Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2006 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы мәлiмдемесi туралы



Дата14.03.2018
өлшемі199.19 Kb.
#20925

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2006 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы мәлiмдемесi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 наурыздағы N 141 Қаулысы


      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң әлеуметтiк-экономикалық саясаты туралы елдiң қалың жұртшылығын хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2006 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы мәлiмдемесi мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  


Үкiметiнiң       
2006 жылғы 1 наурыздағы 
N 141 қаулысымен   
мақұлданған     

 Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы


Ұлттық Банкiнiң 2006 жылға арналған экономикалық және әлеуметтiк саясаттың негiзгi бағыттары мен экономикалық көрсеткiштердiң болжамы туралы
МӘЛIМДЕМЕСI

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң экономикалық саясатының негізгі мақсаттары 2006 жылы: экономиканың жоғары өсу қарқынын сақтау үшiн жағдайлар жасау, бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету, экономиканың "қызып кетуiн" болдырмау және оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру болады.


      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi өз iс-қимылында "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауын және басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарды iске асыру қажеттiгiн негiзге алады.
      2006 жылы экономикалық және әлеуметтiк саясатты жүргiзу мынадай басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылатын болады:
      макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
      инновациялық экономика құру және шикiзат емес секторды дамыту;
      шағын және орта бизнестi дамыту үшiн жағдайлар жасау;
      аграрлық өндiрiстi дамыту;
      халықтың әл-ауқатын одан әрi жақсарту;
      қоршаған ортаны қорғау.

      1. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету


      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң экономикалық саясатының басты мiндетi 2006 жылы елдегi макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау болады, бұл қолайлы сыртқы экономикалық факторлармен қатар экономикалық өсудiң жоғары қарқынын ұстап тұруға ықпал етедi.
      2006 жылы жалпы iшкi өнiмнiң нақты өсуi 8,3%-ды құрайды, инфляция 5,7-7,3% аралығында болады деп күтiлуде.
      Инфляциялық процестердi реттеу шеңберiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi инфляцияның монетарлық та, монетарлық емес те жақтарына ықпал ету шараларын қабылдайды.
      Инфляциялық процестердi реттеу Қазақстан Республикасында инфляциялық процестердi реттеу жөнiндегi 2005 - 2006 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасатын болады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң инфляцияға қарсы кешендi саясаты:
      негiзiнен еңбек өнiмдiлiгiн арттыру есебiнен елде экономикалық өсудi ынталандыруға;
      халықтың нақты кiрiсiнiң өсуiмен салыстырғанда еңбек өнiмдiлiгiнiң басып оза өсуiн ынталандыруға;
      монополист-кәсiпорындардың өз тауарлары мен қызметтерiне бағалардың өсуiнiң бекiтiлетiн шектi мәндерiн сақтауына;
      елдiң iшкi нарықтарында, атап айтқанда, мұнай өнiмдерi, астық, электр энергиясы, көлiк және байланыс қызметтері нарықтарында бәсекелестiктiң дамуын қамтамасыз ететiн жағдайлар жасауға;
      мемлекеттік бюджет тапшылығының белгiленген деңгейiн сақтауға;
      инфляция бойынша белгiленген өлшемдермен және экономиканың өсуiмен сыйысымды ақшалай ұсыныс деңгейiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
      Мұнай өнiмдерi, астық сияқты стратегиялық маңызы бар тауарлар нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында оларды мiндеттi түрде тауар биржалары арқылы сату тетiгi енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi баға жөнiнде сөз байласудың жолын кесу, терiс пиғылды бәсекелестiктi, нарық субъектiлерiнiң өздерiнiң үстем жағдайын асыра пайдаланушылығын айқындау және оның жолын кесу жөнiндегi iс-шараларды, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда желiлерiн құруға жәрдемдесу, тауар нарықтарында сауда инфрақұрылымын және бәсекелi ортаны дамыту жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Үкiметi табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тауарлары мен қызметтерiнiң бағалары өсуiнiң шектi мәнiн айқындайды.
      Ақша-кредит саясаты шеңберiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң негiзгi мақсаты бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Инфляция бойынша алға қойылған мақсатқа қол жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi 2006 жылы ақша-кредит саясатын жүргiзу, төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды жүзеге асыру, қаржы жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуiне жәрдемдесу жөнiндегi мiндеттердi iске асыруды жалғастырады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi ақшалай ұсыныс мөлшерiне банк жүйесiнiң өтiмдiлiгiн реттеу арқылы ықпал етудi ниет етiп отыр. Екiншi деңгейдегi банктердiң Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiндегi депозиттерi қаржы нарығындағы кiрiстiлiктi реттеудiң, сондай-ақ банктердiң шамадан тыс өтiмдiлiгiн стерильдеудiң негiзгi құралдары болып қалады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi оларды тарту көлемiне шек қоймайды, алайда олар бойынша ставкаларды реттейтiн болады.
      Сақталып отырған жоғары инфляциялық қысым 2005 жылы басталған ақша-кредит саясатын қатаңдату жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру қажеттiгiне әкеп соғады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының операциялары бойынша ықпал ету шараларын күшейтедi және өзiнiң негiзгi ставкаларының реттеушi рөлiн одан әрi жоғарылатуға ықпал ететiн болады.
      Қайта қаржыландырудың ресми ставкасының реттеушi мүмкiндiктерiн күшейту үшiн оны тоқсан сайын қайта қарау практикасы жалғасады.
      Ақша-кредит саясатының инфляциялық процестерге ықпал етуiн күшейту үшiн 2006 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының құралдары мен операциялық негiзiн одан әрi жетiлдiрумен айналысатын болады. Бұл шаралардың түпкi мақсаты тарту және орналастыру жөнiндегi ресми ставкалардың көмегiмен нарықтық ставкалардың ең көп және ең аз деңгейiн белгiлеу жолымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нарықтық пайыздық ставкалар дәлiзiн бақылауы болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаржы нарығындағы қысқа мерзiмдi операциялар бойынша кiрiстіліктi реттеуi екiншi деңгейдегi банктердiң неғұрлым ұзақ мерзiмдi операциялар, оның iшiнде кредиттер бойынша ставкаларына ықпал етедi.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi "бiрыңғай ставка" саясатын жетiлдiрудi ниет етiп отыр. Қазiргi уақытта бiрыңғай ставка "дәлiзi" кең күйiнде қалып отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң шаралары көрсетiлген дәлiз шектерiн жақындатуға және қайта қаржыландыру ставкасы мен депозиттiк ставкаларды өзара, оның iшiнде қайтарылуына Қазақстанның депозиттерге кепiлдiк беру қоры кепiлдiк беретiн жеке тұлғалардың жаңадан тартылатын салымдары (депозиттерi) бойынша шектi сыйақы ставкаларын ресми қайта қаржыландыру ставкасына байланыстыру тетiгiн ескере отырып байланыстыруға бағытталатын болады.
      Қысқа мерзiмдi ноталар шығару қысқа мерзiмдi құралдар бойынша "табыстылық ауытқымасы" деп аталатын кестеге сәйкес жүзеге асырылатын болады. Ноталар бойынша кiрiстiлiк аукционда айқындалады да, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi орналастырылатын ноталар көлемiн ғана белгiлейдi. Бұл ретте ноталарды орналастыру көлемi оларды өтеу көлемiнен аспайды.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi оларды өтеу мерзiмiне қарамастан, банктердiң барлық iшкi мiндеттемелерiн, сондай-ақ резидент емес банктер алдындағы мiндеттемелерiн банктердiң мiндеттемелерiне қосу жолымен ең аз резервтiк талаптарды есептеу тетiгiн одан әрi жетiлдiрудi жүргiзуге ниеттенiп отыр, осы мiндеттемелер бойынша олар ең аз резервтiк талаптардың нормативтерiн сақтауға тиiс.
      Валюталық режимге қатысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi қандай да бiр белгiленген ұзақ мерзiмдi дәлiздi айқындамай, валюталық бағамды қалыптастыруға валюталық бағамның қысқа мерзiмдi және алыпсатарлық ауытқуларының салдарын азайту мақсатында ғана араласуды жүзеге асыра отырып, құбылмалы айырбас бағамы саясатын жүргiзудi жалғастырады.
      Елдегi макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, экономиканың қаржы секторын тұрақты дамыту және банк жүйесiндегi бәсекелестiктi жоғарылату айналыстағы қолма-қол ақшаның өсу қарқынымен салыстырғанда депозиттердiң өсу қарқынының басып озуына және экономиканы монеталандыру деңгейiн арттыруға ықпал ететiн болады.
      Ґтiмдiлiктi шектеу жөнiнде көзделген шараларды ескере отырып, ақша агрегаттарының өсуi қазiргi экономикалық өсу қарқынының сақталуын қамтамасыз етедi.
      Сақталып отырған жоғары өтiмдiлiк жағдайларында инфляцияны реттеу жөнiндегi мiндет Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң оны стерильдеудi жүргiзуге арналған шығыстарын ұлғайтады. Сондықтан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi мемлекеттiк бағалы қағаздар шығару саласындағы бiрлескен iс-қимылды күшейтедi.
      Қазақстандық капиталды шетелдiк нарықтарға неғұрлым белсендi экспансиялау мақсатында жеке сектордың инвестициялық шешiмдер қабылдауына мемлекеттiң әкiмшiлiк араласуы қысқартылады. Бұл ретте, қаржы ұйымдарының инвестициялық қызметiн реттеуге қатысты бұл шара қолданылмайды.
      Төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету саласында олардың тиiмдiлiгiн, сенiмдiлiгi мен тұрақтылығын, оның iшiнде төлем құралдарының жаңа түрлерiн дамыту және қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру есебiнен арттыруға бағытталған тиiстi шаралар қабылданады. Төлем карточкаларына қызмет көрсететiн бiрыңғай ұлттық желi құру және сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында төлем карточкаларын қабылдау желiсiн кеңейту жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
      Қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын, сондай-ақ ырықтандыруды қамтамасыз етуге және банк жүйесiндегі бәсекелестiктi жоғарылатуға, оның тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу саласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгiмен тығыз үйлестiретiн болады.
      Қаржы нарығын одан әрi дамыту Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту тұжырымдамасына сәйкес оның барлық сегменттерiн халықаралық стандарттарға жақындату бағытында жүргiзiледi. Тұрақты және тиiмді жұмыс iстейтiн, экономиканың нақты секторының қажеттiлiгiн қанағаттандыратын қаржы жүйесiн қалыптастыру жалғасады.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң экономиканың "қызып кетуiн" болдырмау және оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру жөнiндегi саясаты:
      мұнай мен газ өндiрудiң оңтайлы қарқынын айқындауға;
      ақша агрегаттарының өсуiн бақылауды күшейтуге, пайыздық ставкаларды өзгерту арқылы ақша нарығына ықпал ету тиiмдiлiгiн жоғарылатуға;
      екiншi деңгейдегi банктердiң сыртқы қарыз алуының өсуiн бақылауды күшейтуге;
      неғұрлым ұстамды, мемлекеттiк бюджет шығыстарының номиналды өсу қарқынының номиналды жалпы iшкi өнiмнiң өсу қарқынынан асып түсуiн көздемейтiн фискалдық саясат жүргiзуге;
      Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында қаражат жинақтау саясатын жалғастыруға және оның экономиканың теңгерiмдi дамуы мен оның қызып кету қаупiн азайтуды қамтамасыз ететiн макроэкономикалық реттеушi ретiндегi рөлiн күшейтуге;
      валюталық шектеулердiң бiртiндеп алынып тасталуына байланысты валюталық режимдi және капитал ағыны бойынша операцияларды басқа да әкiмшiлiк сипаттағы бақылауды одан әрi ырықтандыруға бағытталады.
      Сыртқы қарыз алудың өсу себептерi мен ықтимал келеңсiз салдарларын кешендi бағалау және оны азайтуға ықпал ететiн шараларды әзiрлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Үкiметiмен бірлесiп, елдiң сыртқы борышын басқару жүйесiн құру жөнiнде жұмыс жүргiзетiн болады.
      Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандырудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi валюталық режимдi ырықтандыру жөнiндегi жұмысты жалғастырады.
      Валюталық режимдi одан әрi ырықтандыру да қазақстандық капиталды шетелдiк нарықтарға неғұрлым белсендi экспансиялау үшiн жағдайлар жасау жолымен шамадан тыс өтiмдiлiк тарапынан болатын қысымды азайтуға ықпал етедi.
      "Экономиканың қызып кетуiнiң" алдын алу жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi елге шетелдiк валютаның ағылуы жөнiндегi ахуалды қадағалайды және қажет болған жағдайда басқа мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, туындайтын тәуекелдердi азайту жөнiнде шаралар қабылдау мүмкiндiгiн қарастырады.
      Қаржы секторын одан әрi дамыту мақсатында бағалы қағаздар нарығын жетiлдiру жөнiндегi негiзгi мiндеттердi шешуге бағытталған Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногын дамытудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады. Атап айтқанда:
      инвестициялау үшiн бағалы қағаздарды шығару үшiн мүмкiндiктердi, оның iшiнде коммерциялық бағалы қағаздар, инфрақұрылымдық облигациялар шығару үшiн жағдайлар жасау жолымен кеңейту;
      ұжымдық инвестициялау нысандарын дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау;
      бағалы қағаздар нарығындағы институционалдық инфрақұрылымды және салық салу режимiн одан әрi жетiлдiру көзделiп отыр.
      Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамытудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады, мұнда ұйымдар арасында зейнетақы активтерi мен инвестициялық кiрiстердi қамтамасыз ету жөнiндегi жинақтаушы зейнетақы қорларын басқару жөнiндегi жауапкершiлiктi нақты ажырату, инвестициялар тәуекелдерiн хеджирлеу мақсатында зейнетақы активтерiн туынды құралдарға инвестициялау, жинақтаушы зейнетақы жүйесi субъектiлерiн қадағалауды дамыту әрi оның тиiмдiлiгiн арттыру және Халықаралық Зейнетақы реттеуiштерi Қауымдастығының жеке зейнетақы қорларын реттеу қағидаттарын енгiзу көзделедi.
      Сақтандыру рыногын дамытудың 2004 - 2006 жылдарға арналған бағдарламасын одан әрi iске асыру шеңберiнде сақтандырудың ұзақ мерзiмдi еркiн және жеке жинақтау түрлерiн дамытуды ынталандыру жолымен азаматтардың әлеуметтiк қорғалу деңгейiн арттыру, Сақтандыру жөнiндегi бiрыңғай статистикалық дерекқордың жұмыс iстеуi және оның қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету, сақтандыру компанияларының қызметiн автоматтандыру, мiндеттi сақтандыру жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру, жаңа сақтандыру өнiмдерi мен технологияларын енгiзу, сақтандыру қызметтерiнiң сапасын жақсарту, қайта сақтандыруды дамыту үшiн жағдайлар жасау жөнiндегi жұмыс жүргiзiледi.
      Республикалық бюджеттiң әлемдiк бағалар конъюнктурасына тәуелдiлiгiн азайту, экономиканы әртараптандыру және мұнайдан алынатын кiрiстi ұрпақтар арасында қайта бөлу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасында көзделген шаралар iске асырылады.
      2006 жылғы 1 шiлдеден бастап Ұлттық қор жинақтарын қалыптастырудың жаңа тетiгi енгiзiледi, оған сәйкес мұнайдан түсетiн түсiмдер толығымен Ұлттық қорға жiберiлетiн болады. Республикалық бюджеттiк даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыру Ұлттық қордан берiлетiн кепiлдендiрiлген трансферт есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Инновациялық экономика құру және шикiзат емес секторды дамыту


      2006 жылы Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясын (бұдан әрi - Стратегия) iске асырудың екiншi кезеңi басталады. Стратегияны iске асыруды институционалдық қамтамасыз етуге 2006 жылы республикалық бюджеттен 22,6 млрд. теңге бөлiнедi.
      Екiншi кезеңнiң негiзгi iс-шаралары:
      ашық үлгiдегi Ұлттық инновациялық жүйенi қалыптастыру және оның барлық төрт элементiн: ғылыми әлеуеттi, инновациялық инфрақұрылымды, қаржылық инновациялық институттарды (венчурлiк қорларды), инновациялық-белсендi кәсiпкерлiк ортаны дамыту, бұл үздiк отандық және шетелдiк ғылыми әлеуеттi пайдалану негiзiнде Қазақстанда бәсекеге қабiлеттi экономика құруды қамтамасыз етедi;
      жеке сектордың, шетелдiк инвесторлардың, ұлттық компаниялардың, мемлекеттiк бюджеттiң және мемлекеттiң қаржы институттарының қаржы ресурстарын инфрақұрылымды дамыту, қайта жаңарту, қолданыстағы кәсiпорындарды кеңейту және жаңа өндiрiстер құру проблемаларын кешендi шешуге шоғырландыру;
      бiлiктiлiгi жоғары мамандар даярлау;
      мемлекеттiк-жеке серiктестiк тетiгiн жетiлдiру болады.
      Химия және мұнай-химия өнеркәсiбiнде, ақпараттық-коммуникациялық салада, аэроғарыш саласында жаңа жоғары технологиялы өндiрiстер мен өнеркәсiптi жаңғыртуға және экономика құрылымын әртараптандыруға бағытталған басқа жобаларды дамыту жөнiндегi жұмыс жалғасады.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi өңiрлердiң Стратегияны iске асыру жөнiндегi жұмысын үйлестiрудi жалғастырады.
      2006 жылы Қазақстан Республикасында құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өнеркәсiбiн дамытудың 2005 - 2014 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады, бұл құрылыс материалдарының, бұйымдары мен құрастырмаларының импортын азайтуға, құрылыс материалдары өнеркәсiбiн инновациялық дамытуды қамтамасыз етуге, салынып жатқан объектiлердiң жоғары сапасын және ғимараттар мен құрылыстардың экономикалық тиiмдi пайдаланылу сипаттамаларын қамтамасыз ететiн жаңа өндiрiстер құруға, кәсiпқой кадрлар даярлау үшiн жағдайлар жасауға алып келедi.
      Стратегияны iске асырудың екiншi кезеңiнiң басты мiндеттерiнiң бiрi - экономиканың басым: "Туризм", "Тамақ өнеркәсiбi", "Мұнай-газ машина жасау", "Тоқыма өнеркәсiбi", "Көлiктiк логистика", "Металлургия" және "Құрылыс материалдары" секторларында бекiтiлген жоспарлар негiзiнде кластерлiк даму ұстанымдарын енгiзу.
      Кластерлiк бастамаларды iске асыру үшiн бизнестi ұйымдастырудың мынадай бағыттары бойынша шаралар қабылданады:
      кластерлердi шағын және орта бизнес субъектiлерiнiң күш-жiгерiн бiрiктiру есебiнен дамыту;
      кластерлердi аутсорсинг тетiктерi мен iрi мұнай жобаларындағы отандық бизнестiң рөлiн күшейту арқылы тiгiнен бiрiктiрiлген компанияларға (негiзiнен мұнай-газ және тау-кен металлургия кешенiнде) қосымша дамыту.
      2006 жылы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру жөнiндегi жобаны практикалық iске асыру басталады, бұл қаржы ағынын Қазақстанға тартуға, жақын орналасқан елдер мен аумақтарға қатысты қаржы секторындағы қазiр бар бәсекелiк артықшылықтарды пайдалануға, елдiң экономикалық дамуына және алдыңғы қатарлы қаржылық бiлiмдер мен техникалар импортына ықпал етедi.
      Тұрақты экономикалық пайда алуды және ел экономикасын дамыту жөнiндегi стратегиялық мiндеттердi iске асыруды қамтамасыз ететiн стратегиялық мемлекеттiк активтердi тиiмдi әрi кәсiптiк басқару мақсатында 2006 жылы "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi жұмыс iстей бастайды.

      3. Шағын және орта бизнестi дамыту үшiн жағдайлар жасау


      Шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызмет аясын барынша кеңейтуге бағытталған институционалдық жағдайларды жетiлдiру есебiнен Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру және 2006 жылы олардың қызметiн жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi жеделдетiлген шаралардың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасын (бұдан әрi - Бағдарлама) iске асыру жалғасады.
      Атап айтқанда, мемлекет қатысатын кәсiпорындар мен акционерлiк қоғамдардың бейiндi емес функцияларын нарықтық ортаға, бiрiншi кезекте, шағын және орта кәсiпкерлiкке беру жалғасады, әкiмшiлiк кедергiлердi жою, мүлiктi заңдастыруды жүргiзу, кредит ресурстарының қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн жағдай жасау, шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау инфрақұрылымының толыққанды дамуына қол жеткiзу жөнiндегi iс-шаралар мен шағын және орта бизнестегi менеджменттiң азаматтық және әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру жөнiндегі iс-шаралар кешенi жүргiзiледi.
      2006 жылдан бастап жеңiлдетiлген декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану өлшемдерi кеңейтiлдi:
      жеке кәсiпкерлер үшiн жалдамалы қызметкерлердiң ең көп саны 15-тен 25 адамға дейiн және шектi кiрiс 4,5-тен 10 млн. теңгеге дейiн ұлғайтылды;
      заңды тұлғалар үшiн жалдамалы қызметкерлердiң ең көп саны 25-тен 50 адамға дейiн және шектi кiрiс 9-дан 25 млн. теңгеге дейiн ұлғайтылды;
      өткiзу жөнiндегi ең төменгi айналым мөлшерi 12000 еседен 15000 еселiк айлық есептiк көрсеткiшке дейiн ұлғайтылды, бұдан асып түскен жағдайда салық төлеушi қосылған құн салығы бойынша есепке тұруға мiндеттi.
      Жеңiлдетiлген декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар үшiн 2006 жылдан бастап салық салу объектiлерiнiң орташа жылдық құнына 0,5% ставка бойынша жеңiлдiктi мүлiк салығы қолданылуда.
      Амортизациялық саясатты жетiлдiру бөлiгiнде 2006 жылдан бастап құн топтарының саны төртке дейiн қысқартылды, кiшi топтар құру жойылды, жөндеуге арналған шығыстарды шегерiмге жатқызу нормалары ұлғайтылды, бұл ретте, шығыстардан негiзгi құралдың техникалық жай-кyйiн сақтау және қолдау мақсатында шығарылатын негiзгi құралдардың бөлiктерiн ауыстыруға байланысты шегерiмге шектеусiз жатқызылатын пайдалану шығыстары бөлiнедi, жабдықты пайдаланудың бiрiншi жылында қосарлы амортизация нормасы сақталады.
      Көрсетiлген шаралар экономикадағы негiзгi құралдарды жаңғыртуға және сапалық жаңартуға мүмкiндiк бередi.
      2006 жылдан бастап салық төлеушiнiң өзiмен еңбек қатынастары жоқ жеке тұлғаны салық төлеушiнiң өндiрiстiк қызметiне байланысты мамандық бойынша оқытуға жiберген шығыстары мынадай шарттар сақталған жағдайда:
      егер жеке тұлғамен ол салық төлеушiде кемiнде 3 жыл жұмыс iстеуге мiндеттенетiн шарт жасалса;
      егер тиiстi бiлiм деңгейiн жеке тұлға бiрiншi рет алса;
      егер олар бойынша мамандар даярлау Қазақстан Республикасында жүзеге асырылмайтын мамандықтар бойынша жеке тұлғаны оқыту Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүзеге асырылса, шегерiмге жатқызылады.
      2006 жылы Бағдарламаны iске асыруға республикалық бюджеттен 12 млрд. теңге бөлiнедi.

      4. Аграрлық өндiрiстi дамыту


      2006 жылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешенiн тұрақты дамытудың 2006 - 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру басталады, оның негiзгi басымдықтары агроөнеркәсiптiк кешен салаларының өнiмдiлiгi мен кiрiстiлiгiн өсiру негiзiнде агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық өнiмнiң ұлттық бәсекелiк артықшылықтарын дамыту болады.
      Мынадай мiндеттердi орындау:
      агроөнеркәсiптiк кешен салаларын техникалық жарақтандыруды сапалық өсiру, ғылыми негізделген агротехнологияларды сақтау, ғылыми қамтамасыз етудi және инновациялық әзiрлемелердi енгiзудi күшейту, нақты сектор қажеттiлiктерiне сәйкес кадрлық қамтамасыз ету жүйесiн қалыптастыру жөнiндегi шаралар кешенiн қабылдау арқылы агроөнеркәсiптiк кешендi индустрияландыру;
      халықаралық талаптарға сәйкес өнiмнiң қауiпсiздiгi мен сапасын бағалау жүйесiн қалыптастыруды қоса алғанда, қызмет көрсетушi инфрақұрылымды дамыту;
      кластерлiк бастамаларды қолдау арқылы агроөнеркәсiптiк кешеннiң ұлттық бәсекелiк артықшылықтарын дамыту;
      азық-түлiк нарықтарын мемлекеттiк реттеу тетiктерiн жетiлдiру көзделген.
      Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешенiн тұрақты дамытудың 2006 - 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын тиiмдi iске асыру үшiн 2006 - 2008 жылдарға арналған бiрiншi кезектегi шаралар бағдарламасы әзiрленедi, мұнда өңiрлiк мамандануды күшейту, пайдалылығы жоғары өндiрiстi дамыту, әрi iшкi және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жолымен тиiмдi аграрлық бизнестi дамытуды және ауыл шаруашылығы өнiмдерi нарығын кеңейтудi мемлекеттiк ынталандыру шаралары көзделедi.
      Шараларды жүйелендiру және нарықтық жағдайларда агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды қолдау жөнiндегi мемлекеттiк саясат негiздерiн құру үшiн "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
      2006 жылы ауылдың (селоның) тыныс-тiршiлiгiне қалыпты жағдай жасауға бағытталған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру: халықты сумен жабдықтау, денсаулық сақтау және бiлiм беру объектiлерiн салуды, сондай-ақ ауылдық елдi мекендердiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және ауылдық жерлердегi көшi-қон процестерiн реттеу жөнiндегi iс-шараларды қамтитын инженерлiк және әлеуметтiк инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жалғасады.

      5. Халықтың әл-ауқатын одан әрi арттыру


      Қазақстан Республикасының Үкiметi бiлiм берудi, денсаулық сақтауды және халықты әлеуметтiк қорғауды, мәдениеттi, спортты, туризмдi және ақпараттық кеңiстiктi дамытуға арналған шығыстарды ұлғайту жолымен саясаттың әлеуметтiк бағытталуын күшейтедi.
      2006 жылы әлеуметтiк саланы қаржыландыруға республикалық бюджеттен 609,1 млрд. теңге немесе жалпы iшкi өнiмнiң 7,6 %-ы бөлiнедi. Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемiндегi әлеуметтiк салаға арналған шығыстардың үлесi 37,9 %-ды құрайды.
      Бiлiм беру саласындағы саясат әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне бiрiктiрiлген және әлемдiк еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлеттi мамандар даярлауды қамтамасыз ететiн ұлттық бiлiм беру моделiн қалыптастыруға бағытталады.
      2006 жылы мемлекеттiк бюджеттiң бiлiм беруге арналған шығыстары кемiнде жалпы iшкi өнiмге 3,5%-ды құрайды.
      Бiлiм берудi дамытудың 2005 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына 2006 жылы мемлекеттiк бюджеттен шамамен 62,5 млрд. теңге, оның iшiнде бiлiктiлiгi жоғары кадрлар даярлауға - 13,4 млрд. теңге, бiлiм беру объектiлерiн салуға және қайта жаңартуға - 21,1 млрд. теңге, бiлiм беру объектiлерiнiң материалдық-техникалық базасын нығайтуға және оларды күрделi жөндеуге - 11,6 млрд. теңге, мектептердi ақпараттандыруға және Интернет желiсiне қосуға - 1,5 млрд. теңге, бiлiм беру сапасын мемлекеттiк бағалауға - 0,9 млрд. теңге, өзге шығыстарға 14 млрд. теңге бөлiнедi.
      2006 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелдiк жоғары оқу орындарында қазақстандық мамандарды даярлауға арналған шығыстар 10,1 млрд. теңгенi құрайды.
      2006 жылы жоғары оқу орындарындағы стипендия мөлшерi 6434 теңгенi құрайды.
      2006 жылы азаматтарды тегiн медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiмен қамтамасыз етудiң конституциялық нормасын орындау, денсаулық сақтауды халықаралық стандарттарға көшiру, денсаулық сақтауды қаржыландыруды басқарудың тиiмдi жүйесiн құру, тәуелсiз медициналық сараптама жүйесiн құру, денсаулық сақтау жүйесiнiң менеджерлерiн даярлау, ана мен бала денсаулығын нығайту жөнiндегi жұмыстар жалғасады.
      2006 жылы мемлекеттiк бюджеттiң денсаулық сақтауға арналған шығыстары кемiнде жалпы iшкi өнiмге 2,5 %-ды құрайды.
      Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде 2006 жылы мемлекеттiк бюджет қаражатынан шамамен 65,0 млрд. теңге, оның iшiнде мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға - 17,9 млрд. теңге, денсаулық сақтау ұйымдарын күрделi жөндеуге және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға - 11,5 млрд. теңге, ауыртпалық орталығын бастапқы медициналық-санитарлық көмекке аударуға - 8,8 млрд. теңге, мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының штат санын ұлғайтуға - 3,4 млрд. теңге, медицина кадрларын даярлауға және қайта даярлауға - 1,7 млрд. теңге, инвестициялық жобаларға - 21,7 млрд. теңге бөлiнедi.
      Қазақстан Республикасында әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдетудiң 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша iс-шараларды iске асыруға 2006 жылы мемлекеттiк бюджеттен 347,7 млрд. теңге бөлiнедi.
      2006 жылы ең төменгi зейнетақы 6700 теңгенi, базалық зейнетақы төлемiн ескергенде орташа зейнетақы - 12930 теңгенi, мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылардың орташа мөлшерi - 7441 теңгенi құрайды.
      Балалы отбасыларды қорғау жүйесiн одан әрi дамыту, бала тууды ынталандыру, республикадағы демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2006 жылдан бастап жәрдемақының жаңа екi түрi: 3087-ден 4630,5 теңгеге дейiнгi мөлшерде бiр жасқа толмаған баланы күту жөнiндегi әмбебап жәрдемақы және 1029 теңге мөлшерiнде аз қамтамасыз етiлген отбасылардың 18 жасқа толмаған балаларына арналған жәрдемақы қосымша енгiзiлдi.
      2006 жылы 2004 - 2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасының iс-шараларын iске асыруға республикалық бюджеттен халықтың зор мәдени мұрасын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасауға, ұлтымыздың тарихы үшiн ерекше маңызы бар бiрқатар тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз етуге, өрiстетiлген көркем, ғылыми, биографиялық серияларды жасауға, әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi базасында гуманитарлық бiлiм берудiң мемлекеттiк тiлдегi толыққанды қорын құруға бағытталған 1,3 млрд. теңге бөлiнетiн болады.
      2006 жылы Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005 - 2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жалғасады, мұның негiзгi мақсаты халықтың қалың бұқарасының тұрғын үйге қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын кешендi шешу болып табылады. Бағдарламаны iске асыруға 2006 жылы республикалық бюджеттен 62,6 млрд. теңге, оның iшiнде жергiлiктi атқарушы органдарға тұрғын үй салуға бюджеттiк кредит беруге - 22 млрд. теңге, инженерлiк-коммуникациялық желiлердi дамытуға - 20 млрд. теңге, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық тұрғын үй салуға (республикалық бюджеттен берiлетiн нысаналы трансферттер) - 6,2 млрд. теңге, Бағдарламаны iске асыруды институционалдық қамтамасыз етуге - 14,4 млрд. теңге бөлiнедi.

      6. Қоршаған ортаны қорғау


      Экологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк саясаттың мақсаты табиғи жүйелердiң, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерiнiң және жеке адам құқықтарының қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсер ету нәтижесiнде туындайтын қауiптерден қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.
      Қоршаған орта жай-күйiнiң нормативтiк көрсеткiштерiне қол жеткiзе отырып, экологиялық қауiпсiздiктiң оңтайлы деңгейiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы экологиялық қауiпсiздiгiнiң 2004 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасын (бұдан әрi - Тұжырымдама) кезең-кезеңiмен iске асыруды көздейдi.
      2006 жылы Тұжырымдаманың бiрiншi кезеңiн (2004 - 2007 жылдар) және қоршаған ортаның ластану деңгейiн азайтуға және оны тұрақтандыру жөнiндегі шаралар кешенiн әзiрлеуге бағытталған "Қазақстан Республикасының 2005 - 2007 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау" бағдарламасын (бұдан әрi - Бағдарлама) iске асыру жалғасады. 2006 жылы Бағдарламаны iске асыруға республикалық бюджетте 2 млрд. астам теңге көзделген.
      2006 жылы Қазақстан Республикасының аумағында шөлейттену процесiн тоқтату және оны болдырмау Қазақстан Республикасында шөлейттенуге қарсы күрес жөнiндегi 2005 - 2015 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылады, оны iске асыруға 2006 жылы республикалық бюджеттен 41,9 млн. теңге бөлiнедi.
      2006 жылы әзiрленетiн мемлекеттiк, өңiрлiк және салалық (секторалдық) бағдарламаларға қойылатын экологиялық шарттар мен талаптарды экожүйе қағидатын ескере отырып, енгiзу жалғасады.
      Бұдан басқа, халықаралық құқықтық даму тәжiрибесiн ескере отырып, экологиялық заңнаманы реформалау жалғасады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы реттеуге және табиғат пайдалануды басқаруға қағидаттық жаңа ұстанымдары бар ел экономикасын экологияландырудың негiзiне айналатын Экологиялық кодекс дайындалады.
      Экономиканы экологияландыру өндiрiстiң табиғатты қажетсiнуiн төмендету және зат пен энергия алмасу биосфералық процестерiне экономиканың әсер етуiн азайту арқылы тұрақты экологиялық қауiпсiз табиғат пайдалануды және ресурстық экологиялық тепе-теңдiктi сақтауды қамтамасыз етуге келiп тiреледi.

                                Қазақстан Республикасының Yкiметi


                                мен Қазақстан Республикасы Ұлттық
                                  Банкiнiң 2006 жылға арналған
                                  экономикалық және әлеуметтiк
                                 саясаттың негiзгi бағыттары мен
                                  экономикалық көрсеткiштердiң
                                  болжамы туралы мәлiмдемесiне
                                            қосымша

   2006 жылға арналған экономикалық көрсеткiштердiң болжамы



Нақты мәндегi жалпы iшкi өнiм,
өткен жылға %-бен

108,3

Нақты мәндегi өнеркәсiптiк өнiм (жұмыстар, қызметтер) көлемi, өткен жылға %-бен

107,3

Нақты мәндегi ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi, өткен жылға %-бен

102

Негiзгi капиталға инвестициялар, өткен жылға %-бен

118

Тауарлар экспорты, млрд. АҚШ долл.

29,1

Тауарлар импорты, млрд. АҚШ долл.

23,1

Тұтыну бағасының индексi, жылына орта есеппен %

105,7-107,3

Республикалық бюджет тапшылығы, жалпы iшкi өнiмге %-бен

1,4

Нақты жалақы, өткен жылға %-бен

107,8

Ең төменгi жалақы, теңге

9200

Базалық зейнетақы төлемiн есепке алғаңдағы ең төменгi зейнетақы, теңге

9700

 


Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет