Дәл қазір әлеуметтік желідегі жұрт 6 баламен далада қалған Алматы облысындағы жалғызбасты әйелдің жағдайына қатты алаңдаулы. Осы жылдың 29 қаңтар күні кешқұрым әлгі көпбалалы отбасының үйінен өрт шығып, баспанасы толықтай жанып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ойда-жоқта отқа оранған үй Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында орналасқан. 2015 жылы отағасынан айырылған Жазира Рахимова есімді әйел 6 баласымен дәл сол баспанада тұрып жатқан еді.

"Оқиға 29 қаңтар күні кешкі сағат 8-де болған. Мен жұмыста едім, үйде үш қызым болған. Мен кешкі 8-ден 12-ге дейін дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Өрт пештен шыққан, көмір жағамыз. Күнделікті пешті ұлдар жағатын, сол күні қызым жағыпты. Сол кезде өрт шығып, бірден лаулап кеткен ғой. Өрт сөндірушілер кешігіп жеткен. Олар 40 минуттан кейін келген. Өйткені "су жоқ, суды қайдан аламыз?" депті. Бірақ кешігіп келді", – дейді жалғызбасты әйел. 

Дәл осы оқиғаға қатысты Алматы облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кенжехан Самат ресми пікір білдірді.

"Биыл 29 қаңтар күні сағат 20:07 минутта Алматы облысы ТЖД-ның кезекшілік бөліміне Жамбыл ауданы Жамбыл ауылындағы Жастар көшесінде орналасқан №15 үйде өрт туралы хабарлама келіп түсті. Өрт салдарынан 49 шарты метр үйдің шатыры жанған және 2009 жылғы кәмелетке толмаған қыз бала облыстық ауруханаға әртүрлі күйікпен түсті. Өртке қарсы қызметіне өрт туралы кеш хабарлау өрттің үлкен аумаққа таралауына себеп болды. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімін және өрт-сынақ зертханасы жіберілді", – деді Алматы облысы ТЖД ресми өкілі.

Қызыл жалынның кесірінен көпбалалы әйелдің бір қызын күйік шалған. Бүгінде ол жансақтау бөлімінде жатыр екен.

"Қызым үшінші дәрежелі күйікпен ауруханада жатыр. Беті күйген, шашын толықтай тақырлап тастады. Қызға көп күш керек деп жатыр, қызым ешкімді көргісі келмейді. Қазір сол қызымның қасындамын. Басқа балаларды көршілердің үйіне тастап кеттім. Туған-туыстарым жоқ, басқа баратын жерім жоқ. Жоғарыда отырған ағалардан көмек сұраймын, үміт күтемін. Тұрақты тұратын жер керек. Өйткені қызым ауруханадан шықса апаратын жерім жоқ. Тұрақты баспана керек", – деді Жазира Рахимова.   

Осы орайда жесір әйелдің жанайқайын жергілікті әкімге жеткіздік. Ауыл басшысы Данияр Мантаев алдағы уақытта дәл осы ауыр жағдайға душар болған көпбалалы отбасыны жіті назарда ұстайтынын айтты. 

"Жазира Рахимованың тұрып жатқан үйінің құжаттары заңдастырылмаған. Сол себептен мемлекеттен қаражат бөлу жұмысы болмады. Себебі ол үй жай жалаңаш жер болып тұр екен. Сол себепті қаражат бөлінбей тұр. Өртенген үй ресми иесінің атында болған жағдайда мемлекеттен 400 000 теңге қаражат бөлінетін еді. Өртенген үйді комиссия болып қарау жұмыстарын жүргіздік. Ол жерде үйдің қабырғасы мен іргетасы үйді қайта тұрғызуға жарайды. Соны қайта қалпына келтіру жүргізіп, сол үйге қайта қоныстандыру үшін жұмыс істейміз. Қазір Жазира мен балаларына ауылдан уақытша тұруға баспана тауып береміз. Сол үй салып бергенге дейін қарауда болады", – деді ауыл әкімі.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 
 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.