Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы дипломатиялық, арнаулы және қызметтік паспорттар иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім



Дата06.01.2018
өлшемі50.83 Kb.
#13221
түріДиплом

Жоба


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы дипломатиялық, арнаулы және қызметтік паспорттар иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы

КЕЛІСІМ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі, бұдан әрі «Тараптар» деп аталатындар,

өз мемлекеттерінің достық қарым-қатынастарды нығайтуға деген ұмтылыстарын назарға ала;

Қазақстан Республикасы азаматтары мен Оман Сұлтандығы азаматтарының – дипломатиялық, қызметтік және арнаулы паспорттар иелерінің екі Тарап мемлекеттері аумағындағы өзара сапарларына ықпал ету ниетін білдіре отырып,

төмендегілер туралы келісті:



1-бап
Осы Келісімнің ережелері мыналарға:

  • Қазақстан Республикасының жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелері болып табылатын азаматтарына;

  • Оман Сұлтандығының жарамды дипломатиялық, арнаулы немесе қызметтік паспорттар иелері болып табылатын азаматтарына қатысты қолданылады.


2-бап
Тараптардың әрбірі мемлекетінің Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге визасыз кіре алады, транзитпен бола алады және одан шыға алады.
3-бап
Әрбір Тарап мемлекетінің осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген, дипломатиялық өкілдіктерге, консулдық мекемелерге немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдіктеріне тағайындалған азаматтары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері екінші Тараптың визалық талаптарынан босатылмайды және алғашқы кіруге дейін екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде тиісті кіру визаларын алулары тиіс.

4-бап
Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің келуі қолайсыз деп санаған кез келген азаматына өз мемлекетінің аумағына кіруге рұқсат беруден бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын иеленеді.
5-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген паспорттардың жарамдылық мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру уақытынан бастап кем дегенде алты (6) ай болуы тиіс.
6-бап


  1. Әрбір Тарап мемлекетінің осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтары екінші Тарап аумағында болуы кезінде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне залал тигізбей, сол Тараптың ұлттық заңнамасы мен ережелерін сақтауға міндетті.

  2. Әрбір Тарап мемлекетінің осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналыспауы тиіс.


7-бап


  1. Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары басқа Тарап мемлекетінің аумағында өзінің дипломатиялық, қызметтік немесе арнаулы паспортын жоғалтқан яки бүлдірген жағдайда бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына, сондай-ақ өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктеріне немесе консулдық мекемелеріне хабарлаулары тиіс.

  2. Тиісті дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме өзінің азаматтарына жаңа дипломатиялық, қызметтік немесе арнаулы паспорт не болмаса жол жүру құжатын береді және болу мемлекетінің құзыретті органдарына хабарлайды.


8-бап
1. Осы Келісімді іске асыру мақсаттары үшін Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың үлгілерімен оны қолданысқа енгізу уақытына, кем дегенде күнтізбелік 30 (отыз) күн қалғанға дейін дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Жаңа паспорт енгізілген немесе 1-бапта көрсетілген паспортқа өзгеріс енгізген жағдайда Тараптар жаңа немесе өзгертілген паспорттарды қолданысқа енгізу уақытына, кем дегенде күнтізбелік 30 (отыз) күн қалғанға дейін осы паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

3. Тараптар 1-бапта көрсетілген паспорттарды беруге қатысты өз ұлттық заңнамаларындағы және ережелеріндегі өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етеді.




9-бап


  1. Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара тоқтату құқығына ие.

  2. Осы Келісімнің күшін тоқтатуды қалайтын Тарап екінші Тарапты қабылданған шешім туралы оның күшіне енуіне кем дегенде күнтізбелік жеті (7) күн қалғанға дейін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етуі, сондай-ақ екінші Тарапты жазбаша түрде осы Келісімнің күшін тоқтатудың аяқталуы туралы дипломатиялық арналар арқылы осындай шешімнің күшіне ену уақытына кем дегенде күнтізбелік жеті (7) күн қалғанға дейін хабарлауы тиіс.

  3. Осы Келісімнің күшін тоқтату туралы шешім күшіне ену кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген әрбір Тарап азаматтарының, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген паспорттар иелерінің құқықтық мәртебелеріне осы Келісімнің күшін тоқтату ықпал етпейді.



10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгертулер аталған Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және жеке хаттамалармен ресімделеді, осы Келісімнің 13-бабының 1-тармағында көзделген тәртіп бойынша күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
12-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне нұқсан келтірмейді.
13-бап
1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

2. Осы Келісім Тараптардың бірінің оның күшін тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар бойынша алған уақытынан бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткеннен кейін өз күшін тоқтатады.



3. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Оман Сұлтандығы Сыртқы істер министрлігі арасындағы дипломатиялық паспорттар иелерін визалық талаптардан босату туралы 2008 жылғы 16 наурыздағы меморандумның орнын басады.
___________қаласында, 201_ жылғы «__» ___________ әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.



Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Оман Сұлтандығы

Үкіметі үшін



Достарыңызбен бөлісу:




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет