Депутат Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің сотталғаны туралы жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Депутаттың айтуынша, Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. 

“26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды”, – делінген жазбада. 

Ермұрат Бапи бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмағанын ескертіп, сот шешіміні әлдекімдердің әсер еткенін айтады. 

“Бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Соған қарағанда, мүдделі біреулер "8 жыл" деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл "комедияның" басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай.

Ең қиыны – бұл Әділетті Қазақстан құру бастамасын алға қойған қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне белгілі бір деңгейде нұқсан келтіреді”, – дейді депутат. 

Сонымен қатар депутат жазбасында Самат Әбішпен қатар Алматыдағы Қаңтар оқиғасына жауаптылардың тиісті жазаларын алмағанын айтады. 

“Тағы бір кереғар ой – Самат Әбішке қатысты ескі жүйенің әлі ешқайда кете қоймағаны! Егер әділетті, жаңа жүйе қалыптасты десек, онда тек ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары ғана емес, 238 адам қаза тауып, миллиардтаған материалдық шығын әкелген Қаңтар қасіретіне жауапты үлкенді-кішілі барлық шенділер түгелдей жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алулары керек еді. Үлкен өкінішке қарай, әлі олай болмай тұр. Отыз жыл бойы қара халықты зар қақсатып, еліміздің бар байлығын бауырына басқан ескі Қазақстанның өкілдері бұған барынша қарсылық көрсетіп, өткенді аңсап, соған қайтып келуге тырысып бағуда”, – делінген жазбада.

Еске салсақ, бұған дейін Самат Әбішке қатысты "Қаңтар оқиғасы" кезінде билігін және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айыппен сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы жазған едік. 2024 жылдың 15 қаңтарында Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.