Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы»


«Кінә» мен «күнә» ұғымдарының мәні



жүктеу 0.9 Mb.
бет2/6
Дата13.09.2017
өлшемі0.9 Mb.
1   2   3   4   5   6

5. «Кінә» мен «күнә» ұғымдарының мәні
Жалпы адам бойындағы кемшіліктер бір сөзбен «мін» дегенді білдіреді. Адам міні негізінен екі түрде көрінеді, олар: кінә мен күнә. Кінә – адамның адамдар алдындағы міні болса, күнә – адамның жаратушысы алдындағы міні.

«Күнә» араб тілінде «зәнб», «маъсия» деген сөздермен беріледі. Көбінесе «маъсия» сөзі жиі қолданылады. Бұл сөз «ъаса» – «бағынбау», «қарсы келу» деген түбірден шыққан. Ал, шариғатта күнә «маъсия» деп аталып, пенде оны істемей жүрсе сауап жазылып, істейтін болса жазаға тартылатын істі айтамыз. Оны басқаша айтқанда, тыйым салынған, харам істер деуге болады.

«Күнә» ұғымы халықтың санасына ислам діні арқылы сіңді. Күнәға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, т.б.) жатады. «Күнә» ұғымы әрбір мәдени-өркениет жүйесінде, әр түрлі мазмұнға ие болуы мүмкін. Мысалы, христиан мәдениетінде басты күнәларға жататындары: өзін құдайдан жоғары санау («грех гордыни»), пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық өркениетте бұлардың қатарына шарап ішу, бес парызды орындамау, өсімқорлық т.б. қосылады. Дегенмен, күнә дәрежесіне қарай үлкен күнәлар және кіші күнәлар болып екіге бөлінеді. Үлкен күнәлардың қатарына кіретіндер: Аллаға ортақ қосу, Алладан басқаға (Аллаға сенім артқандай) сенім арту, сиқыр жасау және жасату, кісі өлтіру, өсім жеу, жетімнің хақын жеу, соғыс майданынан қашу, намысты, абыройлы әйелге жала жабу, жалған куәгер болу, әке-шешеге қарсы келу, зинақорлық жасау, ұрлық істеу, арақ ішу, ғайбат айту, пара жеу, өтірік айту, екі кісіні шағыстыру, құмар ойнау, кісі хақын жеу. Бұл туралы Құранның «Ниса» сүресінің 31-аятында: «Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен яғни үлкен күнәлардан сақтансаңдар, сендердің кіші күнәларыңды кешіріп, өздеріңді құрметті орынға (жәннатқа) кіргіземін». Тағы бір аятта: «Сондай күнәлардың үлкенінен және арсыздықтан (зинадан) сақтанғандардың кіші күнәлары болса да шәксіз Раббыңның жарылқауы кең» («Нәжім» сүресі, 32-аят) делініп, үлкен күнәлардан сақтанса, кіші күнәларды Алланың кешіретіндігін ескертеді және исламда әркiм өзiнiң күнәсі мен қылмысына жауап бередi. Бiреудiң күнәсiн басқа бiреу көтермейдi.

«Күнә» сөзі − діни сенімге, ұстанымдарына, заңнамаларға қайшы істерді (иманның шарттарына сенбеу, намазды қаза қылу, Аллаға серік қосу, құмар ойындар ойнау, пайызбен несие алу және т.б.) білдірсе, «кінә» ұғымы адамдар арасында болатын немесе мемлекет заңнамаларына қарсы құқық бұзу арқылы жасалған қылмыстар үшін қолданылады. Қазақстан Республикасының заңнамасында «кінә» ұғымына келесідегідей түсініктеме берілген:

«Кінә – ол заңмен қарастырылған тұлғаның қасақаналық немесе абайсыздық ниетімен жасалған қоғамға тигізетін қауіпті зардаптары әрі өзінің мемлекеттік және қоғамдық құндылықтарына психикалық қатынасы мен пайдакүнемдік пен селқостық таныту болып табылады».

Қазақ әдет-ғұрпындағы «кінә» ұғымының моральдық тұрғыдағы мағынасынасына тоқталсақ – ол адамдардың өз араларында болған түсініспеушілік салдарынан туындайтын, яғни қылмыстық заңбұзарлық әрекетке жатпайтын амалдарды айтуға болады. Мысалы: абайсызда қағып кету, сөзге келіп қалу, жан күйзелісінің әсерінен балағаттау және т.б.

Қорытындылай келе «күнә» мен «кінә» бір-бірімен байланысты ұғымдар деуге болады. Өйткені белгілі бір мемлекет азаматының жасаған ісі заңға қайшы болса, ол  күнә. Осыған байланысты Мұхаммед пайғамбар: «Кімде-кім мемлекет басшысына себепсізден себепсіз мойынсұнбаса, қиямет күні Алланың құзырына (осы қылығы үшін) ешқандай дәлелі болмастан (пұшайман күйге түседі) барады. Мемлекет басшысына мойынсұнуға уәде бермеген адам жаһилиет дәуірінде өлгенмен тең саналады» (Муслим, Имара, 58) деп бұйырды. Мұхаммед пайғамбардың сүннетіне жүгінсек, әрбір мұсылман баласы мүлтіксіз мемлекет басшысына бағынуға және сол мемлекет заңына сай жүруге тиісті.

6. «Тәуекел» сөзін қалай түсінуге болады?
Қазақ халқының түсінігіндегі «тәуекел» сөзі діни сенім және мінез-құлыққа қатысты қолданылады. Жалпы, алға қойған арман-мұраттарға қол жеткізуде, тіпті кез-келген қысылтаяңнан жол тауып шығу үшін бір шешімге келіп, әрекет етуді тәуекел деп айтамыз. Тәуекелге бел байлай алмау адамды енжарлыққа ұрындырады. Ал, енжар адам батыл әрекет ете алмайды. Әрекеті жоқ адамға берекет берілмейді. Бейнелеп айтсақ, «жүрмегенге жөргем ілінбейді». Әйтсе де, «тәуекел» еттім деп, адамның көзсіз батырлыққа ұрынуына да болмайды. «Тәуекел» әркез ақылға негізделуі тиіс. Бұл туралы Құранда былай дейді:

«Әрбір істе, алдымен адамдармен кеңес, одан кейін шешім шығарып Аллаға тәуекел ет» («Әли-Имран» сүресі, 1569).

Мұхаммед пайғамбар бір сахабасына: «Түйені байлап барып, тәуекел ет» деп бұйырған. Яғни, мұсылман адам «тәуекел» деп тау қопармақ болса да, тіпті, тұрмыстық ұсақ мәселелерде де әрбір іс-әрекеті мейлінше ақылға сыйымды болуы керек.

Әсілі, адам тәуекелге қадам жасамаса, онда қорқақ болып көрінуі мүмкін. Керісінше, ақылға сыйымсыз кейіпте батыл әрекетке көшсе, онда оспадар болып көрінеді. Ал, қорқақтық та, оспадарлық та мұсылманға жат қылықтар. Сондықтан, адам қорқақтық емес байыптылық танытып, оспадарлық емес, батыл да орынды әрекет етсе, шариғат құптаған тәуекел иесі бола алады.

Ал, «тәуекелдің» діни сенімге қатысты жағын айтар болсақ, пендеге алдағы көрер күні әрдайым көмескі, ғайып, белгісіз болып келеді. Бастаған бір істің нәтижесі немен аяқталатынын дәл болжап біле алмаймыз. Сол себепті адам әрбір істе тағырына тәуекел етеді. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар алдағы күндердегі көретін рызық-несібе туралы: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер, Ол таңертең аш кетіп, кешке тоқ болып ұяларына қайтатын құстарды ризықтандырғаны секілді сендерді де ризықтандырар еді» (Тирмизи, Зүхд, 33; Ибн Мажа, Зүхд, 14) деп өсиет айтқан. Яғни, адам діни сенім бойынша ризық беруші Алланың жазған тағдырына разы болып, тәуекел етуі керек. Өйткені, тағдыр – иман шарттарының бірі. Хаққа тәуекел етіп, нәтижесіне (тағдырға) ризашылығын танытсақ, иман шарттарының бірі орындалған саналады.

Мұхаммед пайғамбардың үмбеті қазақ халқы: «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі – сор қайғы, құрдымына түсерсің» дейді, кейде ақыр-соңы белгісіз іске: «Нар тәуекел» деп бел шешіп кіріседі. Сондай-ақ, «Тәуекелсіз іс бітпейді, Тәуекел етпеген арықтан өтпейді», «Ер жолдасы – тәуекел», «Тәуекел – ердің ісі» және т.б. қанатты сөздер бар. Осы тәуекелшілдігімен бабаларымыз тарих тұғырында өз биігін сақтай білді. Тарих қатпарындағы небір шырғалаңдарда халқымыз «тәуекел деп тас жұтып» шынықты, өсті, өнді, бүйірі тоғайды, байлыққа кенелді, тәуелсіз ел атанды. Себебі, Тәңір-Тағала тәуекел еткен құлдарын сүйеді.



7. Қазақ халқының қолданысындағы «сыйыну», «медет сұрау» ұғымдарының мәні
Қазақ халқы қолданатын діни-рухани ұғымдардың ішінде «сыйыну», «медет сұрау» деген ұғымдар кездеседі. Сыйынудың сөздіктегі мағынасы «Жаратушы құдірет бар деп табыну, бас ию», «Құдайға құлшылық ету» дегенді білдіреді. Ал ауыспалы мағынасы «қадірлеу», «ардақтау», «қастерлеу» түрінде беріледі.

«Медет» сөзі «қолдау», «көңіл-күйге арқау», «сүйеу боларлық күш», «қуат», «көңіл алданышы», «демеу» деген мағынада жұмсалады. Көңіл-күйге арқау боларлық сөз немесе мақсатқа құрылған істің басқалар жағынан демеу, қолдау тауып, жәрдемге ие болуы.

Алладан медет сұрау, тілеу, Алланы медет тұту деген тұрақты сөз қолданыстары мұсылман адамның Жаратушыға деген күнделікті құлшылығының мәнін, яғни үнемі өз іс-әрекетінде, ниетінде Құдіретті күш иесінен қолдау күтуін білдіреді. Адам баласының бір жаратушы күшке, құдіретке, тылсым күш иелеріне жалынып-жалбарынуы, жәрдем тілеуі – оның болмысында әрдайым болатын қасиет. Сондықтан да сыйыну, медет сұрау ұғымдарының адамзат қоғамының алғашқы дәуірінде-ақ пайда болғаны күмән тудырмайды.

Түбі бір түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына да ортақ мұралардың ең көне үлгілерінде кездесетін Тәңірге жалбарыну, рухтардың желеп-жебеуін, тылсым күш иелерінің жарылқауын тілеу ауыз әдетінде мінәжат жырлары түрінде кездескен. Ислам дінінің енуімен бірге төл әдебиетіміздегі сыйыну мәнді жырлар ислами реңге ие болып, «Аллаға мінәжат» ұғымының аясына топтасқан.

Қорқыт ата кітабындағы «Қазылық Қожаұлы Икенек бек әңгімесінің баяны» жырында бас кейіпкердің «жаратқан Аллаға сиынып, құлшылықпен мадақтауы» былай беріледі:

...Із-түзін білдіртпес білгір Тәңірім!

Зорлығың жоқ ешкімге, ұлы Тәңірім!

Қаһарлансаң қақыратқан Тәңірім!

Бірлігіңе сиындым, Ұлы Тәңірім!

Медет бер!

Жүсіп Баласағұннның «Құтты білік» дастанынан да осы ерекшелікті аңғаруға болады. Онда:

«Ей, мұңсыз ием, бұл мұңлық құлыңды

Жарылқап, күнәсін кешкін бұрынғы.

Үмітім тек сенде, сиындым саған,

Мұңайған сәтімде қолың соз маған» деп берілген.

Қазақ халқының ағартушылық, танымдық, рухани-моральдық тұрғыдан жетілуіне өз ықпалын тигізген ойшыл ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің де Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, базбір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған «Мінәжат» атауымен берілген хикметтері бар. Оның шығармаларында тұтастай Аллаға сыйыну, медет тілеп, жалбарыну мазмұнына құрылған «Иә Иләһи, заты ұлық хожам сыйынып келдім саған» деген тіркестермен берілетін көптеген хикметтер кездеседі:

Қазақ халқының ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің қазақ баласын білім-ғылымға шақырған өлеңі халқымыздың дүниетанымындағы сенімге негізделіп жазылған:

Бір Құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

Сонымен қатар қазақ халқының қолданысында әулиеден медет сұрау, әруақтарға құрмет көрсету түсініктері ежелден болған.

«Түркістанда түмен баб, Сіздерден медет тілеймін, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб, Ең үлкені Арыстан баб, Сіздерден медет тілеймін» немесе «Бабтардың бабы Арыстан баптан медет тілеймін» деген әулиеден демеу сұрау сөздері кездеседі.

Қазақтың дәстүрінде әулиеден медет тілеу дәстүрі болғанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Медет» атты өлеңінде дәлелдейді. Ол туралы:

Дін жолын Ол түзеткен,

Хақ зікірін берік тұтқан,

Халайыққа жол көрсеткен,

Ғаусул ағзам сенен медет,

Кәміл дүр сенің пірлерің,

Барша білер сырларын,

Түркістан дүр жерлерің,

Әзрет Сұлтан сенен медет

– деп, қазақтардың ұстанатын ислами мәзһабының негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифадан, содан соң Қожа Ахмет Ясауиден медет сұрайды.

Он үш жасар Абай «Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – бу һәммаси, Медет бер, я шагири фәрияд» дей отырып, Шығыстың ғұлама ойшыл ақындарынан өз шығармашылығына демеу сұрайды. Мұндағы медет ұғымы қолдау, демеу деген мағынаға толық саяды.

Бұл қазақ халқының өзіне дейін өткендердің қадір-қасиетін қастер тұтудан, соның жұғысты болуынан үміт етуден туындаған. Осындай діни түсінікке байланысты қазақтарда әулие-әнбиелердің мазарын, кесенелереін аралап, Аллаға ғибадат етіп, олардың рухына Құран бағыштау әдеті қалыптасқан.

Қазақ даласындағы мазарлар рухани тұрғыдан алғанда адамның өткенмен, өзімен, Алламен сырласу, арылу, есеп беру орнына айналған. Қазақтың қабірлерді ерекше қасиеттеуі, жиі зиярат етуі осындай себептерден туындаған. Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен байланыстырушылардың әрекеті қаншалықты қисынды дегенге келсек, қабірді зиярат етуге, әруақтарға Құран бағыштауға исламның тыйым салмайтыны, қайта қолдайтыны белгілі. Бағышталған Құран соңынан әрбір мұсылманның Алладан тілек сұрап, дұға ететіні белгілі жайт. Осы тілекті қабір басында айтқаны үшін ғана адамның әруаққа табынған болып саналмайтыны анық.

Қабір зияратындағы негізгі түсініспеушілік тәуассул мәселесінің дұрыс ұғынылмауынан туындайды. Алланың көркем есімдерін, пайғамбарымыздың немесе тақуалардың құрметін дәнекер етіп, солардың құрметіне тілек тілеу үрдісі исламның бастапқы кезеңдерінен бар екені белгілі. Құран аяттарынан, Мұхаммед пайғамбар хадистерінен бастау алған бұл тәуассул үрдісі өз кезінде пікір келіспеушіліктерін туындатпай қалған жоқ. Дегенмен дұрыс орындалған тәуассулдің, яғни дәнекер етілушіден (пайғамбардан, әулие-тақуалардан) емес, жалғыз Жаратушыдан ғана көмек сұраудың шариғатқа қайшы іске жатпайтыны да талай ғұламалар тарапынан дәлелденген.

8. Қазақ дүниетанымындағы «зауал» және «нәубет» ұғымдары
Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақ тілінің сөздік қорына араб тілінен бірқатар сөздер, ұғымдар енді. Кейбір сөздердің мағыналары баз-баяғы қалпында сақталса, енді кейбір сөздердің қолданылу аясы кеңейе түсті.

Араб тілінен енген ұғымдардың бірі «Зауал» сөзі «түстен кейінгі уақыт», «жаза», «сазай», «апат», «өлім» және «басқа төнген қатер», «жазасын алар уақыт» деген бірнеше мағыналарды білдіреді.

Халық аузында «Менменге – зауал, жүйрікке – тұмар» деген де сөз бар.

Сонымен қатар қазақ шешендік сөздерінде:

Жуан созылып,

Жіңішке үзіліп қалатын,

Құс қанатымен ұшып,

Құйрығымен қонатын,

зауал кездесті, – делінеді.

Ал Шал ақын болса:

Кемімеспін енді деп,

Зауалды жалған дүниеге,

Біле білсең таспаңдар

Қарсы жүрген адамың,

Басын исе достық қыл,

Жеңілсе дұшпан достық қыл,

Аяққа салып баспаңдар, – деп жырлайды.

Кейбір адамдар тарапынан зауал сөзі «Зауалың болғыр!», «Құдай зауалыңды берсін!» деген қарғыс ретінде де қолданылған.

Қасиетті Құранда Алла Тағала тарапынан күнәһар халықтарға жіберген зауалдары туралы баяндалған аяттар көптеп кездеседі. Мысалы, Ағраф сүресінде: «Біз оны (Нұхты) және онымен бірге болғандарды кемеде құтқарып, Біздің аяттарымызды өтірік дегендерді суға батырып жібердік» делінсе, келесі бір аятта: «Лұт өз қауымына: «Сендер әйелдерді қойып, нәпсілеріңді қандыру үшін еркектерге бардыңдар», – деді. «Лұт пен оған ергендерді құтқардық. Ғад қауымының үстіне тас жаңбыр жаудырдық», – делінеді.

Нұх пайғамбардың қауымы Жаратушының аяттарын өтірік дегендері үшін жазаланып, топан суға батырылған. Ғад қауымының еркектері жаппай қызтекелікке салынғаны үшін Жаратушы оларға тас боран жаудырған. Адам қауымының азғындауынан болған апаттар мен зауалдар тізбегі бұл оқиғалармен ғана шектелмейді.

«Зауал» сөзі «нәубет» ұғымымен қатар жүреді. «Зауал» сөзінің мағынасы кең ауқымды әрі ұзақ уақытты қамтыған, аса қорқынышты, қайғы-қасірет түсінігін білдірсе, «нәубет» белгілі бір халықтың немесе жеке адамның басына уақытша ғана түскен қиындығы болып табылады.

«Нәубет» сөзі де араб тілінен енген кірме сөздердің біріне жатады. Негізгі мағынасы – «апат», «кесапат», «ауыртпалық» және «қиыншылық».

Өз кезегінде Сүйінбай ақын:

Иманы жолдас болсын, балаң өлсе,

Кім тоқтайды, адамға нәубет келсе, - десе,

Ақын Қ.Жұмағалиев:

Қас пен достың құртып мысын,

Тақ құдіретін сезген-ді,

Басқа нәубет түсіп бүгін,

Бар қызықтан безді енді, - дейді.

Қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының, Ресейге бодан ел болғаннан кейінгі репрессия мен ашаршылықтың, Ұлы Отан соғысы жылдарының нәубетін көріп, ауыр азабын тартты. Көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдері халық басына төнген нәубет жылдарды туынды шығармаларына арқау етті.

М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» поэмасы, 1970 жылы Д.Досжановтың «Зауал» атты романы жарыққа шықса, 1990 жылы З.Қыстаубаевтың «Нәубет» атты публицистикалық ой-толғаулары, 2000 жылы Т.Отарбайтегінің «Зауал», 2005 жылы А.Әбілов пен О.Асылбаевтың «Зауал» атты әңгімелер жинағы жарияланды.

Аталмыш авторлардың еңбектерінде «зауал» мен «нәубет» ұғымдары әр түрлі қырларынан танылған. Бір шығармаларда қазақ ұлтының небір қиын күндерді бастан өткергендігі баяндалса, келесі бір шығармаларда адам баласы өзінің нәпсісін тізгіндей алмау салдарынан зауалға ұшырайтындығы жазылған. «Зауал» мен «нәубет» ұғымдары халық жадында бастан өткерген қиын-қыстау күндерді айшықтауда.

9. Ислам дініндегі және қазақ салт-дәстүріндегі «тәбәрік» ұғымының мәні
Ислам дінінде жиі айтылып, барша мұсылман қауымына айтылатын тілектер мен сөздердің бірі – «құт-береке» және «игілік» сөздері.

Араб тіліндегі «барака» (береке, игілік, құт) сөзі «қандай да бір нәрсенің үнемі ұлғайып-өсуі, көбейіп, азаймайтындығы, сондай-ақ игі жемістер мен нәтижелер беретін нәрсе, іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл аталмыш ұғымдар адамзат баласының Жаратушы тарапынан жақсылыққа кенелуін аңғартады.

Ислам шариғаты бойынша Жаратушы тарапынан белгілі мекендер мен мешіттерге, уақыттарға құт-береке (барака) дарытылған. Олар:

1. Белгілі бір мекендерге тән береке. Мысалы, Мекке мен Мәдина қалалары. Бұл қалаларда зәру болмаған жағдайды әскери іс-қимылдар жүргізуге, аңшылық жасауға, өсімдіктерге зиян келтіруге және т.б. әрекеттерге қатаң түрде тыйым салынғандығы сахих хадистерде кеңінен көрініс тапқан;

2. Белгілі бір мешіттерге тән береке. 1) Меккедегі «Әл-Харам» мешіті. Бұл мешітте орындалған намаз сауабы бойынша басқа мешіттерде орындалған жүз мың намаздың сауабына тең (Ахмад 4/5. Хасан хадис);

2) Мәдина қаласында орналасқан «Пайғамбар» мешіті (Мәсжид ән-Нәбәуи). Хадистерде: «Бұл мешітте орындалған намаздың сауабы (Меккедегі әл-Харам Мешітін есептемегенде) басқа мешіттерде оқылған он мың намазға тең» делінеді (Бухари 2/56; Муслим 2/1012);

3) Иерусалимдегі «әл-Ақса» мешіті. Аталмыш мешітте орындалатын намаз сауабы (екі Харам Мешіттерінен басқа) басқа мешіттерде орындалған мың намазға тең екендігі баяндалған (Хасан хадис).

3. Белгілі уақыт кезеңдеріне тән қасиеттер мен берекелер.

Мысалы, «Рамазан» айы мұсылман қауымы үшін қасиетті мәнге ие. Барша мұсылман ораза ұстап, зекет беріп, құлшылықтарын, яғни игі істерді барынша арттыруға тырысады. Қасиетті қадір түні (ләйләт әл-қадр) де аталмыш айға тиесілі. Қадір түнінің қасиеттері Құранда: «Ол артықшылығы бойынша мың айлардан артық, жылдың ең жақсы түні» (97-сүре, 2-3 аяттар), «Бұл түн берекелі болып табылады» (44-сүре, 3-аят), «Осы түнде келесі жылы жер бетінде және көктерде орын алатын нәрсенің барлығы тағдырға белгіленеді» (44-сүре, 4-аят), «Осы түнде жасалатын амалдар үшін берілетін сауаптар мың жылдан астам уақыт бойы жасалған амалдардың сауабына тең. Дәл осы түнде Құран түсірілді» (44-сүре, 1-3 аяттар) деген аяттар кездеседі.

Сонымен қатар, «зуль-ка’да», «зуль-хижжа», «мухаррам» және «ражжаб» айларының мән-мазмұны да айрықша. Ал күндерге келер болсақ, ислам дінінде зуль-хижжа айының алғашқы он күні, сондай-ақ ташриқтің үш күні ерекше белгіленген. Хадистерде мұсылмандар осы күндері игі амалдар атқарса, онда жылдың басқа күндеріндегі игі амалдарға қарағанда сауаптың көбірек уәде етілгендігі туралы мәліметтер кездеседі (Бухари 2/7). Зуль-хижжа айының тоғызыншы күні – арафа күні. Хадистерде: «Кім осы күні ораза ұстаса, ол адамның өткен және келесі жылдағы күнәлары кешіріледі» делінген (Муслим 2/819). Бұл күндердің қатарынан «Құрбан айт» күні де орын алады.

Апта күндеріне келер болсақ, олардың арасында жұма, дүйсенбі және бейсенбі айрықша белгіленген.

4. Зәмзәм бұлағының қасиеті мен берекелі екендігіне хадис шарифтерде бірқатар дәлелдер келтірілген. Хадистерде зәмзәм суының жер бетінде ең жақсы су екендігі, берекелді әрі тойымды, сонымен қатар ауруларға шипа екендігі жайлы мәліметтер кездеседі.

Сонымен қатар, Алла Тағала пайғамбарларға ерекше құт-береке мен шипа дарытқан. Мұхаммед пайғамбар тұсында сахабалар одан «тәбәрік» іздейтін.

«Табрик» сөзі – ислам шариғаты бойынша екі түрлі мағынаны білдіреді: 1) Бір адамның басқа адам үшін Алладан береке тілеуі. 2) Алла Тағала Өзінің қандай да бір жаратылысын игілік-берекеге бөлеуі. «Табаррук» (тәбәрік) сөзі – бұл қандай да бір нәрсе (зат) арқылы игілік-береке іздеу және оны қабылдап алуға ұмтылу.

Ал еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Тәбәрік» (теберік) сөзіне – естелік үшін алынатын не пайдаланатын қастерлі зат» деп анықтама берген.

Пайғамбарлар  Алла Тағала тарапынан көптеген мұғжизалар мен ерекше физикалық қасиеттерге ие жандар. Сахабалар Мұхаммед пайғамбардың тірі кезінде оның өзімен (ол арқылы), ал ол қайтыс болған соң одан қалған заттар (нәрселер) арқылы тәбәрік (Алланың Елшісі ауыра бастаған кезде алақандарына Құранның соңғы екі сүрелерін оқып, одан кейін алақандарына әлсін-әлсін түкіріп (үшкіріп), олармен өз денесін сүртетін. Ал оның ауыруы күшейген кезде, мен өзім оның алақандарына осы сүрелерді оқитынмын, одан соң оның қолдарының берекесі ауруды жеңілдетеді деп үміттеніп, оның денесін оның қолдарымен сүртетінмін» (Бухари 7/22; Муслим 4/1723).

Әнас ибн Мәлик: «Алланың Елшісі таң намазын аяқтаған соң, оның алдына Мәдинаның барлық жерінен келген қызметшілер жиналатын. Олар өздерімен бірге су толтырылған ыдыстар алып келетін. Әрі оған қандай ыдыс ұсынылса да, ол оған өзінің қолын салатын, тіпті таң қатты суық болса да» деп баяндаған (Муслим 4/1812).

Ал Абу Жухайфа риуаят еткен келесі бір хадисте былай делінген: «Бірде түсте Пайғамбар дәрет алып, екі ракағат бесін (зухр) намазын және екі ракағат екінті (аср) намазын орындады. Намаздан соң оған адамдар жақындап келді де оның қолдарынан ұстап, олармен беттерін сүрте бастады» (Бухари 4/165).

Сахабалар Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін сахабалардың ішіндегі ең жақсыларымен, халифалармен де, жәннатпен сүйіншіленген он сахабамен тәбәрік (табаррук) жасамаған. Өйткені олар физикалық тұрғыдан құт-берекеге ие болудың тек пайғамбарларға тән ерекше сипат екенін білген.

Бұл мәселеге қатысты Имам Ибн Ражжаб: «Сахабалар мұндай тәбәрікті тек Пайғамбармен жасаған әрі мұндай тәбәрікті басқа сахабалармен жасамаған. Сондай-ақ сахабалардың ізбасарлары да сахабалармен тәбәрік жасамаған. Осының барлығы физикалық тұрғыдағы құт-берекеге ие болу – бұл Пайғамбардың айрықша сипаты екендігін нұсқайды. Сондықтан да олар оның дәрет алып болғанынан кейін қалған суын, сондай-ақ оның шаштарын т.с.с. пайдаланып құт-береке іздейтін еді» дейді («әл-Хикам әл-Жәдира» 55-бет).

Қазақ халқының дүниетанымы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ислам шариғатымен өзара үйлесе дамыды. Қазақ тіліне араб тілінен бірқатар ұғымдар еніп, кейбір сөздердің мән-мағынасы кеңейе түскен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін сөз қорына енген «тәбәрік» сөзі қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде өз орнын тауып, бірнеше мағынада қолданылуда. Соның бірі  қайтыс болған адамның артынан жыртыс, тәбәрік тарату үрдісі. Марқұмның артында қалған жақындары қайтыс болған адамға сауабы тие берсін деген мақсатта садақа беру ниетімен «тәбәрік» таратқан.

Бір күні Мұхаммед пайғамбарға бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болып, артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниені (пәлен жерге берілсін деп) өсиет етпеп еді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме?» деп сұрайды. Мұхаммед пайғамбар бұл сұраққа «ия» деп жауап береді. Ислам шариғаты бойынша марқұмның артында қалған туған-туыстарының садақа беруі құпталған, игі амалдардың қатарына жатады.

Қазақтар әйел адам қайтыс болған жағдайда 40 инеге жіп сабақтап, оған қоса бір салымнан шәй қосып, әйелдер қауымына жіп-шу деп тарқататын болған. Бұның мағынасы қайтыс болған марқұмның тірі кезінде қарыз алған жіп-шуы болуы ықтимал. Бұл үрдіс мойнына қарыз болып жүрмесін және садақа болсын деген ойдан туындаған. Ал жасы үлкен, өнегелі ісімен көпшілік алдында сыйлы болған, көзі тірі немесе қайтыс болған адамнан сол кісінің жасын және жолын берсін деп, киім-кешектері мен заттарын тәбәрік ретінде ырымдап алатын болған.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп халқымыз әрқашан жақсы сөз бен игі ниетке ұмтылған. Мысалы, келін түсіріп, той жасағанда немесе т.б. отбасылық қуаныштарға орай келген қонақтар шашылған шашудан «тәбәрік», яғни бізге де жұғысты болсын деп сарқыт алатын болған. Сонымен қатар, біреу ойын-тойда бәйге, жүлде алса немесе құдалық салт-дәстүрде кәде алса, сол кәдеден жанындағы адамдарға үлес беруі керек. Мұндайда жұрт одан «тәбәрік бер» деп сұрап алады. Олжалы адам әдет бойынша тәбәрік беруге міндетті, бермеуі ұят, сараңдық, дәстүр сыйламағандық болып саналады.

Бірде Мұхаммед пайғамбар Анас ибн Малик деген сахабасының үйінде ұйықтап жатады. Ұйықтап жатқанда оның жүзінен тері тама бастайды. Анас ибн Маликтің анасы Румейса өзінің иіс су құятын ыдысын алып, пайғамбардың терін әтірімен араластырып құйып алады. Мұхаммед пайғамбар оянып: «Румейса, мұсылманның анасы, не істеп жатырсың?», – дегенде: «Сіз терлегенде теріңізден хош иіс шықты, оның иісі өте жұпар екен. Соны иіс суыма араластырып «тәбарак» деп алып отырмын» дейді. Егер ислам дінінде тәбәрік алу, сарқыт алу әрекеті дұрыс емес болса, онда Мұхаммед пайғамбар бұл іске тыйым салған болар еді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет