Ақтөбе облыстық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды қызметкеріне қатысты іс бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: mic.gov.kz

Әкімдік қызметкері полицияға жәбірленуші ретінде арыз түсірген. Мемлекеттік қызметкердің ірі көлемдегі ақшасынан қандай жағдайда айрылғанын әзірге ешкім нақтылаған жоқ. Ақтөбе облысының әкімдігі оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын ғана растады. 

“Азамат жергілікті тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер органдарына алданғаны туралы шағымданып, арыз қалдырған. Осы орайда полиция қызметкерлерімен шағымданушыдан қабылданған арыз негізінде анықтау және тергеу жұмыстары жүргізілуде”,- деп хабарлайды Ақтөбе облыс әкімі аппаратының басшысы Досхан Әмір. 

Аппарат басшысының хабарлауынша, бұл мәселеге қатысты мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірігіп, ішкі тексеріс жұмыстары жүрген. Нәтижесінде, қызметкердің іс-әрекеттерінде мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар анықталмағанын жеткізді. 

Мән-жайды лауазымды қызметкердің өзінен де анықтадық. Мемлекеттік қызметкер жәбірленуші ретінде полицияға арыз түсіргенін растады. 

“Иә, сондай дерек болды. Оқиға өткен жылы болды. Жұмыстан тыс кез. Қызметке қатысы жоқ. Үлкен көлемдегі қаржы. Рас, алдандым. Бірақ ақшаның көлемін айта алмаймын. Алдаған жеке адам ба, компания ма білмеймін. Тергеу жүріп жатыр. Мен бұл туралы айта алмаймын. Тергеу құпиясын жарияламау туралы қолхат бердім”,- деді лауазымды қызметкер. 

Полиция департаменті де интернет алаяқтыққа қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын растады. 

“Ақтөбе қаласының тұрғыны “Алаяқтық” бабымен полицияға арызданды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде”,- деді Ақтөбе облысы ПД-нің баспасөз қызметі. 

Деректер бойынша, әкімдік қызметкері 22 миллион теңгесінен айырылған. Алдағы уақытта “әкімдіктің лауазымды қызметкерінің құмар ойындарға қатысы бар ма?” деген сұрақты назарда ұстаймыз.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.