені, Зайсан көлінің маңын мекендеп тұрды. ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс хан найманның екі қанатын бірдей талқандап батысқа айдап салғаннан кейін Хангай жоталарын Хор-Бурядтар, ал Алтайды Ойраттар мекендейтін болды» -деп жазады Грумм-Гржимайло [11,465]. Ойраттар – деп жазады Д.Гонгор, – наймандармен одақтас ретінде Шыңғыс ханға қарсы тұрып жеңілгеннен кейін наймандардың бұрыңғы мекенінде қала берді де, 1208 жылы Моңғол мемлекетінің билігіне өтті [ 12,45]. Ал Ойрат-Моңғол тарихшысы Чулууны Далай наймандарды «өз ата-бабамыз» деп көрсетуінің түркі мағынасы найман мен ойраттың қандастығын да емес, қазір ойраттар мекендейтін сегіз өзен бұрын наймандардың көне атамекені болғандығында, зерделей келгенде найманның «Найман» атауының сырын жоғарыда аталған сегіз өзен айналасын іздеген дұрыс сияқты. Сонымен «Найман» моңғолша «сегіз» немесе «сегіз өзен елі» деген мағына береді [13,151]. ХІІ ғасырдың басында наймандар өзіндік атамекен жері, қарулы қолы бар, қанаттас елдер мен cаяси және сауда қатынасы бір шама өркендеген хандық биліктегі біртұтас елге айналды. Наймандар батысында Ертіс өзенінің бойындағы қаңлылар, солтүстігінде қырғыздар, шығысында орхон, сэлэнгэ бойын алып жатқан керейіт, меркіттермен ірге түйістіріп, оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен іргелес, қанаттас тұрды. Олардың қай-қайсысымен жан-жақты қарым-қатынаста болды. ІХ-ХІІІ ғасырлардағы наймандар мекен еткен осынау таңғажайып өлкенің географиялық жағдайы осындай.
Әдебиет


  1. З.Қинаятұлы. Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары. 3-4 бет.IX-XII ғ.ғ. –Астана: Елорда, 2001. -208бет;

  2. В.В.Бартольд. Сочинение.том 9, ч.1. 33-39 бет. том 9,ч.11.239 стр;

  3. БНМАУ-ын түүх. Гурвань боть,дэд боть,Улан-Батор,1996,400 бет;

  4. Рашид-ад-дин.Сборник летописей. Том 1. Книга 1. –М.: Академия наук СССР, Институт Востоковедения,1952. -118стр;

  5. Караев Ө. Кыргыздар. –Бишкек: Илим,1993. -160б;

  6. Аристов Н.А. Усуны и киргизи или киргизи. –Бишкек: Илим,2001. -576стр;

  7. Микк. –Бишкек, 2003. т.2. -238бет;

  8. Оссон К.Д. От Чингиз хана до Темирлана. –Алматы, 2003. -220стр;

  9. Васильев В.П. История и древности восточной части Средней Азии от Х-до ХІІІ в. \\ ТВОNAO.ч.4. СПб, 1859-133стр;

  10. Әбілғазы Б. Түрік шежіресі. –Алматы,1993. 37 бет;

  11. Грумм–Гржимайло Г.Е.. Западная монголия и уранхайский край. –Л., 1926. т.ІІІ. -465стр;

  12. Гонгор Д. Ходвын хурангуй түүх. –Улан-Батор,1964. - 41бет;

  13. Чулууны Далай. Монголия в ХІІІ-ХІV веках. – 1983. 151стр.







Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында
Dulaty2014 -> Ежелгі тараз тарихының жаңа беттері даурембеков Қ. К


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет