Ќазаќстан республикасыныњ


Психологияның жаратылыстық-ғылыми негізі



жүктеу 1.04 Mb.
бет2/6
Дата19.09.2017
өлшемі1.04 Mb.
1   2   3   4   5   6

Психологияның жаратылыстық-ғылыми негізі.

1.Жүйке жүйесінің құрылымы.

2.Жоғары жүйке жүйесінің қызметі.

3. Жоғары жүйке қызметінің заңдылықтары.

Жүйке жүйесі организмнің сыртқы ортамен байланысын жүзеге асырып отырады, айналадан келетін тітіркендіргіштерге жауап қайтарады. Бұлармен қатар жүйке жүйесі түрлі дене мүшелерінің , ұлталардың, клеткалардың қызметін, зат алмасу мен қан айналысын басқарып, сыртқы ортаның үнемі өзгеріп отыратын жағдайларына бейімдеп, үйлестіріп отырады.

Жүйке жүйесі нейрон деп аталатын жеке клеткалардан құралған. Бұл нейрондардың екі түрлі тармағы болады: аксон – ұзын тармақты нейрит, дендрит – қысқа тармақтысы. Нейрондардың тарамдала келіп, өзара түйінделіп бітетін жерін жүйке орталықтары дейді. Бұлар орталық, перифериялық (шеткі), вегетативтік (ішкі).

Орталық жүйке жүйесіне жұлын мен ми, ал перифериялық жүйке жүйесіне ми мен жұлын жүйкесінен тарайтын әр түрлі шеткі жүйкелер жатады. Орталық жүйке жүйесінің бөліктерінің орналасуы көп қатарлы үйдің құрылысына ұқсас, яғни олар бірінің үстіне бірі орналаса біткен. Орталық жүйке жүйесінің төменгі бөлімі – жұлын омыртқа қуысының ішіне орналасқан, оның ұзындығы ересек адамдарда орта есеппен 45 см дейін жетеді. Жұлынның ішкі жағында сұр зат орналасқан. Жұлыннан жан-жаққа 31 жұп жүйке талшықтары тарайды, олардың бір тобы ортаға тебетін, екіншісі – шетке тебетін жүйке деп аталады.

Орталық жүйке жүйесінің екінші бөлігі – ми. Оның орташа салмағы ересек адамдарда 1400 грамдай. Мұндағы сопақша, ортаңғы және аралық ми - бәрі қосылып ми бағанасын құрайды.

Сопақша ми – жұлынның тікелей жалғасы. Мұнда жүрек қызметінің, қан айналысы мен ас қорутыдың жүйке орталықтары бар. Аралық ми дененің барлық рецепторларын ми қабығымен байланыстырады. Орталық ми басшылық ету процестерінің жұмысын реттестіріп отырады.

Жүйке жүйесінің қызметі рефлекс арқылы жүзеге асып отырады. Рефлекс туралы алғаш айтқан француз ғалымы Ренэ Декарт. Рефлекстің биологиялық сипатын чех ғалымы Иржи Прохаске өз еңбектерінде дұрыс көрсете білді.

Рефлекс латын сөзі, қазақша – бейнелеу деген мағынаны білдіреді. Рефлекс сырттан немесе іштен келетін тітіркендіргіштерге организмнің қайтаратын жауап реакциясы. Жануарлар мен адамдарға туысынан көптеген рефлекстер беріледі. Бұл шартсыз рефлекс түрі. Мысалы, жарық түскенде көздің сығырая қалуы, жаңа тұған баланың анасының емшегін еме бастауы т. б. Рефлекстің екінші бір түрі – шартты рефлекс, яғни өмірде жасалып отыратын.

Рефлекс туралы теорияның негізгі қағидаларын нағыз ғылыми тұрғыдан тұжырымдаған атақты орыс физиологы И.М. Сеченов болды. Ол өзінің 1863 жылы жазған «Ми рефлекстері» деген еңбегінде психикалық құбылыстардың табиғатын рефлекс тұрғысынан түсіндірді.

И.М. Сеченовтың ми қызметінің рефлекстік механизмі туралы идеялары И.П. Павловтың шартты рефлекстер туралы ілімінде дамытыла түсті. И.П. Павлов шартты рефлекстерді зерттеді, олардың көптеген заңдылықтарын ашты.

И.М. Сеченов пен И.П. Павлов мидың барлық рефлекстік қызметі екі нервтік прцестен - қозу мен тежелуден тұратындығын анықтап берді. Қозу - әр түрлі тітіркендіргіштердің әсері нәтижесінде жүйке жүйесінің қызмет жасап тұрған белсенді күйі болса, тежелу, керісінше, жүйке жүйесін тыныштандаратын процесс болып табылады.

И.П. Павлов ми қабығында жүріп отыратын қозу және тежелу процестерінің ішкі заңдылықтарын ашты. Бұл

- иррадияция құбылысы шартты рефлекстердің мида жайылып, оның әлі берік жасалмаған кезінде көрінеді. Мысалы, бала әліппеге үйрену кезеңінде «ы», «і» әріптерін айыра алмай қиналады, мұнын себебі алғашқы кезде қозу процесінің бір орында тұрмай, жан-жаққа жайылуында болып отыр;



    • концентрация ми қабығында қозу мен тежелудің бір жерге жинақталып кезінде көрінеді. Мысалы, «ы», «і» әріптерінің таңбасын, олардың естілу ерекшеліктерін бала бірнеше рет қайталағаннан ғана шатастырмай танитын болады.

Қозу мен тежелудің ішкі заңдылықтарының бірі индукция заңы. Бұл заң бойынша: егер мидың бір алабында қозу процесі туса, басқа бір алабында міндетті түрде тежелу процесі туады.

Мидың бір алабында қозу тежелу процесімен қоршалатын болса, бүл құбылысты теріс индукция дейді. Мысалы, адам бір нәрсе туралы барлық ынтасын салып ойлаған кезде, өзінің айналасында не болып жатқанын байқамайды. Екінші бір жағдайда ми қабығының бір алабында пайда болған тежелу айналасындағы алаптарда қозу процесін тудырады. Бұл құбылыс оң индукция деп аталынады. Оң және теріс индукциялар бір мезгілде пайда болса, бір мезгілдік индукция, бірінен кейін бірі пайда болса, бір ізділік индукциясы деп аталынады.

Қозу мен тежелу процестерінің заңды байланысының арқасында біздің барлық іс-әрекетіміз, саналы тіршілігіміз бір қалыпта жүзеге асып отырады да, ми сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарын дұрысбейнелейтін болады.
Іс-әрекет психологиясы.

1. Іс-әрекет құрылымы.

2.Іс-әрекет негізгі түрлері.

3.Дағды, икем және әдет.

Адамның психикалық өмірінің жан-жақты дамуы белгілі әрекетпен айналысуына байланысты болады. Әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процесс.Адамды іс-әрекетке итермелейтін оның түрлі қажеттері.

Іс-әрекет құрымына жеке амалдар мен қозғалыстардың әрекеттердің жүйесі кіреді. Іс-әрекет ұғымынан әрекет ұғымын ажырату қажет. Әрекет іс-әрекеттің шағын бөлігң, единицасы.Ол жеке мақсатты орындауға бағытталады, әрекетті орындау тәсілдері операция деп аталады. Адам іс-әрекеттің белгілі түрімен айналысу арқылы ғана сыртқы ортамен белсенді түрде байланыс жасап, оны шамасынша өзгертіп отырады.

Іс-әрекеттің саналылығы мен мақсаттылығы, жоспарлылығы мен жүйелілігі оның ең басты белгілері болса, алда тұрған міндетті шешу – оның екінші бір басты белгісі болып табылады. Іс-әрекеттің негізгі түрлері: ойын, оқу, еңбек әр уақытта белгілі бір мақсат, міндеттерге бағытталып отырады.

Ойын – бала әрекетінің негізгі бір түрі. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойын арқылы бала өз қажетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді.

Баланың жасы өсумен қатар, ойнайтын ойының мазмұны да өзгеріп отырады. Мысалы, бір жастағы бөбектердің ойыны манипуляциялық сипатта болса, бақшасындағы балалар сюжеттік ойындармен айналысады. Балалардың қиялын, ойлауын, сөйлеуін дамыту үшін түрлі ережелер мен ойнайтын ойындардың да үлкен дидактикалық мәні бар. Бала ойын үстінде дүниетанудағы өз мүмкіншілігін сезінумен қатар, айналасындағы адамдар мен олардың әрекетіне көңіл аударады, заттың ішкі мазмұнын білгісі келеді.

Оқу – іс-әрекеттің негізгі саласы процесін нәтижелі орындауға қажетті білімді, дағды мен икемді жүйелі түрде меңгеру. Мектеп жасындағы балалардың негізгі әрекеті – оқу. Оқу арқылы балаға қоғам өзінің ғасырлар бойы жиналған асыл мұрасын, дағды, тәжірибесін береді. Сонымен бірге жаңа буын оқу арқылы өзінен бұрынғылардың практикалық әрекетін, ғылым-білім жүйелерін меңгереді, сөйтіп, өзін практикалық әрекетке дайындайды.

Мектеп оқушылардың оқуға саналы қатынасуын тәрбиелеп, дамытуда мұғалімдер ұжымының алатын орны ерекше.

Адам психикасын қалыптастыруда шешуші роль атқаратын әрекеттің бірі – еңбек. Еңбек адам тіршілігінің арқауы, оның өмір сүруінің басты шарты. Жалпы еңбек әрекетінің негізгі ерешелігі – оның жоспарлылығы мен белгілі тәртіпке бағынатындығында.

Еңбек үстінде кісі өзіне, қоғамға қажетті материалдық игіліктерді өндірумен бірге өзінің психологиялық қасиеттерінің жақсы жақтарын біртіндеп қалыптастырып отырады.

Алғашқыды саналы орындауды қажет ететін іс-әрекет бөліктерінің қайталап жаттығудың нәтижесінде автоматталуын дағды деп атайды. Дағдылануда іс-әрекеттің түтас өзі емес, жеке компоненттері ғана автоматталынады. Дағды адам әрекетінің қай-қайсысында да ерекше маңыз алады. Ол іске шапшаң, шұғыл кірісуге мүмкүндік береді. Іс-әрекетке жақсылап дағдылану арқылы адам өндіріс құралдарын , дене шынықтыру, ақыл-ой жұмысын меңгеруде жақсы табыстарға жетеді.

Дағдылардан икемділік ұғымын айыра білу қажет. Икемділік дегеніміз адамның қандай нәрсені болмасын орындай білу қабілеті. Икемділік білім мен тәжірибеге негізделеді. Кімнің білімі мен тәжірибесі көбірек болса, сол адамның икемділігі де артық болады. Икемділік – белгілі бір дағдылар мен білім жүйесін практикада пайдалана алудың көрінісі болып табылады.

Дағды мен икемділіктен әдеттерді айыра білу керек. Әдеттер де әрекеттің автоматтанылған құрамдары. Бірақ мұнын дағдыдан айырмашылығы мынада: әдетте қимыл-қозғалыстарды орындауға адам үнемі дайын болып, оны қажетсініп тұрады.


Түйсіктер.

1. Түйсік, оның физиологиялық негізі.

2. Түйсіктердің негізгі түрлері.

3. Түйсіктердің заңдылықтары.

Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының жеке қасиеттерінің сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінен пайда болған мидағы бейнелерді түйсік деп атайды. Түсік арқылы заттардың түсін, иісін, дәмін, қатты-жұмсақтығын т б. осы секілді қасиеттері ажыратылады. Түйсіктер заттар мен нәрселердің тек жеке қасиеттерін ғана мида бейнелейді.

И.П. Павловтың жүйке қызметі туралы ілімі түйсіктердің пайда болуын анализатор деп аталатын анатомиялық-физиологиялық жүйке аппаратының жұмысына байланысты түсіндіреді. Анализатор уш бөліктен құралады:



    • рецептор сырттан келген тітіркендіргіштерді жүйкелік қозуға айналдырап отыратын жер;

    • миға баратын жүйке талшықтары, олар секундына 120 метр тездікпен рецепторларға түскен қозуларды мидың түрлі бөліктеріне жеткізіп отырады;

    • мидағы түрлі жүйке орталықтары, олар тітіркендіргіштерді айыра алуға қабілетті нейрондардан тұрады.

Анализаторлардың мидағы ядролары тиісті аймақтарға орналасқанмен, олар бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Анализаторлар бірінің қызметін екіншісі атқара алуға да қабілетті. Мұны ми қабығының компенсаторлық функциясы деп атайды.

Түйсіктердің түрлерін үш топқа бөлуге болады.



  1. Сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардың жеке қасиеттерінің бейнесі болып табылатын түйсіктер. Бұлардың рецепторлары дененің бетінде немесе оған жақын орналасқан. Осындай сыртқы анализаторлардың рецепторларын экстерорецептор деп атайды. Бұған көру, есту, иіс, дәм, тері түйсіктері жатады.

  2. Ішкі мүшелеріміздің күйін бейнелейтін түйсіктерге түрлі органикалық түйсіктер жатады. Олардың рецепторларын интерорецептор деп айтады.

  3. Дене мүшелерінің қозғалысы мен бірқалыпты орналасуын қозғалыс немесе кинестезиялық түйсіктер хабарлап отырады. Мұнын рецепторы проприорецептор деп аталынады.

Түйсіктердің негізгі заңдылықтары:

    • Сезгіштік және табалдырық.

Психологияда адамның түйсіне алу қабілетін сезгіштік деп атайды. Сезгіштікті абсолюттік, айырма сезгіштік деп екіге бөледі. Абсолюттік сезгіштік дегеніміз – сезім мүшелерінің өте әлсіз тітіркендіргіштерді түйсіне алуы. Абсолюттік сезгіштік түйсік табалдырығына тәуелді. Абсолюттік табалдырық тітіркендіргіштің болмашы ғана түйсік тудыратындай ең аз шамасы. Мысалы, біреу алақанындағы салмақты 3 гр-нан бастап сезетін болса, екінші біреу салмақты алты грамнан бастап сезеді. Айырма сезгіштік деп сезім мүшелерінің тітіркендіргіштердің арасындағы болмашы айырмашылықты түйсіне алуын айтады. Мысалы, егер алақанға жүз грамм салмақ салып, оған тағы бір грамм қосса, салмақтың артқаны білінбейді. Оны айыра білу үшін 3-4 грамм қосу керек.

    • Адаптация.

Сезім мүшелерінің сезгіштігі әсер етуші тітіркендіргіштерге біртіндеп бейімделуге байланысты да өзгеріп отырады. Бұл құбылысты адаптация дейді. Адаптация құбылысы сезгіштігінің артуын немесе төмендеуін көрсетіп отырады. Мысалы, жарық жерден қаранғы үйге кіру бізде қараңғылық адаптациясын тұғызады.

    • Сенсибилизация.

Егер адаптация анализаторлардың сезгіштігінің түрлі жағдайларға байланысты артуының, төмендеуінің көрсеткіші болса, сенсибилизация сезгіштіктің тек артуын ғана көрсететін құбылыс болып табылыды. Сезім мүшелерінің біреуінің әсерінен басқаларының сезгіштігі артып отырады. Мысалы, көзге жеткілікті мөлшерде түскен жарық оның көру қабілетін арттырумен қатар есту түйсігінің сезімталдығының артуына да себепші болады.

    • Синестезия.

Тітіркендіргіштер сезім мүшелерінің біреуінде ғана түйсік туғызудың орнына сол сәтте басқа түйсіктердің пайда болуына да жағдай жасайды. Мысалы, кейбір адамдар біреудің сөзін естігенде, бұған қоса түрлі дәмдер мен түстерді де сезінуі мүмкін.

    • Бір ізді бейнелер.

Тітіркендіргіш әсерінің тоқталғанына қарамай, аз ғана уақыт болса да, түйсіктің өз күшінде қалатын кездерін бір ізді образдар деп атайды. Мысалы, адам 2-3 секунд бойы көз алмай шамға қарап отырып, содан кейін көзін жұмса, жарықтың ізін айқын көре алады.

Қабылдау.

1. Қабылдау, оның физиологиялық негізі.

2. Қабылдаудың негізгі ерекшеліктері.

3. Кеңістік пен уақытты қабвлдау.


Егер түйсік сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының жеке қасиеттері мен сапаларының миымызда бейнелеуі болса, қабылдау заттар мен құбылыстардың мида тұтастай бейнелуі болып табылады. Қабылдауда заттар мен құбылыстардың түсі, дыбысы, дәмі, иісі, формасы т.б. қасиеттері тұтас күйінде бейнеленеді.

Қабылдау – ми қабығының күрделі анализдік және синтездік қызметінің нәтижесі. Қабылдаудың физиологиялық негізіне бірнеше тітіркендіргіштердің жиынтығы мен олардың қарым-қатынасында пайда болатын уақытша жүйке байланыстары жатады. Мұны И.П. Павлов қатынас рефлексі деп атаған. Сөйтіп, қабылдау – бірнеше анализаторлардың бірлесіп қызмет істеуінің нәтижесі.

Қабылдаудың негізгі ерекшеліктері:

- Қабылдаудың тұтастығы.

Қабылдаудың объектісі кейбір жеке қасиеттерден, жеке бөліктерден тұрғанымен, біз оларды бүтіндей, тұтастай қабылдаймыз.

- Қабылдаудың мағыналығы.

Бұл ерекшелікте қабылдаудың түйсіктерден негізгі айырмашылығын жақсы көрсетеді. Ол объектілердің мазмұнын жақсылап түсінбейінше, белгілі тұжырымдар мен сөз арқылы аталмайынша, ол толық қабылданбайды. Қабылдауда объектінің аты сөзбен берілсе, қандай нәрсе болса да оңай және тез қабылданады.

- Қабылдаудың таңдамалығы.

Толып жатқан объектілердің ішінен біреуін іріктеуіміз қабылдаудың таңдамалығы делінеді. Мұндай жағдайда объектінің назар аударылған белгілерін, қасиеттерін, керек жақтарын ғана қабылдаймыз. Қабылдауда ерекше айқын көрініп тұрған нәрсе фигура делінеді де, қалғандары соның фоны болады.

- Қабылдаудың константылығы.

Қабылдаудың константылығы деп сыртқы жағдайдың өзгеруіне қарамастан, заттардың кейбір қасиеттерінің бір қалыпты болып қабылдауын айтады. Мысалы, ақ қағаз жасыл лампочканың жарығы түссе де бәрібір ақ болып қабылдана береді.

- Қабылдаудағы иллюзия.

Әрқашан да қабылданатын затқа, не құбылысқа қабылдау сәйкес келе бермейді. Түрлі себептерге байланысты шындықты бұрмалап, теріс қабылдайтын кездер де болады. Түрлі себептерге байланысты шындықтағы объектілерді қате қабылдауды иллюзия деп атайды. Иллюзияның түрлері өте көп. Соның ішінде көру қабылдауында жиі кездеседі. Көру иллюзияларына контраст, перспектива, заттың жоғары жағын артық бағалау т. б. иллюзиясы жатады. Мысалы, перспектива иллюзиясы: айталық үш бағананың биіктігі бірдей, ал көріп тұрған кезінде олардың ең әрідегесі бәрінен үлкен сияқты болып көрінеді. Мұның себебі – нәрсе алыстаған сайын оның бейнесі кішірейе беретіндіктен , нәрсе өзінен кішкентай нәрсенің қасында тұрса – үлкейіп, үлкен нәрсемен қатар тұрса – кішірейіп көрінеді. Иллюзияларды адамның жүйке жүйесінің ауруға шалдығуына байланысты туатын заттардың жалған, теріс бейнелері – галлюцинациялардан ажырату қажет.

- Апперцепция.

Қабылдаудың адамның жалпы психикалық тұрмысы мен тәжірибесінің мазмұнына байланыстылығын апперцепция дейді. Апперцепция тұрақты және уақытша болып екіге бөлінеді. Тұрақты апперцепция адамның қызығуы мен мамандығы, білімі мен дүниетанымына байланысты болып отырады. Уақытша апперцепция адамның әр түрлі алдануы салдарынан жаңсақ пікірлер туғызады.

Кеңістік пен уақыт – материяның өмір сүруінің негізгі формалары.

Кеңістікті қабылдау – заттар мен құбылыстардың көлемін, тұрқын, түрін, аумағын, алыс-жақындығын, тайыз-тереңдігін қабылдау деген сөз. Кеңістікке орналасқан заттардың көлемін қабылдауда екі көзбен көрудің (бинокулярлық көру) маңызы зор. Ал бір көзбен көру (монокулярлық көру) тереңдік жөнінде дәл мағлумат бере алмайды. Қашықтық пен заттардың көлемін қабылдауда көздің конвергенциясы, яғни екі көздің көрілетін затқа бір көздей болып әрекет етуі қажет болады. Бұл құбылыс жақындағы нәрсені ажыратуда байқалады. Көздің түрлі қашықтықтағы заттарды көруге бейімделу қабілеттілігін аккомадация деп атайды. Кеңістіктегі заттарды қабылдауда көру-қозғалыс анализаторының мәні ерекше.

Уақытты қабылдау сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстарда болатын өзгерістердің санаға әсер етіп қалдыратын бейнесі. Уақыт – дүниедегі заттардың өзгеріп, бір қалыптан екінші қалыпқа келіп, ескі заттардың жоғалып, олардың орнына жаңа заттардың пайда болып отыруының көрсеткіші. Уақытты қабылдау бірнеше компоненттерден тұрады: уақыттың ритмі – құбылыстардың белгілі ырғақпен өтіп жататын бір ізділігі; уақыт темпі – құбылыстардың бір ізділігінің, тездігінің не баяулығының көрсеткіші.


Зейін.

1. Зейін, оның физиологиялық негізі.

2. Зейін түрлері.

3. Зейіннің негізгі қасиеттері.

Зейін деп – адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылысты айтады. Зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алу.

Зейіннің физиологиялық негіздерін И.П. Павлов ашқан жүйке процестерінің өзара индуқция заңына байланысты түсінуге болады. Егер ми қабығының бір алабында қозу процесі пайда болса, осымен байланысты қалған алаптарында тежелу процестері пайда болады. Зейіннің физиологиялық негіздерін орыс физиологы, академик А.А. Ухтомскидің доминанта теориясы бойынша да жақсы түсінуге болады. Сыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біруі миға көбірек әсер етеді де мидың бір алабын қаттырақ, күштірек қоздырады, осындай алапты доминанта деп атаған. Мидың осы күшті қозғыш алабы қалған алаптардағы әлсіз қозу процестерін өзіне тартып алып отырады. Осыдан мидың күшті қозған алабы одан бетер күшейеді. Мысалы, қызық кітапқа беріле оқығанда адамға кейбір бөгде тітіркендіргіштердің бөгет жасамайтыны, қайта олардың біздің ойымыздың күшеюіне жәрдемдесетіні байқалады.

Адамдардың зейіні ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып үшке бөлінеді.

Ырықсыз зейін – ең қарапайым және адамда алғашқы көрінетін психикалық процесс, оны сонымен еріксіз деп атайды. Қызығу – ырықсыз зейіннің бұлағы, өйткені қызықты іске көңіліміз тез ауады. Ырықсыз зейіннің көрінуіне төмендегі жағдайлар себеп болады:



    • күшті тітіркендіргіштер (қанық бояулы заттар, қатты дауыс т. б.);

    • заттар мен құбылыстардың жаңалығы мен қозғалысы;

    • адамның сыртқы дүниедегі объектілерге қатынас жасауының дәрежесі (қызығу, қажетсіну, көңіл күйінің хош болуы).

Адамның ырықты зейні әрекетті саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсау арқылы орындалуынан көрінеді. Ырықты зейінде белгілі бір мақсат қойып, объектіге ерекше зер салыпотыру көзделеді, ол жұмыстың басынан аяғына дейін ерік-жігерді сарқа жұмсауды талап етеді.

Үйреншікті зеін дегеніміз – қажетті әрі құнды болып саналатын объектіге адам санасының шоғырлануы. Үйреншікті зейіннің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол қызығу негізінде қалыптасады. Бірақ бұл нәрсенің қасиетіне емес, адамның тіршілік мақсатына сәйкес мүдделі әрекетіне байланысты.

Зейіннің негізгі қасиеттері:


    • Зейіннің тұрақтылығы және жинақтылығы.

Адамның зейіні бір объектіге немесе бір жұмысқа ұзағырақ тұрақтай алса, оны зейіннің тұрақтылығы дейді. Зейінді бір жерге тұрақтатып, жинақтап алу арқасында адам істеп отырған ісін тереңінен түсініп, оның әр түрлі байланыстарын анықтайды.

    • Зейіннің аударылуы.

Зейіннің аударылуы деп бір объектіге назарымызды көшіруді аайтады. Физиологиялық тұрғыдан мидағы оптималдық қозудың ауысуы.

    • Зейінің бөлінушілігі.

Адам санасының бірмезгілде бірнеше әрекетті атқара білу мүмкіншілігін зейіннің бөлінушілігі дейді. Адам зейінін екі-үш нәрсеге бөле алады.

    • Зейіннің көлемі.

Зейіннің көлемі деп бір уақыттың ішінде оның қамтитың объектілерінің санын айтады. Зейін көлемін анықтауға байланысты жасалған тәжірибелер тахистоскоп деген аспаппен тексеріледі.

    • Алаң болушылық.

Алаң болушылық деп белгілі бір объектіге саналы түрде зейінді ұйымдастыра алмаушылықты айтады. Алаң болушылық адам қатты шаршап, болдырған кезде жиі кездеседі.
Ес.

1. Ес, оның физиологиялық негізі.

2. Естің түрлері.

3. Ес процестері.

Ес дегеніміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адам миында сақталып, қайтадан жаңғыртылып , танылып, ұмытылуын бейнелейтін процесс.

Ес – күрделі психикалық процестердің бірі. Ес есте қалдыру, қайта жаңғырту, тану, ұмыту секілді процестерден тұрады.

Естің физиологиялық негіздерін И.П. Павловтың жүйке жүйесінің пластикалық қасиеті туралы ілімінен түсіндіретін. Жүйке жүйесінің пластикалылығы дегеніміз түрлі қозулардан қалған әсерлердің қайтадан уақытша байланысқа түсе алу қабілеті. Уақытша байланыстардың тікелей тітіркендіргіштер әсер етпеген жағдайда да мида жасалынуы ойда бұрынғы байланыстардан із қалып отыратындығын көрсетеді.

Ес процесінің негізі болып табылатын байланыстарды психологияда ассоциация деп айтады. Егер бұрын бірнеше объектіні бір мезгілде немесе бірінен соң бірін не ойласақ бұлардың арасында байланыс пайда болады. Кейін объектінің біреуін ғана елестетсек миымызда оның қалған бөлегін тудыруға себеп болады. Ассоциациялық принципті алғаш рет ойлап тапқан ежелгі грек ойшылы Аристотель болды. И.П. Павлов психологияда ассоциациялар деп аталатын құбылыс ми қабығында екі қозу процесінің қабаттасып келуі не байланысты пайда болып, сан рет қайталаудың нәтижесінде бекіп отыратын уақытша байланыстар екенін түсіндірді. Ассоциациялардың үш түрі бар:



    • Іргелестік ассоциациясы бойынша бір зат жөніндегі елес өзімен бірге оған қатысы бар екінші затты қоса туғызады. Мысалы, Кремль ұғымы Қызыл алаң ұғымын туғызуы мүмкін.

    • Ұқсастық ассоциациясынан нәрсенің, көріністің бейнелері өздеріне ұқсас образдарды еске түсіреді, яғни бір зат жөніндегі елес сол затқа қандай болса да ұқсастығы бар екінші затты елестетеді. Мысалы, жапырақтың сыбдыры адамның жайлап сөйлеуін, толқынның шуы адамдардың самбырлаған сөзін т. б.

    • Қарама-қарсылық ассоциациясында бір зат туралы елес оған қарама-қарсы екінші затты не құбылысты еске түсіреді. Мысалы, ақ пен қара, айқай-шу мен тым-тырыс.

Ойда қалдырылатын не қайта жаңғыртылатын нәрсенің сипатына қарай ес төртке бөлінеді.

  1. Қозғалыс есі деп ойын, еңбек әрекетіне байланысты туып отыратын қимыл-қозғалыстарды еске қалдыру мен қайта жаңғыртып отыруды айтады. Естің осы түрі қозғалыс дағдыларын қалыптастырудың негізі болып табылады.

  2. Заттар мен құбылыстардың қасиеттерінің нақтылы бейнесін ойда қалдыруда, қайта жаңғыртуда көрініп отыруын образдық ес деп атайды. Суретшілер мен архитекторлардың, музыканттар мен актерлердің есі көбінесе нақты, көрнекті болып келеді.

  3. Адам ойының түрлі формаларын еске қалдыра алу қабілеті сөз-логикалық ес деп аталады. Сөз жүйесін есте сақтау – ойлау жұмысына байланысты.

  4. Сезімдерді еске қалдырып отыруды эмоциялық ес дейді.

Соңғы кездегі ғылыми зерттеулер адамда естің басқа түрлері деп болатындығын көрсетіп отыр. Адамның материалды қанша мерзімге сақтай алатындығына байланысты ес қысқа және ұзақ уақыттық болып екіге бөлінеді. Қысқа уақыттық естің әрекеттің нақтылы міндеттерін орындауға байланысты көрінетін түрін оперативтік ес деп атайды.

Ес процестері:



  1. Есте қалдыру.

Есте қалдыру арнайы және еріксіз есте қалдыру болып екіге бөлінеді. Еріксіз есте қалдыру адам алдына арнаулы мақсат қоймайды, есте қалдырудың арнаулы тәсілдерін пайдаланбайды. Айналадағы өмірдің түрлі көріністері сол әрекеттің ағымына қарай есте қалып отырады. Ал есте қалдыру арнаулы тәсілдерді қажет етеді, оны тудыратын тиісті мотивтер болады. Қандай объектіні болмасын әдейілеп есте қалдыру үшін мына төмендегі шарттарды орындап отыру қажет болады:

    • есте қалдыруда әр кез мақсат қойып отыру зор маңызды;

    • есте қалдырудың қоғамдық, тәжірибелік мәні адамның қажетіне де байланысты болады;

    • оқылатын шығарманы жоспарлай алу – есте қалдыруға көп жеңілдік келтіреді;

    • мағыналы есте қалдыру дегеніміз – нәрсенің мәніне түсіну;

    • оқып отырған шығарманың байланысын, жүйелерін елестетуге, еске тірек боларлық ой-желісін табуда схема, таблицалармен қатар, арнаулы шартты белгілер қолданылып отырса, есте қалдырудың сапасы арта түседі;

    • есте қалдыруға тиіс шығарманы адам мүмкіндігінше өз сөзімен құрастырған сөйлемдермен айтып бергені абзал;

    • оқылатын шығарманы жақсылап есте қалдыру адамның өзін-өзі тәрбиелей алуына да байланысты;

    • есте қалдырудың сапасы дұрыс қайталай алуға да байланысты.

  1. Қайта жаңғырту.

Қайта жаңғырту еріксіз және арнайы қайта жаңғырту деп екіге бөлінеді.

Еріксіз қайта жаңғыртуда адам алдына мақсат қоймайды. Мұны іс-әрекеттің барысы туғызып отырады, қайта жаңғыртудың осы түрі көбінесе адамның үнемі айналысатын әрекетімен мазмұндас болады. Еріксіз қайта жаңғырту кездейсоқ туып отырғанмен, ол белгілі жүйеде жүріп жатады.

Арнайы қайта жаңғырту мақсат қоюмен, ерік күшін жұмсаумен , арнаулы әдіс, тәсілдер қолданумен жүзеге асады. Қайта жаңғыртудың көптеген әдістері бар:


    • көлемі үлкен шығармаларды қайта жаңғырту үшін жазбаша немесе ойша оның жоспарын жасау қажет болады;

    • қайта жаңғыртуда бұрын оқылған, қабылданған объектілерді бір-бірімен салыстырып отыру да аса пайдалы.

    • қайта жаңғыртуда ассоциацияларды, бұлардың мағыналы байланыстарын пайдаланған жөн;

    • оқыған нәрсеге жауапкершілікпен қарау, мұнда тұрақты қызығудың болуы да қайта жаңғыртудың нәтижелі болуының қажетті шарттары болып есептелінеді.

Тану – қайта жаңғыртудың қарапайым түрі. Тану – бұрын қабылданған және қайтадан кезіккенде көрінетін ес процесі.

Қайта жаңғырту процесі елеспен тығыз байланысты. Елес – заттардың бейнелерін есте сақтауға, сол заттардың типтік, басты белгілерін көрсететін ой-тәсілдеріне көшуге, оның мәнін танып, білуге көмектеседі. Елес арқылы адам заттар мен құбылыстарды аз да болса, жалпылай бейнелей алуға мүмкіндік алады.

3) Ұмыту процесі- есте қалдыру процесіне қарама-қарсы процесс. Өмірге қажет емес нәрселерді ұмытып отыру-адамның рухани дамуына көп көмегін тигізеді. Егер адам қабылдаған нәрсенің барлығын есінде сақтай беретін болса, онда кез келген ұсақ-түйектер мидың бір қалыпты жұмысын қиындатар еді. Ұмыту түрлеші жағдайларда көрінуі мүмкін. Бірде ұмыту объектіні әдейілеп еске түсіруге, не тануға мүмкіншіліктің жоқтығынан пайда болса, енді бірде объектіні қате тану, не әдейілеп еске түсіре алмаудан болады. Материалды оқыған бойда бірден қайта жаңғырту кейде қиынға түсіп, мазмұны толық берілмей қалатын кездер болады. Бірақ бұлар екі-үш күннен кейін тым тәуір қайта жаңғыртылуы мүмкін. Осындай кешігіп еске түсіруді психологияда реминисценция құбылысы деп атайды.

Ұмыту процесінде байқалатын екінші бір құбылыс: өткен материалға ұқсас екінші бір материал оқылса, бұл қайта жаңғыртудың сапасының төмендеуіне әсер етеді. Бұл құбылыс – ретроактивтік тежелу деп аталса, бұрын есте сақталған материалдың екіншісіне бөгет жасауы проактивтік тежелу деп аталады.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет