Елімізде ауа мен судың сапасы, жануарларды қорғау, қоршаған ортаның тазалығы сияқты экологиялық проблемаларды жиі қозғап жүрген экоблогерлер мен экобелсенділер жеткілікті. Олар әлеуметтік желіде өткір мәселені өз көзқарасымен көрсетеді және мұны нағыз патриотизм деп есептейді. Stan.kz ақпарат агенттігі елін сүйген экоблогерлермен әңгімелесіп, Қазақстандағы экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын білді.

Коллаж: Stan.kz

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев әу бастан Маңғыстаудың фаунасы мен флорасын, әдемі жерлерін көрсетіп жүрді. Ол экологиялық проблемаларды көтеремін деп ойламағанымен, адам көп жүретін туристік орындардағы ластық пен Каспийдің таяздануына қарап, бейжай қала алмаған. Бүгінде Қазақстан халқы Азаматтың видеолары арқылы Каспий теңізінің таязданып жатқанын, суы ластанып кеткенін біліп, ақпарат алып отыр. Патриотизмнің ең басты түсінігі  – өз жеріңді, еліңді қорғау, табиғатыңды аялау, өз жеріңді ластамау, дейді ол.

"Патриотизм деген мен қазақпын, Қазақстан азаматымын деп көкірек соғу емес. Патриотизмнің ең басты түсінігі өз жеріңді, еліңді қорғау, табиғатыңды аялау, өз жеріңді ластамау. Әдемі жерлерімізбен қатар экологиялық проблемаларды да көрсету, оны көбірек айту, сонымен бірге еліміздің әдемі, туристік жерлерін бүкіл әлемге таныту – міне осы патриотизм. Мен өзімді елімнің патриоты сезінемін. Елді жиі аралаған соң жүрген жерімде қоқысты көп кезіктіремін, ластықты байқаймын. Сосын соны жайлап көрсете бастадым. Әрі қарай Каспий теңізінің таязданғанын түсіріп, көрсеттім. Еліме жаным ашығасын өзім көріп тұрған дүниені басқалар да білсін деп, жариялап отырамын. Қазақстанда ең күрделі әрі өзекті мәселе қоқыс пен оның көбеюі деп ойлаймын. Туристік жерлерде толған қоқыс, қаптаған пакет. Адамдардың экологиялық сауаты өте төмен деңгейде болғасын артынан жинамай кетеді. Сондықтан қазірден бастап кішкентай бүлдіршіндерге экологиялық әдепті үйрету керек", – дейді экоблогер.

Оның сөзінше, Қазақстанның әр бүлдіршініне экологиялық жағынан тәрбие беру керек. Оларды қоршаған ортаны қорғап, сақтауға баулу керек. Мұны бір жақты емес, жан-жақты жасаған жөн.

"Мемлекет, ата-ана, оқу орны – бәрі жан-жақтан үлесін қосуы керек. Дамыған елдерде, Еуропа елдері мен Жапонияда қоқысты бірнеше түрге бөліп, сұрыптайды. Осының бәрін бізде де үйретуге болады ғой?", – дейді ол.

Экоблогер, видеограф Маңғыстау даласы, Ақтау қаласы, Каспий теңізі сияқты орындарға дұрыстап қарамасақ, туристер түгілі өзіміз бара алмай қаламыз дейді.

"Мысалы, теңіздің жағасы, теңіздің өзі қоқысқа толы. Осындай қоқысы шашылып жатқан жерге кім турист болып келгісі келеді? Керісінше, әдемі, тап-таза боп тұрған жерге адам бірнеше рет барғысы келеді. Қоқысы шашылып жатқан жерде ешкім демала алмайды, ләззат алмайды. Еліміздегі экологиялық проблемалар экономикалық жағдайға да әсер етеді. Тіпті ең үлкен әсері экономикалық тұрғыдан болады", – деп есептейді экобелсенді Азамат Сәрсенбаев.

“Әркім өзінен бастауы керек”

Ал ихтиолог, экобелсенді Пәкизат Сайлаубекованың Қазақстандағы су мен ауаның ластануы туралы айтып жүргеніне 10 жылға жуықтады. Бүгінде ол елімізде экологиялық лекциялар оқиды, үлкен экосенбіліктер ұйымдастырады және Recycle birge жобасын дамытып, қоқыс мәселесін көтереді. Экологтың сөзінше, Қазақстанның әр азаматы еліне жаны ашып, күнделікті қарапайым әдеттерді жасаса, осының өзі үлкен үлес болады. Себебі патриоттық сезім адамды қоршаған ортаны аялауға ынталандырады дейді.

"Экожанашыр адам ерікті жобаларды елін сүйгеннен, еліне жаны ашығаннан жүзеге асырады. Мұндайда адамды патриотизм сезімі ынталандырады. Ал еліміздегі ең өзекті экологиялық үш мәселе – қоқыс, таза су тапшылығы және оның ластануы, ауа мәселесі деп ойлаймын. Осы ең маңызды үш проблеманы шешу үшін не істей аламыз дегенде ең әуелі өзім жасап жүрген экологиялық ағарту жұмыстарын айтамын. Тек айтып қоймай, қарапайым тұрғын ретінде шешім ұсыну керек. Біз не істей аламыз: күнделікті дұрыс ақпаратты пайдаланып, жобаларға қолдау көрсету, экологиялық қозғалыстарды біліп жүру, олар туралы айту — осының бәрі үлкен үлес. Өмірде, жұмысыңызда суды, электр қуатын үнемдеу, жаяу жүру, қоғамдық странспортты пайдалану сияқты күнделікті экологиялық әдеттерді ұстану арқылы жәрдемдесе аламыз. Қалдықты сұрыптау және қалдықты барынша аз шығару тәсілін ұстану керек. Халықты осыған тәрбиелеу қажет", –дейді Пәкизат Сайлаубекова.

Оның айтуынша, алдағы 15-20 жылда Қазақстанда адам саны өседі деген болжам бар, яғни климаттық босқындар көбейеді. Барлық экологиялық проблемалар биологиялық айналымның ішіне кіреді. Ауа мен судың ластануы, жердің қоқысқа толуы түптеп келгенде климат мәселесіне байланысты. Осындай әр мәселе бір-біріне азды-көпті әсер етеді.

"Біз Еуразияның ортасында, мұхиттан алыс орналасқанымызбен, елде жойқын дауыл, құйындар болмаса да, бізге дәл осындай апаттардың салдарынан адамдар ағылып келуі болжанып отыр. Оларды климаттық босқындар деп атайды. Алдағы 15-20 жылда Қазақстанда адам саны өседі деген болжам бар. Шетелдерге қарасақ, олар біз сияқты экологиялық мәселелерді айтпайды. Себебі олар "табиғи апаттар болғанда не болады, адамдар не істейді?" деген бағытта жұмыс істейді. Салдарынан оларды "не істейміз?" деген сауал көбірек толғандырады", – дейді эколог.

Ал масштабты, глобалды түрде айтсақ, біздің, әр қазақстандықтың экологиялық таза қоршаған ортада өмір сүруге құқығымыз бар. Пәкизаттың сөзінше, осындай экологиялық кодекс барын көбі біле бермейді. Ал негізі осы кодекске сүйеніп, арыз жаза аламыз, әкімдіктен жұмысты жүйелі істеуін талап ете аламыз.

"Азаматтарымыз белсенді болса, бәріміз жұмыла әрекет етсек, басқа елдердегідей жақсы нәтижеге ертерек жетер ме едік деп ойлаймын. Адамдар көбіне алдында шашылып жатқан қоқыстың түбінде қандай жағдайға душар ететінін, ол адамның өзіне, жануарларға, жер мен суға қалай әсер ететінін білмейді. Микропластик деген не екенін әлі түсіне қоймады. Сондықтан осындай мәселелер туындап жатыр деп ойлаймын. Ең үлкен фактор ретінде жемқорлықты алуға болады. Дегенмен ең қарапайым факторға келсек, адамдар жай ғана білмейді. Біз еліміздің жанашыр, патриот тұрғындары ретінде не істей аламыз? Әрине, ол күнделікті өмірімізге экологиялық әдеттерді енгізу, оларды зерттеу және барынша қолдану. Мен үнемі айтатын қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге өткізу. Дегенмен осы істі дамыған елдер әлдеқашан жасап қойған, енгізген", – дейді экобелсенді.

Пәкизат Сайлаубекова бүгінде атқарып жүрген волонтерлық жұмыстарын азаматтық міндеті деп санайды. Ол бүгінгі экологиялық проблемалар елге, Отанына жанашыр әр қазақстандықты толғандыруы керек деп түйіндеді.

"Алғаш алматыға оқуға келгенде қаладағы қоқыстың көлемін көріп, шошыдым. Бәрін бір пакетке салып, лақтыра береді екен. Мамандығыма қатысты су экологиясы туралы көп оқыдым. Сонда қоқыстың суға әсері туралы көбірек біліп, зерттей бастадым. Студент кезімізде группаластармен бірге бүкіл Алматының ағынды, канализация суы шығып жатқан жерге бардық. Сол кезде қоқыстың не екенін көріп, иісін қатты сездік. Қатты шошыдым. Содан кейін менің белсенді ізденуім, сұрақтар қойып, жауап табуға тырысуым басталды. Өзім сияқты экологияға қызығатын адамдарды іздедім, бірге ерікті болдық", – дейді эколог.

“Қазақстанда халықтың экологиялық мәдениеті төмен деңгейде”

Тәуелсіз экологиялық шолушы, жабайы табиғат фотографы Сәкен Ділдахмет бүгінде еліміздегі экологиялық көптеген маңызды қарарларды көтеріп, халықтың назарына ұсынып жүр. Ол табиғатты сүю, оны қорғау, оны әдемі күйінде сақтауға талпынуды нағыз патриотизм деп санайды.

"Қазақстанда басты экологиялық проблемалар көтеріліп, заңнаманы өзгерту сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміздің табиғаты құрып бара жатқаны осы салаға барынша қызығуыма себеп болды. Қоғамдық белсенді ретінде атсалысып, барынша халыққа жеткізуді мақсат еттім. Қазақстанда халықтың экологиялық мәдениеті төмен деңгейде. Халықтың ғана емес, осы салада жұмыс істейтін адамдар мен мемлекет тарапының экологияға көзқарасының дұрыс болмауы, табиғат-Анаға деген жанашырлықтың болмауы үлкен проблемаларға әкеліп отыр. Мәселе осыдан басталады. Ал елді, жерді, табиғатты сүйіп, қорғау осы елдің азаматтарының ісі емес пе? Нағыз экожанашыр адам патриот болуы керек ", – дейді ол.

Экошолушы әсіресе Қазақстанда жылдан жылға үдеп жатқан судың тапшылығы мәселесіне алаңдайды.

"Арал теңізінің, Балқаштың тартылуы, еліміздің көрші елдерге тәуелді трансшекаралық өзендер мәселелері алаңдатады. Жаһандық жылыну салдарынан жылдан жылға көрші елдерде де судың деңгейі төмендеп, Қазақстанға келетін су азайып жатыр. Ол бірінші кезекте еліміздің экономикалық дамуына, екінші кезекте халықтың күнкөріс деңгейіне, елдегі экологиялық жағдайға өте қатты әсер етеді. Екінші мәселе – Жаһандық жылыну. Қазақстан әлі де болса энергия көздері ретінде көп деңгейде көмірді қолданады. Бұл да елдегі ауаның ластануына, ғаламдық жылынуға үлкен ықпал етеді. Біз электр энергиясын 70-80%-ын көмірден аламыз. Ал оның ауаға бөлінетін зиян заттары көп. Сәйкесінше қазақстанның әр азаматының денсаулығына тиіп жатқан зардабы үлкен. Мегаполистерді алсақ, мұндағы тұрғындар лас ауаны күнде жұтады", – дейді табиғат фотографы.

Оның сөзінше, сонымен қатар Қазақстанда флора мен фаунаның азаюы, браконьерлік фактілер артып келеді. Сәкен Дәлдахмет жабайы табиғат барынша сол күйінде қалуы керек, онда заңсыз құрылыстар, қонақүйлер салуды тоқтату керек дейді. Бүкіл табиғи ресурсты үнемдеу керек, тұрмыста суды үнемдеу, оны пайдалы түрде жұмсау, бұдан бөлек жануарларды атпай, барынша санын көбейтуге қолаулы жағдай жасау керек.

“Жалпы Қазақстанды жер көлемі жағынан 9-орында, Еуразияның жүрегінде дейміз. Қарап отырсақ, біздің экологиялық жағдайымыз өте күрделі. Үлкен территория болғанымен жер аумағымыздың небәрі 5%-ы ғана орман алқабынан тұрады. Елдің қалған пайызы көбіне шөлді, шөлейтті зонаға жатады. Сондықтан келешекте экологиялық дағдарыс елімізде кеңінен тарайтыны сөзсіз. Бұл азық-түлік қауіпі, адамдардың ұзақ өмір сүруі мәселесіне алып келеді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін мәселелерді барынша айтайық, халыққа жеткізейік. Үлкен өндіріс орындарымен күрес жүргізу керек, олардың экологиялық бірегейлікке келуін, жоғары фильтрлерді орнатуын азаматтық қоғам талап етіп келеміз, ете беруіміз керек. Бір өзімнің айтқаным жетпейді, сондықтан қоғам болып жұмыла кірісейік. Азаматтардың экологиялық белсендігі мен мәдениеті артса, өзіміздің экологиямызды сақтауда үлесімізді қосамыз. Ең бірінші кезекте ең қымбат адам ресурсының қауіпсіздігіне алаңдауымыз керек. Келешек ұрпақтың өміріне ең үлкен қауіп осы экологиялық проблемалардан келуі мүмкін”, – деді экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.