Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "Ұлттық қор – балаларға" жобасын жүзеге асыру бойынша брифинг өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

“2023 жылғы Ұлттық статистика бюросы деректері бойынша  Қазақстанда 100 мыңға жуық ерекше бала бар. Сауалымды ерекше баланың анасы ретінде қойғым келіп тұр. Неге қор қаржысын жылына бір рет немесе басқалай тәсілдермен емге пайдалануға болмайды? Менің балам аутизммен ауырады, бірақ одан да ауыр дертке шалдыққандар бар. Оларға емге ақша қазір керек. Себебі көбі 18 жасқа жетпей жатады. Бұл ерекше балалардың құқығын шектемей ме және қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз”, – деп сұрады брифингке қатысқан тілшілердің бірі. 

“Негізі қор қаржысы білім және баспана алуға жұмсалады. Басқа мемлекеттік органдардың дерегі бойынша, мұндай сырқат түрлеріне арнайы төлем мен мемлекеттен өтемақы тағайындалады. Сол себепті бұл бағыттар қарастырылмаған. Егер қажеттілік туындаса қарастыруы да мүмкін деп ойлаймын. Бұл мәселе біздің құзіретімізге кірмейді. Сол себепті нақты жауап бере алмаймын, – деді "БЖЗҚ" АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов. 

“Қазақстанда ересектер аутизмі деген диагноз жоқ. Маған шизофрения, ақыл-ой кемдігі немесе басқа да дерттердің бірін таңдау керек. Яғни мен баламның қалыпқа келуі үшін қазір әрекет етуім керек. Осы ақшаны емге жұмсау үшін не істеу керек? Арыз жазамыз ба, қол жинайық па, қандай органға жүгіне аламыз, бізге ол ақша қазір қажет”, – деп сұрағын нақтылады тілші. 

“Бағдарлама дайындауға барлық мемлекеттік орган, оның ішінде денсаулық сақтау министрлігі де қатысты. Яғни бәрі ұсынысын айтып, талқылады. Депутаттар да сауал жолдады. Бірақ мұндай балаларға квота, дәрі-дәрмек беріледі, басқа да қолдау түрлері болғандықтан екі бағытты ғана қалдыру туралы шешім қабылданды”, деп атап өтті Шәріпов. 

“”Бұл сұрақпен денсаулық сақтау министрлігіне жүгіне аласыз. Олар талқылау кезінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек, түрлі бағдарламалар, “Қазақстан халқына” қоры бұл шығындарды толықтай өтейді деген еді. Сол себепті осындай шешім қабылданды”, – деп толықтырды Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов.

 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.