Қазақ ҚОҒамындағы билер институтының ролі және төле бидің мемлекеттік қҰҚЫҚТЫҚ КӨЗҚарастарының МӘселелері



жүктеу 188.09 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі188.09 Kb.

ӘОЖ 343.161:94(574)
ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ БИЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ РОЛІ

ЖӘНЕ ТӨЛЕ БИДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ

КӨЗҚАРАСТАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тар.ғыл.канд. Ғ.Қ.Маймақов

Бұл мақалада қазақ қоғамында билер институтының беделі және Төле бидің мемлекеттік-құқықтық мәселелерінің көзқарасы қарастырыл-ған.

Қазақ қоғамында ерекше рол атқарған топ билер. Би - жоғары және маңызды лауазым болып табылады. Би - жан-жақты кең ұғым. Би ең алдымен билік айтушы, қандай да бір шиеленісті және даулы мәселені шешетін лауазым иесі және тұлға. Осы тұрғыдан бидің ролін сот билігімен салыстыруға болады. Бірақ бидің ролі соттан немесе судьяның қызметінен анағұрлым кең және ауқымды деп түсіну қажет. Сот бір мәселені шешім, үкім немесе прецендент арқылы шешіп, одан арыға бармайды. Ал, би болса мәселені шешіп қана қоймайды оны жүзеге асыруды да қамтамассыз ете алады. Судьялар тағайындалады немесе сайланады. Ал, билер тағайындалмаған, сайланбаған, бірақ бүкіл қалың ел олардың әділдігін, білгірлігін, біліктілігін, беделін танып халықтың өзі мойындап билік сұрап баратын ерекше тұлғалар. Судьялар кез-келген заң білімі бар адам болуы мүмкін. Ал сол кез-келген адам қанша заң білімі болса да би бола алмайды. Себебі оның бойында бидің қасиетіндей қасиеттер бола бермейді.

Би ежелден келе жатқан лауазым ие әрі атау деуге болады. "Би" сөзі билік айту дегеннен шыққаны көрініп тұр. Билік айту екі жақ дауласқанда болады. Сондай "би" сөзі билік құру, басқаларға өкімін жүргізу дегенді де білдіреді. Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін билердің ролі мен функциясы қазақ хандығына дейінгі билердің орнынан көп жоғары болған деп пайымдауға болады. Оған дәлел ретінде Шыңғыс ханды хан тағына отырғызған 12 бидің болғандығы дәлел. Сол билердің әрқайсысына Шыңғыс ханның артықшылықтарды мәңгілікке бергендігі туралы жарлықтары. М.Х.Дулатидің айтуынша оның бабаларының бірі Шыңғыс ханды би көтерген 12 бидің біреуі. Шыңғыс хан оған 7 артықшылық берген. Сол артықшылықтардың бірі ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ұлысбегілік қызметі. Бұл қызмет сол кезеңде бас уәзір, қазіргіше айтқанда үкімет басшысы, қазіргі кезеңдегі премьер-министрлік қызмет. М.Х.Дулатидің өзі Моғолстан мемлекетінің соңғы ұлысбегі болған. Сол артықшылықтардың бірі М.Х.Дулатидің ата-бабаларына Қашқардың «Маңлай сүбе» аймағын мәңгілікке сыйға тартуы. Сол артықшылықтардың ішінде әмірлерді ханға айтпай-ақ тағайындау немесе ауыстыру, ханға қарумен кіру, жорықтарда ханның қатарында жүру тағы басқалары бар.

Билердің функцияларының кеңірек болғандығының дәлелі Бәйдібек би Қарашұлының қызметі. Ол беделі, билігі, абыройы, батырлығы тағы басқа қасиеттері жағынан ханнан кем тұрмаған адам. Түрік қағанаттары дәуірінде өмір сүргендіктен оның билігі төменгі хандардан жоғары болуы әбден мүмкін.

Ноғай ордасында мемлекет басшысын "Би" деп атаған. Бұлай болудың өзі билердің қазақ қоғамына дейін билердің ролінің мемлекет басшысына тең немесе соған жақын болғандығының көрінісі. Би сөзін және лауазымын хан лауазымы кейінгі қатарға сырғытты.

Шыңғыс хан дәуіріне дейін Қазақстан жерінде ақсүйек, қарасүйек ұғымдары болмаған. Тек Шыңғыс ханнан кейін оның ұрпақтары ақсүйек аталып кеткен.

Қазақ билері қарасүйектен шыққан аса беделді қоғамдағы биліктің үлкен бөлігін ұстап тұрған әлеуметтік топ.

Қазақ билерінің мынадай ерекшеліктерін атап өтуге болады:



  1. билердің халық мойындаған тұлғалардан шығуы. Олардың сайланбауы және тағайындалмауы.

  2. билердің ішінен мемлекет басшылығына дейінгі көтерілген тұлғалардың шығуы. Мысалы, Төле би Әлібекұлы Ұлы жүзді басқарушы дәрежесіне дейін көтерілді.

  3. билердің әкімшілік басшылықтар атқаруы. Көптеген билер ру, тайпалардың басшыларына дейін көтерілді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бұл функцияларды Шыңғыс хан ұрпақтары, сұлтандар атқарған.

  4. билер соттардың функциясын жүзеге асырып отырған сот билігінің иесі болған.

  5. билер - заң жасаушы ретінде қалыптасқан, аса білімді шариғат пен адатты ұштастырушы, билік айтқанда шариғаттың да, адаттың да нормаларын басшылыққа алушы сот билігін жүргізушілер.

  6. билер билік айтқанда халықтың бай тарихана, әдебиетіне, дәстүрін терең білуші және оларды сот билігінде асқан шешендікпен айтып жеткізуші тұлғалар. Бұл тұрғыдан билердің барлығы да шешендігімен ерекшеленген.

  7. билердің көпшілігі соғыс кезеңдерінде қолбасшылық қызметтер атқарған. Елшілік жоралғыларды да жүзеге асырған. Осы тұрғыдан Төле би мен Қазыбек бидің қызметтері ерекше көзге түскен. Билердің бәрі де асқан зерек, шешен, ділмар, ақылдылығымен ерекшеленетін. Әкімшілік қызмет, сот қызметі және әскери қызметтерді қатар атқарған билер де көп болған. Мәселен қазақ тарихында ерекше үлкен орын алған Төле би Әлібекұлы, Қазыбек би Келдібекұлы, Әйтеке би Байбекұлы осындай қасиеттерімен ерекшеленген билер.

Билер даладағы сот процессуалдық істерді жүргізіп, үкім, шешім шығарушы немесс тергеу ісі мен сот ісін жүргізуші. Олар қазақтардың әдет-ғұрып құқығының ғана емес, шариғаттың да білгірі. Себебі қазақ қоғамында адат пен шариғат бір-біріне сіңісіп кеткендіктен шариғатты білмей билердің көп істерді жүргізуі мүмкін емес еді.

Ірі билердің хандарға ықпалы да ерекше болған. Мәселен аты аталған билер мен Тәуке, Болат, Семеке, Әбілмәмбет, Жолбарыс және Абылай хандар есептесіп әрі кеңесіп жұмыс істеген.

Билер ұлт бірлігінің ұйытқысы, халықтың бетке тұтар қаймағы болды. Билердің сөздері, іс-әрекеті, шешімдері қоғам ішіндегі тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмысының да ұйытқысы болды. Кейбір билердің билігі мен беделінің үлкендігі сонша олар сұлтандармен санаспады, хандардың өзі олармен есептесті.

Билерді кім тағайындайды деген мәселеде әртүрлі пікір бар. "Билер көне заманнан қазақ руларының ішінен шыққан ру ақсақалдары және тайпа көсемдері, біртіндеп бұл сословие мұрагерлік аристократияға айналды".

Билердің жоғарыда аталған қасиеттері мен белгілері, ерекшеліктері Төле Әлібекұлының (1663 - 1756) - қызметінен кеңінен көрінеді.

Төле бидің заң жасаушылық және заң қолданушылық практикасы. Қазақ қоғамының бас биі ретінде Төле би Тәуке ханның тапсырмасымен "Жеті жарғы" заңдар жинағының жасаушылар тобының жетекшісі болды.

Сондай-ақ, «Жеті жарғыны» жасауға Қазыбек би, Әйтеке би басқа да билер кеңінен ат салысты. Бұған дейін қазақ даласында Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» атты заңдар жинағы қолданылды.

1748 жылы Әбілхайыр хан қаза тапқанда, оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілхайырдың өлімі үшін айыпкерлердің «Жеті жарғы» заңына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерлерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілхайырдың балалары бұған да тоқтамай, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Төле биден сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билер сотына қазақ билерінің ішінен Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырады, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады. Төле бидің ханды өлтірген Барақ сұлтанды ақтап жіберуі оның беделінің және билігінің ең жоғары дәрежеге жеткендігін көрсететін факт. Барақ сұлтанды ақтай отырып, Төле би қазақ қоғамындағы қайшылықты одан әрі шиеленістермеу мақсатын көздеді. Себебі бұл кезең қазақтардың бас бірлігінің қатаң сақталуын талап етті. Сондықтан, елдің бірлігі мен татулығы Төле би үшін хандар мен сұлтандардың арасындағы даудан жоғары тұрды.

Ол “Елге бай құт емес, би құт” деген сөздің жоғарғы мағынасын тағы бір дәлеледеді. Сондай-ақ Бұқар жыраудың «Батыр деген барақ ит, әрбір долы қатын туатын, билер деген терең көл ілуде бір қатын туатын» деген сөзі де Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге арнап айтылғандай. Төле бидің өзінің айтқан “Жүзге бөлінгендердің жүзі күйсін» деген сөзі де оның нағыз дара би екендігін көрсетеді. Осыған орай халық арасында көп айтылып жүрген «Атаға бөлінгендер адыра қалады»,«Көпті қорлаған көмусіз қалады»,«Хан азса, халқын сатады»,«Халық азса, хандыққа таласады» деген Төле бидің сөздері де бүгінгі ұрпаққа өсиет болып қалып отыр.



Төле би Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп көтеруге, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Тәуке хан Төле биді Ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысты. Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болды. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. Төле бидің билік жасауы туралы әңгімелер мен деректер көптеп кездеседі. Сол әңгімелердің бірі мынадай. Бірде Төленің әкісі Әлібек биге келіп бір түлкіні даулайды. Біреуі айтады: «Түлкіні мен қырдан қуып келіп індетіп едім» дейді, екіншісі: «оның айтқаны өтірік бұл менің жерімдегі түлкі» дейді. Осы дауды бала Төле шешеді. Даугерлер Төлеге келсе ол шыбықты ат қылып ойнап жүр екен. Мұны жақтырмаған даугерлер өздерінің дауын балаға айтады. Бала ойнап жүріп, бірінші даугерге «түлкі еркек болса сенікі» дейді, «ұрғашы болса сенікі» дейді екіншісіне». Олар Төленің сөзіне ырза болмай әкесіне келіп баланың сөзін қайталайды. Бұдан Төленің жас кезінен-ақ, жан-жануарлардың қасиеттерін жақсы білгендігін байқауға болады. Бірде Төлеге балаға таласқан екі әйел келеді. Әйелдің бірі баламды өте жас кезінде жаугершілікте жоғалтып едім, соны мына әйел тауып алыпты, бірақ өзі қайтармайды. Екінші әйел «баланы өзім туып алғам» деп бет бақтырмайды. Бірақ ешқандай куәлар жоқ. Сонда Төле екі әйелге баланың екі қолынан ұстатып екі жаққа тартқызып, баланы қақ ортасынан екіге бөліп берейін деп қылышын алып балаға ұмтылады. Сонда бір әйел шаба көрмеңіз әйтеуір тірі болсын мына әйел ала берсін дейді. Ал, екіші әйел баламның жартысын болса да алып кетемін деп міз бақпайды. Сонда Төле баладан бас тартқан әйелге нақ шешесі осы екен деп алып береді. Бұл кезеңде Төле әлі жас «Бала би» аталып жүрген кез болған. Тағы бір де қырғыз елі ұзаққа созылған дауды Төлеге шештіреді. Бір жас жігітпен жас қыз көңіл қосып, қыз жүкті болып қалса керек. Туысқандарынан қорыққан қыз жігіт мені зорлады дейді. Ал, жігіт болса зорламағанын дәлелдей алмайды. Қыздың жағы беделді, ал жігіттің жағы беделсіздеу болса керек. Қыз жағы жігітті алып өлтіруге шешім шығарады. Осы дауды Төле би бұлай шешкен екен. Бір қазан сүт алдырып, астына от жағады. Қыз бен жігіттің алдына қойып. Сен осы қызды сүт піскенше зорлай алсаң тірі қаласың, зорлай алмасаң басың кетеді дейді. Қызға да шамаң жетпей зорлыққа ұшырасаң өлесің дейді. Қыз бен жігіт сүт пісірім уақытта алысады. Қыз да қарулы, аяқ қолы балғадай болса керек. Сүт піскенше жігіттің қызға шамасы жетпейді. Қыз берілмейді. Қызға шамасы жетпеген жігіт мені өлтіріңіз деп басын иеді. Сонда Төле тұрып қызға: «Сен өтірік айтып тұрсың жігітке өз еркіңмен берілген екенсің», дейді. Қыз мойындайды. Сөйтіп Төле батасын беріп, қызбен жігітті үйлендіріп осы дауды шешеді. Төленің осындай тапқырлық шешімдері өте көп.

Төле бидің мемлекеттік қызметі. Төле би мемлекеттік басқару қызметімен де тікелей айналысқан. Төле би Тәуке ханмен бірге қазақ қоғамын жоңғарларға қарсы күреске ұйымдастырушылардың бірі болған. Қазақта айтылатын «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз осы кезеңде пайда болған. Осы жиындар тек «Күлтөбе» де ғана емес, қазақ даласының басқа да жерлерінде де өтіп отырған. Солардың бірі көне Сайрам түбіндегі Мәртөбе, Бадам өзенінің бойындағы Ордабасы, Жетісуда және Орталық Қазақстан жерлерінде де өтіп отырған. Осы жиындарда қазақтар әскери-стратегиялық және көші-қон тағы басқа мәселелерді талқылап шешім шығарған. Осы кездесулерде ханнан кейінгі негізгі орынды Төле би атқарып отырған. Төле бидің ролі әсіресе, Ордабасыдағы үш жүз өкілдерінің бас қосуында ерекше көрінді. Осында Кіші жүздің ханы Әбілхайыр біріккен қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып бекітілді. Осыдан соң қазақ әскерлері жоңғарларды жеңе бастады. Оның көріністері 1726 жылғы «Қалмақ қырылған», 1729 жылғы «Аңырақай» шайқастарындағы қазақтардың айбынды жеңістері. Осы шайқастардың стратегиялық мәселелері Төле бидің қатысуымен жүзеге асырылды.

1740 жылы Ташкентте Ұлы жүздің ханы Жолбарыс өлтірілген соң, Ұлы жүзді ресми түрде Төле би басқарды. Бұл қазақ тарихындағы ханның орнына бидің келуінің алғашқы және соңғы оқиғасы болып табылады.

1742 жылы Абылай хан қалмақтарға тұтқынға түсті, оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытты. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілхайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға ықпал жасауын өтінгендігі айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші боп барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Төле би 1748 жылы орыс сауда керуені тоналғанда, бұған кінәлі Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып, оған бұл шығынды жұрт көзінше өтеттіреді.

Төле бидің шешендік өнері.

Ертеде Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмайды. Көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле билік айтушыларға көңілі толмайды. Ол:

Ақты ақ деп бағалар!

О, игі жақсы ағалар!

Өзегі талса ел біткен,

Өзен бойын жағалар, - деп сөз бастай бергенде:

- "Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без" деуші еді. Мына бала кім өзі? - дейді, төрде отырған би. Төле қасқая қарап тұрып: - О, би ата, он үште отау иесі демес пе, Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске? Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа, Алакөз болу ағайын адамға лайық па? - деп, бір тоқталады да, төрде отырған биге былай деп сауал қояды: - О, игі асқар тауымыз, Әділ ме осы дауымыз? Жар астында тұрғанда, Жасырынып жауымыз? Сонда әлгі би: - Қой асығы демеңдер, Қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңдер, Ақылы асса аға ғой, - деген ғой, балам, билікті саған бердім, - дейді. Бала Төле жұлып алғандай: - Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, бұған қалай қарайсыздар? - дейді. Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би: Үй баласы ма деп едім, Ел баласы екенсің. Ай маңдайлы арысым, Талабың алдан өтелетін. Ауылыңның таңы бол, Маңдайындағы бағы бол! - деп бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал, келіссөзге араласып, билік айта бастапты.

1740 жылы Жолбарыс хан өлген соң, Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады. Жау жағы Ташкентке Қоқым манапты әкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қоластында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басшылары түгел жиналады. Сонда Қарабек батыр: - Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ,− деген пікір айтады. Қарабекке ашуланған Төле би: Атадан ұл туса игі, Өзі біліп тұрса игі. Ата жолын қуса игі. Жаудан бұққан немені, Өзіне келер ұятын,Ортасынан қуса игі! - деп, шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Сонан соң айналасындарыларға қарап: Уа, көсіле шабар жерің бар,Арылмайтын сорың бар... Ту көтерер ерің бар. Құлдық ұрсаң дұшпанға, Қол боларлық елің бар,Еркек болып туды деп, Атадан қалған жолың бар,Мына сені кім айтар? - Құлдық ұрсаң дұшпанға деп толғайды. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіріпті.

Төле бидің түйесін жайып жүрген Сабалақ атты бала болашақ Абылай хан болатын. Төле оның жай адам емес екенін бірден аңғарады. Себебі Сабалақ ұйықтағанда екі аяғын, екі қолын төрт жаққа созап ерекше түрде жатады екен. Кейінірек Төле Абылайдың көтерілуіне, беделінің артуына көп ықпал жасаған. Абылайдың сұлтан және хан болғанда оның ақылшысы ролін атқарған. Төле би бір жұма намазда өзінің би, болыс, жүз басы, мың басыларымен Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Иассауи мешітіне кіреді, намазға тұрады. Намаздан соң, мешіт бөлмелерін аралап, құдайы садақасын беріп, көпшілікке қарап былай депті: - Біз бүткіл ұрпағымызбен Ақсақ Темірге алғыс айтуға тиіспіз. Және оның аруағы алдында қарыздармыз. Ол біздің елге зор жаңалық әкелді. Қожа Ахмет Иассауи күмбезін тұрғызды. Мұндай ғажап күмбез бұрын-соңды жұртымызда бой көрсеткен емес. Бұған дейін даламыз өлі секілді еді. Ақсақ Темір сол өлі даламызды шырт ұйқыдан оятты. Меккеде - Мұхаммед. Түркістанда - Қожа Ахмет. Бұл екеуінен құдіретті, киелі әулие жоқ. Осындай халқымызға жақсылық сыйлаған қолбасшының әруағына әр дайым дұға оқып, оны еске аламыз". - Мұндай ақылды нақыл сөз, өсиетнамаларды кезінде Төле би көп айткан. Төле би мен Орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекүлы, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бөйбекұлы бәрі Әз-Тәуке ханның бас кеңесшісі, ақылшысы болды. Төле би "Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей қазақ хандығын нығайтуға жоңғар-ойрат шапқыншылықтарына қарсы бауырлас қазақ, карақалпақ, кырғыз және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларын жүзеге асыруға қатынасады. Төле бидің шешендік өсиеттерінің бірі былай болып келеді:

- Асып тусаң Керей бол,

Үш қазакқа мерей бол.

Уақ болсаң Шоға бол,

Даулы істе жорға бол.

Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол.

Найман-Қоңырат болсаң Матай бол

Байұлы болсаң Адай бол,

Үйсін болсаң Ботбай бол,

Бұл алтауы болмасаң,

Қалай болсаң солай бол?

Төле би әділ бидің қандай болатындығын дәл және нақты көрсеткен, оның «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзі мақалға айналып күні бүгінге дейін әділет орындары ғимараттарында жазулы тұр. Осыдан барып, биліктің қорытындысы «қара қылды қақ жару» болып шығады. Бұл ұғым ұзын қара қылды вертикальды түрде қақ жаруды білдіреді. «Қара қылды қақ жару» ұғымы символдық тұрғыдан бейнеленсе, ол ежелгі Римдіктердің таразы ұстап көзін байлаған Фемида сұлуынан әлде қайда терең әлі бейнелі көрінер еді. Жалпы болашақта Қазақстандағы фемида символын «қара қылды қақ жару» символымен ауыстыру жөн болар. Бұның өзі коррупцияға қарсы күресте қолдануға болатын тәсілдердің бірі емес пе.

Төле би өмір сүрген кезеңдегі Қазақ хандығы мемлекеттік құрылыс формасы жағынан унитарлық мемлекет болды. Оның экономикалық негізі көшпелі мал шаруашылығы болып табылды. Ру, тайпа басшылары, сұлтандар, билер ханға бағынды. Аумақтар территориялық емес рулық, тайпалық, жүздік принцип бойынша бөлінді. Қазақ жүздері ең алдымен мемлекеттің аймағының кеңдігіне байланысты туыстас ру-тайпалардың «жүздер» деп аталған бірлестігіне біріктірілді. Төле би бастаған билер қазақтың әр ру тайпаларының ұрандарын және таңбаларын анықтап берді және таратты. Сол ұрандар мен таңбаларын тасқа басылып бір шамасы қағаздарға және кітаптарға түсіп осы күнге дейін жетіп отыр. Қазіргі кезде де әрбір облыстың ауданның жоғары оқу орындарының мекемелердің таңбалары немесе логатиптері жасалынып, олардың маңдайшаларына ілініп қойылған. Қазақ рулары мен тайпаларының таңбалары сол бірлестіктердің ерекшеліктерін білдіретін белгілері болып табылады. Олардың кейбіреулерін бүгінде қолдануға болады.

Жүздер басшыларының орталық билікке сепаратистік бағынбаушылығы туралы тарихта деректер жоқтың қасы. Тәуке хан өлген соң жоңғар шапқыншылығының қаупі жүздердің өз хандарын сайлауға мәжбүр еткен тарихи оқиға болса керек. Сондықтан қазақ жүздерінің хандықтарын сайлауы мемлекеттің федерациялық сипатқа ие болуы деп түсінбеу қажет.

Төле би Ташкенттің ортасындағы Шейхантауыр мазарында жерленген. Алдымен мұнда XV ғасырда қайтыс болған Шейхантауыр әулие жерленген. Онан соң осы мазарда Моғолстанның ханы Шағатай әулетінен шыққан Жүніс хан жерленген. Жүніс хан 1487 жылы қайтыс болған. Оның кесенесін Ахмет хан немесе Алаша хан соқтырған. Жүніс ханның мазары осындағы ең ірі құрылыс. 1756 жылы Төле би осында жерленген. Кесене өзіне тән сәулеттік құрылыммен ерекшеленеді. Оның текшелі бет болып келетін тұлғасы пирамидалды күмбезбен өрнектеліп, едеуір биік 12 қырлы қабырғамен аяқталады. Кесененің оңтүстігіндегі кіре берісі шошақ аркамен беріліп, ал бұрыштық тіреулері шағын басқыштармен және құжыралармен аяқталады. Академик М.Массонның пікірінше кесененің шатырға ұқсас болып жабылуы солтүстік Түркістанның дәстүрлі сәулеттік өнеріне байланысты. Кесене құрылысы 24х25 сантиметр. Күйдірілген кірпіштерден қаланған, дәнекерлегіш материал қолданылған. Ғимараттың сырты сыланбаған, іші әктелген.

Композициялық құрылысы (9,40х9,40 шаршы метр) қабырғалары сындарлы, түп-түзу, он екі қырлы мойындыққа, сегіз қырлы күмбез орнатылған. Күмбез екі қабаттан тұрады, сырты сегіз қырлы, төбесі шатырға ұқсайды. Бұл анықтамаларды атақты ғалымдар М.Массон және Г.А.Пугаченкова жасаған. 2000 жылдардың басында Төле бидің кесенесіндегі оның аты жазылған тақта алынып тасталынып, оның орнына Қалдырғаш би деп жазылған. Ал, Қалдырғаш биді Төле би емес деп жүргендер де табылды. Бірақ көп ұзамай Төле би атауы қайта ілінді. 1990 жылдардың ортасында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі З.Тұрысбековтың және ОҚМУ ректоры Т.Қалменовтың бастамасымен Төле бидің кесенесі күрделі жөндеуден өтті.

Өзінің саналы өмірінде Төле би бабамыз шындық, әділдік жолында қыруар қызмет атқарады. Сөйтіп, ол халқының бірлігі, тірлігі, тұрмысы, салт-сана дәстүрі үшін бүкіл ғұмырын арнады. Сол үшін де туған елі оны төбесіне көтеріп, кұрметтейді, шешімі мүлтіксіз жүзеге асып жатты. "Төбе би", "Әулие ата", "Қарлығаш әулие" деп атап кетті.

Билердің қазақ қоғамының өзіне тән ерекшелітерін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үлкен болды.

прямая соединительная линия 5Қазақ хандығы өмір сүрген тарихи кезеңде Ұлы Жібек жолы тарихи сахнадан кетіп, сауда жолдары теңіздер мен мұхиттарға көшті. Батыста феодалдық қатынастар шегіне жетіп, жаңа нарыққа негізделген капиталистік қатынастар етек ала бастады.

Көшпелілердің Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің тұсындағы дәуірлеген кезеңі артта қалды. Көшпелілік өмір өзінің саяси-экономикалық мүмкіндіктерін тауыса бастады. Осындай жағдайдағы қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы аса берік болмады.

Көшпелі өмір тұрақты мемлекеттік аппарат ұстауды, әскер мен түрме, полиция, сот-прокуратура сияқты мемлекеттік билік органдарын да ұстауды да қажетсінбеді. Себебі, ханның өзі де халықпен бірге көшіп қонды. Әрине, бұл органдарға қатысты мәселелерді қазақ қоғамындағы билер соты және халық жиындары арқылы өз шешімін тауып жатты.

Қазақ хандығы әкімшілік-аумақтарға емес, ру-тайпаларға бөлініп өмір сүрді. Ру - қоғамның негізгі бөлшегі, төменгі ұйымы болды. Ру жақын туыстардың отбасынан тұрды. Туыстық қатынас рудың негізгі ұйытқысы болды. Рудың негізін патриархалдық отбасы құрады. Рулар тайпаларға бірікті. Жалпы қазақ қоғамының ерекшелігі - ру мен тайпаның ара жігін ажырату қиын. Үш-төрт тайпадан тұратын қауымдар да ру деп атала берген. Мұның өзі қазақтың ру-тайпалық қатынастарының ру мен тайпаның классикалық шеңберіне сия бермейтінін көрсетеді.

Әр ру немесе оның бұтақтары - аталары өз алдына көшіп қонды немесе жеке ауыл деп танылды. Рудың негізгі ұйытқысы туыстық, ағайындық қатынастар болғандықтан, әр ру мүшесі, бүкіл ру, әсіресе бай ру мүшелері кедей, жағдайы төмен ру мүшелеріне жәрдем етуге міндетті деп есептелді. Жәрдем берді де. Мұның өзі көп жағдайда кедей ру мүшелерін жасырын қанау арқылы жүріп отырды.

Ұйым ретінде рудың өз басшысы болды, өзінің көшіп қону бағыты немесе жайылымдары мен суаты болды. Әр рудың өз таңбасы және жауынгерлік ұраны болды. Әр ру белгілі тайпаға жатқызылып, сол арқылы белгілі жүздерге кірді. Ру мүшелері туыс адамдар болғандықтан өз ішінде қыз алысуға жол бермеді. Қыз алыспайтын жақын рулар да көп болды. Әр ру мүшесі рудың шежіресін және жеті атасын жақсы білді. «Ру шежіресін білу сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік қауымдастық біртұтас ғажайып бітімі ғасырлар бойы бүкіл қазақ бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы ұстаным бойынша өсіп өркендеп отырған... Мұндай біртұтастық тек қана рулық жүйе арқылы жүзеге асқан», - деп ой түйіндейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» (Алматы. 1999. 34-35-бб.) атты кітабында.

Ру туыстық ұйым және қоғамның ерекше бөлігі ретінде өз мүшелерін қорғауға міндетті болды. Тіпті өз мүшелерінің айып қарыздарын да бірігіп өтеді. Құн, қалыңмал мәселесінде бір-біріне жәрдем етті. Барымта мен қаза жағдайында да бірігіп әрекет етті. Жеке мүшелердің жөнсіз қылығы үшін де ұятты болды. Тіпті әр рудың өз моласы да бөлек болған жағдайлар көп кездескен.

Осының бәрі қазақ руының бекем, консервативті ұйым болғанын көрсетеді. Қазақ қоғамында рудың мұндай ерекше орын алып, ұзақ сақталып қалуы оның қоғамдық даму жағынан артта қалғандығынан емес. Ру мен тайпалардың қазақ қоғамында мұндай берік орын алып ұзақ сақталуы көшпелі өмір сүруден туындады. Көшпелі тұрмыс үшін ру болып көшіп қону ең бір ыңғайлы ұйымдастырудың түрі болып табылды. Көшпелі тұрмыс қаншаға созылса, оның негізі рулық ұйымдасу да соншаға созылды. Туыстық қатынастарға негізделген рулык, бөліну көшпелі өмірден соң да ұзақ сақталуда.

Қазақ қоғамының осы демократиялық принциптерге негізделген ерекшеліктерін сақтаудың негізгі ұйытқысы билер болды.

Билер қазақтардың барлығы негізінен бір атадан таралады, яғни түбі бір, қаны бір халық деген ұғым берік қалыптастыруға көп назар аударды. Осы идеологияны негіздеп, басшылыққа алуда билер жетекші де негізгі роль атқарды.

Қазақ қоғамындағы рудың ғасырлар бойы сақталып қалуының екі негізі бар. Рулық белгінің сақталуының бірінші негізі көшпелі тұрмыс пен өмір болды. Көшпелілік жақын туыстас адамдардың бірлігіне негізделді. Әрбір ру ауыл болып көшіп қонды.

Рулас адамдар бір қандас болды. Бөтен рудың өкілі басқа руға кіре алмады. Қандас адамдар өз туыстарын қиындыққа бермеді.

Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қоғамы 1930 жылдары күштеп ұжымдастыру мен отырықшылдықтан соң толық күйреді. Осылай рулық белгінің экономикалық негізі жойылды.

Қазақтардың рулық белгісінің сақталуының екінші және түпкілікті негізі некелік қатынастарда жатты. Ру мүшелері туыстас адамдар болған соң оларға ру ішінде жеті атаға дейін өзара некеге тұруға қатаң тиым салды. Мұндай тиым салуды қазақтардың өздері толығымен қолдады және сақтады. Ру ішінде некеге тұрғандарға өлім жазасы, қарабет қылу, рудан аластау сияқты өте ауыр жазалар қолданды. Қазақ билері тарих сақынасынан кеткен соң руларды аталарға бөлу, жеті атадан асқан ұрпақтарға некелесуге рұқсат беру практикасы тоқтап қалды және ол осы күнде қозғалысқа ие бола алмай отыр. Сондықтан да қазіргі кездегі қазақтар арасында «кәрі қыздардың» көбейіп кетуі рулар ішіндегі некелік қатынастарды жетілдірудің тоқтап қалуына байланысты болып отыр. Бүгінде осы мәселелерді шешетін билер институты жоқ.

Моңғол шапқыншылығына дейін ру басшысы көбіне билер болып келді. Кейіннен Шыңғыс хан билігі орнаған соң, ру-тайпаларды сұлтандар басқарғанымен билердің рөлі төмендеген жоқ, себебі қазақ қоғамы обьективті түрде әрқашан да әділдікті басшылыққа алған билер басшылығы мен төрелігіне мұқтаж болып отырды.

Дәстүрлі қазақ қоғамын дала демократиясы дамыған қоғам деуге болады. Билердің қазақ тарихына қосқан ең қомақты да ерекше үлесі қылмыссыз қоғам құру жолындағы әрекет болды. Билер бастаған өзін-өзі билеу органдары ел ішіндегі тәрбие, салт-дәстүр, мәдениет, қонақжайлық, сот, құқық бұзу т.б. мәселелерді өз уысында ұстап отырды. Ең бастысы қылмысқа жол бермеді. Қылмысқа қарсы бүкіл қоғам мүшелерін ұйымдастыра білді. Қылмыскер үшін қылмыс жасайтын негіздердің көпшілігі жойылды. Осының бәрі де ешқандай қарусыз, сот, полиция органдарынсыз өзінен-өзі жүріп жатты. Осының билер және ақсақалдар қатаң бақылап отырды. Қазақ билерінің бұл практикасы бүгінгі күн үшін ауадай қажет. Бірақ билер қызметінің практикасын зерттемей еңгізілген «Медиация туралы» заң өз нәтижесін бермеуде. Қазіргі кезде ауылдарда формальды түрде ауылдар мен аудандарда құрылған билер кеңестері, сайланған төбе билер ешқандай мәртебесіз болғандықтан би сөзінің абыройын түсіруде.


Әдебиет

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Шымкент



РОЛЬ ИНСТИТУА БИЕВ В ОБЩЕСТВЕ КАЗАХОВ И ПРОБЛЕМЫ

ГОСУДАРСТВЕННО-ПРАВОВОГО ВЗГЛЯДА ТОЛЕ БИЯ
Канд.ист.наук Г.К.Маймаков
В статье рассматривается роль института биев в обществе казахов и взгляды в государственно-правовых проблемах Толе бия.

ROLE OF THE INSTITUTES OF BIES (RICH MAN) IN KAZAKH SOCIETY

AND PROBLEMS OF STATE AND LEGAL LOOK OF TOLE BI
Cand.hist.sci. G.K.Maimakov
In this article the role of institute of bies in Kazakh society and problems of state and legal look of Tole bi is described.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет