Қазақстан республикасының заңы кәсiптiк одақтар туралы



жүктеу 183.17 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі183.17 Kb.


Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ
Кәсiптiк одақтар туралы

Осы Заң азаматтардың бірлесу бостандығына конституциялық құқығын іске асыруына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, қайта ұйымдастыруға және таратуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.



1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Кәсiптiк одақтар

Кәсiптiк одақтар азаматтар өндірістік-салалық қағидат бойынша өздерiнiң кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшін ерiктi түрде құратын дербес, тiркелген жеке мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiктер болып табылады.


2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігі (қауымдастық, одақ) –салалық кәсіптік одақтардың бірлестігі, аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің бірлестігі;

2) салалық кәсіптік одақ – ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделер байланыстыратын, қызметтің бір саласының және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің ерікті бірлестігі;

3) кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігі (қауымдастық, одақ) –облыстың, республикалық мәні бар қаланың және астананың аумағында қызмет ететін, осы Заңның 14-бабына сәйкес құрылатын кәсіптік одақтар бірлестігі;

4) жергілікті кәсіптік одақ – ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделер байланыстыратын қызметкерлердің ерікті бірлестігі;

5) кәсіптік одақтың бастауыш ұйымы – бір ұйымда жұмыс істейтін кәсіптік одақ мүшелерінің ерікті бірлестігі;

6) кәсіподақ органы – кәсіптік одақтың жарғысына сәйкес құрылған басқарушы орган;

7) кәсіптік одақтың мүшесі – кәсіптік одақтың құрамына кіретін, оның жарғысын танитын және мүшелік кәсіподақ жарнасын төлейтін жеке тұлға;

8) мүшелік ұйым – басқа кәсіптік одақтың және олардың бірлестіктерінің құрамына осы Заңда айқындалған тиісті әлеуметтік әріптестік деңгейінде қатысушы ретінде кіретін, оның жарғысын танитын және осы Заңның 14-бабында көзделген жағдайды қоспағанда мүшелік жарнасын төлейтін кәсіптік одақ.


3-бап. Қазақстан Республикасының кәсiптiк одақтар туралы заңнамасы

 1. Қазақстан Республикасының кәсiптiк одақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Осы Заңның жекелеген салаларда қолданылу ерекшелiктерi

Осы Заңның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында, құқық қорғау органдарында және арнайы мемлекеттік органдарда қолданылу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының осы құрамалар туралы заңнамасында белгiленедi.

Осы Заңның ережелерi Қазақстан Республикасында тұратын және жұмыс iстейтiн шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады, сондай-ақ республикадан тыс жерде iссапар тәртiбiмен жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасының азаматтарына да қолданылуы мүмкiн.
5-бап. Кәсiптiк одақтар құру бостандығы

Қазақстан Республикасының азаматтары кәсiптiк одақтарға бiрiгуге құқылы.     

Кәсiптiк одақтар өз мүшелерiнiң тең құқылығы негiзiнде құрылады. Бiр сала, ұйым шеңберiнде құрылатын кәсiптiк одақтардың санына шек қойылмайды.     

Барлық кәсiптiк одақтарға тең құқықтық мүмкiндiктер берiледi.    

Кәсiптiк одақтарды құруға кедергi келтiру, тиісінше оның қызметiне қарсы әрекет жасау заң бойынша қудаланады.
6-бап. Кәсiптiк одақтарды құру қағидаттары және олардың өзара қатынастары

Кәсiптiк одақтар өндiрiстiк-салалық қағидат бойынша құрылады.

Кәсiптiк одақтар жарғыларды, құрылымын дербес әзірлейді және бекітеді, кәсіподақ органдарын құрады, өз қызметін ұйымдастырады, жиналыстар, конференциялар, съездер және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да іс-шараларды өткізеді.
7-бап. Кәсiптiк одақтардың халықаралық байланыстары

Кәсiптік одақтар жарғылық мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес халықаралық кәсiподақ бiрлестiктерiне кiруге, шетелдік кәсiптiк одақтармен және еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдармен ынтымақтасуға, олармен шарттар мен келiсiмдер жасасуға құқылы.


8-бап. Азаматтарды кәсiптiк одақтарға мүше болу белгiсi бойынша кемсiтушiлiкке тыйым салу

Кәсiптік одақтарға мүше болу азаматтардың Қазақстан Республикасының заңнамасында кепiлдiк берiлетiн еңбек, әлеуметтiк-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарына қандай да бiр шек қойылуына әкеп соқтырмайды.

Жұмысқа қабылдау, жұмыста жоғарылау кезінде кемсітушілікке, сондай-ақ қызметкердің кәсiптік одаққа мүше болуы, оған кiруі немесе одан шығуы себебiне байланысты жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға тыйым салынады.

2-тарау. Кәсiптiк одақтарды құру, қайта

ұйымдастыру және тарату
9-бап. Кәсiптiк одақты құру

Кәсiптiк одақ кәсіптік және өндірістік мүдделерінің ортақтығы байланыстыратын, кемiнде он адамнан тұратын азаматтар тобының бастамасы бойынша құрылады, олар құрылтай съезiн (конференциясын, жиналысын) шақырады, онда одақтың жарғысы бекiтiледi және басшы органдары құрылады.

Мүшелiкке өту және одан айрылу шарттары мен тәртiбi кәсiптiк одақтың жарғысында белгiленедi.

Кәсiптiк одақтың заңды тұлға ретiндегі құқықтық қабiлетi тiркелген сәттен бастап пайда болады.



10-бап. Кәсіптік одақтың жарғысы

1. Кәсіптік одақтың жарғысы мыналарды көздеуге тиіс:

1) кәсіптік одақтың атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;

2) кәсіптік одақтардың бастауыш ұйымдарын, филиалдары мен өкілдіктерін құру шарттары мен тәртібі;

3) мүшелік, мүшелікке өту және одан айрылу, шығу шарттары мен тәртібі;

4) салалық кәсіптік одаққа, кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігіне (қауымдастыққа, одаққа) мүшелік;

5) кәсіптік одақтың ұйымдық құрылымы;

6) кәсіптік одақтарды қалыптастыру тәртібі, құзыреті мен өкілеттік мерзімі;

7) кәсіптік одақтың және оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, сонымен қатар әлеуметтік әріптес органдары, кәсіптік одақтардың және олардың бірлестіктерінің органдары қабылдайтын шешімдерін оларға мүшелік ұйымның орындау міндеттілігі;

8) кәсіптік одақтың ақшалай қаражаты мен өзге мүліктерін қалыптастыру көздері, кәсіптік одақтың және оның кәсіптік одақтың бастауыш ұйымдарының мүлікті басқару бойынша құқықтары;

9) мүшелік кәсіподақ жарналарын, мүшелік ұйымдардың мүшелік жарналарын төлеу және оларды бөлу тәртібі;

10) өз мүшелеріне ақшалай қаражаттың түсуі және жұмсалуы туралы хабарлау тәртібі;

11) кәсіптік одақтың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

12) кәсіптік одақты қайта ұйымдастыру және тарату туралы, кәсіптік одақтың бастауыш ұйымдарының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдау тәртібі.

2. Жарғыда кәсіптік одақ қызметінің нысанасына қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер көзделуі мүмкін.
11-бап. Кәсіптік одақтарды мемлекеттік тіркеу

1. Кәсіптік одақтарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына және осы бапқа сәйкес жүргізіледі.

Кәсіптік одақты мемлекеттiк тiркеу үшін қажеттi құжаттар кәсіптік одақтың құрылтай съезi (конференциясы, жиналысы) өткiзiлген күннен бастап екі айдан кешiктiрiлмей тiркеушi органға ұсынылады.

2. Кәсіптік одақтар тiркелген күнiнен бастап алты ай өткенге дейін оларды тіркеген органға осы Заңның 13-16-баптарында көзделген талаптардың орындалуын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.

3. Осы баптың 2-тармағын орындамау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кәсіптік одақтардың мемлекеттiк тiркелуiнiң күшiн жоюға әкеп соғады.

4. Тіркеуші орган кәсіптік одақтардың қызметін бақылауды жүзеге асырмайды.


12-бап. Кәсiптiк одақты қайта ұйымдастыру және тарату

Кәсiптiк одақты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына және кәсіптік одақтың жарғысына сәйкес жүргізіледі.



3-тарау.  Кәсіптік одақтардың және олардың бірлестіктерінің

мәртебесі
13-бап. Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігі

Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігін салалық кәсіптік одақтар құрады және ол облыстардың жартысынан астамының, республикалық мәні бар қаланың және астананың аумағында мүшелік ұйымдары бар.

Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігі республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
14-бап. Кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігі

Кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігін кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігі мен салалық кәсіптік одақтар құрады.

Кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігін қаржыландыру оны құрған республикалық бірлестігі мен салалық кәсіптік одақтары жүзеге асырады.

Кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігі кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігінің мүшелік ұйымы және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.

Кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігі республикалық бірлестігінде мүшелік ұйымы болған үшін мүшелік жарна төлеуден босатылады.
15-бап. Салалық кәсіптік одақ

Салалық кәсіптік одақты қызметкерлердің немесе кәсіпорындардың жалпы санының кемінде жартысын біріктіретін немесе облыстардың жартысынан астамының, республикалық мәні бар қаланың және астананың аумағында құрылымдық бөлiмшелерi, ұйымдық мүшелері бар, ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделер байланыстыратын, қызметтің бір саласының және онымен сабақтас салалардың қызметкерлері құрады.

Салалық кәсіптік одақ кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігінің мүшелік ұйымы және салалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
16-бап. Жергілікті кәсіптік одақ

Жергілікті кәсіптік одақты әдетте, ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделер байланыстыратын бір ұйымның қызметкерлері құрады.

Жергілікті кәсіптік одақ салалық кәсіптік одақтың мүшелік ұйымы және ұйым деңгейіндегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
17-бап. Кәсіптік одақтың бастауыш ұйымдары

Кәсіптік одақтың бастауыш ұйымы ұйымда құрылады, заңды тұлға құрмай, салалық, жергілікті кәсіптік одақтың құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Кәсіптік одақтың бастауыш ұйымын құру, қызметін тоқтату тәртібі, құқықтары және міндеттері, сондай-ақ оның органдарының өкілеттігі кәсіптік одақтың жарғысына сәйкес кәсіптік одақтың бастауыш ұйымы туралы ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

4-тарау. Кәсiптiк одақтардың құқықтары мен міндеттері,

кепiлдiктерi
18-бап. Кәсiптiк одақтардың құқықтары

1. Кәсiптiк одақтар:

1) өз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттiк органдармен, жұмыс берушілермен, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен (қауымдастықтармен, одақтармен) және өзге қоғамдық ұйымдармен өзара қатынастарда қызметкерлердің өкілі болуға;

2) өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, сотта, басқа органдарда олардың мүдделерiн қорғауға, оларға өзге де құқықтық көмек көрсетуге, заң консультацияларын және басқа да құқықтық көмек қызметтерін құруға;

3) мемлекеттiк органдарға олар қабылдаған, кәсiптік одақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн құқықтық актiлердiң толық немесе iшiнара күшiн жою не оларды өзгерту туралы өтiнiш жасауға;

4) кәсiптік одақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн, прокурорлық қадағалау саласындағы құқықтық актiлерге наразылық бiлдiру туралы, Қазақстан Республикасының кәсіптік одақтар туралы заңнамасын, еңбек заңнамасын бұзатын адамдарға қарсы iс қозғау туралы прокуратураға өтiнiш жасауға;

5) мемлекеттiк органдардың кәсiптік одақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн актiлерi жөнiнде сотқа шағым жасауға;

6) еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысуға;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысуға;

8) өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;

9) келіссөздер жүргізуге, келісімдерді, ұжымдық шарттарды дайындауға және жасауға;

10) ақша қорларын қалыптастыруға;

11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитет (комиссия) құрамында еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша жұмыс берушімен бірлескен іс-қимылды ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайы мен еңбекті қорғауға тексеру жүргізуге;

12) азаматтардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;

13) өз кәсiптік одағы мүшелерiнiң кәсiпорындары мен жұмыс орындарына өз өкiлдерiн жiберуге;

14) заңда белгiленген тәртiппен жиналыстар, митингiлер, көше шерулерiн, демонстрациялар, ереуiлдер ұйымдастыруға және өткiзуге;

15) жұмыс берушіге, уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіптік одақтар туралы заңнаманы бұзатын, келісімдерде, ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындамайтын тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар енгізуге;

16) баспа қызметiмен айналысуге, баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, кәсiпорындарда өз қызметiн жариялауға;

17) меншiкке ие болуға;

18) өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының заңнамасында, жұмыс берушiлермен жасалған келiсiмдерде және шарттарда кәсiптiк одақтардың өзге де құқықтары белгiленуi мүмкiн.

3. Мемлекет кәсiптік одақтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады және олардың қызметiне кепiлдiктер белгiлейдi.


19-бап. Кәсiптiк одақтардың міндеттері

Кәсiптiк одақтар:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын және жарғы ережелерін сақтауға;

2) ұжымдық шарт, салалық, өңірлік, бас келісім бойынша өз міндеттемелерін орындауға;

3) құзыреті шегінде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу бойынша шаралар қабылдауға;

4) кәсiптiк одақ мүшелерінің жиналыстар, митингiлер, көше шерулерiн, демонстрациялар, ереуiлдер және басқа да акциялар ұйымдастыру және өткiзудің заңнамада белгіленген тәртібін сақтауын қамтамасыз етуге;

5) қызметкерлер арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында келісімге қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;

6) қызметкерлердің ішкі еңбек кестесі мен еңбек тәртібін, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын сақтауын ықпал етуге;

7) өз мүшелеріне ақшалай қаражаттың жарғыда белгіленген тәртіппен және шарттарда түсуі және жұмсалуы туралы хабарлауға міндетті.
20-бап. Кәсiптік одақ мүшелерiнiң еңбек және  әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн қорғау

Кәсiптiк одақ өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн:

1) кәсiптік одақ мүшесi жұмыс берушiмен еңбек шартын жасасқан кезде оған құқықтық және консультациялық көмек көрсету;

2) өз мүшелерiнiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшін сотқа өтінішпен жүгiну;

3)  iсті қарау кезінде сотқа қатысу;

4)  өз мүшелерi атынан, сондай-ақ шартты негізде оған өкілеттік берген қызметкерлердің атынан жұмыс берушiмен ұжымдық шарт, келiсiм жасасу жолымен қорғайды.

Өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында кәсiптiк одақтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтiн барлық басқа да тәсілдерді пайдалана алады.
21-бап. Кәсіптік одақтардың республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде және ұйым деңгейінде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруға қатысуы және қабылданған шешімдердің орындалуына мониторинг

1. Кәсіптік одақтар әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруға:

1) әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық, өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысына қатысу;

2) келісімдер мен ұжымдық шарттардың жобаларын әзірлеу және оларды жасасу;

3) жұмыс берушілермен, олардың бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен), мемлекеттік органдармен еңбек қатынастары мен олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу, қызметкерлердің еңбек саласындағы құқықтарына кепілдікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері жөнінде консультациялар (келіссөздер) жүргізу жолымен қатысады.

2. Кәсіптік одақтың қабылданатын шешімдер, ұжымдық келісім шарттар әлеуметтік әріптестік органдардың шешімдеріне және бас, салалық, өңірлік келісімдерге сәйкес болуы қажет.

3. Кәсіптік одақтардың қабылданған шешімдердің орындалуына мониторинг жасауды жоғары деңгейдегі кәсіптік одақтар:

жергілікті кәсіптік одақтардың қабылдаған шешімдеріне олардың мүшелік ұйымы болып табылатын салалық кәсіптік одақтар;

кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктері (қауымдастық, одақ), салалық кәсіптік одақтары қабылдаған шешімдерге олардың мүшелік ұйымы болып табылатын кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктер (қауымдастық, одақ) жүзеге асырады.
22-бап. Кәсiптік одақ мүшелерi құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру

Кәсiптiк одақтар өз мүшелерiнiң, сондай-ақ шартты негізде өздерінің мүдделерін білдіруге өкілеттік берген басқа қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

Кәсiптік одақтар өкiлдерiнің өз мүшелерiнiң жұмыс орындарына кiруге және жұмыс берушіден қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.

 Жүргiзiлетiн қоғамдық бақылауға жұмыс берушi тарапынан қарсы әрекет және кедергi жасалуы заң бойынша қудаланады.


23-бап. Кәсiптік одақтардың талаптар қоюы, ереуiлдер, жиналыстар, митингiлер, көше шерулерiн, демонстрациялар ұйымдастыру және өткiзу

1. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiнің 288-297 бабында айқындалған тәртіпті және жағдайды сақтай отырып кәсiптік одақтар талаптар қоюға құқығы бар.

2. Егер бiтiмгерлiк рәсiмдер арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткiзiлмесе, сондай-ақ жұмыс берушi бiтiмгерлiк рәсiмдерден жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу барысында қол жеткiзiлген келiсiмдi орындамаған жағдайларда кәсiптiк одақтар ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдай алады.

3. Кәсiптiк одақтар «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастырады және өткiзеді.

4. Кәсiптік одақтар бiрлескен наразылық акцияларын өткiзу үшiн өздерiнiң күш-жiгерiн бiрiктiрiп, басқа кәсiптік одақтармен және қызметкерлер топтарымен ынтымақтастық белгiсi ретiнде осындай акциялар өткiзе алады.
24-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызметті жүзеге асыру

Кәсiптiк одақтардың бұқаралық ақпарат құралдарын ұйымдастыру және олардың қызметі Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


25-бап. Кәсiптiк одақтардың ақша қорлары

Кәсiптiк одақтар меншікті қаражаты және сырттан тартылған қаражат есебiнен кәсiподақтардың жарғылық мiндеттерi мен мақсаттарын жүзеге асырудан туындайтын шараларды қаржыландыруға арналған әлеуметтiк-экономикалық мақсаттағы ақша қорларын құра алады.


26-бап. Кәсiптік одақтардың мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатын қалыптастыруға қатысуы

Кәсiптiк одақтар жұмыссыздыққа қарсы күрес және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, босап қалған қызметкерлердi қорғау бағдарламаларын, ең төменгі күнкөрiс деңгейін белгiлеу және оны сақтау, табыстарды индекстеу, жалақының, зейнетақылардың, стипендиялардың және жәрдемақылардың ең төменгі деңгейiн арттыру жөнiндегi іс-шараларды қоса алғанда, өз мүшелерiн әлеуметтiк және экономикалық жағынан қорғау жөнiндегi жоспарлар мен бағдарламаларды әзiрлейдi, оларды тиiстi мемлекеттiк органдарға ұсыныстар ретiнде енгiзедi.


27-бап. Кәсiптiк одақтар қызметiнiң кепiлдiктерi

Мемлекет кәсiптік одақтарға берiлген құқықтардың сақталуын қамтамасыз етедi және олардың жарғылық мiндеттерiн орындауына жағдай жасауға кепiлдiк бередi.

Кәсiптік одақтарды қандай да бiр органдар мен ұйымдарға тiкелей немесе жанама бағындыруды немесе оның құқықтарын шектеудi мақсат ететiн, сондай-ақ кәсiптік одақтардың заңда және жарғыда (өзге негiзқалаушы құжаттарда) көзделген қызметiне кедергi жасайтын кез келген әрекетке тыйым салынады.

Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушілер (бірлестіктер, қауымдастықтар, одақтар) кәсiподақ органына кәсіптік одақ мүшелерiнiң құқықтарын қорғауға байланысты мәселелер бойынша ақпарат беруге мiндеттi.


28-бап. Кәсiптік одақ мүшелерінің және кәсіподақ органдарының құрамына кіретін қызметкерлерге берiлетiн кепiлдiктер

Кәсіптік одақ мүшелерімен еңбек шартын бұзу Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, келісімдер мен ұжымдық шарттарға сәйкес жүргізіледі.

Кәсіподақ органдарының мүшелерін заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші қызметін тоқтатқан жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босатуға, сондай-ақ олар мүшелерi болып табылатын кәсiподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртiптiк жазаға тартуға немесе басқа жұмысқа ауыстыруға болмайды.

Кәсіподақ органдарының мүшелерi өз мүшелерiнiң мүдделерiн көздеп қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн кәсiптік одақ оқуына, кәсiптік одақтар шақыратын съездерге, конференцияларға делегат ретiнде қатысқан, сондай-ақ олардың пленумдарының, төралқаларының жұмысына қатысқан кезiнде өндiрiстiк жұмыстан босатылады. Босату шарттары мен ақы төлеу тәртiбi ұжымдық шарттар мен келiсiмдерде көзделедi.



5-тарау. Кәсiподақ органдары
29-бап. Кәсіподақ органдарының өкiлеттiктерi

Кәсіподақ органдарының өкілеттіктері кәсіптік одақтың жарғысында айқындалады.

Келісімдерге және ұжымдық шарттарға сәйкес кәсіподақ органдары мен жұмыс берушілер ұйымдардағы басқа да әлеуметтік-еңбек, экономикалық мәселелерді шешуі мүмкін.
30-бап. Кәсiподақ органдарының қызмет етуі үшін материалдық жағдайлар

Кәсiподақ органының материалдық жағдайлары жарғының, ұжымдық шарттың немесе келiсiмнің негiзiнде белгiленедi.


31-бап. Кәсiподақ жарналары

Кәсiптік одақтар ұйымның қызметiне нұқсан келтiрмей, жұмыс және оқу орны бойынша кәсiподақ жарналарын жинауға құқылы.

Тараптардың келісімі бойынша және кәсіптік одақтың мүшелері болып табылатын қызметкерлердің жазбаша өтініштері болған кезде жұмыс беруші ай сайын қызметкерлердің жалақысынан мүшелік кәсіподақ жарналарын кәсіптік одақтың есепшотына аударады.

Кәсіподақ жарналары кәсіптік одақтардың меншігі болып табылады.



6-тарау. Кәсiптiк одақтардың меншiгi, олардың

шаруашылық және қаржы қызметi
32-бап. Кәсiптiк одақтардың меншiгi

Кәсiптiк одақтардың меншiгi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған, сатып алынған немесе оған берілген жылжымалы, жылжымайтын және өзге мүліктен құралады.

Кәсiптiк одақтар өздерiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiкті иеленедi, пайдаланады және оларға билiк етедi.

Кәсiптiк одақтар мемлекеттiң, жұмыс берушiлердiң, басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, өз кезегiнде олар да кәсiптік одақтардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

Кәсiптiк одақтардың меншiгi заңмен қорғалады.

Кәсіптік одақтардың бюджет қаражатының көздері, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртібі кәсіптік одақтың жарғысында айқындалады. Кәсіптік одақтардың қаржы қызметі олардың жарғыларына сәйкес жүзеге асырылады.


33-бап. Кәсiптiк одақтардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметi

Кәсiптiк одақтар заңнамаға сәйкес заңды тұлғалар болып табылады.

Кәсiптiк одақтар мен олар уәкiлеттік берген органдардың сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға, кәсiпорындар, мәдениет, оқу, емдеу, спорт, спорттық-сауықтыру және басқа мекемелерді, банктер, сақтандыру қоғамдары мен акционерлiк қоғамдар құруға, бiрлескен кәсiпорындарды құруға және олардың қызметiне қатысуға, лотереялар, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткiзуге, өз мүшелерiн сақтандыруға, баспа қызметiмен айналысуға, ынтымақтастық қорларын, мәдени-ағарту және әлеуметтiк-экономикалық қорлар құруға, сондай-ақ өздерiнiң мақсаттары мен мiндеттерiне, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.

7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
34-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік одақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік

Қазақстан Республикасының кәсіптік одақтар туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.


35-бап. Өтпелі ережелер

Кәсіптік одақтар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес өздерінің ұйымдық құрылымдарына және құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.


36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.



2. «Кәсiптiк одақтар туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 сәуiрдегі Заңының  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., № 8, 200-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының

Президенті





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет