UFC тұжырымының спортшысы Азат Мақсұмның жеке бапкері Дәнеш Дүнгенбаев шәкіртінің лигадағы екінші жекпе-жекте жеңілуінің басты себебін арнайы Stan.kz ақпараттық агенттігіне айтып берді. 

www.instagram.com/ddv_team777/

Даңқты бапкер Дәнеш Дүнгенбаев шәкіртінің жекпе-жегі мен жеңілісінің басты себебін салмақ қуғаннан кейін дұрыс қайта қалпынына келе алмағанына байланысты екенін айтты. 

"Азат алғашқы жекпе-жегін ұтып келгеннен кейін сәл босаңсып қалды да, салмағын өсіріп алды. Дебюттік жекпе-жегінің алдында 10 келі салмақ қуса, бұл жекпе-жекке 12 келі түсірді. Әрине, 10 мен 12 келі салмақ қуғаннан соң қайта қалып келудің айырмашылығы бар екені байқалды. Алдыңғы жекпе-жегіндей дұрыс қалыпқа келе алмады. Дайындық барысында да, берілген тапсырмалар, нұсқаулықтар дұрыс орындалмай қалды. Темірдей тәртіп болмай қалды. Мен жанында жоқ кезде уақытылы ұйықтамай, режимі дұрыс болмады. Өз қателігін түсініп, сабақ алды", – дейді білікті бапкер. 

Дәнеш Дүнгенбаев шәкіртінің бұрышында болмауы жекпе-жек барысына қатты әсер етпегенін, дегенмен кей тұста тиісті нұсқаулық айтылмай қалғанын да сөз етті. 

"Азаттың UFC-де әлі екі жекпе-жегі бар. Егер келесі жекпе-жектерге де осылай режим ұстамай, осындай дайындықпен шығатын болсаң, спортпен қош айтысуға болады. Егер өзімді көрсетем, биік белесті бағындырам десең, темірдей тәртіпті ұстануға тура келеді. Уақытылы тамақ ішіп, уақытылы ұйықтап-тұрып, жаттығу керек. Егер тәртіп дұрыс болса, жаттығуда да ауыр жүктемелерді дұрыс көтеріп, жекпе-жекте жемісін жейсің”,– дедім.

Ал менің бұрышында болмауым өнер көрсетуіне қатты әсер етті дей алмаймын. Бірақ жанында болғанымда алғашқы раундта қылқындыру әдісін жасау барысында қолымен дұрыс қыспаған соң, бірден ары қарай жасауға талпынба деп айтушы едім. Сол әдіске көп күшін салып жіберді де, кейінгі раундтарда қолы дұрыс жүрмей қалды. Бәлікім, бұл жеңілістің де бір хайыры бар шығар", – дейді Дәнеш Дүнгенбаев.

Айта кетейік, Азат Мақсұм (17-1) UFC Fight Night 235 турнирінде америкалық Чарльз Джонсонмен жұдырықтасып, мансабында алғаш жеңіліске ұшырады.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.