Ќазаќстан республикасы оќу жєне білім министрлігі



жүктеу 2.33 Mb.
бет13/16
Дата19.09.2017
өлшемі2.33 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Жер бедері. Топырақ эрозиясы кез келген жер бедерінде пайда болады. Дегенмен, ол көбінесе дөңес жерлерде тезірек пайда болады. Мұның әсіресе су эрозиясына қатысы бар.

Өсімдіктер жамылғысы эрозияның басты факторлардың бірі. Егер, өсімдіктер жамылғысы күшті және оның тығыздығы зор боса, онда эрозия процесі болмайды, немесе баяу жүреді және керісінше. Себебі жер бетіндегі өсімдік жамылғысы жақсы болса, ол желдің күшін азайтып, топырақ түйіршіктерінің желмен ұшып кетуіне кедергі жасайды. Ал, өсімдік жамылғысынан айырылған жерлерде эрозия процесі күшті жүреді. Өсімдік жамылғысының жоғалып кетуіне топырақ өңдеу тәсілі және малды ретсіз жаю үлкен әсер етеді. Адамдардың шаруашлық іс-әрекеті топырақ эрозиясының пайда болуына әсер ететін күшті фактор. Ол әсіресе 1954-1956 жылдар арасындағы тың және тыңайған жерлерді көтеру кезінде республикада жел эрозиясының пайда болуына үлкен әсерін тигізді. Әсіресе, республика топырағының гранулометриялық құрамын және ашық далалық аймақтағы желдің күшін еске алмай 25 млн астам жерлерді қайырмалы соқалармен аударып жыртқанда, яғни өзінің өсімдік жамылғысынан айырылғанда күшті байқалды. Республиканың ауа райын зерттейтін станциялардың деректері бойынша тың көтерілген аймақтарда жылына 300 күн желді болып тұрады екен. Міне, осындай үлкен массивті жыртып тастау жел эрозиясының пайда болуына әкеліп соқтырды. Осының арқасында тың игеруден он жыл өткен соң республика бойынша жел эрозиясы 11 млн гектер жерді қамтыды. Сол жылдар ішінде Павлодар облысының Шарбақты ауданында жел эрозиясының кесірінен 300 мың гектардан астам жер ауыршаруашылық өндірісіне пайдлануға жарамсыз болып қалды. Ал, облыс бойынша 1955-1961 жылдар арасында жел эрозиясы 700 мың гектар жерді қамтыды. Тек, бұрынғы “Лебяжье” кеңшары 1958 жылы жел эрозиясының кесірінен бірнеше мың гектар жерді айналымнан шығарып тастауға мәжбүр болды.

Ал, 1962 жылы Қазақстанның солтүстік өңірінде орналасқан төрт облысында (Қостанай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) эрозияның әсерінен 1,5 млн гектар жер пайдаға асудан қалды.

Топырақ эрозиясының пайда болуына оның гранулометриялық құрамы үлкен әсер етеді. Гранулометриялық құрамы жеңіл, құмдақ, құмдауыт топырақтар жел эрозиясына тез ұшырайды.

Қазақстан Республикасы жер қорын басқару Агентігінің мәлеметтері бойынша еліміздің ауыл шаруашылығында пайдаланылатын 222,5 млн гектар жердің 8,1 млн. жеңіл сазбалшықты, 3,3 млн га құмдауыт, 2,77 млн. құмдар. Бұл топырақтарда кез келген уақытта эрозия пайда болуы мүмкін.

Эрозия түрлері . Эрозияны тудыру факторларына байланысты оның екі түрі, яғни жел және су эрозиясы болады. Осылардың ішінде Қазақстандағы басым түрі-жел эрозиясы.

Жел эрозиясы кезінде топырақтың майда бөлшекері ұшып “қара дауыл” көтеріледі, ал су эрозиясы болған танаптарда үлкенді-кішілі жыралар пайда болады және жаз айларында өте тапшы болатын су мен әр түрлі коректік заттар ағып кетеді, яғни топырақтың құнарлылығы төмендейді. Сондықтан, эрозиямен күрес, топырақты және оның құнарлылығын сақтау үшін күрес деген сөз.

Эрозия топырақтың түзілу процесімен қатар жүретін құбылыс. Топырақ бетіндегі табиғи, немесе ауылшаруашылық дақылдарының өсімдік жамылғысы қаншалық тығыз болғанымен су көп болған ретте топырақ бөлшектерін белгілі мөлшерде шайып, ағызып әкетіп су эрозиясын тудырады.

Жел қатты соққан кезде топырақтың өсімдік жамылғысы жоқ немесе ол аз жерлерде майда ұлпаны ұшырып әкетіп жел эрозиясын тудырады. Бұл қалыпты эрозия деп аталады. Ол баяу жүреді және аса зиян келтірмейді. Қалыпты эрозия климатқа, жер бедеріне, топырақтың судың шаю күші мен желдің бұзу төзімділігіне, өсімдік жамылғысының сипаты мен тығыздығына байланысты болады.

Шапшаң немесе қалыпты эрозия адамның іс-әрекетінен және табиғатта қалыптасқан байланыстардың бұзылуынан туады. Жел эрозиясы орманы жоқ, ашық, жауын-шашын шамалы жауатын жазық далаларда болады. Қазақстанда жел эрозиясы тың және тыңайған жерлер игерілген өңірде көптеп кездеседі. Ол жерлер жыртылғаннан кейін Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе т.б. облыстарының топырақтары жел эрозиясынан қатты зардап шекті. Жел эрозиясы кезінде қарашірігі мол, гранулометриялық құрамы жеңіл, коректік заттарға бай топырақтың үстіңгі құнарлы қабатының майда түйіршіктері ауаға көтеріліп, желмен бірге ұшып кетеді. Күнделікті (жергілікті) эрозия. Әр жердің өзіне тән үйреншікті желі болады. Сол жердің әсерінен үлкенді-кішілі сырмалар, құйындар болып тұрады. Бұл желдер үйреншікті болған соң, оған көп көңіл бөлінбейді. Ал, ғалымдардың есебіне қарағанда олардан да келетін зиян аз емес. Мұндай эрозияның әсерінен күн сайын топырақтың құнарлылығы кеміп отырады, желмен ұшқан майда түйіршікерден дақылдардың жас өркендері зардап шегеді, олардың жапырақаы жырымдалып, жыртылады.

Егер, танап топырағының 50 пайызынан көбінің диаметрі 1-2 мм-ден үлкен кесек түйіршіктерден тұрса, ондай танапта жел эрозиясы болмайды. Жел эрозиясының басталуына қатты әсерін тигізетін түйіршікерге диаметрі 0,5-1 мм болатын топырақ кесекшелері жатады. Мұндай түйіршіктер қатты желдің әсерінен көтеріледі де, жер бетімен секіріп домалай бастайды. Осы кезде кесектер басқа кесектерге соғылып, олардың да орнынан қозғалуына себепші болады. Ол кесектер басқаларды қозғайды, сөйтіп ақыры жел эрозиясына айналады. Диаметрі 0,1 мм-ден кем түйіршіктер қатты желдің әсерінен (жылдамдығы 15 м/сек) едәуір алысқа ұшып кетеді де, қалғаны бір жерге үйіледі.

Жел эрозиясының қатерлі де қауіпті түрін шаң дауылы дейді. Ол жердің беті өсімдік жамылғысынан айырылған немесе нашар қорғалған, желі күшті соғатын, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл аймақтарда болады.

Топырақ эрозиясының келесі түрі су эрозиясы. Ол жер бедері күрделі болып келетін Қазақстанның суармалы, таулы және тау бөктерінде орналасқан оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында, ал қар қалың түскен жылдары республиканың солтүстік, батыс облыстарында, әсіресе пар танаптарында пайда болуы мүмкін.

Қар суын жерге тездетіп сіңіру үшін ешқандай әрекет жасалмаса, онда су эрозиясы барлық жерде пайда болады. Су эрозиясы кезінде тек топырақтың құнарлы бөлшектері шайылып қана қоймайды, сонымен бірге оның терең қабатында ылғал аз жиналады, содан барып дақылдар өсу кезінде су тапшылығын көреді. Су эрозиясы тамшылық, жайдақ, сызықтық және иррагациялық болып төртке бөлінеді.

Тамшылық эрозия. Жаңбыр нөсерлеп жауғанда әр тамшының диаметрі 1мм-ден 5мм, соңғы жерге тамардағы жылдамдығы секундына 4,5-9,0 м болады. Осы тамшы топырақтың майда кесекшелеріне тиіп, оны бірте-бірте үгітіп езіп жібереді. Үгітілген бос, майда ұнтақтар топырақтың үстіңгі қабатындағы жіңішке саңлауларды бекітіп, судың сіңуіне кедергі жасайды. Топыраққа сіңіп үлгермеген су жер бетімен ағып, өзімен оның беткі қабатындағы майда бөлшектерін ала кетеді, сөйтіп топырақтың құнарлылығын төмендетеді.

Беткі (үстіңгі) эрозия судың ағынды күші әсер етуінен пайда болады. Мұны кейде жазықтық эрозия деп атайды. Беткі эрозия өте қауіпті, себебі ол көзге онша ілінбей өтіп жатады. Бірақ, бұл эрозиядан келетін зиян көп. Оның әсерінен жыл сайын танаптың әр гектарынан 5 тоннадан 25 тоннаға дейін топырақ шайылып кетеді. Уақыт өткен сайын топырақтың органикалық затарға бай майда түйіршіктері азайып, құнарлылық кемиді, соның салдарынан алынатын өнім төмендейді.



Сызықтық эрозия. Қар еріген немесе жауын жауған кезде судың қатты ағысы топырақта ор жасап, ол жер бірте-бірте үлкейіп, терең жыраға айналады. Оладың ені 2-3 метрге, кейде тіпті 10 метрге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда топырақтың үстіңгі қабаты ғана емес, оның терең қабаттары да бұзылады. Осыны сызықтық эрозия дейді.

Ирригациялық эрозия. Суару кезінде топырақтың далалық су сиымдылығынан артық су бірлесе, онда топырақ беті шайылып эрозия пайда болады. Танапты дұрыс суармаудан туындаған осы эрозияны ирригациялық эорзия дейді.

Топырақты су эрозиясынан қорғауда агротехникалық шаралардың маңызы зор. Бұл шаралар онша қиын емес, оларды кез-келген шауашылықарда қолдануға мүмкіндік бар. Олардың ішіндегі ең бастысы жерді дұрыс өңдеу болып табылады.



Жерді өңдеу. Эрозия жер бетімен ағатын судың әсерінен болатындықтан, барлық агротехникалық шаралар суды топырақтың терең қабатарына сіңіруге бағытталу керек. Еріген қар, жаңбыр сулары топыраққа тез сіңсе, онда жер бетімен су ақпайды, сондықтан эрозия болмайды. Су эрозиясы көптен-көп жер жырту тәсілдеріне байланысты. Дөңес жерді жыртуды тек қана еңіске көлденең жүргізеді, жырту тереңдігі 25-27 см-ден кем болмауы керек.

Контурлап жырту. Мүмкіндік болса жырту жұмысын контур бойынша жүргізу қажет. Бұл үшін теодолит, не нивелир қолданылады. Танапты жыртқан кезде алғашқы соқа қағылған қазықтар бойымен жүріп өтеді, яғни бұл контурды сызып өтті деген сөз. Қалған агрегаттардың да бағыты осы контурға параллел болуы тиіс. Бұл жұмыстың бір қиындығы-жыртылған жерге тұқым себіліп, ол өсіп шыққан соң әлгі жүргізілген контурлы сызықтан адасып қалуымыз мүмкін. Бұлай болмауы үшін контурлық сызықтың бойымен көденеңі 3-4 метр етіп көпжылдық шөп егіп тастаған орынды. Содан кейінгі жырту жұмысы сол жолақтың бойымен жүргізіледі. Көпжылдық шөптерден жасалатын жолақтардың көлденеңі дәнсепкіштің бір жүріп өтетін алымындай болуы тиіс. Мұндай жолақтарды әдете әр 100 метр сайын жүргізіп отырады.

Топырақты жолақтап жырту. Күзде кейбір себептермен дөңес жерге орналасқан танаптарды түгел жыртуға мүмкіндік болмаса, онда міндетті түрде еңіске көлденең жолақтап жыртып тастау керек. Жолақтың көлденеңі трактор соқасының бір, не екі алымындай болуы тиіс. Бір жолақ пен екінші жолақтың арасы мен ұзындығы жердің еңістігіне байланысты өзгеріп отырады. Жердің дөңестігі онша көп болмаса, еңістігі 20-тан кем болса, жолақтардың арасы 10-15 метр болуы керек. Көктемде еріген қар суын жерге сіңіруге әдетте осының өзі жеткілікті болады. Қар суы жыртылған жердің бос топырағына тез сіңіп эрозия болмайды. Егер, дөңес жердің еңістігі 20-тан артық болса, оны тек терең етіп көлденең жырту жеткіліксіз. Қар суының жер бетімен ағуына жол бермеу үшін әр түрлі су ұстайтын микро бедерлер жасау керек. Жерді әр түрлі жалдар, сатылар пайда болатындай етіп жыртқан жөн. Сондай-ақ, арнаулы құралмен су тоқтайтын әр түрлі ұялар жасау қажет.

Көлденең-жалдап жырту. Бұл жұмысты кәдімгі соқамен жүргізуге болады. Ол үшін соқаның төрт аудрғышының біреуін 40-50 см етіп ұзартып қояды. Жырту кезінде бұл аударғыш топрақты алдыңғы аударылған жерге тастайды, содан биіктігі 12-16 см жал пайда болады. Оның үстіне топырақ түспей қалған қарық арық тәрізді арна болып қалады. Қар суы осыларға тоқтап, топырақтың терең қабаттарына сіңе алады.

Ұялар жасау күзде сүдігер жытрылған жерлерде жүргізіледі. Бұл үшін тракторға тіркелген арнаулы ұя жасайтын ЛОД-10 типтес құралдары қолданылады.

Сызат жасау ең көп тараған пайдасы мол тәсіл. Мұның бір жақсы жері, жыра жасалғаннан кейін де әр түрлі дақылдарды күтіп-баптауға арналған агротехникалық шараларды жүргізе беруге болады. Сызат ШП-3-70 маркалы құралмен 40-50 см тереңдікке арасы 1,4 метрдей етіліп жасалады. Сондықтан, қар суы топыраққа оңай сіңеді де, жер бетімен ақпайды. Жердің еңістігі 100 болғанға дейін сызат жасау жұмысы жақсы нәтиже береді. Сызат жасау жұмысын тек қана сүдігерге жыртқан танаптарда ғана емес, сонымен қатар көпжылдық шөптер егілген жерлерде де, күздік бидай себілген танаптарда да, тіпті шабындықтар мен жайылымдарда да жүргізуге болады. Су эрозиясына қарсы жасалған әр түрлі ұялар, жалдар көктемде тегістеледі. Жерді тегістеу үшін тракторге тіркелген КПС-4 культиваторы, ЗБТС-1,0 ауыр тырмалармен бір агрегатта қолданылады және жер тегістегіш ВПН-5,6 А құралын, МВ-6,0 мала тегістегішін де қолдануға болады.

Тыңайтқыштар қолдану. Эрозия кезінде топырақтың құнарлылығы қатты кемитіндіктен мұндай жерлерге органикалық және минералдық тыңайтқыш берудің маңызы зор. Тыңайтқыштар топырақтың құнарлылығын қалпына келтіреді, эрозияға ұшыраған жерлерге егілген дақылдардың өнімі көтеріледі.

Топырақ қорғайтын ауыспалы егістер. Су эрозиясы бар жерге отамалы дақылдарды егуге болмайды. Себебі, отамалы дақылдардың бәрі дерлік топырақтың қопсып жатқанын қалайды және суды көп керек етеді. Сондықтан, отамалы дақылдарды еңістігі 1-1,5 градустан аспайтын жерлерге орналастыру керек. Эрозияға бейім жерлерге дәнді-шөпті ауыспалы егісін қолданған дұрыс.

Орман-мелиорациялау шаралары. Эрозияға қарсы отырғызылатын орман алқаптары топырақтың бұзылмай сақталуына септігін көп тигізеді. Бұл орман алқаптары төмендегідей болып бөлінеді:

- су бөлінетін қырда отырғызылатын орман алқабы қардың көп жиналуына, әсерін тигізеді және жел екпінін бәсеңдетеді;

- су шайып сай-жыраға айналған жерлерге егілетін ағаштар танаптың шетіне дейін созылуы тиіс. Бұл ағаштар сол сайдың жыраланған жағасын бекітеді, жыраның үлкеймеуіне, эрозияның азаюына септігін тигізеді;

- су ағатын сайлардың, өзендердің жағасына отырғызылатын орман алқаптары сол арналардың бойындағы топырақтың эрозияға ұшырамауын қамтамасыз етеді;

- сайдың, жыраның табанына отырғызылатын орман алқабы оларды әрі қарай тереңдеп шайылудан сақтайды. Топырақ эрозиясы болмауы үшін дөңес жерлерге орман жолақтарын отырғызады. Бұл жолақтардың арақашықтығы жердің еңістігіне қарай өзгеріп отырады, егер еңістік 2-30 болса, бір жолақпен екінші жолақтың арасы 300-400 м болады, еңестік 3-40 болса - 250-300 м, ал еңістік 50-тан көп болса 150-200 м болуы тиіс. Орман алқабының көлденеңі 12-20 метр болғанда дөңес жерлерден аққан суды топырақ толық сіңіре алады.

Ирригациялық эрозияға қарсы шаралар. Қазіргі кезде Қазақстанда суарылатын барлық жерлердің көлемі 1,2 млн гектар шамасында, оның ішінде егістік жерлер 1,0 млн гектардай. Мұның 90%-дан астамы республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы облыстарында орналасқан. Бұл жердің ішінде егінжай ретінде пайдаланып жүрген дөңес жерлерлер де аз емес. Дөңес жерде су ағысы қатты болатындықтан, суармалы жердің көбісі эрозиядан үлкен зардап шегуде. Ғалымдардың есебіне қарағанда жер суару ережесі мен тәсілі бұзылып жүргізілсе, бір рет суарғанның өзінде ғана әр гектардан 40-50 тонна топырақ шайылып кетеді екен. Ирригациялық эрозия топыраққа келтіреін зиянына қарай екіге бөлінеді:

- суару эрозиясы, яғни жайдақ эрозия, дақылдарды суару кезіндегі болатын танаптағы топырақтың шайылуы;

- қарықтар эрозиясы, яғни сызықтық эрозия – қарықтар мен каналдардың судың әсерінен қазылып шайылуы.

Суару эрозиясы кезінде топырақтың майда, жеңіл, құнарлы бөлігі танаптың биік жерінен сумен төменгі жағына ағып барады да, танаптағы топырақың құнарлылығының әр түрлі болуына әкеп соғады. Жыл өткен сайын танаптың биік жерлерінің құнарлылығы кеми түседі.

Су эрозиясын болдырмау үшін төмендегідей шаралар қолданылады:

- суды ағызып суарудың орнына жаңбырлатқыш техникаларды қолдану керек;

- егіншілікте жаңа әдіс дискретті суаруды қолдану су эрозиясын болдырмауға септігін тигізеді;

- топырақты тек жер астынан суландыратын арнаулы түтіктер жүйесін қолдану өте жақсы нәтиже береді;

- су жүретін жүйелерінің ішін бетондау, әр түрлі темірбетон құбырлар, науалар қолдану;

- су жүретін жүйектердің ұзындығы, тереңдігі, оның ішімен жүретін су мөлшері топырақтың түріне байланысты, ол шайылмайтындай етіліп өзгеріп тұруы керек;

- эрозиядан қатты зардап шеккен танаптарға көпжылдық шөптер егіліп, олар ауыспалы егіс жүйесінен шығарылып тасталуы тиіс;

- эрозияға ұшыраған жерлерге органикалық тыңайтқыштар қолдану жақсы нәтиже береді. Әр гектарға 40-45 тонна көң сіңірілсе, топырақтың физикалық қасиеттері едәуір жақсарады;

- жердің құнарлылығын көтеру үшін бұршақ тұқымдас дақылдарды жасыл тыңайтқыш (сидераттар) ретінде қолдану керек.;

- жерді тегістеу және дұрыс жоспарлау ирригация эрозиясын азайтады;

- танаптарға су жеткізуге арналған қарық жүйесі оны шайып тереңдете бермеуі үшін жердің ыңғайына қарап әр түрлі тұспалар мен бетонды төккіштер жасау керек.

Жел эрозиясымен күрес шаралары Академик А.И.Бараев атындағы бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы, академик В.Р.Вильямс атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институттарының және көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары жел эрозиясымен күрес шараларын зерттеп, оларды өндіріске кеңінен енгізді. Осы шаралардың бастылары мыналар:

1. Топырақты аударып жыртпай, оның бетінде аңыз қалдыру және басқа өсімдік қалдықтарын сақтау. Жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу мекемелерінің деректері бойынша өңделгеннен соң танапта 70 % дейін немесе әр шаршы метр жерде 200-300 дана аңыз сақталса жел эрозиясы болмайды екен. Ол үшін топырақты арнаулы құралдармен өңдеу керек. Оларға топырақты сыдыра қопсытатын, танап үстіндегі аңыздарға онша көп зақым келтірмейтін, жерді терең өңдеуге арналған жазықтабанды КПГ-250, КПГ-2-150, таяз өңдеуге арналған КПШ-9, КПШ-11, КПШ-12 сыдыратілгіш культиваторлары, көктемде ылғалды жабуға арналған БИГ-3 А, БИГ-6 тырмалары, ЛДГ-10, ЛДГ-15, БМШ-15 құралдары, аңызға тұқым себетін СЗС-2,1А дән сепкіштері жатады.

Соқамен аударып жыртылған жерлерде эрозияның салдарынан әр гектардан 10,6 тонна, ал аңыз қалдырылып өңделген танаптардан 1,2 тонна топырақ ұшып кетеді екен. Жел эрозиясы болып тұратын ашық далалық аймақта жерді сыдыра қопсытатын құралдармен өңдегенде соқамен аударылып жыртқан жерлерге қарағанда танаптарда қар қалың тоқтайды. Көктемде сыдыра қопсытылған сүдігерге қарағанда едәуір ылғал көп болады. Осының әсерінен ауылшаруашылық дақылдарының әр гектарын 1,5-3ц өнім артық алынады.

Аңызы сақталған танаптарда көбіне желтоқсан айының басында-ақ қалыңдығы 20-30 см қар тоқтайды, ал аударылып жыртылған танаптарда қар көбіне қыстың екінші жартысында ғана тоқтайды және қалың болмайды. Аңызы сақталған танаптарда қар ерте тоқтайтын себепті жер 70 см-ге дейін тоңданып қатса, ал аңызы жоқ танапта ол 1,5-2,0 метрге дейін тоңданады.Сондықтан, аңыз сақталған жерлерде көктемде қар баяу еріп, оның суы топыраққа жақсы сіңеді.

Мысалы, бұрынғы Қазақ ғылыми-зертеу астық шаруашылығы институтының зерттеулері бойынша орта есеппен 5 жыл ішінде жерді соқамен аударып жыртқанда танаптағы қардың қалыңдығы 17,4 см, ал жазықтабан сыдыра тілгіш культиватормен терең қопсытып өңдегенде 33,7 см, яғни қар екі есе көп жиналған. Топырақтағы соған сәйкес алғал қоры 512 м3/га және 978 м3/га, ал жаздық бидай өнімі 9,5 ц/га және 12,8 ц/га болған.

Жел эрозиясы қаупі бар аймақтарда ерте таза пар қолданған дұрыс, яғни парға қалдырған танаптарды өңдеуді көктемде бастау керек. Бұл өңдеулер сыдыра қопсытатын құралдармен жүгізілуі тиіс. Осылай еткенде жаз бойы жер бетінде аңыздар сақталады да топырақ эрозиясы болмайды. Ғалымдар жүргізген көпжылдық зерттеулер жерді сыдыра қопсытқанда күз, қыс кездерінде түсетін ылғал топыраққа толық сіңуіне мүмкіндік туатынын көрсетіп отыр. Танапта жатаған бидайық сияқты көпжылдық көгентамырлы арамшөптер болса, сыдыра өңдейтін құралдарды қолданған сайын олардың саны арта түседі. Сондықтан, мұндай танапарды парға қалдырып, жаз бойы жерді 4-5 рет сыдыра қопсытқыш культиваторлармен өңдеп, арамшөптерді жою керек.

Парға қалдырылған танап жаз бойы бірнеше рет өңделетін болғандықтан жаздың екінші жартысында жер бетіндегі аңыздың азаюы себепті жел эрозиясы болу қауіпі туады. Сондықтан, парға қалдырылатын танапқа орақ кезінде астық сабанын жинамай, шашып тастау керек, өйткені ол топырақты эрозиядан қорғауға септігін тигізеді.

Жерді сыдыра қопсытатын құралдармен өңдегенде арамшөптердің саны кейбір жағдайда көбейе түседі. Сондықтан, топырақ қорғаудың бұл тәсілін қолданған кезде ауыспалы егіс жүйесі мүлтіксіз орындалуы керек. Сол ауыспалы егістің бір танабы міндетті түрде пар болуы тиіс. Егістіктің топырақ қорғайтын жүйесі оны терең өңдеуді талап етеді. Парға қалдырылған танапты тамыз айының аяғында терең етіп КПГ-250 жазықтабан сыдыратілгіш культиваторы типтес құралдармен өңделеді содан 2-3 жыл бойы топырақ тек 10-14 см тереңдікке таяз өңделіп тұрады. Кей жағдайда парға қалдырылған танаптарда арамшөптерді жою үшін культивациялаудың орнына әр түрлі гербицидтер қолдануға да болады.

2. Танаптарда жолақтың ені желдің күшіне қарай әр түрлі болады. Мысалы, желі күшті соғатын жерлерде жолақтың ені жалпақ, ал желі бәсең жерлерде керісінше жіңішке болу керек. Осыған орай жолақтардың енінің орташа жалпақтығы 50-100 метрге дейін болады. Жолақтар соғатын желдің бағытына кесе-көлденең орналасуы қажет.

3.Эрозия болатын жерлерде айналымы он жылда бітетін 5 танапты топырақ қорғау ауыспалы егісін енгізу және игеру қажет. Оларда дақылдар мен парларды жолақтап орналастыру керек.

4.Танаптардың жиектеріне топырақты желден қорғайтын орман алқабын отырғызу.

5.Топырағының грануметриялық құрамы жеңіл құмдақ және құмдауыт жерлерде танаптарға көпжылдық шөптерді егіп тастау жел эрозиясын тоқтатады.

6. Парларға биік өсетін дақылдардан ықтырма себу. Ол қыста қар ұстаумен қатар, желдің күшін азайтып, топырақтың тозаң түйіршіктерінің ұшып кетуіне тосқауыл қояды. Осындай кешенді шараларды жүзеге асырса жел эрозиясын мүлдем тоқтатуға болады

Бақылау сұрақтары


  1. Топырақ эрозиясы, түрлері, оларға анықтама

  2. Топырақ эрозиясының егіншілік шаруашылығына келтіретін зияндары және оларды азайтудың жолдарын атаңыз

  3. Топырақ эрозиясын тудыратын факторлар, оларға қысқаша сипаттама беріңіз

  4. Қазақстанда жел эрозиясы басым таралған аймақтарды атаңыз

  5. Су эрозиясы, оның түрлері, таралған аудандарын атаңыз

  6. Жел эрозиясына қарсы қолданылады шаралар жиынтығы

  7. Су эрозиясымен күрес шараларын атаңыз

6 тарау Егіншіліктегі мелиорация

Мелиорация деп ауыл шаруашылығы өндірісінің басты құралы жердің қышқылдығын, сілтілігін, тұздылығын, ауалық, ылғалдық, жылулық және коректік режимдерін реттеу арқылы топырақың сапасын жақсартуға, оның басты қасиеті құнарлылығын арттыруға бағытталған, мелиоративтік шаралардың кешенді жиынтығын айтады. Бір сөзбен айтқанда мелиорацияның негізгі мақсаты-топырақтың қасиеттерін түбегейлі жақсарту.

Мелиорацияға ылғал тапшы қуаңшылық аймақтарда жерді суландыру, ал ылғалы шамадан тыс көп өңірлерде оны құрғату, қышқылды топырақтарды әктеу, тұзды жерлерді жуу, шабындықтар мен жайылымдықтарды суландыру, егісті қорғайтын орман алқабын отырғызу, топырақты эрозиядан қорғау және басқа шаралар жатады.

Суару. Қазақстанда кеңінен қолданылатын мелиоративтік шара-жерді қолдан суару. Оның негізгі мақсаты ылғалы тапшы қуаңшыл аймақтарда ауылшаруашылық өсімдіктерін сумен қамтамасыз ету. Суару дегеніміз-қуаңшыл аймақтарда су беру арқылы топырақты жасанды ылғандандыру. Аталған аймақтарда атмосфералық және топырақ аңыздығы қосылып өсімдіктердің қурап қалуына әкеліп соқтырады.

Қолдан суару топырақтың температурасын төмендетсе, ал салқын күндерде керісінше оны жоғарылатады, сөйтіп топырақтың тәуліктік және маусымдық температураларының ауытқуының айырмашылығын азайтады. Осының арқасында көктемдегі кеш және күздегі ерте түсетін үсіктердің өсімдіктерге кері әсерін бәсеңдетеді.

Топырақты мелиорациялау ауылшаруашылық дақылдарының өсіп-дамуына қолайлы жағдай туғызып, олардың өнімін арттыруға себеп болады.

Кеңшарлар мен ұжымшарлар тарағанша Қазақстанда 1,2 млн гектар суармалы жер немесе барлық егіс көлемінің 3,1 пайызы суарылды. Бүгінде, республикамыздағы суармалы егіс көлемі 1,0 млн гектарды құрайды. Суармалы егіншілік негізінен Қазақстанның онтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында, атап айтқанда Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Суармалы егіншілік жерлерінде жоғарғы өнімді техникалық дақылдар (мақта, темекі, қант қызылшасы), дәнді дақылдар (күздік бидай, дәндік жүгері), көкөністер (қызанақ, қияр, қырыққабат және басқалары), жоңышқа және басқа өсімдіктер өсіріледі. Аталған дақылдар өздерінің өсіп-дамуы үшін суды көп мөлшерде қажет етеді. Суару аталған дақылдардың өнімін арттырады. Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы тәлімі жерлердің әр гектарынан алынатын астық өнімі орта есеппен 10-12 ц болса, суармалы жерлерден-30-35 ц, ал кейбір алдыңғы қатардағы шаруашылықтарда-50 ц, тіпті одан да көп өнім алынады. Яғни, егін-суарудың арқасында өнім 3 есе, кей жағдайда одан да көп артады.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет