Орал қаласындағы "Атамекен"  өнер ордасында белгілі ғалым, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбектері қойылған көрме өз жұмысын бастады. Бұл көрме ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары аясында өтіп отыр. Көрме "XV- XIX ғасырдағы қазақ мемлекетінің европалық және америкалық карталар галериясы" тақырыбында өтті. 

Ғалымның аймаққка келуіне орай жастармен, тарихшы ғалымдармен бірнеше мәрте кездесулер өтті. Бұл мәдени күндердің ішіндегі халықтың есінде ұзақ сақталатыны "Атамекен" өнер ордасында басталған көрме. Себебі мұндай тарихи карталар көрмесі облыста тұңғыш рет өтіп отыр. Мәдени-тарихи шараға көршілес облыстардан келген тарихшылар,жергілікті өлкетанушылар,  зиялы қауым өкілдері,  жоғары оқу орындарының ректорлары мен студенттер қатысты. Көрменің тұсау кесерінде алғаш болып сөзді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алды. 

“Тарих — Тәуелсіздігімізді нығайтатын, ұлтты  ұйыстыратын  негізгі фактор. "Халықсыз тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ"-  дейді дана халқымыз. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  қатысуымен Атырау қаласында     өткен   ІІІ Ұлттық Құрылтайда елдің саяси реформаларына қатысты жаңа міндеттерді тапсырды. Әсіресе, мемлекеттік ішкі саясатқа, ақпараттық-идеологиялық жұмысты нығайтуға  байланысты ауқымды ойлар, Наурыздың жаңа форматта атап өтілуіне, зиялы қауыммен  ұлтымыздың ұйысуындағы тарихтың рөліне ерекше мән берілді.  Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы — тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек — деп төл тарихымыз туралы терең  ой білдіргені мәлім. Қазақ мемлекеттігі  –  тарих толқынындағы  Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттігінің нышаны.  Бүгінгі көрмедегі XV-XIX ғасырлардағы  қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталары – соның айғағы деп білеміз”,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. 

Бақытжан Хаберұлы өз сөзінде 2023 жылы БҚО білім білім саласына деп ғалымның қазақ мемлекеттілігінің тарихын бейнелейтін 430 дана картасын сатып алғанын атап өтті. 

Ал, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың өзі болса Бөкей Ордасын толыққанды зерттеу қажет , ол жердің тарихы көп сырды жасырып жатыр, әлі ашылған жоқ деген ойын айтты. 
-Мен екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі, Бөкей Ордасы оқуларын өткізу керек.  Жастар осы өлкенің тарихына қатысты дүниелерді оқып, жаттап өсуі үшін. Мұны тек заманауи фарматта жасаған дұрыс болады. Екінші ұсынысым, Бөкей Ордасының тарихын зерттейтін орталық ашылуы керек. Себебі Бөкей Ордасы әлі зерттелген жоқ. Бөкей Орда деген феномен ғой. Тұнып тұрған тарих. Оны дұрыстап зерттеп, жарыққа шығару керек,- деді ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. 
Көрмеге  Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың әлемдік мұражайлар мен архивтерді ақтарып жүріп жасаған тың зерттеулерінен құралған карталар қойылған. Жалпы Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы тұңғыш рет әлем карталарында қазақ мемлекетінің белгіленгенін анықтаған адам. Ғалым оны анықтап қана қоймай сонау XV- XIX ғасырларда Европа және Америка елдері қазақты таңып, картаға таңбалаған деген тұжырымын жасаған ғалым. Көрмеге жиналған өлкетанушылар мен тарихшылар мұндай көрмелер жастар үшін рух беретін орта деген баға берді. 

Көрме жұмысы Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының лекциясымен жалғасты. Ашық өткен лекцияғаға жастар мен тарихшы ғалымдар, өңірге таңымал тұлғалар қатысты. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты қабылдаған еді. Сол қабылдауда Президент  ғалымның "Қазақстанның үзіліссіз мемеклеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы европалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті" атты жаңа еңбегіне жоғары баға берген болатын.  Осы кездесуде Президент Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбектеріне арналған көрмелер мен мәдени шаралар барлық өңірде өтіп, ғалымның еңбегі терең насихаталуы керек деп тапсырма берген болатын. Ақжайық атырабында өткен барлық мәдени шаралар осы Президент тапсырмасы аясында өтуде. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.