Қазақстан Республикасы Президентінің



жүктеу 2.47 Mb.
бет7/14
Дата04.03.2018
өлшемі2.47 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14
10) Мойнақ ЖЭО қуатын беру. Жобаны іске асыру құны - 10,3 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2010 - 2012 жж.
11) 500, 220 кВ желілерімен бірге Қазақстанның ҰЭЖ қоса отырып ПС 500 кВ Алма құрылысын салу. Жобаны іске асыру құны - 30 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2010 - 2014 жж.
12) Қазақстанның Ұлттық электр желісін жаңғырту, ІІ кезең. Жобаны іске асыру құны - 52,012 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2010 - 2016 жж.
13) Алматы қаласы мен Алматы облысында трансформаторлық кіші станциялар салу. Жобаның құны - 19,9 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2009-2011 жж.
Көмір өндіру көлемінің өсуі мынадай жобалар есебінен қамтамасыз етіледі:
Екібастұз көмір бассейнінің разрездерінде:
- «Богатырь» разрезінің көліктік схемасын қайта құру, разрезде жылына 48 миллион тонна көмір өндірілетін жаңа автомобильді-конвейерлік технологияға ауысу жобасы;
«Восточный» разрезінде циклдық-ағымдық ашу кешені (ЦААК) құрылысының жобасын аяқтау. ЦААК өндірісі жылына ашылатын кендердің 10 млн.текше метрін құрайды;
- 3000-5000 тонна деңгейінде тазалау забойында орта тәуліктік жүктемені қамтамасыз ететін жоғары өндірістік тау-кен техникасы мен технологияларын енгізу арқылы Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында;
- Қарағанды облысында жобалық қуаты жылына 500 мың тонна көмірді құрайтын «Жалын» тас көмір кен орнының құрылысы және пайдалануға қосу.
Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
17 мамандық бойынша мамандарға деген қажеттілік жоғары оқу орындарына дайындық және 80 ТКБ оқу орнының шеңберінде жабылатын болады.
Екібастұз қаласында 700 оқу орнына арналған Отын-энергетика саласы үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысы аяқталады.

2.2 Көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазіргі уақытта көлік саласында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жүзеге асырылады: қолданыстағы темір жолдарды жаңғырту жүргізілуде,- Өзен - Түркіменстан мемлекеттік шекара және Қорғас - Жетіген жаңа темір жол желілерінің құрылысы басталды; жер үсті инфрақұрылымы объектілерін жаңғырту және дамыту бағдарламасы іске асырылуда; 5 шешуші әуежай (Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау) қайта жаңартылды, Ақтау қаласының әуежайында жаңа әуе вокзалы пайдалануға берілді; автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін одан әрі жақсарту жұмысы жалғасуда, 6 жолақты қозғалысы бар «Астана - Щучинск» жылдам жүретін автомагистралі ашылды; жыл сайын кеме жүзетін су жолдарын ұстау жұмысы жүргізіледі, Өскемен және Бұқтырма шлюздерін қайта жаңарту жобасын іске асыру басталды.


Сонымен қатар автокөлік инфрақұрылымының маңызды бөлігі нормативті мерзім шегінен тыс пайдаланылады, екіншісі осы мерзімге жақындап отыр, осыған орай көлік жұмысының қауіпсіздігі айтарлықтай нашарлап отыр. Қолда бар жол-пайдалану техникасы тозуының жоғары екендігі байқалуда.
Темір жол көлігі саласында темір жол желісі жеткілікті дамымаған, темір жол саласында негізгі құралдардың тозуы, жолаушылар жылжымалы құрамының тапшылығы өсе түсуде; қызмет көрсетудің төмен деңгейі және бәсекелестіктің болмауы; теміржол көлігін жақсарту мен дамыту жеткілікті қаржыландырылмаған; тариф құрылымының қолданыстағы принциптері және реттеу тетігі тасымалдаушының клиентке бағдарлануын есепке алмайды. Елдің транзиттік әлеуетін барынша тиімді іске асыру және темір жол желілерін дамытуға жаңа (жеке) субъектілерді тарту қажет, өз кезегінде бұл көлік-коммуникациялық кешенде бәсекелестік орта қалыптастыруға және көлік құралдары паркін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Азаматтық авиация саласындағы негізгі проблема Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келмейтін өңірлік әуе кемелерінің ескірген паркі; авиациялық персоналдың, әсіресе ұшқыш құрамының тапшылығы болып табылады.
Су көлігі саласында порт инфрақұрылымының жеткіліксіз қуаты, сервистік инфрақұрылымның нашар дамығаны, білікті отандық мамандар тапшылығы, кеме жүретін шлюздерді қайта жаңғыртудың қажеттілігі байқалуда.

Негізгі міндет


Экономика мен халықтың көлік қызмет көрсетулеріне деген қажеттігін толық көлемде қанағаттандыруға қабілетті көлік-коммуникациялық кешенді дамыту.

Нысаналы индикаторлар


1. 2015 жылға қарай көлік бойынша жалпы қосылған құнның өсуін 63 %-ға жеткізу үшін көлік-коммуникациялық кешеннің негізгі көрсеткіштерін ұлғайту.
2. Республикалық маңызы бар шамамен 7 мың км автожолды қайта жаңғырту, 10 мың км автожолды және жергілікті маңызы бар 12 мың км жолды жөндеу;
3. Автожолдардың республикалық желісінің 85 %-ы және жергілікті желісінің 70 %-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда;
4. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде ақылы жүйе енгізу;
5. 453 км темір жол салу;
6. Қазақстан Республикасының аумағындағы темір жол көлігімен жүзеге асырылатын транзиттік тасымалдар көлемін 25 %-ға өсіру;
7. 2015 жылға қарай жүк қатынасының жылдамдығын 15 - 20 %-ға, ал негізгі халықаралық көлік дәліздері бойынша 20 - 30 %-ға арттыру;
8. 2014 жылға қарай республиканың 14 әуежайында ұшу-қону жолақтарының, жолаушылар мен жүк терминалдарын қайта жаңғырту(салу);
9. 2010 жылмен салыстырғанда халықаралық әуе қатынастары санын екі есеге арттыру және еуропалық авияция стандарттарын енгізу;
10. 2015 жылға қарай сауда флотын 11 бірлікке, оның ішінде 9 танкер мен 2 құрлықтағы жүк кемесіне дейін жеткізу;
11. 2015 жылға қарай мемлекеттік техникалық өзен флотының 40 бірлігін жаңалау және жаңғырту;
12. 2014 жылға қарай Өскемен, Бұқтырма және Шүлбі шлюздерін жаңалау және жаңғырту;
13. 2014 жылға қарай кемелер қозғалысын және теңізде құтқару операцияларын басқару жүйесін құру.

Іс-қимылдар стратегиясы


Саланың дамуы экономиканың көлік қызмет көрсетулеріне деген қажеттігін және елдің халықаралық көлік желілеріне кірігуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Қойылған міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қабылданады:
қолда бар темір жол желісін жаңа учаскелерді салу арқылы желіні оңтайландырумен бірге қауіпсіздік пен қозғалыс жылдамдығының әлемдік стандарттарына сәйкестендіру;
негізгі халықаралық транзиттік дәліздерді, халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту;
аэронавигациялық инфрақұрылымды кезең-кезеңмен жаңғырту және республиканың әуежай желісін қайта жаңғыртуды аяқтау, қазіргі заманғы әуе кемелерін сатып алу;
теңіз сауда флотын қазіргі заманғы кемелермен одан әрі жарақтандыру, айлақтық және сервистік инфрақұрылымды дамыту, кеме жүзу қауіпсіздігі мен кеме жүзетін шлюздерді және өзен техникалық флотын жаңғырту.
Автожол саласында мынадай жобалар іске асырылатын болады:
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Омбы - Павлодар - Майқапшағай», «Астрахань - Атырау - Ақтау - Түркіменстан шекарасы», «Шучинск - Көкшетау - Петропавл», «Ресей Федерациясы шекарасы - Орал - Ақтөбе», «Астана - Қостанай - Челябинск», «Ақтөбе - Атырау», «Астана - Ерейментау - Шідерті», «Құрты - Бурылбайтал» негізгі транзит дәліздерінің автомобиль учаскелерін қайта жаңғырту;
«Алматы - Өскемен», «Үшарал - Достық», «Жазқазған - Петропавл», «Қызылорда - Павлодар - Успенка Ресей Федарациясы шекарасы», «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолдары учаскелерін қайта жаңғырту, сондай-ақ жергілікті автожол желісін қайта жаңғырту шараларын жүзеге асыру.
Концессиялық негізде автомобиль жолдары учаскелерін салу және кейіннен ақылы жүруді енгізе отырып, «Астана - Щучинск» автомагистраліне ЗКЖ енгізу мәселесі пысықталатын болады.
Темір жол саласында «Өзен - Түркіменстанмен мемлекеттік шекарасы», «Жетіген - Қорғас», «Ералиев - Құрық» темір жол желілерін салу жобасы іске асырылатын болады.
Азаматтық авиация саласында Қызылорда, Көкшетау, Семей, Қостанай, Орал, Талдықорған, Петропавл және Өскемен мен Ақтау қалаларындағы 9 әуежайда ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртудан өткізу; Көкшетау және Орал қалаларында жолаушылар терминалдарын қайта жаңғырту жоспарлануда, сондай-ақ Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағын және Алматы, Шымкент қалаларының әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары мен Атырау қаласында жаңа жолаушы және жүк терминалын салу жоспарлануда.
Концессиялық негізде Кендірлі жаңа халықаралық әуежайын салу мәселесі пысықталатын болады.
Су көлігі саласында Құрық, Атырау, Ақтау айлақтарындағы кеме қозғалысын басқару жүйесі, Каспий теңізінің қазақстандық секторында құтқару операцияларын басқарудың өңірлік жүйелері құрылатын болады, сондай-ақ танкерлік және құрғақ жүк тасу флоттарын салу, Өскемен және Бұқтарма шлюздерін қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстарын жалғастыру, Шүлбі шлюзінің қорғаныс гидротехникалық құрылғыларын салу, мемлекеттік техникалық өзен флотын жаңарту және жаңғырту, Ақтау айлағының инфрақұрылымын техникалық жаңғырту жоспарлануда.
Инновациялардың дамуы және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
Автожол саласында автожол көпірлерінің темір бетон бөліктері құрылысының ресурстарын болжау бөлігінде автомобиль көлігі саласында ірі қалаларда жолаушылар тасымалын диспетчерлік басқару проблемалары бойынша; транзиттік әлеует саласында өңірлік экономикалық ұйымдар шеңберінде көлік қызметі нарығында бәсекелестік ортаны зерделеу бойынша ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.
Инвестицияларды ынталандыру:
білікті халықаралық жолаушылар операторлары арасынан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартымен стратегиялық инвесторларды темір жол жолаушылар тасымалының қазақстандық нарығына тарту;
темір жол саласы нарығын ырықтандыру және темір жол саласының мақсатты үлгісіне сәйкес мемлекеттік реттеу реформалары;
әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар бойынша темір жол жолаушылар тасымалы және тұрақты ішкі және халықаралық әуе тасымалдарын субсидиялау жөнінде шаралар қабылдау.
Техникалық реттеу:
2015 жылға қарай азаматтық авиация саласына толықтай еуропалық авиация талаптары енгізіліп, 12 әуежайдың Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) санаты болады.
2012 жылға қарай автомобиль көлігі саласында Евро-3 экологиялық стандарттары, қозғалыстағы автокөлік құралдарын автоматты өлшеу жүйесі енгізіледі, халықаралық тасымалдауларда сандық тахографтар енгізіледі;
кәсіпорындардың өзінің қаражаты есебінен ИСО 9001:2000, ИСО 9001, ИСО 14001 және OHSAS 18001 халықаралық стандарттарына сәйкес менеджмент және сапа жүйесін енгізу.
Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
көлік саласы бойынша мамандар даярлау мемлекеттік білім тапсырысы, грант және кәсіпорындардың қаражаты есебінен техникалық, кәсіптік және жоғары білім беретін оқу мекемелері мен кәсіпорындардың оқу орталықтарында жүзеге асырылатын болады. 2010 - 2012 жылдары көлік- коммуникация кешені саласындағы қажеттілік білікті мамандардың 70 мыңнан астамын құрайды;
көлік пен коммуникациялардың 8 мамандығы бойынша кадрларға деген қажеттілік жоғары оқу орындарында және 109 ТжКБ оқу орындарында жүзеге асырылатын болады;
жұмысшыларды поездардың қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты 75 біліктілік пен кәсіп бойынша кәсіптік оқыту «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалдары - Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Тараз қалаларындағы «Темір жол көлігі қызметкерлерін оқыту орталықтарында» жүзеге асырылатын болады.

Заңнаманы жақсарту


Қазақстан Республикасының мынадай заңдарына өзгерістер енгізіледі:
1. Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңға жеке сектордың қызметін ынталандыру мақсатында рұқсат ету функцияларын қысқарту, кеме қатынасы компанияларының шетел азаматтарын кеме экипаждарының құрамына тарту құқығын ұзарту бөлігінде;
2. Автомобиль көлігі туралы заңға халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау кезінде ел аумағында цифрлық тахографтарды енгізуді қамтамасыз ету бөлігінде.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және әуе қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.

2.3 Ақпараттық коммуникациялармен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Халықты, бизнесті және мемлекетті ақпараттық коммуникациялық қызмет көрсетулермен және технологиялармен қамтамасыз ету елдің инновациялық экономикаға әрі ақпараттық қоғамға өту шарттарының бірі болып табылады.
Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың енуі мынадай индикаторлармен сипатталады. Интернет желісін пайдаланушылардың саны 5,1 миллион абонентке жетті (100 адамға 32-ден). Қоғамның компьютерлермен қамтылуы 2009 жылы 100 адамға 12,7 компьютерге жетті (2008 жылы 100 адамға 11,2 компьютер). Тіркелген байланыс абоненттерінің саны 2009 жылы 3,7 млн. абонентті құрады, бұл 2008 жылға қарағанда 100 мың абонентке артық. Орташа телефон тығыздығы 100 тұрғынға 23,4 абонентті құрады (2008 жылы 100 тұрғынға 22,2 абоненттен). Ұялы байланыс абоненттерінің саны 14,9 млн. абонентке жетті, бұл 100 тұрғынға 95,5 абонент тығыздығына сәйкес келеді.
Ақпараттық коммуникациямен қамтамасыз етудің негізгі проблемалары:
инфрақұрылымдық проблемалар (жаңа буын телекоммуникациялық технологияларын енгізу үшін қажетті радиожиіліктің жетіспеушілігі; телерадио хабарларын тарату кешенінің материалдық базасының ескіруі);
бәсекелестікті дамытудағы кедергілер (ауылдық почта және жергілікті телефон байланысының залалдылығы, Интернет қызметтерінің қайталама провайдерлері үшін үстем операторлардың көтерме тарифтерінің жоғарылығы).

Негізгі міндет


Ақпараттық қоғам мен инновациялық экономикаға өту үшін ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту.

Нысаналы индикаторлар


1. Жергілікті телекоммуникация желілерін цифрландыру деңгейін 100 %-ға арттыру.
2. Интернеттің кең жолақты желісі абоненттерінің тығыздығы - 100 адамға 22.
3. Ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы - 100 адамға 135.
4. Халықтың компьютерлік сауаттылығының деңгейін 40 %-ға дейін арттыру;
5. Әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет көрсетулердің кемінде 50 % -ын электронды нысанға көшіруді қамтамасыз ету.
6. Қазақстан аумағын цифрлық эфирлі теледидар хабарларын таратумен қамту - 95 %;
7. Почта байланысының 560 ауылдық бөлімшесін салу және жаңғырту.

Іс-қимылдар стратегиясы


Ақпараттық коммуникацияның дамыған инфрақұрылымы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді және корпоративтік сектордың дамуы мен басқа да бірқатар әлеуметтік міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарады:
телекоммуникация қызметтеріне (сандық телевизия, Интернетке кең жолақты қол жеткізу) және почта байланысына ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту;
веб-хостинг қызмет көрсетулеріне, деректерді бастапқы және резервтік сақтауға және сыртқы нарыққа кезең-кезеңмен өтуге деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында есептеу орталықтарын дамыту.
Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарын телефон байланысымен және Интернетке кең жолақты қол жеткізу қызметтерімен толық қамту қамтамасыз етілетін болады; жергілікті телефон байланысын цифрландыру деңгейі 2015 жылға қарай 100 %-ға жетеді.
2015 жылға дейін телекоммуникация желісін қуаты 1 млн. абонент болатын NGN технологиясына көшіру аяқталатын болады, бұл пайдаланушыға бағдарланған және қазіргі заманғы телекоммуникацияларды дамытудың келесі қадамы болып табылатын конвергенттік қызмет көрсетулерге көшуге мүмкіндік береді.
CDMA технологиясын пайдалана отырып, ауылдық байланыстың телекоммуникация желілерін жаңғырту ауылдық абоненттерге деректерді беру қызмет көрсетулеріне және жылдамдығы 153,6 Кбит/с дейінгі Интернет желісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ауылдық байланыстың телекоммуникация желісінің базалық станцияларының жалпы саны 2015 жылға қарай 900 бірлікке жетеді.
Еркін бәсекелестік жағдайында, сапалы почта және қаржы қызмет көрсетулер ұсыну мақсатында бірінші кезекте, ауылдық почта байланысының бөлімшелерін дамыту және автоматтандыру арқылы ауылдық жерлерде почта-жинақтау жүйесіне жаңғырту жүргізілетін болады.

Мыналар басты жобалар болып табылады:


Сандық телехабарлар енгізу;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын бірыңғай көліктік ортамен өңірлік қамтуды қамтамасыз ету;
Мемлекеттік органдарының хостинг қызметтері үшін серверлік тұғырнама жасау;
Сервер орталығын технологиялық жарақтандыруды аяқтау;
3G және 4G ұялы байланыс стандарттарын енгізу;
Радиожиілік спектрлік мониторинг жүйесін жаңғырту;
Резервтік сервер орталығын құру;
Коммерциялық дата-орталықтар құру.

2.4 Минералдық-шикізат кешенін дамыту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Республиканың минералдық-шикізат кешені ел экономикасының басым салаларын қажетті шикізат базасымен қамтамасыз ете алады, Қазақстанды тұрақты даму жолына алып шыға алатын «локомотив» болады.
Қазақстан мыс, уран, титан, ферроқорытпа және болаттың әлемдік нарығында стратегиялық рөлге ие бола отырып, Еуроазия субконтинентінде хромды шығару бойынша монополист болып табылады, темір, марганец, көмір және алюминийдің өңірлік нарығына едәуір ықпалы бар. Тасымалдау мәселелерінің шешілуімен, Қазақстан мұнай қорларын тиімді пайдаланып, әлемдік мұнай нарығында лайықты орынға ие бола алады.
Минералды шикізат қорларын ұдайы өндіру жағдайларының жылдан жылға қиындай түсуі минералдық-шикізат кешенінің ағымдағы жай-күйінің нақты объективті жағдайы болып табылады.
Елдің минералдық-шикізат кешенінің перспективті ресурстық базасын дамыту қорларды өсіру мақсатында іздеу және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Негізгі міндет


Өнеркәсіптің барлық салаларын белсенді дамыту үшін минералды ресурстардың ұтымды және кешенді пайдалануы мен қайта өндірілуін қамтамасыз ету.

Нысаналы индикаторлар


1. 2014 жылға пайдалы қазбалардың негізгі түрлерінің өндірілген қорларын өтелген қорларға қатысты толықтырылу пайызын 50%-ға жеткізу.
2. ҚР аумағын өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізуге қолжетімді қамту пайызын 2009 жылғы 78%-дан 2014 жылы 95%-ға жеткізу.

Дамудың негізгі бағыттары


Іздеу жұмыстарын өткізудің жаңа технологияларын енгізу, қатты пайдалы қазбаларға және көмірсутекті шикізатқа қатысты үлкен көлемде геофизикалық жұмыстарды қайта жандандыру және жүргізу елдің минералдық-шикізат базасын нығайтудың басты бағытына жатады. Геологиялық-барлау жұмыстарының барлық технологиялық тізбегін түпкілікті жақсарту үшін геологиялық-түсіру жұмыстарының қазіргі заманғы әдіснамасы қарастырылып, қазіргі заманғы талаптар мен стандарттарға сәйкес келетін қорларды іздестіру мен барлаудың, бағалаудың қазіргі заманғы әдістерін әзірлеуге бағытталған жаңа деңгейдегі зерттеулер және оның негізінде қорларды өсіру мақсатында өңірлік, іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу басталатын болады.
Қазақстанның әлемдік нарыққа кіруі жер қойнауын пайдалану саласында отандық және халықаралық стандарттарды үйлестіру қажеттілігін негіздейді (атап айтқанда, пайдалы қазбалар қорларын сыныптау мен санатқа жатқызу, геологиялық-іздестіру жұмыстарының кезеңділігі және т.б.).
Жер қойнауынның ұтымды және кешенді пайдаланылуын пәрменді бақылауды ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын мемлекеттік сараптау тетігі жетілдіріледі, пайдалы қазбалардың кен орындарын компьютерлік үлгілеу, бағалаудың автоматтандырылған кешендері және қорларды есептеу негізінде қорларды сараптаудың қазіргі заманғы жаңа технологияларына кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады.
Шикізат базасы (темір кені, көмір, уран және мұнай-газ) қанағаттанарлық жағдайда тұрған басым салалар топтары бойынша олардың дамуының негізгі бағыттарына мыналарды жатқызуға болады: азайып бара жатқан қорларды толтыру, қолда бар барланған қорларды ұтымды игеру, алдын ала бағаланған қорларды өнеркәсіп санаттарына уақтылы көшіру, оларды игеру және әлемдік нарыққа (уран) өнімді шығаруда мемлекет тарапынан қолдау табуы, тау кен-байыту кешенінің қуатын арттыру (марганец), ішкі көлік коммуникацияларын (мұнай-газ) құру.
Минералдық-шикізат базасының жағдайы онша қанағаттанарлық емес салалар тобы үшін (марганец, алюминий, темір кені және хромит) дамудың басты бағыттарына ресурстарды барлау, игеру және ішкі нарыққа жылжыту, шикізат базаларын қолжетімді, бай және сапалы кендермен толықтыру және нығайту жатады.
Шикізат проблемалары өткір тұрған салалар үшін (мыс кені, қорғасын-мырыш кені, алтын кені және титан) дамудың басты бағытына кен орындарды іздеу мен барлаудың перспективалық алаңдарын бөлу арқылы шикізат базаларын жаңа бәсекеге қабілетті нысандармен түпкілікті нығайту жатады.
Минералдық-шикізат кешенінің тиімді дамуын жалғастыру үшін мынадай шаралар көзделеді:
қара, түсті және бағалы металдар қорларының одан әрі азаюын тоқтата тұру, геологиялық-барлау жұмыстарының көлемін арттыру;
жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың минералдық-шикізат базасын қолдау мақсатында елдің дәстүрлі тау кен өндіру аудандарында пайдалы қазбалардың кең ауқымды аяда өсе түсу басымдығын қамтамасыз ету;
конденсатты мұнай мен газ қорларының өсімі көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту;
нарық экономикасы мен әлемдік конъюнктураның жағдайларын ескере отырып минералдық-шикізат базасын геологиялық-экономикалық қайта бағалау бойынша жұмысты жалғастыру;
жер қойнауында пайдалы қазбалардың жойылуын азайту және олардың тапшылығын болдырмау мақсатында кенішті кен орындарын әзірлеу жүйесін жетілдіру үшін жағдай жасау;
мұнай (әсіресе, тұтқыр мұнай) мен газдың бастапқы қорларының өңделу пайызын арттыру, ілеспе газды, күкірт сутегін, конденсат пен ауыр фракцияларды пайдалану, мұнай мен газдың ірі және орта дебитті кен орындарының таңдаулы және үдемелі өңделу тәжірибесін болдырмау мақсатында ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі заманғы деңгейін ескере отырып, мұнай-газ кен орындарын әзірлеу жүйесін жетілдіру үшін экономикалық жағдайлар жасау;
байыту фабрикаларының жұмыс көрсеткіштерін арттыру және пайдалы қазбалардың шығынын азайту мақсатында кенді байыту алдында ағымдағы өнімі және орташа сапасын жоспарлау үшін пайдаланылатын кеніш кен орындарын геологиялық-технологиялық карталаудың кең ауқымды енгізілуін қамтамасыз ету;
минералды шикізатты байыту бойынша өнімділігі жоғары өндірістік жабдықтарды және қағидатты жаңа технологияларды құру, концентрат, агломерат, шекемтастардың сапасын арттыру мақсатында тереңдетілген байытуға көшу (осы кезеңдегі қосымша шығындар қайта бөлісудің кезекті кезеңдерінде жылуды, коксты, флюстерді үнемдеу, металдың сапасын арттыру және т.б. түрінде ақталуы тиіс);
тиімді экономикалық негізді молибден, рений, осмий, скандий, индий, галлий және тағы басқа жанама пайдалы құрамдауыштарды алу мақсатында өндірілген кен шикізатын кешенді пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасау;
жанама бағалы құрамдауыштарының барын анықтау мақсатында үйінді мен қалдықтар қоймаларын жан-жақты тексере, оларды қайта бағалау және оң нәтиже алынған кезде жиналған байыту қалдықтары мен қоймаланған кендерді қайта байыту үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді (ТЭН) әзірлей отырып, геологиялық-барлау жұмыстарын жүзеге асыру;
ел экономикасында жанама өндірілетін аршылма кендерді барынша толық пайдалануды қамтамасыз ету;
минералдық-шикізат ресурстарының тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында баламалы энергия көздерін және энергия мен материалды сақтаушы технологиялардың қайталама шикізатын барынша пайдалану үшін экономикалық жағдайлар жасау;
қосылған құны жоғары өндірістерді ашу жөнінде жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттерін қамтамасыз ету бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу.

2.5 Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету



Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Орнықты экономикалық өсу және экономиканың онымен байланысты құрылымдық өзгерістері ұлттық еңбек нарығының ауқымымен және оның құрылымының өзгеруімен қатар жүрді. Еңбек ресурсына сұраныстың ұлғаюы белгілі бір деңгейде өндіріс көлемінің ұлғаюына ғана емес, салыстырмалы түрде еңбек өнімділігі өсуі қарқынының төмендеуіне және арзан еңбекті пайдалану мүмкіндіктеріне де байланысты болды.
Елде құрылыс саласында, тамақ өнімдерін өндіруде, көлікте, көшедегі азық-түлік және киім-кешек базарларында, маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарында көлеңкелі жұмыспен қамту сақталуда. Оның құрамындағы негізгі топтар Қазақстандағы еңбек нарығында жұмыссыз халықтың болуына қарамастан еңбектің қанағаттанбаған сұранысын жауып отырған заңсыз еңбек мигранттары (2000 жылы - 10,5 мың адам, 2005 жылы - 24,7 мың адам, 2008 жылы 54,0 мың адам, 2009 жылы - 30,4 мың адам) болып отыр.
Соңғы жылдары қызметкерлердің кәсіптін ұтқырлығы байқалуда, олардың көпшілігі екінші және үшінші кәсіптік білім алуда, сондай-ақ жоғары және орта арнайы білімі бар қызметкерлер саны өсу үстінде.

Каталог: sites -> sand.akmo.gov.kz -> doc
doc -> 2. Ағымдағы жағдайды талдау
doc -> Жылдарға арналған азаматтық бюджет
doc -> Аппарат акима
sand.akmo.gov.kz -> Сандықтау ауданы әкімдігінің
doc -> 2. Ағымдағы жағдайды талдау
sand.akmo.gov.kz -> 4-ші деңгейлі бюджетке қатысты Қазақстан Республикасының Бюджетінде қолданылатын негізгі түсініктер
sand.akmo.gov.kz -> Ауыл, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары
sand.akmo.gov.kz -> Кодексінің 529-бабының 6-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет