Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында вейптердің зияны мен лудомания мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Istock

"Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни  тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан "вейптердің" таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажетін айттым. Қазір парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін”, – деді мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ ол ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздыққа мәселесін де тілге тиек етті. 

“Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады", – деп атап өтті ол. 

Айта кетейік, құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның елтаңбасын өзгертуді ұсынды. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.